Швед академиясының Бас хатшысы қазақ журналисіне кітаптар сыйлады
Сыйға берілген еңбектердің бірі – швед жазушысы әрі әдебиеттанушысы Кьелль Эспмарктың (Kjell Espmark) «The Nobel Prize in Literature: In Pursuit of Alfred Nobel’s Vision» атты кітабы. Бұл басылым әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының тарихына, қалыптасуына және негізгі ұстанымдарына арналған.
Швед академиясының қазақ әдебиетіне және Қазақстанның мәдени мұрасына деген қызығушылығы халықаралық әдеби байланыстарды нығайтуға жол ашып отыр. Жақында Швед академиясының арнайы шақырумен Стокгольмге барған ақын, журналист Дүйсенәлі Әлімақынға Швед академиясының бас хатшысы Ингрид Карлберг әлемге әйгілі әдеби ұйымның тарихы мен Нобель сыйлығының қалыптасу жолын танытатын екі құнды кітапты тарту етті.
Сыйға берілген еңбектердің бірі – швед жазушысы әрі әдебиеттанушысы Кьелль Эспмарктың (Kjell Espmark) «The Nobel Prize in Literature: In Pursuit of Alfred Nobel’s Vision» атты кітабы. Бұл басылым әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының тарихына, қалыптасуына және негізгі ұстанымдарына арналған.
Кьелль Эспмарк ұзақ жылдар бойы Швед академиясының мүшесі болған. Сонымен қатар әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаттарын таңдауға қатысатын Нобель комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Оның еңбегінде Альфред Нобельдің әдебиет саласындағы сыйлықты тағайындау жөніндегі өсиетінің мәні мен Швед академиясының оны әр кезеңде қалай түсіндіргені баяндалады.
Альфред Нобель өз өсиетінде әдебиет саласындағы сыйлықты «идеалистік бағыттағы ең үздік әдеби туынды» авторына беруді көздеген. Эспмарк осы талаптың уақыт өте келе қалай түсіндірілгенін, әлем әдебиетіндегі өзгерістер мен жаңа бағыттардың сыйлықты бағалау өлшемдеріне қалай ықпал еткенін талдайды.
Кітаптың басты құндылығы – Нобель сыйлығының сыртқы тарихын ғана емес, оның астарындағы әдеби-философиялық ұстанымдарды ашуында. Еңбек әлем әдебиетінің қандай бағыттары мен авторлары Швед академиясының назарында болғанын түсінуге мүмкіндік береді.
Ал екінші кітап – швед журналисті, жазушысы және зерттеушісі Ингрид Карлбергтің (Ingrid Carlberg) «NOBEL: The Enigmatic Alfred and His Prizes» атты көлемді зерттеуі. Бұл еңбек Альфред Нобельдің өмірі мен оның есімімен байланысты халықаралық сыйлықтардың дүниеге келу тарихына арналған.
Автор кітапты жазу барысында бірнеше елдің архивтерін зерттеп, Альфред Нобельдің өміріне қатысты тарихи құжаттар мен бұрын ғылыми айналымға кеңінен түспеген деректерді пайдаланған.
Зерттеуде Нобельдің балалық шағынан бастап, Санкт-Петербург, Гамбург, Париж сияқты қалалардағы өмірі, ғылыми ізденістері, өнеркәсіптік жетістіктері, отбасылық қарым-қатынастары мен жеке тағдыры қамтылады. Сонымен бірге оның соңғы өсиеті, байлығының тағдыры және Нобель сыйлығының құрылуына байланысты туындаған тарихи мәселелер де кеңінен баяндалады.
Автор Альфред Нобельді тек динамитті ойлап тапқан өнертапқыш ретінде емес, ғылымға, әдебиетке және адамзаттың болашағына ерекше көзқараспен қараған күрделі тұлға ретінде танытады.
Қазақ журналистіне тарту етілген бұл екі кітаптың мазмұны бір-бірін толықтырады. Бірі әдебиет бойынша Нобель сыйлығының ішкі тарихы мен бағалау ұстанымдарын түсіндірсе, екіншісі сыйлықтың негізін қалаған тұлғаның өмірі мен тарихи мұрасын танытады.
Дүйсенәлі Әлімақынның Швецияға сапары барысында Швед академиясының кітапханасы мен архивінде зерттеу жүргізуі, қазақ әдебиетін таныстыру бағытындағы жұмыстары да осы мәдени байланыстың бір бөлігі. Ол сапар кезінде Нобель кітапханасына қазақ әдебиетінің 15 өкілінің шығармаларын табыстаған болатын. Бұл – қазақ әдебиетін әлемдік әдеби кеңістікке таныту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Бас хатшы сыйлаған екі кітаптың қазақ журналистіне тарту етілуі – жай ғана кітап сыйлау емес, әдебиет тарихына, Нобель мұрасына және Қазақстан мен Швеция арасындағы рухани-мәдени байланыстарға деген ортақ қызығушылықтың белгісі.
