Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Шындықтың шырайын ашқан...

26.07.2024 767

Шындықтың шырайын ашқан 14+

Шындықтың шырайын ашқан - adebiportal.kz

Ұлттық әдебиетімізде ел мен жерді қорғауда ерліктер көрсеткен, тарихымызда өшпестей болып есімдері жазылған қыздар мен батыр да кемеңгер аналар аз емес. Олар туралы жазылған түрлі жанрлардағы шығармаларды да мұрындарынан тізіп, атап шығу да аз жұмыс емес. Тарихтың теперішін көрудей-ақ көрген, көз ашқаннан ғұмырлары ат үстінде өтіп, туып-өскен атамекенді жатқа бермеу, қарындас үшін басты қатерге ойланбай-ақ бәйгеге тігу, жауға мүкаммалын да, есесін де жібермеу сияқты қанмен келген асыл парызға адалдықты жеке өмірінен жоғары  қоятын жауынгер елдің ұл-қыздарына тән табиғи қалыптасқан дәстүр деп атауымызға негіз бар.

Нешеме ғасыр қан жоса тағдыр кешкен халқымыздың «қара қазан, сары баланы» сақтап, тарихтан жойылып кетпеу жолында бұдан өзге таңдауы болмағаны да ақиқат. Мұның екінші бір ащы шындығы, талай-талай тағдыршешуге толассыз тап болған жұртымыздың не бар жаужүрек баһадүрлері уақыт көшенің тасасында ұмытылып, некен-саяқ, ауызша аңыздарға айналып, тарихи шындықтардың дені таң алдында жамыраған жұлдыздар іспетті, көмескіленіп, жадымыздан өшіп кеткені де шындық болса керек. Иә, қазақ-жоғалтқаны көп халық деген шындық екені дәлелдеуді қажет етпейді. Тарих тұрғысынан әңгіме қозғағанда, XVIIІ ғасырдағы қилы заманда қазақтың ұлан байтақ даласының терреториялық тұтастығы мен елдің мемлекеттік мәртебесін нығайтып, тыныштығын сақтауда ерен еңбек сіңірген Әбілхайыр хан Қажысұлтанұлының батырлығы, саясаткерлігі, қолбасшылық даралығы мен сұңғыла көрегендігі туралы жазылған еңбектер, ғылыми, әдеби шығармалар, зерттеулер, шүкір, баршылық. 

Ал, Әбілхайыр ханның асыл жары, ажары мен ақыл-парасатына қоса, сынықшылық-емшілік, даналық, саяси-әлеуметтік тұрғыдан сарапшылық, әділдік, шешендік, мемлекетаралық құйтырқы мәмілелердегі сұңғылалық, халықтық және отбасылық мәселелелердегі байыпты, аналық мейірбандық т.б. толып жатқан сәруар қасиеттерді тал бойына тоғыстырған Бопай Сүйіндікқызы туралы ауыз екі әңгімелер мен там-тұм деректер болмаса, жарытып ештеңе біле бермейміз екен.

Қазақтың көрнекті жазушысы Мәди Айымбетов Фолиант баспасынан 2021 жылы жарық көрген  «Бопай ханым» атты тарихи романында осы бір өкінішті олқылықтың орынын толтыруда сәтті қадам жасаған екен. Туынды Жем мен Елек өзендерінің жоғары жағын жазғы жайлауы етіп мекендеген Адайдың Тобыш бөлімі, оның ішінде Табынай болып келетін Сүйіндік ауылының сәуір туар қарсаңда жайлауға жұртпен бірге көше қоймай, кідірістеп отырғанынан басталады. «Жайлауға жатақ көшпейді» деген қағиданы ұғып өскен оқырман көңілі, «Сүйіндік атақты бай, мырза бола тұра неге бұлай еткен» деген сұраққа жауап іздеп, әрі қарай оқи бастайды. Алғашқы сөйлемдерден-ақ оқырманды іштей ойландырып, оқуға шым-шым жетелей бастауы, автор тарапынан табылған сәтті деталь. Осыдан кейін шығарма желісі тарихи деректерді нысанаға ала отырып, кезек – кезегімен тарқатыла береді. Міне, негізгі кейіпкеріміз Бибәтима-Бәтима-Бопайдың өмірге келуінен басталған оқиға майдан қыл суырғандай тиянақтылықпен жайма шуақ өрістей береді. Төрт ұлдан кейін өмірге келген ерке қыздың бәріне де сүйкімді, ортасына еркін өсуі, ұлдармен таласа тайға мінуі, садақ тартып, найзагерлікке машықтануы, өткір-батылдығы, намысшылдығы, аңғарымпаздығы бәрі де орын-орнымен жып-жылы өріліп, қызықтыра түседі. Бопай қыз осындай баршылық пен ата-анамен ағайынның ортасында бұлғақтап жүрсе де, оның шолжаң, шектен тыс масығып өсуіне мүлдем болмайтын. Ол кезең «Бай болсаң да, батыр болсаң да, өзіңді өзің асыра. Шаруаға үйрен, болбыр, қырсыз болсаң-мал да бітпейді, ажалың да іргеңде жүреді. Өмір сүргің келсе-күрес» дейтін қасқыр мінез заман болатын. Жасөспірім шағында ел шетіне ойран салуға келген торғауыттарға қарсы шығуға бекінген, елді қорғаушыларға әке рұқсатынсыз қосылып, ерлердің сапында кескілескен қырғынға сескенбей кіруі жай ғана батылдық емес, бойында оттай жанған патриоттық-перзенттік борыштың көрінісі болатын. Торғауыт жауынгерін садағымен атып құлатып, өзінің алғашқы рет адам өлтіргенін сезінген тұстағы Бопайдың жан күйзелісі немесе қолға түскен тұтқын қалмақтардың жаралыларына барып, олардың сынған – шыққан сүйектерін орнына салып, алақанындағы биотогымен ем жасауы, аң аулап жүріп, майып болған жас жігіт Әбілқайырды ай бойы емдеп, аяғына тұрғызып жіберуі жазушының құнарлы тілімен, лирикалық сипатта шебер баяндалып, оқушыны оқиғаның ішінде жүргендей сезіндіреді. Әбілхайырдың еліне аттанар сәтті жазушы «… Бопай қимастық ынтығысын сыртқа шығара алмай, жас сұлтанға осы сөздерін көз жанарымен жеткізіп, жүрек лүпілімен іштей ғана айтып тұрды. Бір-бірін толқулы үнсіздікпен түсіне білген екеуі бұдан артықты қажет те етпеген еді».

Осы жолдарда қалыптасқан ұлттық салтымыздағы екі жастың арасындағы қалтқысыз уыз махаббатың ғашық көздер арқылы үнсіз серт байласуы риясыз байқалып тұр. Сол дәуірдегі ибалы қыз бен ұятты кие тұтқан бозбаланың адал сезімін жазушы өзіне тән тебіреніспен қысқа да нұсқа етіп, мөлдіретіп бере салған. Кейіпкерімізге тікелей қатысы жоқ болса да, мына сөйлемге назар салсақ: «...Ыстықтан шаңытып тұрған аспан да, көктің нәріне сусап, сарғыш тартқан дала да сол бәз-баяғы қалпы кеберсіп, шөліркеп жатты».

Автор оқиғаны індете қуып, түрлі қысқа жайлармен бедердемей, өзіндік қалыптасқан машығына салып, табиғаттың көрінісін бір сөйлемге сыйғызады. Осы жолды оқығанда бастан талай өткен аптаптағы күн астында жүрген кездер есіңе түседі. Кеберсіп, шөліркеген далада келе жатқандай күй кешесің. Жазушының тағы бір ұтымды тәсілінің бірі: қай кейіпкерді сөз етсе де оның іс-әрекетін, тірлігін төгілте баяндап, көтере дәріптемейді. Мысалы: ... Елді соңына ертіп бастай алатын Шыңғыстекті жас сұлтанға жасы кекселеніп қалған Алдар тарханның ықыласы ерекше құлады. «Шіркін-ай, тегіне тартып, Хан болатын-ақ азаматым екен! Мынау алпауыт орысың бұрынғыдай емес, бір жыл өтер-өтпестен аяғын тартып қалды ғой!». Бұл естектер елінің тарханы Алдар Есенгелдіұлының Әбілхайыр сұлтанға берген бағасы. Осы абзацтан-ақ Әбілхайырдың жан-жақты тұлғалық болмысы көрініп тұр. Осындай сәтті әдеби тәсіл Бопай ханымның тұлғасын ашуда да қапысыз көрініс тапқан. Елшігер қонақ, суретші Кэстльдің қырағы көзі Бопай ханымның сөзі, киім киісі, өзін ұстауы сияқты нәрселерді мұқият сынай бақылап, азияттық кербездігі мен ақсүйектік мәдениетін де аңғарғаны да, жолдәптеріне жазған-сызған макеттері арқылы берілуі романның көркемдігін айшықтай түскен. Ор қаласында орналасқан Санкт-Петербургте арнайы жасақталған Орынбор экспедициясының комиссары Иван Кирилов Бопай ханымның бейнесі түскен картинаны көргенде:

-О, орданың бас ханымы! Пупай ханым! Номад сұлуы! Сұлу ғана емес, ақыл парасаты биік те кемел жан! Жан-тәні де көркем, не еткен кіршіксіз сұлулық!... деп есі кете таң қалуы Бопай ханымға берілген европалықтардың бағасы мен мойындауы десек қателеспейміз. Әбілхайыр ханның жасағына тұтқын болып түскен орыс-қазақ жауынгерлерін келісім бойынша, әскери отрядтың бастығына қайтару шарасын жүзеге асыру, хан бұйрығы бойынша Нұралыға міндеттелгенде, Бопай ханым Нұралыны шақырып алып: 

-Балам, әкенің ендігі жерде тірегі де алдымен сенетіні де өзіңсің. Петербордағы орыс патшасының түптің түбіндегі мақсаты – біздің жерімізге қазығын мықтап қағу. Сол үшін өзінің итаршыларын айдап салып, елдің бүтіндігін шетінетіп, ішке кіру – деп бастап, аналық мейірімін төге отырып, сол тұстағы саяси шырғаландарды жіліктеп талдап беруі де ханымның ой-парасатынның кемелдігін айқындай түседі. Бопай ханымның Ханға  адал жар бола отырып, ел мен жерді сақтауға қосқан қайраткерлік еңбектері сәт сайын көз алдынан өтіп отырады. Бұл да жазушының шеберлігін байқататын ұтымды тәсіл. Тарихи деректермен дәйектеліп, көркем де кестелі тілмен өрілген «Бопай ханым» романның оқырмандар мен әдебиетші – тарихшыларға берері көп, ұлттық әдебиетіміздің қорына қосылған сүбелі еңбек, елдің шерлі тарихының нағыз бір тар жол тайғақ кешуін қылаусыз тәпсірлеген, ғибраты мол, шындықтың шырайын ашқан тағылымды дүние. Жазушы Мәди Айымбетовтың осы еңбегі биылғы мемлекттік сыйлыққа лайықты әдеби еңбек деп бағалаймын.

 Нұрлыбек Қалауов ақын – драматург, 

ҚР Жазушылар одағының  мүшесі

 Ақтөбе қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар