Француздың ұлы ертекшісі Шарль Перроның тағы бір туындысын жас оқырмандарға ұсынып отырмыз.
Ерте-ертеде бір патша өмір сүріпті. Патшайым екеуі бір балалы болыпты. Өмірге келген бұл бала өте ұсқынсыз болып туыпты. Бұл баланы көргендердің бәрі оны тіпті адамға ұқсата алмай, қатты күмәнданыпты. Патшайым анасы баласының осыншалық ұсқынсыз туғанына күйініп, оған қараған сайын көзінің жасына ерік беріп, еңіреп жылай береді екен.
Бір күні патшайым бесіктің жанында жылап отырғанда, кенет бөлмеге мейірімді сиқыршы келіп кіріпті. Сиқыршы ұсқынсыз сәбиге қарап тұрады да:
- Соншалықты қапаланып жылай бермеңіз, патшайым. Бұл балақайдың шынымен де өте ұсқынсыз әрине. Бірақ бұл оның мейірімді де тартымды болып өсуіне еш кедергі келтірмейді. Және де бұл бала өскенде осы патшалықтағы барша адамдарың ішіндегі ең ақылдысы болады, сондай-ақ кімді бәрінен артық жақсы көрсе, соны ақылды ете алатын болады, - дейді.
Мейірімді сиқыршының бұл көріпкелдігіне барлығы да риза болыпты. Әсіресе патшайым қатты қуаныпты. Патшайым сиқыршыға ризашылығын білдірмек болған еді: ол қалай байқаусызда пайда болды, солайынша ешкімге білдірмей көзден ғайып болыпты.
Сиқыршының көріпкелдігі біртіндеп растала бастапты. Баланың тілі шығып, алғашқы сөздерді айта бастағаннан-ақ оның сөзінің ақылдылығына, орнықтылығына барлығы таң-тамаша болып:
- Пәлі, біздің жас ханзадамыз қандай ақылды еді! – деп қуана дабырласыпты.
Ханзаданың төбесіндегі айдарымен туғанын айтуды ұмытып кеткен екенмін ғой. Сондықтан да жұрт оны Айдарлы Рике деп атайтын.
Сол кезде көрші елдің патшайымы дүниеге қыз әкеліпті. Ол қыз жаздың атқан таңындай, асқан сұлу екен. Патшайым өмірге келген қызының соншалықты көрікті болып туғанына есінен тана қуаныпты. Алайда бөлмеде әлгі кішкентай Айдарлы Рике дүниеге келгенде, оның өмірін болжаған сиқыршы пайда болып, ол патшайымға былай дейді:
- Соншалықты қуанбаңыз, патшайым: кішкентай ханшайым қаншалықты сұлу болса, соншалықты ақылсыз болып өсетін болады.
Бұл көріпкелдікті естіген патшайым қатты қапаланып қайғырады. Ол жылап-еңіреп сиқыршыдан кішкентай қызына аз да болса ақылды болуға көмектесуін өтініпті.
- Ол менің қолымнан келмейді, - дейді сиқыршы, - бірақ менің қолымнан келетіні мынау ғана: ханшайым кімге ғашық болып ұнатса, сол адамды да оның өзі сияқты көрікті болатындай ете аламын.
Осыны айтып сиқыршы көзден ғайып болыпты.
Ханшайым да есейіп өсе бастапты. Сөйтіп жылдан жыл өткен сайын ол сұлулана түсіпті. Алайда ханшайымның сұлулығы қаншалықты артқан сайын, оның ақымақтығы да соншалықты айқындалып, ұлғая түсіпті.
Ханшайымнан біреу бірдеңе сұрағанда, ол көбінесе ешқандай жауап бермейді екен. Ал оның мән-мағынасыз жауабын естіген жанның бәрі еріксіз құлағын басып ұялатын болыпты. Бұған қоса ол қолындағы кесесін үстелдің үстіне сындырмай қоя алмайтындай аса ебедейсіз еді. Кесемен су ішкенде, оның жартысын көйлегіне төгіп-шашатын. Сондықтан да болар, қанша сұлу болса да, оны ешкім ұнатпайтын еді.
Сарайға қонақтар келген кезде, бастабында бәрі де көрікті ханшайымның маңына үйіріліп, оған сүйсіне көз тастайтын еді. Бірақ оның мән-мағынасыз ақымақтық сөзі мен іс-әрекетін естіп-көрген соң бәрі де оның маңынан қаша бастайтын. Бұл жағдайға байғұс қыз да қатты қапаланатын. Ол өзінің айдай сұлу көркін бір тамшыдай болса да ойланбастан-ақ ақылға айырбастауға дайын еді. Қызын қаншалықты жақсы көрсе де, оны соншалықты ақымақтығы үшін ұрсып, сөгуден патшайым да өзін-өзі тежей алмайтын. Мұның өзі ханшайымды одан әрі қайғыға батыра түсетін.
Өзінің бақытсыздығын ойлап оңашада қайғыру үшін ханшайым бір күні орманға барды. Орманды аралап келе жатып ол бүкірейген ергежейлі адамды көрді. Ергежейлінің түр-сиқы ұсқынсыз болса да, сән-салтанатты киінген екен. Ергежейлі адам тура өзіне қарай беттеп келеді. Бұл – жас ханзада Айдарлы Рикенің өзі еді. Ол сұлу ханшайымның суретін көріп оған ғашық болып қалған еді. Ханзада өзінің патшалығынан шығып сапар шегіп, ханшайымға өзінің жары болуын өтініп сұрау үшін осында келіп жеткен болатын. Ханзада ханшайыммен амандасқан соң, қыздың өте мұңлы екенін байқап, оған былай деп үн қатты:
- Ханшайым, сіз не себепті осыншама қайғы-мұңға батқансыз? Сіз жап-жас әрі көрікті емессіз бе! Мен қаншама сұлу ханшайымдарды көрдім. Бірақ дәл сізден асқан хас сұлуды әлі кездестірмеген екенмін.
- Сіз өте мейірімдісіз, ханзада, - деп жауап береді оған сұлу қыз. Осылай дейді де, ол тоқтай қалды. Себебі ақымақтығы оған мұнан әрі бірдеңе тауып айтуға мүмкіндік бермейтін еді.
- Осыншама сұлу жан бола тұрып, қайғыруға бола ма екен? – дейді сонда Айдарлы Рике.
- Мен осындай сұлу әрі ақымақ болғанша, сіз сияқты ұсқынсыз болуға бірден-ақ келісім берген болар едім, шіркін – дейді сонда ханшайым.
- Егер сіз өзіңізді ақымақпын деп санасаңыз, сіздің соншалықты бір ақымақ болмағандығыңыз ғой, ханшайым. Кейбіреулер шынымен де нағыз ақымақ болса да, онысын ешқашан мойындамайды емес пе.
- Бұл жағын білмейді екенмін, - дейді ханшайым, - мен өзімнің соншалықты ақымақ екенімді білемін, сол себепті де жиі қапаланамын.
- Ендеше басыңыздағы бар уайымыңыз осы болса, мен сіздің қайғыңызды сейілтуге көмегімді аямаған болар едім.
- Сіз сонда қалай көмектеспексіз? – деп сұрайды ханшайым.
- Мен, -дейді Айдарлы Рике, - өзім бәрінен артық жақсы көріп ұнатқан қызды ақылды ете аламын. Және мен сізді бұл дүниедегі барша жаннан артық жақсы көремін. Сондықтан да егер маған тұрмысқа шығуға келісім берсеңіз болғаны, сізді қанша қаласаңыз, соншалықты ақылды сізге молынан бере аламын.
Ханшайым болса кібіртіктеп, ештеңе айта алмады.
- Менің ұсынысыма ренжігеніңізді көріп тұрмын, - дейді сонда Айдарлы Рике, - бірақ мен бұған таңғалмаймын. Мен сізге ойлану үшін тұтас бір жыл уақыт беремін. Бір жылдан соң жауабыңызды есту үшін осы жерге келетін боламын.
Ханшайым жылдың соншалықты ұзаққа созылатынын ойлай тұрып, келісімін берді.
Ханшайым Айдарлы Рикеге тұрмысқа шығуға келісімін бергені сол екен, өзін мүлде басқаша сезіне бастағанын аңғарады. Ол сол сәттен бастап-ақ Кекілді Рикемен жатық та мағыналы мәнерде сөйлесе бастады. Айдарлы Рике болса: «Оған өзімде қалдырғаннан гөрі артық ақыл-парасатты бере алдым ба екен!» - деп ойлады.
Ханшайым сарайға қайта оралған кезде, сарай маңындағылардың оның ой-санасында жүріп өткен таңғажайып та жылдам өзгерісті қалай түсінерін білмеді. Ханшайым орманға бұрынғы нағыз ақымақ қалпында кетіп, кері қарай ерекше ақылды да парасатты жанға айналып оралған еді. Бұдан былай патшаның өзі ханшайымнан ақыл-кеңес сұрап келетін болды. Тіпті кейде ханшайымның бөлмесінде маңызды мемлекеттік істер де шешіліп жататын кездер жиі болатын. Ханшайымның бойындағы бұл ерекше өзгеріс туралы жаңалық шартарапқа тарап жатты. Барлық көрші патшалықтардың жас ханзадалары мұнда жиі келетін болды. Олардың әрқайсысы ханшайымға ұнауға тырысатын және оған өзіне тұрмысқа шығуын өтініп сөз салатын. Ал ханшайым болса олардың ақыл-парасатындағы түрлі кемшіліктерді анық сезініп отырғандықтан, ханзадалардың ешқайсысына да тұрмысқа шығу туралы келісім берген жоқ еді.
Ақыры күндердің бір күні сарайға өте бай, әрі өте ақылдыда сымбатты бір ханзада келіп жетіпті. Ханшайым да оны бірден ұнатып қалады.
Қызының оған деген көңілін байқаған патша егер көңілі қаласа, осы ханзадаға тұрмысқа шығуға болатындығын айтады. Бұған қалай жауап беру жөнінде әлі де жақсылап ойланып алмақ болған ханшайым серуенге шығады. Сөйтіп жүріп келе жатып ол мүлде ойламаған жерден бір жыл бұрын Айдарлы Рикемен кездескен орманға тап болады.
Орманды аралап ойланып келе жатқан ханшайым жердің астынан шыққан әлдебір шуылды құлағы шалды. Әлдекімдер әрілі-берілі жүгіріп, абыр-сабыр болып жатқандай сезіледі.
Ханшайым тоқтап тұра қалып, айқай-шуға мұқият құлақ салды:
- Қазанды бер маған!
- Отқа отын тастаңыз!
Осы сәтте кенет жер қақ жарылды да, ханшайым аяғының астындағы үлкен жерасты асүйін, ондағы аспаз ерлер мен әйелдерді, толып жатқан қызметшілерді көрді. Қолдарына дәу пышақтарын ұстап, бастарына ақ телпек киіп, алдына алжапқыш жапқан аспаздар жерасты асүйінен шығып келеді. Олар орман ішіндегі алаңқайлардың біріне барып, ондағы ұзын үстелді айнала отырып, кілең бір көңілді әндерді шырқаған қалпында жапырақтап ет турай бастады.
Таң-тамаша болған ханшайым олардан мұндай бай дастарқанды кім үшін әзірлеп жатқандарын сұрайды.
- Айдарлы Рике ханзада үшін, - деп жауап береді, ең дәу аспаз. – Ертең ханзаданың үйлену тойы болады.
Сол кезде ғана ханшайым дәл бір жыл бұрын, дәл осы күні, дәл осы жерде өзінің ұсқынсыз ергежейліге тұрмысқа шығуға уәде бергені есіне түсіп, есінен танып құлап қала жаздады.
Көңіл толқуын басқан ханшайым әрі қарай жүрді. Алайда отыз қадам аттап үлгерді ме, жоқ па, қарсы алдынан өзі көңілді, жүрісі ширақ, әрі күйеу жігітке тән барынша сән-салтанатпен киінген Айдарлы Рике шыға келді.
- Мінеки, көрдіңіз бе, ханшайым, мен өз сөзімде тұрдым! - дейді ол, - Меніңше, сіз де өзіңіздің берген уәдеңізді орындауға, яғни мені әлемдегі ең бақытты адам ету үшін мұнда келгеніңіз анық.
- Жоқ, - деп үн қатады сонда ханшайым, - мен ондай шешімді әлі қабылдаған жоқпын. Иә, мүмкін, сізге тұрмысқа шығуды ешқашан қаламайтын да болармын.
- Иә, неге олай дедіңіз? – деп сұрайды Айдарлы Рике. – Шынымен де сіз ұсқынсыздығыма бола маған тұрмысқа шығудан бас тарттыңыз ба? Мүмкін, сізге менің ақылым мен мінезім ұнамаған болар?
- Жоқ, олай емес - деп жауап береді ханшайым, - маған сіздің ақылдылығыңыз да, мінез-құлқыңыз да ұнайды...
- Демек, сіз менің ұсқынсыз түрімнен арланып тұрсыз ғой? – дейді Айдарлы Рике. – Бірақ бұл түзетуге болатын іс, себебі сіз менен өте сұлу-сымбатты адам жасай аласыз ғой!
- Оны қалай жасаймын? – деп сұрайды ханшайым.
- Ол өте оңай, - деп жауап береді Айдарлы Рике. – Егер мені жақсы көрсеңіз, менің сұлу да сымбатты болғанымды қаласаңыз, мен солай сұлу да сымбатты жанға айналамын. Сиқыршы маған өзім сүйген аруды ақылды ету қабілетін берген еді. Және сол сиқыршы сізге де кімді сүйсеңіз, соны сұлу, сымбатты ететін қабілет берген.
- Егер олай болса, - дейді ханшайым, - мен сіздің осы әлемдегі ең сұлу да сымбатты жанға айналуыңызды шын жүрегіммен тілеймін!
Ханшайым осы сөзді айтып ауыз жиып үлгергенше, Кекілді Рике қыздың көз алдында бұған дейін көрген ең сұлу да сымбатты адамына айналып көрініс берді.
Шын мәнісінде бұл жерде сиқыршылар мен олардың сиқырының еш қатысы да жоқ екен. Мұның мәнісі: Кекілді Рикеге ғашық болған ханшайымның бұдан былай оның ұсқынсыздығын еш сезінуден қалғандығында еді. Бұған дейін өзіне ұсқынсыз болып көрінген нәрселердің бәрі енді оған ең әдемі де тартымды болып сезіле бастаған-ды. Қалай болғанда да ханшайым осы сәтте шешім қабылдап, Кекілді Рикеге тұрмысқа шығуға келісімін берді. Сөйтіп келесі күні олардың үйлену тойы өтіпті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.