Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Шалқар Дәулеткелді. Қыркүйек айының сарғайған жапы...

03.09.2022 2976

Шалқар Дәулеткелді. Қыркүйек айының сарғайған жапырақтары 16+

Шалқар Дәулеткелді. Қыркүйек айының сарғайған жапырақтары - adebiportal.kz

Әңгіме

Бес жыл бойы мен ол туралы, бұл өмірдің белгілі бір мезеттерін бөліспегендей, бұл өмірде бар болса да, жай ғана көше қозғалысында қарама-қарсы қайшалысқан топ ішінде жанай өте шыққан бейтаныстар секілді елеусіз сезімде болған шығармын. Ұмытпасам, бес жыл ішінде мен оны бір-екі мәрте ғана кездейсоқ ойлаған сияқтымын. Онда да оның қала сыртындағы текшеге көтерілген кезімізде не ойлағаны турасында болса керек. Кейін оны тұйық көшенің түкпіріндегі қалалық көші-қон полициясы ғимаратының 13-ші кабинетіне кезекте тұрып, құшағындағы нәрестесімен кез­дестірдім. Сол сәтте алдына көлденең ұстап алған нәрестенің жүзіне тесіле қарап отырып есімді жиғанымды кейін ойладым. Нәрестенің бойынан әлдебір жақындық, жылылық есіп тұрды. Ұзақ уақыт бұрынғы таныс бір сезімнің елесі білінер-білінбес өткінші лебімен желпіп өтті. Сол жақындық мені одан алыстата түскісі келетіндей өзгеше күй кештім. Сол сәтте бар болғаны бірдеңе айтудың орнына «балақанның әкесі кім болды?» деген сұрақпен, баяғы өзіне жарасымды бет әлпеттің орнындағы екі ұрты ойысқан солғын жүзге қарадым. Ол есіктен кіріп, баспалдақ сатысымен көтерілген жарықты кері итерген қабырғалар арасында салқын көлеңке ұйыған еденнен жанарын тайдырмаған күйі, мұңның да, қуаныштың да белгісі білінбеген мең-зеңдікпен «бұл – сіздің балаңыз» дей салды. Оның баяу сөйлегені сондай, тіпті ернін жыбырлатуға ерінді дерсің, алайда бұрынғы мен қазіргінің арасына өткен жылдардың салқын сызатын тастап жіберді. Көкірегіме түскен сол салқындықтың кенет іш қайнатар жалынға айналғанын білдім, мен байырғы үнсіздігіммен тағы бір мәрте үнсіз қалдым да қойдым.

Сол шақта бес жыл бұрын екеу­міз бірге тұрған 312-бөлменің табалдырығынан аттап, іркілместен балконға өткенімізді есіме түсірдім. Екеуміз артқы ауладағы ағаштардың арғы жағындағы футбол алаңынан шығып жатқан шуылға құлақ түрдік. Ағаш бұтағынан бір сары жапырақ көз алдымызда үзіліп, қалықтап бара жатты, оның артынан тағы да бірер тал жапырақ жерге қарай құлдилады. Жел тұрды деп ойладым мен. Біз бір-бірімізге тіл қатқан жоқпыз, балмұздақ таяқшасын балкон бұрышындағы арнаулы қоқыс жәшігіне тастағаннан кейін, ақ қорапты, маған ұнайтын көгілдір жолақты сызықтары бар «Kent-4» темекісін алып (сол кезде темекіні өзіме ұнайтын қорапшаның сыртқы дизайны үшін де анда-санда тартатынмын.) оған ұсындым. Бас тартқан жоқ, екеуміз темекі тартып тұрып та ләм демедік. Үстіндегі сары көйлек өзіне құп жарасатын. Көйлегі жұмыр да толымды қос анарын айшықтай түсетін. Ол терең ойға батқандай көрінді. Сол сипатымен ол ой тудырушы нысана секілді еді, тіпті болашақта нелердің болатыны туралы да қиялыңа жан бітіретін. Мен де қай-қайдағы қиялдарға беріліп темекі тарта отырып, өзім қызығатын дизайндегі темекі қорапшасының сыртына біраз жылдардан кейін, адамдар тосырқай жүріп қабылдаған «темекі шегу есірткіге тәуелді етеді» деген сөздер астындғы кісенделген қолдың суреттерін, «ұзақ әрі азапты өлім қатері», «өкпенің қатерлі ісіктеріне шалдықтырады» дейтін үрейлі ескертулер мен «белсіздік» сөздерінің астына еркектік қуаттың сарқылуын меңзейтін тырнағы қызылмен боялған әйел басбармағының суреті салынады деп ойламағаным анық.

Біз өз қиялымызбен болып темекімізді тарта-тарта тұқылына жеткізген қыркүйек айының сол жексенбісі түстен кейін мен тұратын, жұрт «иен бөлме» атап кеткен 312-бөлменің есігі қағылды. Есік қағылған сәтте екеуміз ұзақ жылдар бойы көріспей, қала көшелерінің бірінде немесе орман арасында, өзен жағалауында, әлде, әлде бір кафенің барында ойда-жоқта кездескендей бір-бірімізге қарадық. Кішкентай қуыршақ панда оның қолынан түсіп кетті.
Бірде екеуміз базар ішіндегі өзінің Ауғанстаннан қоныс аударғанын айта беретін, басына сәлде орап, үстіне халат киіп отыратын селдір сақалды етікші қазаққа оның тігісі сөгілген аяқ киімін алып бардық. Етікші қолындағы табанына қалың батпақ пен қураған шөп үгінділері баттасқан сыңар бәтеңкені шетке қойып жатып, «бейтаныс біреудікі» деді. Мен оны мүмкін өзінің досыныкі болар деп болжадым. Етікші Мәншүктің қолынан тігісі сөгілген аяқкиімді алып: «Қызым, қуыршағың сүйкімді екен», – деді. Содан сәл бұрын көшеде сейілдеп жүргенімізде мен: «Қуыршағың сүйкімді екен», – дегенімде ол бұрындары анасының жаулығын ұдайы иіскеп жүруді әдетке айналдырғанын әңгімелеген. Ол анасының жаулығынан мүлде ажырап қалмауды дағды еткен балалық шағының парақтарын анасы қаза болған соң жапқанымен, анасының иісі сіңген, әбден тозығы жеткен ескі жаулықты құшақтап, аялай иіскеп, оны еске алып сағынумен жылай-жылай талай уақытты өткізіпті. Сол кездері анасының рухы ұзақ түндер төсегінің басында ұршығын айналдырып жіп иіріп, кейде өрмек құрып, кейде оның сүйкімді қолдарына арнап бір жұп қолғап тоқып және сол тоқыған бұйымдарды қайтадан тарқатып отыратын болыпты. «Анаңның рухын қинама» деген ізгі кеңестерден соң ол жер танабындай кепкен жанарларымен айналасына қарап, орнынан теңселе көтерілгеннен кейін ғана анасының иісі сіңген ескі жаулықты отқа тастау­ға мәжбүр болған. Бірақ көп өтпей мектептен құрбыларымен үйіне қайтып келе жатқан қыркүйек айының бір түс мезгілінде, «Мәншүк, бұл сенің сү­йікті ағаң ғой…» деген құрбыларының сыбырлап айтқан сөзін естісе де, жанынан елемей өте шыққн сүйіктісін соңғы рет көргеннен бастап ол анасының иісі сіңген ескі жаулықты қайта іздей бастаған. Таппайтынын сезген соң, келмеске кеткен өртенген жаулық орнына кішкентай қуыршақ сатып алып иіскеуді әдетке айналдырады. Оның айтуынша, сатып алған қуыршақта анасының өзі отқа жаққан жаулығының иісіне ұқсас иіс болған сыңайлы.
Оның әңгімесін естігенде бала кезімдегі бір қыз бала есіме түскендей болды. Анасы өте тапал, керісінше әкесі сұңғақ бойлы, анасының жаулығын қолынан бір сәт тастамай иіскеп жүретін қыз бен оның арасынан ұқсастық іздедім. Үлкендердің бас қосуына анасымен бірге еріп келген оның қолындағы жау­лығын балалар тартып алып, бір-біріне лақтырып ойнағанын, сонда менің: «Егер ол анасынан айырылып қалса қайтпек», – деп уайымдаған сәтімді есейген кезімде де ұмыта алмағанымды оған айтқан жоқпын. 

Есік қағылып, қуыршақ оның қолынан балконнан жерге түсіп кеткеннен кейін, біз темекі тұқылын сөндіріп қоқыс жәшігіне тастадық. Ол қағылған есікті ашып шығып кетті. Қуыршағын алуға кеткен болуы керек. Есік қайта қағылған жоқ, мен төсегіме барып қисайдым да, әппақ қабырғаларға қарап жатып, қабырғаларды шимайлағым келді, содан кейін оның сары көйлегінің түймелігін ойша ағыттым. Ол менің иен бөлмеме сол күйі оралмаған еді. 

Мәншүк есікті қатты жауып шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған күннен ай бұрын біз қаланың түстік шетіндегі жазғы егістік үшін су қоры ретінде сақталған көл жағасына барып қайтуды жоспарлаған едік. Көл бойы қала қоқысының қашып тығылған соңғы тиянағы секілді ластанып жатқанын көргеннен соң, қаланың батыс шетіндегі дөңес текше үстіне беттедік. Текшеге көтерілген сәтімізде бұл шағын қаланың тұтқыны болған біраз жыл ішінде қала шетіне алғаш шыққанымды аңғардым. Еңісте, көз алдымызда біз елестетпеген қараңғы алқап жатты. Құлазыған қараңғы алқаптың қап-қара тағаны бір жазықтықта, теп-тегіс, қылтанақсыз, үрей шақырған қалыпта көсіліп, беймәлім тыныштық құшағына батқан. Бәлкім біздің бойымызда осы бір үрейге құштарлық оянды, әлде болмысымызбен біте қайнасқан үрейді жеңу үшін сол үрей құшағына өзіміз тартылдық. Ойпаң жердегі қараңғы алқапқа аяқ басқанымызда оның тегіс бетіне ойдым-ойдым із қатып қалғанын байқадық. Алқап бетіндегі кен қалдығы сынды борпылдақ тозаңға ізімізді қалдырғанымызда үрейіміздің ізім-ғайым жоғалғанын сездік. Біздің ізіміз сырт көзге әлдеқандай таңсық дүниеден хабар берген болар, бірақ өзімізге ортақ бір мағынасыздық ойда-жоқ сәтте оянып кеткендей еді. Егер ол қанша уақыт өтсе де белгілі бір кедергілерден аттап өте алмағанын, өзінің торығып тұрғанын, екіойлы болып жүргенін сол сәтте баяндаған болса, мен оған жарытып ешнәрсе айта алмаған болар едім, бірақ біршама мезгіл өткен соң сол шақта ештеңе айта алмауымның себептерін, оған айтар жауаптың дәлдігін іштей қарастыра бастағанымды жеткізе алар ма едім, кім білсін?.. Егер ол дәл сол мезетте мен туралы бірдеңе білгісі келетінін айтса, мен дәл сол қараңғы алқапта өз өмірім туралы айтарлықтай ешнәрсе жоқтығын да айта алмаған болар едім. Менің қиялымдағы өмір кейде ұшып бара жатқан құстың ауада кідіріп, қалықтап тұрып қалғаны секілді сезіледі. Ал өзімді көп жағдайда өмірге босқа келген пендедей сезінемін. Мынау тіршілік бір жансыз ғимараттың мезгілдер бойы ешқандай өзгеріссіз қайталанатын көлеңкесі ғана секілді көрінеді маған. Кей мезетте балконда күнге қыздырынып отырғанда көлеңкемді жоғалтып алғанымды және көлеңкемнің өз балконында кір жайып жүрген Мәншүктің маңында жүргенін елестетем…

Ол шынымен қараңғы алқапта менің өмірім туралы әлдене сұраған болса, сан түрлі жауап іздеген болар едім, алайда қалай ойласам да өзім жайында айтарлықтай ешнәрсенің жоқтығы көкейімнен кетпес еді. Мен өзімді іздегім келмейді, алда-жалда іздер болсам табатыным – ағаш орынында қалған өзегін от жеген түбір көз алдыма елестер еді. Әлдеқашан қызыл құмырсқалар күйген түбірдің өзегіндегі ыңғайлы қуыстан илеу жасап алған секілді, сан мыңдаған құмырсқа менің көкірегімде өрлі-қырлы тоқтаусыз қозғалыста жұмыс істеп жүр. Менің таңдайыма құмырсқа қышқылынан қалатын қымыздық дәмі тамып, көкірегімді күйдіріп жатқандай сезінемін.

Ол тіс жарған жоқ, тек қараңғы алқаптан кеткісі келетінін сездірді, біз текшеге қайта көтерілдік. Бір кездегі құрылыс қирандысынан қалған сандық тәрізді бетон қалдығына қатарласа отырдық. Алқаптың арғы жағындағы шалғай таулардың қойнауына апаратын қара жолды көзім шалды, сонда мен осы бір шаң басқан жолды бір кездегі әкеміз, анамыз, бейтаныс жолаушылар және біздің бұлыңғыр болашағымыз шұбырған, әуелдегі шыққан жеріміз – ежелгі мекенімізге апаратын жолға ұқсаттым. Сонда менің жадымда анасының бойы тым аласа, керісінше әкесінің бойы сырықтай, анасының жаулығын ұдайы иіскеп жүруді әдетке айналдырған кішкентай қыздың бейнесі, «күндерің бір күнінде ол анасынан айырылып қалса қайтеді» деп, құлазыған балалық шағымдағы ескі суреттің кескіні жаңғырды. 

