Жақында ғана «Тәубе» атты жыр жинағы шыққан жас ақын Сүндет Сейітовтің өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз. Сүндеттің өлеңдерінде өзінің өмірден алған сабағы, басынан өткен қиыншылықтары кеңінен жырланады. Сол арқылы ақын өзінің қайғысын мұңға айналдырады. Мұң арқылы бәрін жеңуге тырысады.
Бұл кітап жас ақынның шығармашылық жолының басы ғана деп білеміз. «Әдебиет порталы» Сүндет Сейітовті тұңғыш кітабының жарық көруімен құттықтайды.
Сүндеттің өлеңдері жасандылыққа үйір емес
Тәуелсіздік жылдар поэзиясында тән ерекшеліктердің бірі Қазақ лирикасында оралмандар жайында жырлар жазыла бастады. Атамекенін сағынып келген қандастар жайында жырлар да аз емес.
Сонымен қатар Атамекенге оралған қандастарымыздың поэзиядағы өрнектері қазақ лирикасын дамытуға да өзіндік үлесін қосты.
Сүндет Сейітовтің жырларында да өзге елде өз жерін аңсап, атамекенге келгенде өз өлкеме ұлтан болсам деген шүкіршілік пейілі өлеңдерінен айқын сезіліп тұрады.
Өмір келеңсіздіктеріне мұңдана емес, таңдана қарауы, қиындықтың өзінен безіне қашпай ,ол да менің өз мұңым деп бауырына баса беретін болмысы ойлантады.
Өлеңде өз өмірінің шындығын боямасыз жеткізуі, жасандылыққа үйір емес табиғатын аңғартады.
Мысалы, «Көшедегі ой» өлеңінде көшеде сенделіп немесе қыдырыстап жүргенде ойына оралған өлең шумақтары емес, сол көшенің қоқыстарын тазалап жүріп ой кешеді.
Ақын Абай ауылына барғанда, Абай сөзінің қате жазылғанын көреді. Сауатсыздық пен жауапсыздыққа налиды. Өзінше ой қорытады.
Әдебиетімізге келіп жатқан жастарға бағыт та,ақыл-пікір де қажет екенін ескеріп, жырларын газетке жариялап,оқырмандармен таныстыра отырып,аз-кем пікір жазғанды жөн санадық. Ақын болсам деп армандап қолына қалам алған ,жырлары әлі басылым беттеріне жарияланбаған.
Жас толқынның шығармашылығы жайында сөз қозғау әсте оңай емес. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындардың шығармашылығы жайында «Арман аспанындағы ақындар» деп мақала жазған А. Кеңшілікұлы:
Абайсызда жақсы бір ақынның өлеңдегі қолтаңбасын тап басып тани алмай қалсаң,оның шығармашылығына қиянат жасағандай боласың.Қызбалыққа салынып, мақтауын тым асырып жіберсең,өнердің өлшемін төмендетіп алғандай боласың-деп жазғанындай, жас ақын жайында жазарда мен де дәл сондай күйді бастан кешірдім.
Зылиха Жантасова,
филология ғылымдарының кандидаты
Сүндет Мұратбекұлы Сейітов 1998 жылы 3 қазанда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданы Көтерме ауылында дүниеге келген. 2007 жылы атамекенге қоныс аударған. Б. Өтеп атындағы "Өнер" мектебінің түлегі. М. Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ның «Парасат» колледжінің 3 курс студенті.
Шыназ
Жағасында Бозсудың мал жүретін,
Жайлы жердің қадірін һәм білетін.
Бергі бетке өтерде сол өзеннің,
Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!
Ағасында елімнің болды - ағалық,
Анасында жерімнің болды - аналық.
Ең соңғы рет еңіреп көшіп өттім,
Жүк көлігін ауылдың жалдап алып.
Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,
Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.
Құшағыңа Шыназым басармысың,
Құшағына қазақтың симай қалған.
Өзеніңді мен талай кешіп өтем,
Сағынышым оралмас есіме кем.
Туған елі болғанмен Ержігіттің,
Туған жері болмаса - жетім екен!
Жетім емеспін…
09.03.2017 жыл. Шымкент
Амалдау
(Ә. Аймақтың ізімен)
Не көрінген білмеймін, шаңыраққа,
Шайқадық па, қараны салып аққа.
Қысылғанда тәу етер пенде құсап,
Құлдық ұрдым, иә, Құдай, аңыратпа!
Ұмытқандай әкесін, шешесін де,
Адам болдым бейшара есесінде.
Темірланда қаңғырған Әбілдадай,
Қазыбектің қаңғырдым көшесінде.
Аттағанда өлімнің алажібін,
Ертеңімнен елестеп қарады ұлым.
Өртенгенде өрт жұтып, көз алдымда,
Күлге айналып кеткендей дала бүгін.
Адам ішкен удан да іше алмаймын,
Адам түскен құздан да түсе алмаймын.
Мен ешқашан бақытты болмайды екем,
Өзегімді өртеген тұсалмай мұң.
Отыра алмай сиысып сабағымда,
Жазылусыз қап қойды қаламым да.
Елу теңгем артылып үйге қайтам,
Бар мұң-зарын лақтырып қаланың да,
Іштей ғана қуанып аламын да.
Көк тиыным жоқ!
Демеу болған жұққанда қаяу маған,
Әке, сендей бар ма екен аяулы адам,
Шеше, сендей бар ма екен аяулы адам,
Інім, сендей бар ма екен аяулы адам,
Қарыз алма ешкімнен, керегі жоқ,
Жиырма-ақ километр ғой, жаяу барам!
11.04.2016 жыл. Шымкент.
Жалғыздық
Мұңдарым түн ұрлаған,
Сырларым ұғылмаған.
Тағы да көп күрсінген бір күн өтті,
Артына бұрылмаған...
Жанарға жас келеді,
Ақынның аңқылдаған пәс беделі.
Атағына елітіп күйгелек күн,
Шатағына бастады әсте мені.
Уақытымды сүйемін һәм қызғанам,
Өлеңіммен өрелі мән бұзбаған.
Жарты жанын бүтіндеп жан жолдастың,
Жарты көңіл боп сосын жалғыз қалам.
Бауырыммен жолықсам мұңды үркітіп,
Жалғыздықтың жанына құрдым бітіп.
Жалғыз талдың астында жалғыз қалып,
Жалғыз келер досымды тұрмын күтіп!
13.11.2016 жыл. Шымкент.
Мойындау
Сырын алдым сұңқылдаған сырбаздың,
Бұ фәниге мүше болған кімде аз мұң.
Өлерімді біле тұра мәңгілік,
Өлмейтіндей жыр жаздым.
Қайғысымен қайрап өскен тіл ұшын,
Тіл ұшына шыққандардың бірі – сын.
Кесетінін біле тұра жалғанның,
Ұстап көрдім қылышын.
Бағасы бар бақыттының бәрі епсіз,
Уа, Жасаған зар құлыңды жан еткіз.
Ұратынын біле тұра киенің,
Құран аштым дәретсіз.
Аппақ гүлін алма ағаштың бүр етем.
Бүр ашпаған пенделердің бірі екем.
Шын екенін біле тұра өлімнің,
Өліп көрдім, шын екен!..
11.11.2016. Шымкент.
Менің көршілерім
Оң жағымда Игорь көкем,
Сол жағымда Гала апа.
Екеуі де екі бөлек сән құрады таң ата.
Таңда кетіп Игорь көкем, кеш келеді масайып,
Ал, Гала апа нан береді қолын итке жалата.
Еш таршылық көрмегенбіз патша көңіл олардан,
Болған емес сатып алған біздің тұрақ тоналған.
Төлегеннің отанынан бір көршіміз оралған,
Ол да, біз де қазақтармыз,
Қазақтармыз – оралман!
Түн түскенде ақшам ауып,
Көрші қызға жетелейді түнгі ызғар.
Еркелікпен аспандағы жымың қақты жұлдыздар.
Отызында орнын таппай отырған,
Шешен қызы «Оля» деген бір қыз бар.
Мен де жаспын, қыз да жап-жас,
Отызда деп кім ойлар?
Менде жалғыз Құдай ғана,
Ал, ол қызда – Құдайлар.
Дәмін татып көрген емес еш бір еркек ернінің,
Көздерінде бір алау бар, кеудесінде күн ойнар.
Біздің мекен нән мекен ғой, нән мекен,
Нән мекенде қанша тарих қалды екен.
Мен білемін,
Оляның көп отырған орны бар,
Ал, Игорьде сыр сарай бар кіре алмаған жан бөтен.
Оң иықта қазағым бар Төлегеннің елінен,
Бар аңсарым ауып кетіп, жыр сұраймын тегі мен.
Сол иықта бір көршім бар Науаидің жерлесі,
Олар жырдың пендесі емес, той-дүрмектің пендесі.
Міне, менің көршілерім, жанашыр һәм өлермен,
Бірі осында бағзы тұрғын, бірі келген өр елден.
Өмір деген режиссер бар, көркемдегіш жетекші,
Көршілерім – ұлы актер,
Ал, біздің үй – көрермен!
21.05.2016 жыл. Шымкент.
Көшедегі өлең
Өмірімді көремін пешенемнен,
Келмек емес ризық кеш Егемнен.
Біздей ұлы адамдар жоқ-ау, сірә,
Қоқысы мол, күнәлі көше көрген.
Отыз тістен төгілген ғазал-әнім,
Тербеткенде жүректі наз аламын.
Айбергенов ақынға сәлем беріп,
Қалдаяқов көшесін тазаладым.
Көкем менің,
Адамдарға бір жылап, бір күлесің,
Аяп еді тірлікте кімді бесін?
Күл-қоқысын жинадық мың көшенің,
Бір көшеге берілер біздің есім...
Адам емен өмірін қиған уға,
Пұлсыз болар ертеңге илануға...
Ақымыздың жартысы біздің есім,
Берілетін көшеге жиналуда.
Көрейік, иланайық, күні ертеңге,
Бір емес, екі ұстынмен жүрер пенде.
Білмеймін, айналам ба ескерткішке,
Білмеймін, топырақ боп күнертем бе!
Көшелердің қасыма ап сүйінішін,
Әз-Көкеммен жүремін ұйып ішім.
Кетпеңдерші ұмытып тазалауды,
Сейітов пен Дүйсенбай қиылысын!
11.06.2016 жыл. Шымкент.
Қызға
Мен жүрген көшелер,
«Жүрме енді» десе егер,
Жүрмеймін!
Сен айтқан әзілге,
Кешірші әзірге,
Күлмеймін!
Сенде деп мол мұра,
Шерт десең домбыра,
Шертпеймін!
Қалып қап жапанда,
Ерт десең сапарға,
Ерпеймін!
Өкпеле, өкпеле,
Жерде де, көкте де,
Жалынбан!
Созсаңда қолыңды,
Тоссаң да жолымды,
Шалынбан!
Көрсеттің сан сұмдық,
Ойыңды әлсін қып,
Ал, болдым елесің!
Сездің-ау жобалап,
Жер деген домалақ,
Көресің...
12.05.2016 жыл. Шымкент.
Көктем
Гүлдетіп жанды көктем келеді,
Құралай желдің өпкенде лебі.
Еңсемнің асып көктен беделі,
Хан сайлап қойып көктерге мені.
Күзде қап қойған күрең түспен бел,
Көктемде жылы кілем түске енген.
Ренішсіз күнде ренжіспейтіндей,
Жараса қалды ренжіскендер.
Былтырғы дерттен бір құлжа қалған,
Өсіп келеді мың бір жағалдан.
Шығып келеді еріннен шықпай,
Түзу түтіндер сұр мұржалардан.
Ұлтымның қалап мұратын бал күн,
Тақырып етіп бір атын Нардың.
Шын алыптардың күш айнасы боп,
Мүшайрасы боп шын ақындардың…
Жүректі бердім халқыма тәнді,
Сүйемелдетіп жарты мақамды.
Алты жағынан алты жыр оқып,
Тербетіп тұрмын алтыбақанды.
05.03.2017 жыл. Шымкент.
«СИ» нотасы
С мен И-дің егіз келсе батасы,
Бір сезімнің басталады отасы.
Екеуміздің атымыздың бас әрпі,
Музыканың ең жіңішке нотасы.
Нәзіктікке нәсіп болса бұла дем,
Шексіздіктен жаралады нұр әлем.
Махаббаттың жұмсақтығы болмаса,
“СИ” үнінсіз ойналады мың әуен.
Атабек пен Күміс қыздың бағасы,
Екеумізге беріліп жүр, қарашы!
Менің дауысым қатты күйдің бастауы,
Сенің дауысың тәтті күйдің сағасы.
Басты ауыртса ессіз күннің қисыны,
Болар еді жүрегім - тас, ми - шыны.
Тіпті сол күн кешіре алмай кетер ем,
“СИ” пернесін шертпей кеткен күйшіні.
Кешірме, кеш мейлі тағы кешірме,
Жақындауда бір бейкүнә көш үрге.
Махаббатпен құрбы бопты нәзіктік,
01.04.2017 жыл. Шымкент.
Ару ана
Құшағыма сия алмай қырсықтығың,
Түн отына күйемін тыншып бүгін.
Көңіліңе оралып ұршық мінім,
Көзіңдегі жасыңа тұншықты мұң.
Көңілшектік еңсені тілгіледі,
Менен артық жаныңды кім біледі?
Шоқтай ыстық ерінің бір күйдіріп,
Жұдырықтай жүрегің ұрды мені!
Сағыныштан сарғая түгесілгем,
Алыс кете қоймайсың бір есімнен.
Аппақ төстің ішінде - ыстық жүрек,
Жүрек сырты ақ көйлек жіп есілген.
Өзіңменен бұйырар келесі арман,
Менмұндалап білінген елесі алдан.
Саған қарап таң қалам ақ Түйеге,
Ботасының көздерін бере салған…
Қайдан ұшып қонады қайда бағым,
Қай сезімге жазылар ай қабағым?
Белгілі ғой мөп-мөлдір ботасы бар,
Сен де ару анаға айналарың.
Қатал қарай біздерге көз ілсе мін,
Жыламашы, жұбатар көзір Серің…
Аумай қалсын ботаңның көзі сенен,
Аумай қалсын ботаңнан көзің сенің!!!
05.01.2017 жыл. Шымкент.
Дайындаған Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.