Кейін ойламаған жерден олар туралы қиялымда мынадай естелік те пайда болды. Өңім екеніне күмәнсіз сендім.

Күңгірт естелік нобайы былай еді: төбесіндегі терезесі аспанға қарап тұратын тас тошала ішіндегі ошақ жанында ол анасының жанында тұр. Он үш жасқа толған, бойы сұңғақ, талдырмаш қыз. Осы жасында-ақ анасынан әлдеқайда биік. Үстіндегі қоңыр түсті көйлекке жабайы өрік гүлдерінің суреті салынған. Көйлек сыртынан жеңсіз камзол киген, камзол өңірінде сылдырмақ моншақ қадалыпты да, мойнына анасының жаулығын іле салыпты. Он үш жасқа толса да шашын өсірмепті, біраз жылдар бұрын балалар оның жаулығын қолынан жұлып, бір-біріне лақтырып ойнайтын кездегідей келте күйінде қалдырыпты. Бірақ келте шашындағы қайшы іздерінен ұқыпсыз, ретсіз қиылғанын байқауға болады. Анасы қысқа білекке біткен быртық саусақтарын жоғары көтеріп, аз-кем керіледі де: «Түнімен тісім қақсап, көз шырымын алмадым», – дейді.
Ол үшін мазасызданған мен (әркез еске алған сайын осы мазасыздану сценарий бойынша қайталанады): «Оны жұлдырып тастағанда дұрыс болар еді», – деймін ішімнен. Мен сөзімді толық аяқтай алмаған күйде: «Оны жұлдырып тастаған дұрыс болар еді», – деп тағы қайталадым. Менің санам тағы сол сөзді ежіктеп қайталайды: «Оны жұлдырып тастағанда дұрыс…». Мен осы бір сөзді қайталай берген кездегі түсініксіз халімді еске түсіріген шағымда, бір кезде соңғы өмірінің ермегін етік тігуге арнаған, ауған соғысының ардагері атанған командирдің асай-мүсейі салынған қобдишасының жанында етік тігетін жіпке байланған қасқа тіс есіме түсті. Командир: «Мына тіс қақсап мазаны алған соң ана жіптің бір ұшын тіске байлап, бір ұшын аяғыма орап, шалқайып қалдым да, жұлып алдым. Кетік тісінен қашқан сөзді қайта жинап алған командир: – Енді мына бір тісім босап тұр, – деп, жұлынған тіс сапындағы қасқа тісін шомбал саусағымен ырғап-ырғап қояды. Командир мейлінше қарулы еді, өте батыл шешім қабылдағандай сыңай танытқан.

– Иә, жұлдырып тастаған дұрыс болар еді, – деді оның анасы. – Бірақ жақын маңда тіс дәрігері жоқ. Итарқасы қиянда қайдан болсын?..
Кейде менің санамның қатпарында оның анасы мен командирдің тісін байланыстырып керіле тартылған ұзын жіптің көпір секілді екі жағалауды жалғаған көрінісі қатталады: ол көпірмен он үш жастағы қыз ұзын бойлы әкесін қолынан жетелеп өтіп бара жатқандай… Анасы болса тошала төбесіндегі терезеден арғы жақтағы шексіз аспанға қадалған күйі үнсіз қалады. Менде сол терезеден ақпан айының бұлтсыз көк аспанына олармен бірге телмірген күйі есімді жиғандай күй кешетінім бар. Мен ұдайы қалшиып қалған күйде аппақ қабырғаларға қарап жатып, кейде бағдаршамда қызыл шыраққа бөгеліп, жасыл шырақтағы қозғалыс кезіндегі әрекеттерде, кейде аялдамаларда өзім мінетін автобустың біреуін өткізіп алып, келесі автобус келетін уақыт аралығында мең-зең қалыпта тұрып, әзер ес жиғандай боламын…
Оның сол қараңғы алқапта не ойлағаны туралы ештеңе айта алмаймын. Мүмкін, ол екеуміз содан бір айдан кейін көшеде сейілдеп жүрген кезімізде айтқан: «Бір күні мен түскі үзілісте құрбыларыммен бірге мектептен үйге қайтып бара жатқан болатынмын. Ол қасымыздан өтіп бара жатқанда құрбыларым: «Мәншүк, бұл сенің сүйікті ағаң емес пе…» деп сыбырлады. Ол естісе де елемей өте шықты. Мен сол сәттен кейін баяғыда өртеп жіберген анамның ескі жаулығын қатты аңсадым» – дегеніндей, кейін келе қараңғы алқап туралы ойлаған болар-ау.

Сандық тәрізді бетон қалдығы үстінде отырғанымызда ол оң қолымен сол білегін ұстап, сол қолының саусақтарын тынымсыз бір-біріне үйкелеп, «әлденені ұмыт қалдырғаны» туралы сыбырлаумен болды. Күн еңкейіп, көз байлана бастағанда, «кетелік» деді. Біз қалаға қарай бет алдық.
Біздің қаламыздың терістік шетінде ескі пойыз станциясы бар еді. Осыдан он жеті жыл бұрын машинисті кейін әкетеміз деп қалдырып кеткен, тот басып, шіри бастаған, қозғалыссыз шойын жолдарға айырылмастай жабысқан вагондар тізіліп тұратын. Содан кейін осы бір шағын қалаға по­йыз­ аттап баспапты. Пойыздың дауысын күллі қала тұрғындары, құстар, ағаштар, тіпті, рельстердің өзі де ұмытып кеткенін мүлгіген станцияның өлі қалпынан сезуге болар еді. Станцияның сол қапталындағы он төрт қабатты сұрғылт ғимараттың аңғал-саңғал терезелерінен ызғар есіп тұратынын сыртқы келбетінен-ақ байқауға болады. Текшеден түскен соң осы бір шағын шаһардан небары отыз шақырым қашықтықтағы қасиетті кесенеге тұрғындары бірде-бір рет барып көрмеген делінетін шағын ауданды кесіп өттік. Одан соң жыл сайын наурыз мерекесі тойланатын алаңды да артта қалдырып, осыдан мөлшермен бір айдан соң «Қуыршағың әдемі екен» дейтін ауғаннан келген етікшінің үйінің қасынан ары жылжып, базардың қасындағы қуыс көшемен жүріп, жел тұрған сайын үнемі «Бүгін тағы ракета ұшты» деуден танбайтын егде күзетшіге сәлемдесіп, өзіміздің жатақханаға кірдік. Мен бөлмемнің есігін ашып, балконға шықтым. Сонда ғана көше шамдары толық жана бастағанын, қараңғылық тұмшалаған қаланың күңгірт түске боялғанын байқадым.

Ол балконда менімен бірге шылым шеккеннен кейін өзінің шаршап тұрғанын айтып: «қайырлы түн» деді де, шығып кетті. Менің бөлмемнің сондай көңілсіз екенін ескерткісі келсе де, айтпай кеткенін ішім сезді. Бес жылдан кейін «міне, енді біздің баламыз бар» деп күбірледім де, сұрғылт ғимарат дәлізіндегі ағаш орындықтан сәбиді көтеріп орнымнан тұрдым. Қабырғалар арасындағы салқын көлеңкелерді кешіп өттім, баспалдақ сатысымен жоғары өрмелеген жарықты жарып төмен түстім. Ашық тұрған әйнек есіктен аттай бере соңымнан үнсіз ілесіп келе жатқан Мәншүктің: «Ол бес жылдың алдындағы сізге ұқсайды» деген ішкі айғайын естігендей болдым. Ертесі біз қала ішіндегі базарға Кіші Еренді (біз нәрестені «Кіші Ерен» деп атап кеттік) алып үшеу болып бардық. Бұл базарға құдды етік тіктіру үшін ғана баратындай едік. Баяғы таныс етікші жоқ. Орнында басқа бір етікші отыр екен. Мен оған Мәншүктің сөгілген етігін ұсындым. «Сәбиің әкесіне ұқсайды», – деп Мәншүктен көз алмастан сөгілген етікті менің қолымнан алды да, табанына қалың батпақ пен қураған шөп үгітінділері шаптаса қатайып қалған қоқиған сыңар бәтенкені: «Міне, алыңыз. Бұл сіздің бәтеңкеңіз, бұл сізге тиесілі», – деп менің екінші қолыма ұстатты. Менің бойымды сенімсіздік пен аздаған үрей билегендей болды.

Біз бөлмемізге қайтып оралғанымызда ол Кіші Ереннің жанында отырды, мен балконда тұрып темекі тұтаттым, ағаштардың арғы жағындағы футбол алаңынан шуыл естіліп тұр. Қыркүйек айының сарғайған жапырақтары үзіліп жатыр, мен жай ғана жел тұрды деп ойладым.

Көрнекі суретте Ван Гогтың “Күз” картинасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар