Талқы
Бастапқыда биік қоршау-дуалды жағалай басбағып келді де, жүгіріп қалың қамысқа қойып кетті. Атша тулаған жүрегі алқымына тығылды. Сәл аялдады. Қамыс арасынан мұнара жаққа қарады. Ешкім байқамаған сияқты. Көз байланды. Қалың қамыстан өтіп, шағыл құммен түн ортасы ауғанша жүрді.
(Хикаят)
Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!
Қазақ мәтелі
Ақ түске боялған емен таяғын қолынан бірелі тастамайтын, жасы жетпісті желкелеген шүйкедей қара кемпір Балғанымның әдеті; дәйім кәлөшін іздеп, байбалам салып жүргені. Оның өзіндік себебі бар; кей-кейде немерелерінің бірі әжесінің кең кәлөшін аяғына іле салып, тырп-тырп сүйрете басып ойын қуып үйден ұзап кетеді. Әсіресе Айболат. Өзі сондай ұмытшақ, қожанасыр мінезі қаршадайынан қалмай келеді.
- Әй, Қуанбек!.. Ибраһим!.. Рекетай!.. Үмітай!.. Кәлөшім қайда, кәлөшім!.. Сендерден көретін болдым көресінді... И-й, әдірә қалғыр-ай!.. Кімнің көзіне түсті құрғыр-р!.. Өзім бір жерге қойып, жадымнан жаңылдым ба?!. Ау, айтсаңдаршы, жарқындарым?!. Отағасынан сұрайын десем, ол байғұс төсек тартып жатыр... Әй, Айболат!.. Ибраһим!.. Қайсың барсың?!.
Бірде Айболаттың ақ күшігі Алыпсоқ әжелерінің кәлөшін тістеп алып кетіп, үйшігіне апарып тастапты. Үй іші болып ал кеп іздесін! Жер жұтқандай жым-жылас. Қара домалақтардың қарамаған жері қалмады. Бірімен-бірі іркес-тіркес салынған мал қораларды да, жеміс-жидек ағаштары қалың өскен бақша ішін де, көрші үйлердің ауласын да тегіс тінтіп шықты. Ақыры табылмаған соң шаршап, есік алдындағы ағаш орындықта қатар-қатар тізе бүгіп отырған. Сүйкімді күшік балалардың қасына келді де, құйрығын бұлғаңдатып, қара домалақтардың әрқайсысына кезек-кезек назар тастап артынша үйшігіне кіріп кетті де, табандарынан таусыла іздеген кәлөшті алып шықты.
- Өй, сумақай... ұры! – деп тап берді ашулы Айболат.
- Қой... ол да бала емес пе, кішкентай ғой! - деді жасы үлкендеу Қуанбек ара түсіп.
Ерке күшік кінәсін сезді ме, жүгіріп үйшігіне зып берді.Балғаным апа мұндай қуанбас!
- Ал, балапандарым оқу жылы аяқталды. Сыныптан сыныпқа көштіңдер! Мектептегі ата-аналар жиналысына қатысқан келінім қуанып келді. Ибраһим-жан сегізінші сыныпқа, Айболатым бесіншіге жақсы бағамен көшкен екен! Колледждегі Қуанбегімнің де үлгерімі жақсы! Жиендерім Рекетай мен Үмітайдың үздік оқитындарын естігем... Өркендерің өссін!.. Тең құрбыларыңның алды болыңдар!.. «Оқығанның алды жарық, оқымағанның беті көн шарық» деп отырушы еді әкем жарықтық... Жә, каникулға шықтық деп ойын қуып, көше кезіп кетпеңдер! Мал бар, жан бар, бақша бар дегендей... Әке-шешелерің ақ таңнан қара кешке дейін жұмыста. Оны бір деп қойыңдар...
- Әжемнің кеңесі – тұнған философия!.. Кіл ақыл айтудан тұрады. – Кенже болғасын шолжың, ерке өскен Айболаттың уәжін ағасы Қуанбек бөлді:
- Сен сияқты ақпақұлаққа осылай шегелеп айту керек!..
Ашуланғанда кім-кімді болмасын қуырып, аяқтарын бір етікке тығатын әжелері алая қарап еді, сөзшең Айболат күлкісін тия қойды.
- Бір мезгіл аталарыңа қараңдар, - деді Балғаным апа. – Сұраған затын әперіп, тұрғысы келсе қолтығынан демеп, алып шығыңдар есік алдына, мақұл ма?!.
- Мақұл, - деді Қуанбек естиярлық танытып.
- Қақсата бермеңдер, қайта-қайта!.. «Ұрыс ырысты қашырар» деген... Түзу жүрсеңдер, тілалғыш болсаңдар ұрсып нем бар сендерге?! Таяққа сүйенсем де өз аяғыммен жүрмін ілбіп... Аталарыңның көңілін табыңдар!.. Мақұл ма?!.
- Қателік бізден, кешіру сізден, - деді сөзшеңдеу Ибраһим тыныш тұрмай.
- Әне-е, естідіңдер ме, Ибраһимның айтқанын, - деді Балғаным апа кейіңкіреп.
- Келістік апа, - деді Қуанбек. – Тыңдамаса, бір шыбықпен айдаймын бұларды!.. Әсіресе, ана қушыкеш Айболатты!..
**
Өңі оңған шүберектей тозған, арықша келген қара шал қасындағы Айболаттың оң қолын еті қашқан әлсіз саусақтарымен қыса ұстап:
- Шүкір, Аллаға! – деді үзіп-үзіп. – Әкем-м!.. Әкем-м, шақырып жатыр... Қоңыр биесін жегіп, арбасына отырып жатыр жайланып жарықтық... Мені қасына отырғызып алып кетпекші. Сондай да түс болады екен-ау!.. Құдай-ау құдды өңімдегідей…
- Ата-а!.. Не айтып кеттіңіз?!.
- Құлындарым-м, сол!... Бәріміз қонақпыз мына жарық жалғанға. Дүниеге келу қандай хақ болса, өмірден озу да дәп солай!.. Фәни жалған қас пен көзді ашып-жұмғанша ғана!.. Жалғыз Жаратушыдан туған жеріме жетуді, топырақ бұйыруын тілеп едім... Тәубе-тәубе, дәл бүгін қазір алса да!..
- Ата-ау, олай демеңізші! Қорқытпаңыз…
Қаршыға көз қарт аяқ-қолдары балғадай дені сау кездегі дағдысымен үстіндегі қалың көрпені серпе орнынан түрегелді.
- Ата-ау, байқаңыз!
- Талай жылдан еш адамға тіс жармаған, басымнан өткен тар жол, тайғақ кешу оқиғаны баян етейін. Қытай шекарасынан қалай өткенімді... Құлақ қойып тыңдаңдар...
***
- Оңбаған, сұмырай, бұралқы!.. Тарт сазайыңды!.. Қашып көр бұдан былай!.. Ұлы Қытай елі не жамандық жасады?!. Нендей теперіш көрдің?!. Мә, саған-н!.. Мә-ә!.. Ал жазаңды!..
Қойған сауалға жауап беріп тұрған Тәкенді шілтиген хансу жендеті қолындағы жұмыр таяқпен қақ бастан тартып-тартып жіберді. Зың-ң еткен қатты соққыдан көздері жарқ еткен палуан денелі, қараторы жігіт ағасы кескен теректей құлап бара жатты. Оған қарайтын, аяушылық білдіретін хансу ма?!. Ыңырси сұлаған жігітті көкала қойдай сабап-шықпыртып, текпінің астына алды. Аузынан қара қан аққан Тәкеннің үстіне бір шелек мұздай су құйып, тар қапастағы тұтқындар арасына, сыз, сасық бөлмеге сүйреп әкеп тастай салды. Одан арғысы есінде жоқ, таң рауандап келе жатқан шақта есін жиып, бұрыштағы ағаш бөшкеден суық суды тамсана, рахаттана ішті келіп. Арада жарты ай өткен. Тәкеннің жағдайы тәуір. Ылғи солай. Шақалақ сәби шағында анасы тұзды суға жиі-жиі шомылдырып, сармаймен денесін көп сылаған екен. Содан болуы керек, қанша таяқ жесе де жарасы көп ұзамай жазылып кетеді. Осынау күндерде Ғани, Ахмет, Рахметолла, Камалбай, Әбілмәжін, Шекей қатарлы он жеті қазақ өліпті. Бәрінің бастары көнектей болып ісіп кеткен. Абақты әкімшілігі «қанша ем-дом жасасақ та, шара болмады, өз ажалдары жетіп өлді» деп құжат толтырыпты. Азапты ауыр жұмыстан, бұралған аштықтан, хансу әскерлерінің күндегі аяусыз тепкісінен көз жұмғанын бүтіндей жасырған.
Тәкеннің соңынан жазушы Қажығұмар Шабданұлы түрмеден қашқан екен, оны да ұстап әкеліп, тас қараңғы бөлмеге жалғыз өзін қамап, аяғына зілқаратас кісен салыпты. Қажығұмар Тарым дариясын жағалап, Қызыл судағы қырғыздарға жеткенде, қараңғы түнде жүруге көздері кемдік қылып, кесе көлденеңдеп жол тосып жүрген хансу жендеттерінің қолына түсіпті. Өне бойынан сау тамтық жоқ, аса қатты жаралы деді қайсар жазушыны көрген абақты тұтқындары.
- Не деген айуандық?!. Не деген жауыздық бұл?!.
Тәкеннің ашуы келді. Атарға оғы жоқ. Кіжінгеннен, жұдырық түйгеннен өзге қолынан не келсін?!. Қаныпезер абақты басшыларына адамдардың өлімі шыбыннан бетер. Түрме әскерлері жазаланғандарды соғып-тепкілегенге айыздары қанып, ләззат алатын сияқты. Тұтқындардың азайғаны керек оларға.
Тәкенмен қатар темір кереуетте Қалиакбар деген жігіт жатыр. Қатты ауру, тұла бойы ісік, жара-жара бет-аузындағы қан қатып қалған. Кеше оның үйінен хат келді. Жақын туысы Қасен жолдапты. «Сенің үй-ішіңнің қал-жағдайын айтқалы отырмын, - деп басталыпты хат. – Әйелің бір жылдан артық уақыт ауырып, жақында қайтыс болды. Кенже балаң Әбутәліп те дертті. Үлкен ұлың Ғалымға дұшпанның баласы деп «қалпақ кигізді» (1). Ғалымның қызы бесікте. Оның бесігіне де «Дұшпанның баласы» деген жазу ілінді. Ал қалған екі балаң көп болды көрінбейді. Іздедік, сұрастырдық, аяқ жеткен жерге дейін бардық. Ізім-қайым, еш дерек шықпады. Бұлардың бәрін жіпке тізгендей неге айтып отырмын?!. Адам баласы неге болса да көнеді, естісін, білсін деп әжеңіз қоярда-қоймай жаздырды. Ауылда күнде тексеру! Күнде тінту! Менің де «қалпағым» бар... Алла, амандықпен жолығуды жазсын. Сау бол!..»
Қалиакбар тілден айрылғандай үнсіз. Көзінен пора-пора жас ақса да тістеніп отырғанын көрді. Қолынан басқа не келсін?!.
Тәкеннің жүрегі біз сұққандай шаншыды. Өзінің де көкірегі шерлі. Түн баласы бастығырылып, шошып шығады. Көзін ашайын десе аша алмайды. Салмағы зілбатпан біреу кеудесіне қонақтап, қылқындырып әкетіп бара жатады. Айқайлайын десе дыбысы шықпайды! Ой, Алла-ай! Бұл не ғажап?!. Не жұмбақ?!. Алқынғаннан жүрегі аузына кеп тығылады. Тілін кәлимаға әрең келтіріп, өзі білетін құран аяттарын ішінен қайыра-қайыра қайталағанда ғана әлгі көзге көрінбейтін дүлей сұлба кері серпілгендей, бойы жеңілдеп өзіне-өзі әзер дегенде келіп меңзығыр күйде недәуір уақыт жатады қозғалмай. Бұл нәрсенің не пәле екендігін білмей, түсіне алмай басы әңкі-тәңкі.
Сол қапталдағы кереуеттегі Ғинаят деген жігіт те қатты науқас. Бұл жігіт «үш аймаққа» (2) әскер болған. Оның да мазасы жоқ. Ары-бері дөңбекшіп, аунап, сандырақтайды. Түсініксіз, шым-шытырық бірдеңелерді айтады. Кейде сақ-сақ күледі. Санжыңқы деген аспазда екі бөлке наным бар, соны алып бір тоя жеңдер дейді. Біресе үйінде қалған ұлы Мұраттың атын атап: «Қарғам, сен әлі жассың ғой?!. Ер жетіп, мені қашан іздер екенсің?! - дейді. - Мен айдалып бара жатқанда егілгеннен етегің жасқа толып еді, әлі жылап жүрмісің?!.» - дейді әйелі Қатышпен кәдімгідей «сөйлесіп». Сандырақтап, аузынан шыққан сөздері қиыспай, пышырайды: «Шиху соғысында Гоминдан (Жанхайшы) хансуларды қойдай қырдық» - дейді алақайлап. Қайта-қайта «Қабанбайлап» жатып көз жұмды...
Нұры сөнген қос жанарында кекті арман қалды!..
- Жаның жәннатта болсын! – деді Тәкен Ғинаяттың көздерін жауып жатып.
Отрядта күнде жиналыс. Аядай жерге жүз қаралы кісі азар сияды. Жер кепенің төбесі тапал. Төрде биіктігі кісі бойындай Мао Цзедунның (3) суреті сүйеулі тұр.
Қарама-қарсы көлбеу бөренеге ала арқан байланған. Оған еңбеккүн орындамағандар, абақтыдан қашуға әрекет жасағандар және Маоның сөзін жақтамағандар мен саясатқа қарсы шыққан кісілерді тұтқындардың көз алдында аспаққа асып қояды. Лагерьде Кәрім-Жәмила деген ерлі-зайыптылар болды. Жәмиланың аяғы ауыр, жүріп-тұруы қиын. Еңбек нормасын орындай алмайды. Қазір сол әйелдің мәселесін қарағалы жатыр. Тұтқындар арасындағы жағымпаз, сатқын, екіжүзді жігіттерді бір сағат бұрын абақты әкімшілігі кеңсеге шақырған. Солардың біреуі, Мамырбек есімді бадырақ көз, тарамыс қара жігіт:
- Қазір жиналыс болады, Жәмиланы талқылаймыз, - деді құдды аса маңызды іс тындыратындай әкіреңдеп. – Сол үшін ол жауызды сөге-жамандап, көрген-білгендеріңді айтыңдар! Күнәларың жеңілдейді, - деді лепіре сөйлеп.
Бет-жүзі сұп-сұр, бадырақ көз семіз Мамырбектің түкірігі жерге түспейді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ақжемдене тозығы жеткен алабажақ киімді тұтқындар Мамырбекті иттің етінен жек көреді. Қазір де іштерінен сыбап тұр. Бетіне ештеңе айта алмайды. Олай істесе, абақты бастығына жамандап, әлгі адамның жон арқасын жалаңаштап дүре соқтырады. Оның қасында өзге де сұмпайылар жетерлік. Бірақ, ең аяры, ең қауіптісі – осы Мамырбек. Тәкен бастаған жігіттер қабат-қабат қалың киініп жатыр. Үйткені жиналыста жағымпаздана белсенділік танытып, тақылдап сөз сөйлеп, талқыға түскен кісіге жала жаппасаң ала арқанның астына апарып тұрғызады. Одан соң аямай сабайды.
- Болыңдар, жылдам! – деген өктем-өктем дауыс естілді. – Жылдам!..
Тұтқындар тайпақ ағаш орындықтарын, Маоның суреті мен кітәбін ұстап, аяқтарындағы кісендері шылдырлап бірін-бірі итермелей жер үйге кіріп жатты. Әуелде Маоға арналып баяндама оқылды. Кіл мақтаудан тұратын сөздер. Одан артық бұл дүниеде адам жоқ! Мао Қытай елінің бақыты! Мао аспандағы ай, жарқыраған күн! Жымыңдаған сансыз жұлдыз! Теңеулері ғажап!.. Шыбын ызыңы естілер емес... «Көре жүріп, көндігерсің, көндігерсің де, жөндігерсің» демей ме?!. Тұтқындар бастарын салбыратып жалаңбас тұр. Қорқыныштан көздері бақырайып кеткен. Киімдері жұқа, жертөле іші суық. Баяндама оқылып болған соң бір белсенді топ алдына шығып, Маоның суретіне тағзым ете сөйлеп кетті:
-Аса мәртебелі, Ұлы көсем! – деді барынша басын иіп. – Сізге айтарымыз, қасақана еңбек нормасын орындамайтын Жәмиланы күрес қылмақшымыз!.. Жазасын бермекшіміз!.. Сол үшін де өзіңізден рұқсат сұраймыз!..
Бойы бір тұтам шілтиген түрме басшыларының бірі:
- Отырыңдар! – деп айқай салды. – Енді, еңбек нормасын орындамаған Жәмиланың әңгімесін тыңдайық. Не деп құйқылжыр екен?!.
Екі-үш жандайшап Жәмиланы сүйреп алдыға шығарып, ала арқанның астына апарып тұрғызды. Жәмила:
- Мені соттарда аяғым ауыр болатын, - дей беріп еді, басшы хансу:
- Өтірік соғып тұр! – деп жекірді. Шілтиген неменің дауысы мұндай ащы болар ма?!.
- Іштегі сәбиім алты айлық... Жұмыс істеуге шамам жоқ... – Ары қарай айтқызбады. Белсенділер жетіп барып:
- Мына кері төңкерісшінің айтып тұрғанын қара? Маоның сөзінен үзінді оқымады!.. Оқығысы да келмейді!.. Данышпан көсемді аузына да алған жоқ, - деп екі жақтан кергілеп әкетті. Бірнеше тұтқын Жәмиланы қолдарымен нұсқап, еңбек нормаңды орындамағаның дұрыс емес деп жағымпаздана сөйлеп тұр.
Шілтиген бастық жандайшап біреуді шақырып, құлағына сыбырлап еді, қалған белсенділер ала арқанның бір ұшын аяғы ауыр әйелдің мойнына байлап, екінші ұшынан қатты тартып жоғары көтерді де, төмен тастап жіберді. Қара терге түсіп қиналған әйел:
- Жоғалсын фашист! – деуге тілі азар келіп, талықсып қисая берді.
- Өлді-ау! – деген дауыстар жамырай шықты.
Кәрім орнынан атып тұрып:
- Жоғалсын жауыз Мао идеясы! – деп аяқтарындағы кісені шылдырлай қарғып барып келіншегінің басын сүйеді.
Шолақ белсенділер жан-жақтан анталай тұра жүгіргенде, сығырайған білте шамдар жалп-жалп сөніп, жер үй ішін әп-сәтте қараңғылық басты. Біреуді-біреу біліп болмайды. Шылдыр-шылдыр кісендер... Айқай-шу!.. «Жойылсын!.. Жоғалсын!..» деген дауыстар қатты-қатты естіледі. Шілтиген бастық хансу сыртқа шығып кетті де, артынша қолдарына аспалы шам ұстаған 15-20 әскер кіріп, тұтқындарды шетінен ұрып-соға бастады. Далада бірнеше дүркін мылтық атылды. Тағы да абажадай бес-алты шам әкелінді. Жер үйдің ішіне сәуле шашырады. Бастық хансуға еріп төрт-бес әскери шенділер кірді. Жәмила талып сұлық жатыр, басын көтерер емес. Әскерилер Кәрімді аямай сабап, соңында аспаққа асты. Таяқ жеп құлаған жеті-сегіз тұтқынды зембілге салып алып кетті. Әскери бастық:
- Шамды сөндіріп, белсенділерді ұрған кім? Қанеки, тауып беріңдер? – деді айқайлап.
Тұтқындар үнсіз. Бастық хансудың түкірігі шашырап, ағаш үстелді ұрғылады. Ақыры тұтқындардан жауап болмаған соң, ойлануларыңа екі сағат беремін деп, шолақ белсенділерді ертіп шығып кетті.
Екі сағат өтер-өтпесте құлақ жарған ысқырық естілді. Тұтқындар тікесінен тік тұр. Мұндай ұрып-соғулардың неше түрін бастарынан өткеріп жүрсе де жүректері әбден шайлыққандықтан, қорыққандарынан дір-дір етеді. Сіңірлері шыққан аш-арық байғұстардың көрмеген құқайлары қалды ма?!. Шарасыздықтан бастары салбырап, неге де болса көнген. Көнбегенде, төзбегенде не істейді?!. Қандай амал-айла бар?!Әскери шенділер шолақ белсенділердің айтуымен Тәкен бастаған он үш адамның аты-жөнін оқып, бөлек алып кетті. Шеткі бос бөлмеге апарып, тыр-жалаңаш шешіндіріп, аяқ-қолдарын байлап шыбықпен шықпыртып ұра бастады. Бастапқыда Тәкеннің еш жері ауырмап еді, аз өткен соң жон арқадан шып-шып тиген ащы соққыны көтере алмай кескен теректей құлап түсті. Ертеңіне көзін әрең ашты. Денесі көкпеңбек. Қасында Дүйсеке отыр. Оның да тұла бойы ісік. Сол күні Жәмиланың күйеуі Кәрімге он бес жылға бас бостандығынан айырған бұйрық шықты. Бұрынғы мерзімі он жыл еді, енді жиырма бес жыл отыратын болды. «Бәрі де Алланың маңдайға жазған тағдыры!.. Жазмыштан құтыла алмайсың!.. Қасымдағылардан артық емеспін!.. - деп түйді Тәкен. – Қамақтан құтылар күн бола ма?!. Бір күн де аял қылмай жол-жөнекей өлсем де, туған жеріме тартар едім... Сондай күнге жетемін бе?!.»
***
Үш-төрт күннен соң абақты бастығының орынбасары жиналыс ашып:
- Таяуда Үрімжіден Маоның арнайы өкілі келеді. Сендерге жақсы жаңалық әкеле жатыр. Сол қуанышты хабарды жеткізуге асықтым. Енді не істеуіміз керек, білесіңдер ме? – деп үнсіз тұрған тұтқындарға жағалай қарап шықты.
- Дайындық керек, - деді ешкім үн қатпаған соң. – Лагерьдің іші-сыртына данышпан Маоның сөздері жазылсын! Әрбір тұтқынның кереуетінің басына қанша жылға сотталғаны жазылып ілінуі тиіс. Камераларда айшықты, үлкен жазулармен «Қарнымыз тоқ! Көйлегіміз көк! Маоға көп рахмет!..» деген мағынадағы плакаттар жазылып ілінсін!..
«Ұлы көсем мың жасасын! Маоның «Құң и бең мен Құң шау беңдері» (4) жасасын!» деген жазулар жазылып, әрбір тұтқын көтеріп тұрсын! Лагерьдің іші-сырты айнадай тазартылсын! Басы артық бірде-бір шиді, шөп-шаламды көрмейтін болайын! Өкіл жүретін жолға екі жүз кісі шығып, жол шаң болмау үшін су шашып тұрсын! Өкіл келгенде артық-ауыс сөз болмасын! Бастарыңды төмен салмай, еңкеймей, еңселеріңді тік ұстаңдар! Қабақтарың ашық болсын! Жүздеріңнен қуаныш белгісін, шат күлкі көретін болайын! Қал-жағдайларыңды сұраса, тұрмысымыз жақсы, қарнымыз тоқ, көйлегіміз деп айтыңдар! Жаман сөз естісем, менен жақсылық күтпеңдер?!. Ұқтыңдар ма?!.
***
Қарт ентікті. Әсерлі әңгімеге ұйып отырған немерелерінде зәре жоқ.
- Ата-а, бір жеріңіз ауырды ма? Шөлдедіңіз бе, әлде дәрі ішіесіз бе? – деді орнынан ұшып тұрған Қуанбек.
- Аздап айран жұтайын... Шіркін көңіл неткен жүйрік десейші?!. Аласапыран сол бір жылдар көкірегімде сайрап тұрса да еске алу қиын... ауыр...
Қуанбек атасына айран әкеп берді. Қарт сусын ішкен соң еркін тыныс ала бастады.
- Ана хансуларды (5) айтам... Не деген қатыгез!.. Жауыз екен!... – Ибраһимнің көз алдына атасы айтқан сұмдық оқиғалар елестеп, көзі алды дымданып мұңайып отыр.
- Е-е, боталарым!.. Басымнан өткен тар жол, тайғақ кешуді ешкім көрмей-ақ қойсын...
Қарт аз-кем тыныстап барып әңгімесін жалғады.
***
Бір жұма өткен соң түрме алдына үш «Уазик» машинасы кеп тоқтады. Сол күні кешке абақты ғимаратындағы биік қоршау шарбақтың бірнеше жеріне қосымша күзет қойылып, бес-алты жерге пулемет орнатылды. Ертеңінде таң атпай шолақ белсенділерді шақырып әкетті. Жарты сағаттан соң тұтқындарды қатар-қатар сапқа тұрғызды. Жиналыс барысында тәртіп бұзады деген он, он бес тұтқынды түкпірдегі камераға апарып қамап тастады. Жиналыс басталды. Қара көзілдірік киген, сұр жылан секілді ілмиген, екі көзі қып-қызыл, арық, орсақ тіс хансу ағаш тақтайдан жасалған биіктеу сахна төріне шығып, тұтқындарды жанарымен шолып өтті де, жөткірініп, қызыл кітапты оқи жөнелді:
- Ей, кері төңкерісшілер! Миларыңа мықтап тоқыңдар! Барлық дұшпан атаулы біздің қас жауымыз! Олардың көзін жоймасаң жоғалмайды! Күн сайын үй ішін қалай сыпырсаңыз, оларды да дәл солай сыпырып, тазалап тұрған ләзім! Тастай тәртіп керек!
Өкіл осылай деп аз кідірді. Ондағысы, тұтқындар сөзін қостап, қол соға ма деген есек дәме еді. Алайда ешкім қол соққан жоқ. Ылажсыз сөзін ары жалғастырды:
- Мен орталықтан арнайы келіп отырмын. Сендер дұшпан болсаңдар да, жай-жапсарды түсіндіруді жөн санадым.
Одан соң өкіл мәдениет төңкерісінің ғажап екендігін, оған ұлы көсем Мао Цзедун тікелей басшылық жасап отырғандығын, мәдениет төңкерісі күллі әлемде әлі іске аспаған ізгі ниеттен туған игілік екендігін, сол арқылы адам баласы өзгеше ой-санаға ие болатындығын айтты.
- Рас айтасыз ба?!. Шын болса... бұл барып тұрған жауыздық, – деген айқай естілді.
Ашу-ызадан булығып, түкірігіне шашалған өкіл жөпелдемеде тығылып, сөйлей алмай қалды.
- Не деген бассыздық бұл?!. Айқайлаған адамды дереу табыңдар! Жонынан таспа тілейін! – деді дірілдей-қалшылдап.
Әскерилер ығы-жығы иін тірескен адамдар арасынан дауыстаған кісіні таба алмады. Қабақтары қатулы, ашу-ызадан сазарған, аш арық, жүдеу тұтқындар мелшиіп, міз бағар емес. Қапырық ауамен араласқан сақау сарынның мысы басым; делбені сәл босатсаң басып-жаншитын түрі байқалады. Түкірігі шашыраған көздері қызарған өкіл зіркілдей сөйлеп тұр:
- Сендерді адам болсын деп ойлаймын! Жаным ашып айтып тұрмын. Бұл төңкерісті жек көретіндеріңді білемін. Сендерді ату оңай! Өле қаласыңдар! Сендерді бір жапырақ нанға зар қылып, аштықтан бұралтып, азаптап, қинап, масаға талатып өлтіру керек! Сол сауап сендерге! Ұқтыңдар ма?!. Әлгінде айқайлаған тұтқынды тауып беріңдер! Ол адам – барып тұрған оңбаған! Сендердің, дәл қазір үндемей тұрғандарың – оған жақтасқандарың!.. Қанша тәрбие берсе де түсінбейсіңдер! Оңбаған өңкей бұзықтар! Көздеріңе көк шыбын үймелетемін, - деп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Сол сәтте өкілдің құлағына хансу басшылардың бірі сыбырлап бірдеме айтып еді, өкіл балағаттауын қойып сөзін ары жалғастырды.
- Қай жерге келіп едім... Жыныма тиіп, сап-сау адамды қараптан-қарап есалаң еттіңдер!.. Қара басып, сөзімнен жаңылып... Ондайым жоқ еді... Енді есіме түсті... Ұлы мемлекетіміздің бүгінгі жағдайы ғажап! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман! Күннен-күнге қарқын алып даму үстінде. Барлық завод-фабрикалар жұмыс ырғағын арттырып, мәдениет төңкерісіне кірісті. Барша бастауыш, орта, жоғары мектептерге көзі ашық оқыған мамандар келіп, басшылық жасап дәріс беретін болды. Мектептерде пән сабақтарын тоқтатып, орнына Мао идеясын оқытуда. Ұлы көсем идеясы арқылы аспандағы айға, көктегі жұлдыздарға жетуге болады!.. Өкіл осылайша біраз лепіріп-лепіріп, аз-кем тыныс алды да: - Мен орталықтан тектен-текке келгенім жоқ. Естуімше, сендердің ет жемегендеріңе төрт жыл болыпты. Бұл жағдайды асыл текті Мао Цзедун естіп, сендерге қайырымдылық жасады. Мейірімі түсті. Екі жүз грамм ет берілсін деп өкім шығарды. Ұлы көсемнің осы қамқорлығына алғыс-рахмет айтыңдар, - деп көздері жылтыңдап, неге қол соқпайсыңдар дегендей тұтқындарға қарады. Еш жауап болмаған соң, қасындағы түрме басшылары мен әскерилерге бұрыла қарап еді, олар құлықсыздау ғана шапалақ соқты. Осы кезде тұтқындар арасынан бір хансу сөз сұрады. Өкіл алғыс айтады деп ойлаған болуы керек, рұқсат етті.
Хансу тұтқын:
-Жақсылығыңыз, шынында ғажап екен! Сонда ет күнде беріле ме? –деді.
Өкілдің табан астында түрі бұзылып, тұтығып:
-Екі жүз грамм дедім ғой!.. Екі жүз грамм!.. Бұлай кесірлік танытсаңдар, сендерге екі жүз грамм ет түгілі, екі түйір ет те берілмейді! Біле білсеңдер, бүкіл Жұңхуа (6) халқына да күн сайын екі жүз грамм ет берілмейді! Ондай май шелпектен біржолата үміт үзіңдер!
Бұдан соң тұтқындар өкілден төмендегі әңгімені естіп білді. Жаңадан тұтқын болып Шәуешек, Құлжа, Алтай аймақтарынан ұйғырлар мен қазақтар келіпті. Олардан ел тұрмысын, мәдениет төңкерісінің қалай қарқын алып жатқанын сұрағанда, басшы болып Қытай өкіметінің ең сенімді адамдарының арасынан Шәуешектің орынбасар уәлиі (7), ұлты моңғол Ошыржап таяқ жеп, ақыры өз қарнын өзі жарып өлгенін, Айдархан, Қабылғазы қатарлы көптеген қазақтардың ащы таяқтан қайтыс болғанын, Сұлтан, Әйіп, Темірғали Қайыңбаев сияқты кісілердің еш себепсіз түрмеге алынғанын, ел ішінде қаншама адамдардың өздерін-өздері бауыздап, асылып өлгенін, Шәуешектің байырғы тұрғындарын Шәуешектен қуалап, жер аударып, Суанға, әскери ауданның қарауына бергенін, мәдениет төңкерісі аз санды ұлттар ішіне жік салып, дағұр ұлтын «сендер сенімдісіңдер» деп қазақ пен ұйғырлардың үстінен қарайтын етіп қойғанын естіді.
***
1976 жылдың қаңтар айы. Далада сүйек қабар қара суық. Такла-Маканға қар жаумайды. Сырттағы суық онсыз да салқын, сыз камералар ішін кернеп алған. Тәкен қытай тобында. Үш күннен соң көрге де үйренесің дегендей, мехнатқа толы азапты өмірге ылажсыз мойынұсынған, көнген. Кейінгі күндері жақсы түстер көреді; ылғи кең далада немесе биік таудың басында жүреді. Оянып кетіп, түс екендігін біліп өкінгенімен, әдемі түстің әсерінен жаны жадырап, қуанып біразға дейін кірпігі айқаспайды. Нәзік үміт сәулесі жетелеп, көңіл шіркін самғап, қиялмен туған жеріне барып қайтады. Сөйтіп жатып ұйықтап кеткенін аңдамай қалады. Бір күні азанғы шәйдан соң хансу бастықтың әйелі келіп:
- Осында бір қазақ бар деп естідім, сол адам сиыр сауа ма екен? – деп сұрады.
Тәкеннің жүрегі жарылардай қуанды.
- Сауғанда қандай, сауамын!.. Сиыр сауған бізден қалған!.. Асау болса үйретемін, сүтті де көп аламын! – деді қолды-аяққа тұрмай. Кісені шылдырлап әйелдің қасына жетіп келді.
Жас әйел тұтқын қазақтың лепірме сөздеріне сеніңкіремесе де, өзімен ілестіріп алып шықты. Енді көп мақтанбайын, айтқанынан айнып қалар деп әйелдің соңынан үнсіз ере берді. Сауатын сиыры алдына барсаң сүзетін, артына барсаң тебетін қарасан екен. Тәкен сиырдың басын қос мүйізден шалып, алдағы оттық ағашқа мықтап байлап, күрде әдісімен артқы аяқтарын қозғалмайтын етіп оны да байлап ақырын сауа бастады. Сиырдан жарты шелектей сүт шықты. Келіншек риза болды. Тәкен сиырды күніне екі рет сауады. Түрме қақпасында тұрған кезекші әскерлердің де көздері үйренді, ары-бері шығуына тосқауыл қойған жоқ. Әйел ашық-жарқын, ақкөңіл екен. Бұны тұтқынсың деп жатсынбай, іштарта бастады. Күйеуі жоқ кезде дастарханға шақырып, тамақтандырып қояды. Әйелдің жас шамасы 23-24-те. Ал бастық хансу алпыстың ішінде. Белі бүкірейген, бет-аузы шалбар-шалбар кәрі қытайдың жас келіншекке қалай үйленгенін сұрап білді. Бес-алты жыл бұрын Пекин қаласындағы қыздар институтында оқып жүрген қыз екен. Институтта азаттық армиясын қайта-қайта мақтап, бір жыл бойына студент қыздардың басын әбден қатырыпты. Үйткені Қытай армиясында жастайынан әскерге шақырылып, үйленбеген еркектер көп. Сол «сүрбойдақтар» Маоға, «біздің еңбегіміз армияға сіңді, өмірден ұрпақсыз өтеміз бе?» деп арыз-шағым айтыпты. Ұлы көсем Пекиндегі қыздар институтына арнайы үгіт-насихат тобын жіберіп, ақыр соңында қыздарды көндіріп, әр қыздың қолына нөмір беріп (үйленетін еркектерге де нөмір ұстатып) сол арқылы өмірінде бет-жүзін көрмеген, танымайтын осы шалға тұрмысқа шығыпты. Тәкен жас келіншектің жаутаңдаған жанарынан мұң көрді. Өз теңіне шықпай, әкесіндей адамға жар болғанына көңілі толмайтыны сезіледі.
Тәкеннің сиыр сауғанына екі айдан асты. Бастық хансу да, кезекші әскерлер де бұның ешқайда қашпайтындығына көздері жеткендей. Темірді қызған кезде соғуым керек деп ойлады Тәкен. Мұндай мүмкіндік бола ма, жоқ па?!. Абақтыда бірге жатқан хансу досы қытай тілінде «жолхат» жазып берді. Үйткені, жолхаттың қытай тілінде жазылғаны сенімді. Жол торып жүрген хансу ұлтынан өзге әскерилер қытайша жазуды көргенде, бастарын шұлғып, көп тексере қоймайды. Басқа тілде жазылса әкіреңдеп, қойны-қоншын тінтіп әуре қылады. Кісен бұзуға да әбден жаттыққан. У сарымсақ арқылы ашады. (8) Абақтыда жұмыс істейтін бір басшы хансудың ұлы үйленіп, тауық, үйрек сойып той жасады. Ол тойға үлкен бастықтың әйелі де баратын болды. Тәкенге сиыр сауатын шелегін қалдырып, сүтті үйге кіргізіп қойыңыз деді. Екі айдан бері ештеңе бере алмадым деп он сом ақша ұстатты. Тұтқындарға айына бір сом береді. Сол ақшадан үнемдегені, нан сатқаны бар Тәкен сегіз сом жинаған. Жиыны он сегіз сом болды. Бастықтың әйелі тойға кеткен соң сиырды жылдамдата сауып, жан-жағына қараса ешкім көрінбейді. Күн көкжиекке құлады. Көп ұзамай ымырт жабылады. Тәкенге керегі сол. Лагерьдің батыс жағы қалың қамыс. Ар жағы барып-барып құмға ұласады. Соған жетсе болғаны. Мұнара басындағы күзетші хансу әскері, төменге қарап екі қызбен сөйлесіп тұр. Ешкімге назар аударар емес. Тәкен қуанды. Отыра қалып аяғындағы кісенді жұлып тастап, үй қасындағы суағар арыққа жасырды. Мұнара жаққа тағы көз тастады. Күзетші жерге түсіп, мылтығын сүйеп екі қыздың ортасында ары қарап сөйлесіп отыр.
- Тәуекел! – деді ширығып. – Мейірімді Алла жар бол!
Бастапқыда биік қоршау-дуалды жағалай басбағып келді де, жүгіріп қалың қамысқа қойып кетті. Атша тулаған жүрегі алқымына тығылды. Сәл аялдады. Қамыс арасынан мұнара жаққа қарады. Ешкім байқамаған сияқты. Көз байланды. Қалың қамыстан өтіп, шағыл құммен түн ортасы ауғанша жүрді. Жол басшысы – жеті қарақшы жұлдыз. Жобалауынша, солтүстік-батысқа тартып келеді. Қарны ашып, қатты шаршаса да бір елді-мекен кезігер деп тоқтаған жоқ. Таң атып келе жатқан сияқты. Жобасы дұрыс сияқты. Шөл қысып барады. Бір төбеден асқанда алдағы сайдан жылтырап бұлақ көрінгендей болды. Жан-жағы саздауыт екен. Жүрелей отыра қалып қолымен қазып еді, лай болса да су шықты. Сәлден соң лай тазарып, бұлақ көзі ашылды. Қаталап қатты шөлдеген екен, жата қалып ішті келіп. Былайырақ барып, көгал үстіне қисайды. Қалжыраған ұлы денесі тыныштық тілеп, көздері кілегейленді. Ұйықтап кеткенін білген жоқ. Недәуір уақыт өтсе керек, селк етіп орнынан тұрды. Дәл төбесінде бозторғай шырылдайды. Айдала. Жападан-жалғыз. Тұсау бойы көтерілген күміс күн шекесін қыздырды. Жан қалтасындағы малтамен жүрегін жалғап, алға жүрді.
- Абақтыдағы азапты күндерден осыным артық!.. Шәуешек қаласына қалай жетем?!. Тоқтай қал, Тәкен?!. О-ой, Шәуешек қайда, біреу қайда?!. Ажалым жетсе өлермін?!. Тағдыр талқысына көндім!.. Өзге таңдау, өзге жол бар ма, өзі?!. Нар-тәуекел!.. Өзіне-өзі серт бергендей, дауысы шығып ширыққан Тәкен сол күні тоқтамастан жүріп, кеш бата Такла-Макан құмының қиыр шетіндегі ұйғырдың шағын қоржасына (9) жақындады. Елді-мекенге бірден кіруге болмайды. Үйткені барлық жерде өкімет құтыртып, еліртіп қойған «құң и беңдер мен құң шау бендер» бар. Олар абақтыдан қашқан тұтқынды былай қойып, ары-бері жүрген жергілікті халықтың өзін тексеріп, қан қақсатып жатқанын естіген.
Күн ұясына қонды, ымырт жабылып келеді. Қоржаның шетінде оқшаулау тұрған бір үйге келіп, есік сыртынан тың тыңдады. Ерлі-зайыптылар болуы керек, еркек пен әйелдің дауысы шығады. Тоқты есімді «құң и бең» бір ақсақалды жазықсыздан-жазықсыз аямай ұрғандығын, оның еңкілдеп жылағанын әйел айтып жатыр. Жаны ашығандары ғой. Аяныш білдіргендері адамшылық емес пе?!. Жаман адам болмаулары керек. Тәкен есік қағып, сәлем бере ішке енді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қарап аң-таң. Өңі жүдеу, киімдері тозыңқы мына бейтаныс кісі аспаннан түсті ме?!. Отағасы аз кідіріп барып:
- Қазақсыз ба?!. – деді жылыұшырап. – Жоғары шығыңыз.
- Қазақпын.
- Лагерьден келесіз бе?!.
- Иә... Оны қайдан білдіңіз?!
- Түр-сықпытың айтып тұр...
Бұл жерде түрмедегі кесімді күндері бітіп, жұмысшы деген атпен тыңшылық жасауға қойған қазақтар тұрады. Бұл үйелменді капитализм жолына түскен деп «қалпақ» кигізіп, жігіттің әкесін түрмеге жауып, өздерін бақылауға алыпты. Қоржадан ұзап шығуларына болмайды. Олардың қазір бір сиыр, бес қой, отыз тауығы бар екен. Тәкен жүгеріден пісірілген он бөлке нан сатып алды. Сол үйде түнеп, таң қылаң бергенде қаптағы нанын арқалап, үй ішіне алғыс айтып жүріп кетті. Кешке таман Шаяр қаласының батыс жағымен келе жатып, Күшәрға баратын тас жолға бұрылғанда тоқтап тұрған машинаға жолықты. Хансу жүргізуші машина астында бір жерін жөндеп жатыр. Дауыстап сәлем берген соң машина астынан шығып сәлемін алды. Темекі тұтатып, бір талын бұған ұсынды.
- Шылым шекпеймін, - деді Тәкен.
Жүргізуші үндеген жоқ. Тәкен босқа тұра берудің ретін таппай, қолына шүберек алып, машинаның шаң басқан әйнегін сүрте бастады.
- Анау жердегі бұлақтан екі шелек су әкелсең қайтеді? – деді шофер.
Тәкен түсі суық, бейтаныс хансудың суға жұмсағанына қуанып, өтінішін жылдам орындады. Жүргізуші машинасын от алдырып:
- Қайда барасың? – деді өңін жылытып.
- Қарашәріге.
- Отыр, жүрейік.
Машина жүріп келеді. Екеуі де үнсіз. Өзі сұрақ қоймаса, қандай тақырыпқа әңгіме айтуға болады. Шоферға жалтақтап қарап қойды, ол жұмған аузын ашар емес. Күдіктене бастады. Қанша дегенмен хансу. Бұның абақтыдан қашқанын біліп отыр-ау, шамасы. Ұстап беріп сорым қайнай ма деп уайымдады. Бір кезде шофер:
- Түрмеден қашып келесің бе? – деді мойын бұрып.
Тәкен басын изеді. Күшар қаласына жеткен соң асханадан ас ішті. Тәкен есеп айрыспақ еді, шофер ақша төледі. Екеуі тағы жолға шықты. Машина жарығы түн түнегін тіліп келеді. Ызыңдаған мотор үнінен өзге дыбыс жоқ. Жол бойында көлік аз. Қараңғы түн мұңға жетелейді. Алдағы күні беймәлім. Шіркін шекарадан аман-есен өтсе, туған жеріне жетсе! Ата-мекеннен артық не бар! Қиялға тізгін беріп, армандап отырғанда көзі ілініп кетіпті. Соның арасынша, қас-қағым сәтте түс көргені. Отбасы, ошақ қасына оралып мәре-сәре екен дейді. Қаумалаған көршілер, есейіп кеткен ұл-қыздары, жан жары мен қарт әкесімен қауышып мәз-мейрам…
Қапелімде Тәкен селк етті. Әлгіндегі көрген түсінен айыға алмай басы әңкі-тәңкі. «Аллаға тәубе, деді жүрегі атқақтай соғып. – Жақсы түс екен!.. Жақсы түс!..»
- Түнгі күзеттен шыққан адамдай, қор ете түстің! – деді хансу мойын бұрып.
- Шаршағаннан ғой, - деді Тәкен өзге сөз таппай.
Шофер хансудың үнсіздіктен іші пысса керек, әңгіме бастады.
- Абақтыдан қашу оңай емес. Менің ағам да мәдениет төңкерісінде ұлы көсем Мао идеясына қарсы шығып, қудалауға түсті. Қазір Шанхай түрмесінде. Мао әбден қартайды, өзі ауру. Ойына келгенді істеп жатыр. Жұрттың берекесі қашып, ыңыршағы шықты. Соңы не болар екен?!.
- Ажалы жетпей тақтан кете ме?!. Мәңгілік кім бар жалғанда?!.
- Дұрыс айтасың?!.
Бұдан ары екеудің әңгімелері үзілді. Қайта-қайта есінеп мазалары қашқан соң, хансу машинасын тас жолдан алыстау бұрып, кабина ішінде отырып екеуі ұйықтады. Таң ата қозғалып, көп ұзамай Қарашәріге келіп жетті.
- Осы жерде қаласың ба? – деді хансу.
- Үрімшіге барушы едім, - деді Тәкен.
- Мен Тақияға (10) барамын, сол жерден Үрімшіге пойызбен жетуге болады.
Қас қарайып, жұлдыздар көріне бастағанда Тақия станциясына жетті. Темір жол вокзалы басында кісілер қара-құрым. Шыңжаңда жағдай жақсы дегенді естіп, ішкі өлкеден ағылған қалың ел. Көпшілігі бала көтерген әйелдер. Аш-арық, жүдеу кейіп-кеспірлерінен кісі шошиды. Қарындары ашып, тамақ сұрап жылаған сәбилер. Ауырып, ыңырсыған кәрілер. Асхана толы адам. Қалталарында тамақ ішуге ақшалары жоқ жолаушылар жаутаңдап, үстел үстіндегі нан қалдықтарын таласа-тармаса жеп жатыр. Билет сататын алакөлеңкелеу залда екі шиеттей бала мен бес-алты адамның теңкиіп, өліп жатқанын көріп төбе құйқасы шымырлады. Білектеріне қызыл шүберек байлаған, жолаушылар пойызын шығарып салатын он шақты белсенділер жүргіншілерді кезекке тұрғызып, тәртіп сақталуын тәптіштеп түсіндіріп жүр. Өңкей хансулардың арасында қазақтан жалғыз Тәкен ғана. Ана шолақ белсенділер келіп тексерсе, құжатын сұраса шаруасының біткені ғой. «Күні бұрын үрейім ұшқаннан, қорыққаннан не қайыр?!. Болар іс болды... Шегінетін жер жоқ...»
Бір кезде қалың хансу ішінен оң білегіне қызыл шүберек байлаған бір жас жігіт тақау келіп:
- Сіз қазақсыз ба? – деді іш тарта.
- Иә, қазақпын...
Туған інісін көргендей қуанып, жай-жапрсарын айтып жатыр.
— Такла-Маканнан келемін... Халық жауы ретінде қылмысты болып сотталып едім, мерзімім бітіп қайтып келе жатырмын.
Жігіттің есімі Айтыкен екен. Сүйегі Байжігіттің ішінде Шотай екенін біліп, тіпті қуанды.
- Үй ішін Дөрбілжің ауданынан көшіріп әкеліп едім, келіншегім мен балаларым қазақты қатты сағынып жүр, - деді Айтыкен.
- Шіркін, қанды қойсаңшы?!. Ой, айналайын!.. – Көзіне келген жасты тежеп, жүрегі елжіреді.
- Аға, біздің үйге қонып, дәм татып кетіңіз. Қай пойызға болса да ертең өзім отырғызып жіберем.
- Мақұл, - деді Тәкен.
Айтыкеннің үйі бір бөлмелі екен. Сәлем беріп үйге енгенде орта бойлы аққұбаша келіншек:
– Құдай-ау, қазақты көретін күн бар екен-ау! – деп жылап қоя берді.
Шәй қайнап тұр екен. Әп-сәтте дастархан жайып, 9-10 жастардағы тете екі ұлды ұйықтап жатқан жерлерінен оятты.
– Қайрат, Қайсар тұрыңдар! Ағаларың келді!..
Тәкен екі баланы құшақтап, бауырына басып, беттерінен сүйді. Келіншек сыртқа шығып тез оралды. Бір тегене ет әкеліп қазанға салды. Шәй ішіп болған соң Айтыкен:
- Аға, қазақ көрмегелі біраз болды. Әсіресе келініңіз, шіркін бір қазақ көрсем деп армандаушы еді! Аллаға шүкір! Әңгіме тиегін ағытыңыз!.. Әу демейтін қазақ жоқ!.. Шырқата ән салыңыз!.. Қазақ әндерін сағындық!..
- Айтам айналайын, айтам!.. Қазағымның әнін сағынған жүректеріңнен айналдым!..
- Абақтыда қанша отырдыңыз, сонда?!.
- 1962 жылдан есептей бер. Қазір 1976 жыл.
- Ой, аға!.. Сіздің сонда он төрт жылыңыз түрмеде өтті ме?!.
- Солай...
- Не деген жансебіл, жаны сірі адамсыз?!.
- Басқа түскен баспақшыл...
- Иә, «көресінді көрмей көрге кірмейсің» деуші еді атам жарықтық.
- Айтқаның рас.
- Торғайдай тоз-тозы шыққан қайран қазақ!..
Аққұбаша өңді көркем келіншектің көңілі бос екен. Көз жасын тағы көл етті.
- Сен енді бүйтіп жылай берме, - деді Айтыкен әйеліне. – Ағаны да, бізді де жасытпа!.. Тік ұста еңсеңді!.. Жігерлен!.. Әңгіме тыңдалық.
- Айналайын, жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл деген. Келіннің есімі кім?
- Айып етпеңіз!.. Қорыққанмен қуанған бірдей... Келініңіздің есімі Салтанат.
- Салтанаттарың келіссін, айналайын!.. Жақтарың түскенше жамандық көрмеңдер! Мейірімді Алла тағала жар болсын!
Тәкен басынан кешкендерін, 1962 жылы қарт әкесі мен балалары, әйелі мен аға-інілері, қарындастары Қазақстанға өткенде абақтыда отыруы себепті жат жұртта ылажсыз қалып қойғанын, бұдан бұрын туған елге үш рет қашуға әрекет жасағанын, зынданда жатқанда шығарған «Сағыныш» өлеңін оқығанда келіншек солқылдап тағы егілді.
Тұтқынмын, кісендеулі мен бір жатқан,
Азаптан бір тал қылдай семіп, қатқан.
Тар зындан – домбырадай күмбір қағып,
Тартамын халық зарын жанға батқан...
Көктемнің иісі келді қарсы беттен,
Құстардың тамылжыған даусы жеткен.
Боран, жаңбыр, сұрапыл дауыл, құйын.
Шеру тартып, үстімнен басып өткен.
Шашым өскен, сақалым белге түскен,
Аштық жеңіп, сусырап, есім кеткен.
Бірде қайта тіріліп, буырқанып,
Түйілген жұдырығым мәңгі кектен!
Жегідей жеп жанымды осы тұрмыс,
Сағынамын күнменен, нұрлы жұлдыз...
Иненің жасуындай жарық тапсам.
Тар құдықтан қараймын алып тыныс.
Мәжнүндей өңім қашқан жанталасып,
Етбеттеп қара жерге бауыр басып.
Мен үшін бар бақыттан асқақ тұрған.
Азаттық, болдым міне саған ғашық!..
Жоқ жауым, аярлығың түпке жеткен,
Баладан, жардан бөліп тентіреткен.
Түрегеп ән-ұранды айтам жалғыз,
Қаныма, жүрегіме жалын еккен!..
Салтанаттың бұлайша егілуінде сыр бар екен. 1962 жылы әке-шешесі мен екі ағасы Қазақстанға өткеннен бері хат-хабарсыз көрінеді. Тәкен түн ортасы ауғанша әңгіме айтып, өзі білетін халық әндерін шырқап, шерін бір тарқатты.
Таңертең Айтыкен:
– Мына киіміңізбен жүру жұрттан ұят. Әрі күмән туғызасыз, - деп өзінің бір қабат таза киімдерін қоярда-қоймай кигізіп жіберді.
Салтанат қоштасарда:
– Аға, Шәуешекке аман-есен жетсеңіз, Қазақстанға өтудің қамын жасаңыз!.. Ұшарға қанатымыз жоқ, әттең!.. Туған елге түбі бір жетерміз, - деді көңілі босап.
Айтыкен Тәкенді пойызға отырғызып жіберді. Пойызға жол алыс па, үш сағатта жетті. Түскен бетте жол хатын көрсетіп, Дөрбілжіңге баратын автобусқа билет алды. Автобус ішінде отыз шақты адам. Көпшілігі хансу. Оқушылар болуы керек, бір-екі қазақ қыздарын көрді. Үш-төрт жерден тексеруден өтіп, жолда бір түнеп Дөрбілжіңге жетті. Көктем күшіне еніп, күн жылынып, қар ери бастаған. Тәкен автобустан түскен соң қайда барарын білмей тұрып қалды. Әкесінің малшы інісі тұратын. Сұрастыра келсе әлі қыстаудан көшпепті. Енді қайтсе болады? Есіне әйелінің астық мекемесінде жұмыс істейтін немере ағасы түсті. Есімі Асқар болатын. Қарсы жолыққан бір кісіден сұрап еді, қай көшеде тұратынын айтып берді. Үйге келсе екі жігіт пен бір бойжеткен қыз отыр. Сәлемдесіп төрге озды. Сәлден соң 7-8 жастағы қыз бала есіктен сығалап, келген кім деп сұрады. Үйдегілер білмейміз деді. Кішкентай қыз жүгіріп кетті де, сәл өтпей Алтынсары жеңгесінің терезе алдынан өткенін көрді. Екеуі құшақтасып көрісті.
Балалар аң-таң.
- Нақақтан нақақ сотталып едің!.. Аяқ-қолың сау, аман-есен оралғаныңа шүкір, - деп қояды көз жасын сүрткен Алтынсары. – Бұл кісі, біз дәйім айтып жүретін ағаларың Тәкен.
- Жас өсіп, жарлы байымай ма?!. Ой, Алла-ай!.. Бәрі үлкейіпті...
Тәкен орнынан тұрып балалардың беттерінен сүйді.
– Анау отырған Хамит, одан кейін Сағит, мынау өзің білетін үлкен қызым Қайша, - деп таныстырды жеңгесі.
Балалар манағыдай емес, жылы шырай танытып, Тәкеннің жүдеу түріне қарап аяп отыр. Шәй үстінде Асқар қайынағасы келді. Амандасқан соң қолын жуып, қатар келіп жайғасты.
- Мерзімің бітіп, біржолата босап шыққаның рас па? – деді сенбеген түр танытып.
- Шын-н...
- Бұл жақта тұру үшін әйел алуың керек!.. Әйтпесе болмайды!..
- Ол қиын шаруа ғой!.. Ана жақта отбасым, бала-шағам бар.
Қайынағасының әңгіме ауанын жақтырмай қалғанын сезген Тәкен үндемей құтылды.
– Ол әңгімені қоя тұр... Өзіңнің жолхатың бар ма?!. Бар болса маған бер, сақшыға (11) мәлімдеп келейін.
Асқар асығыс шәй ішіп, Тәкеннің жол хатын алып, кеңсеге кетті.
- Ағаң мәдениет төңкерісі кесірінен алты ай абақтыда жатып қатты соққы жегеннен ауру, миы шайқалған. Бұлтты күндері «басым-басым» деп жатып қалады. Содан бері әсіре сақ және қояндай қорқақ, - деді жеңгесі мұңайып. Тәкен ол сөзге аса мән бере қойған жоқ. Жамандыққа қимас, сатпайтын шығар деп есептеді. Кешке үйге оралған немере ағасы:
- Хансу басшылар жоқ екен, қазақ белсенділеріне көрсеттім. Олар жол хатты анық ажырата танымады. Сен кепіл болсаң сенеміз ғой, - деді.
- Рахмет, - деді Тәкен.
- Бұтаға қорғалаған торғайдай бізді қара тартып келдің ғой, алаңсыз жата бер...
Тәкеннің қуанышы қойнына сыймады. «Бәсе-бәсе!.. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын туыс емеспіз бе?!.» Осынау жылдар ішінде көрген-білгендерін, түрмедегі ашаршылықтан, ащы таяқтан өлген тұтқындарды, бастан өткерген азаптарын асықпай әңгімеледі. Ағасы кейбір мәліметті қайталап сұрап, өлген кісілердің санын тәптіштей біліп алды. Ақкөңіл Тәкен бірін қалдырмай айтып шықты. Асқардың үйінде бес күн қонды. Келесі күні әкесінің інісі бұның келгенін естіп, үлкен баласынан ат жетектетіп жіберіпті. Екінті мезгілінде ағасының үйіне келді. Аға-жеңгесімен жылап көрісті. Көрші-қолаң да қаптап кетті. Аула іші у-шу, мәре-сәре. Бәрінің назары қапсағай денелі, қаршыға көз жігіт ағасында. Бетіне пышақ жанығандай жүдеу болғанымен көздерінде от бар, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы білінеді. Қуанышы қойнына сыймаған ағасы абдырап жүр. Бір семіз қойды әкеп сойып, бас-сирақтарын ылпылдатып үйтіп тастады. Әне, бір қазан ет қазанда қайнап жатыр. Түннің бір уағына дейін ағыл-тегіл әңгіме айтылды. Сөйлеуші – Тәкен, сауал қоюшылар үйге жиналған қонақтар. Таңертең тұрып жатқанда сақшы формасындағы екі қазақ жігіті үйге кіріп келді. Түстері өрт сөндіргендей, қабақтарынан қар жауады. Сәлем беріп, отырар-отырмаста Тәкенге қарап:
- Сізді кеңсеге шақырып жатыр, - деді.
- Тыныштық па, бауырлар?!.
- Барған соң білесіз жай-жапсарды.
- Олай болса, інімнің орнына мен барайын... Менің қонағым ғой ол, - деді ағасы орнынан тұрып.
- Ол не дегеніңіз?!. Ініңіздің көріне сіз түспейсіз ғой?! – Сақшының біреуі дауыс көтерді. – Барып қайтады... Жағдай солай... Қаласаңыз, сіз де еріп жүріңіз.
Екінші сақшы:
- Асқар кіміңіз болушы еді? – деді Тәкенге тесіле қарап.
- Немере ағам.
- Түсінікті...
Сөзінің мәнісіне қарағанда, бұл шұғыл шақыртуға қайынағаң себепші деп тұрған сияқты. Ешнәрсені жасырмай, бүкпей, түрмедегі көрген-білгендерін жіпке тізгендей ақтарып еді-ау!.. «Аңғал басым!.. Сайрап едім тоқтамай... Ұсталды деген осы!.. Қош, бостандық?!. Соншалық шүйіліп, сұрап еді-ау ағасы... Қорқақ, сұрқия, аяр, екіжүзді неме?!.»
Ағасы екеуі екі атқа мініп, сақшыларға ілесіп жүріп кетті. Шаһар ортасында сұрқай, еңселі екі қабатты ғимаратпен жапсарлас абақты үйі бар екен. Соған әкелді де, бірнеше құлпы бар темір есікті шылдырлата ашып ішіне кіргізіп жіберді. Қараңғылау камерада алты-жеті қазақ отыр. Құдды туыстары келгендей арқа-жарқа амандасып, шұрқырасып сырттың жаңалығын сұрап-біліп жатыр. Бұларға жабылған жала, қылмыс дейтін емес, болар-болмас дүние. Кеңес елімен ниеттессіңдер, туыстарың сол жақта, сәті келсе қашуға дайынсыңдар деп айып тағыпты. Араларында Дөрбілжің ауданының сот басшысы Ғабитхан да бар. Кеңес одағымен еш байланысым жоқ десе де, сенбей, осында әкеп қамаған. Қалғандары жас жігіттер. Олардың бар айыбы – Совет радиосын қалт жібермей күнде тыңдайды екен. Тәкенді түн ішінде тергеуге алып келді. Асқар ағасының үйінде айтқан әңгімелерін сұрады.
- Әйел алмаймын, үйленбеймін депсің?!. Бұл қалай?!.
- Әйел алатын, той жасайтын ақшам жоқ. Әрі дайын тұрған қалыңдық бар ма?!.
- Сөзін қара мына неменің?!. Қатын алу қиын ба сонда?!.
- Тауып берсеңіздер үйленейін...
- Такла-Маканда қанша адам өлді? Қандай тамақ іштіңдер? Мұның бәрін неге жария қыласың, а?!. Жерге қағып жіберейін бе, әлде жоныңнан таспа тілейін бе?!. Бәрі, мына менің қолымда... Қой дер қожа жоқ... Мерзімді күнің бітпей, абақтыдан қашып шыққаныңды білесің бе, сен қашқын?!.
- Сөз шығындап қайтесің бұған?!. Камераға бар сілімтік!.. Сенің мойындаған-мойындамағаның бізге көк тиынға керек емес?!.
Тәкенді бұдан соң сұрақ алуға шақырған жоқ. Бір жұмадан соң түрмеден қашқаны анықталып, қайыра абақтыға жүретін болып ұйғарылды. Бұрынғы сот бастығы Ғабитхан:
– Такла-Маканға тағы баратын болдың. Біз де жетерміз соңыңнан. Естелік жазып қалдыр, - деп қарындаш пен ақ қағаз ұсынды. Тәкен ойланып, төмендегі өлең жолдарын жазды:
Көктен бір жасын түсіп, өрт кетсе егер,
Артынша жердің жүзі ду көгерер.
Болғанда, сол уақыт оралармын,
Көтеріп, ырыздығым дәм тартса егер...
Тар қапастағы тағдыр талқысын бірге көрген жандар төс түйістіріп, құшақтасып қоштасты.
Екі көзін орамалмен таңып, аяғына темір кісен салып, қолдарын артқа қайырып арқанмен мықтап байлады. Арқанның бір жақ ұшы хансу әскерінде. Тағы екі сақшы қосылып, жетектеп автобусқа әкеліп отырғызды. Жеті күннен соң лагерьге жетіп, тұтқындар арасына әкеп қосты. Аяғына кісен салынды.
***
Әсерлі әңгімеге елітіп, үнсіз отырған ұлдар жамырап қоя берді.
- Көрмегеніңіз жоқ екен-ау!.. Сұмдық!.. - деді көңілі бос Қуанбектің көздері боталап.
- Боевик кинодағыдай! – әсершіл Ибраһим толқығаннан орнынан тұрып кетті. - Ызғарлы түрме камералары көз алдыма келді.
Компьютерден атыс-шабысқа толы кино көруден жалықпайтын Айболаттың аузы ашылып, таң-тосын:
- Атам, бүгінгі күннің хас батыры!.. Не деген патриот!.. Басынан өткерген бұралаң жол шытырман кинофильм емес деп кім айтар?!.
- Е-ей, құлындарым!.. Қайдағы фильм?!. Қайдағы кино?!.
- Енді не дейсіз?!.
- Тағдыр!.. Жазмыш!..
- Тағдыр деген не ата?!. – Айболат тосын сауал қойды.
- Тағдыр дегеніміз, шыр етіп жарық дүниеге келгенде, Алланың бұйрығымен маңдайға жазылған адамның ғұмыры.
- Қызық!
- Естімеген әңгіме, - деп қарттың немерелері ынтыға түсті.
- Шуламаңдар, - деді Қуанбек үлкендігін танытып. – Тағдыр туралы айтыңызшы, ата?!.
- Тағдыр дегеніміз, әркімнің басынан өтетін жақсылық пен жамандық, байлық пен кедейлік, бақ пен дәулет, қызмет іспетті істерді Алланың алдын-ала белгілеп қоюы.
- Сонда біз робот болғанымыз ба?! – деді Айболат. – Қалайша-а?!.
- Жоқ, - деді ақсақал – Алла тағдырымды алдын ала белгілеп қойған, жақсы-жаман, кәпір-мұсылман болуым Алладан деп, тағдырдан көру дұрыс емес. Тағдырда көрсетілген бақ-дәулетті адам ұстап тұра алмай, уысынан шығарып алуы мүмкін. Тағдырда иманды-имансыз болу да жазылмаған. Тек еркінде емесі – дене пішімі, бақ-дәулеті, атақ-қызметі және ажал. Адам баласы қашан да жақсылыққа ұмтылуы керек. Мәселен, мен тағдыр ісі деп Қытай елінде жүре берсем бола ма?!. Туған жеріме жетуді аңсадым! Тәңірі тілегімді қабыл етті! Алладан медет тіледім! Қолымнан келгенше әрекет еттім!..
***
Қыркүйек айы басталғаннан ауа райы күрт бұзылып, күн салқындады. Аспан әлемін алашарбы бұлттар торлап, ілкіде жаңбыр жауып өткен. Түнерген аспан, жүдеу күз адам еңсесін басып көңілсіздікке жетелейді. Жаманшылық хабар жата ма?!. Маоның қатты сырқат екендігі естіле бастады. Бір күні әскерлер мен абақты қызметкерлерінің ерсілі-қарсылы жүгіргені, бір нәрсеге қатты абыржығаны білінді. Далада жұмыс істейтін тұтқындарды дереу ішке айдап кіргізді. Бір тұтқын Тәкеннің құлағына ұлы көсем Мао қайтыс болды деді сыбырлап. Ертеңінде абақты әкімшілігі Маоның қайтыс болғанын хабарлады. Тәртіп мәселесін тәптіштеді.
– Сендер қылмыскер болсаңдар да, мына жағдайды қатты ескертеміз, - деді шілтиген хансу бастық. – Халқымыздың ұлы көсемі қайтыс болды! Сендер дұшпан болсаңдар да, адамсыңдар!.. Қайғырыңдар!.. Жылаңдар!.. Қырық күн бойына күлуге болмайды!.. Карта, дойбы ойнау сияқты көңіл көтеретін іспен шұғылданбайсыңдар! Кімде-кім тәртіпсіздік танытып, бағынбаса заң шеңберінде жауапқа тартылады!
Құлақтарыңа құйып алыңдар! Ертең таңертеңгі сағат 10-да аза тұтып, Маоның суреті алдында бес минут үнсіз тұрамыз.
***
Қолдарына бір-бір шыбық ұстаған хансу әскерлері, сағат тоғыздан аса тұтқындарды камерадан шықпырта айдап шығып, жүре алмайтындарды сүйреп, қатар-қатар сапқа тұрғызды. Тұтқындар бес минут аза тұтып, үнсіз тұрды. Он жеті адамға күлді деген айып тағып, денелерін жалаңаштап, өлімші етіп сабады. Түс ауа лагерьге ұйғыр мен қазақ тұтқындарын әкелді. Көпшілігі Мао қайтыс болған күні арақ ішіп мас болған, күлген және ән айтқандар. Яғни, ұлы көсемнің қайтыс болғанына қуанды деген айып тағылып, сотталғандар. Қытай өкіметі бұған дейінгі өрескел іс-әрекеттерін, сорақы қылықтарын Жаң-Шың бастаған билік басындағы төрт адамға аударып, халық алдында барынша ақталмақшы болды. Газет-журналдар мен радио күндіз-түні Америка Құрама Штатын мақтап бақты. Олардың озық мәдениеті мен қарыштап алға дамуын насихаттап, кино фильмдерін жиі-жиі көрсетті. Америкаға арқа сүйеп, социалистік Вьетнамды басып алу соғысына шұғыл кірісті. Тұтқындарды сырттағы жұмысқа айдап апаратын хансу әскерлерінің арасындағы кейбір делқұлы, әумесерлері мақтанғандары сондай:
- Вьетнамды бір аптада басып аламыз!.. Жермен-жексен етеміз!.. – деп кеуделерін соқты. Сап түзеп келе жатқанда, қатарға ілесе алмай сүрініп, жүре алмаған жарымжан кәрі-құртаңдарды жазықсыздан-жазықсыз тепкілейді. Олардың шектен шыққан бұл оспадарлығына ешкім тиым салмады. Тіпті кейде:
- Вьетнамға жойқын соққы беріп, Ханойға жақын қалдық! – деп те даурықты.
Хансу әскерлерінің бұлайша лепіріп-мақтанулары екі айдан аса уақытқа созылып, бір кезде бәсеңсіп, бұрынғы екпіндерінен айрылып, қабақтары түсіп, көңілсіз жүретін болды. Соған қарағанда, бір шикілік бар-ау деп ойлады Тәкен. Ұлы көсем қайтып, Маоның жұбайы бастаған төртеу қолға түскеннен кейін бұрын көп аталмайтын Дың Шаупыңның есімі естіле бастады. Бұл кісі бұрын «оңшыл» есептеліп, үш рет биліктен аластатылған болатын. Дың Шаупың сынды басшының қайтадан билікке келуі Тәкен сияқты ұлтшыл, оңшылдарға пайдасы тиіп, жеңілдік жасалды. Ондай тұтқындарға рақымшылқ берілсін деген орталықтың қарарын газеттерден оқығанымен, бұл саяси құжат Такла-Маканға әлі жеткен жоқ.
- Бізді босатыңдар, ізденейік, орталықтың бұйрығы шығыпты, - деген адамдарға түрме басшылары:
- Ол сендерге арналмаған, - деп сөздерін жүре тыңдады.
Оңшыл, ұлтшыл деген айыппен сотталған тұтқындарды соңынан іздеп келген ағайындары абақтыдан босатып әкетіп жатты. Тәкенді іздейтін ешкім жоқ. Шәуешек, Дөрбілжің, Қобық ауданында тұратын туыстарына хат жазды. Жергілікті әкімшіліктен: «Келсе болады» деген сенім хат алып, маған жолдаңдар деп өтініш айтты. Ақыры 1980 жылдың ақпан айында Қобық ауданындағы Тоқтарбайдан, Дөрбілжің ауданындағы немере ағасы Серғазыдан, сақшы бөлімі берген кепілдеме қағазы келді. Наурыз айының соңында абақтыдан біржолата босап шықты. Талай жыл тар қапаста бірге отырған тағдырлас Дүйсенбек, Меке, Әбдікәрім, Жүністер қош айтып, шығарып салды. Дүйсенбек Тәкеннің қолын қысып, құшақтап тұрып:
– Дәм тартып, Қазақстанға аман-есен жетсең, біздің үйге барып менің тірі екендігімді жеткіз. Бұл саған аманат! – деді көздері жасаурай.
Тәкеннің жол хаты Қобық пен Дөрбілжің аудандарына ғана жазылған болатын. Алдымен Дөрбілжіңге келуді жөн көріп, наурыз айының соңында Жайыр тауының етегінде қой бағып отырған туысы Бердіғапардың үйіне жетті. Аға-жеңгесі Шеризат пен Ақан қуанып, Тәкеннің келгенін хабарлаған жігітке сүйіншіге ақша ұстатты. Ағайын-туыстары бірінен соң бірі қонаққа шақырады. Үстіндегі ескі киімдерін шешкізіп, дүкеннен судай жаңа киім алып берді. Ертеңінде Серғазы ағасының үйіне келді. Олар той жасап, маңайдағы көрші-қолаңның бірін қалдырмай шақырды. Жамағайынның ыстық ықыласы мен мейіріміне сусындап, көңілі аспандаса да, көңілі алаң еді. Туыстардың аялы алақанында ұзақ жүре алмайтынын сезген Тәкен терең ойға батты. Бұлардың да шекелері шылқып отырғаны шамалы. Шәуешек ауданындағы Құлыстай селосында, ескі қорымда жатқан анасының басына барып құран оқыды. Үнсіз біраз уақыт отырды. Аяқтары ұйып қалғандай, орнынан әрең тұрды. Өлгендер мекені – тастан тұрғызылған бейіттерден ұзай берді. Жан-дүниесі астаң-кестең. Бір қараса, көздерінен пора-пора жас ағып келеді.
***
«Үйге хат жазайын» деп ойлады Тәкен. Қазір Қытай мен Қазақстан арасында хат-хабар жүріп жатқанын, әйелі мен бала-шағасының Аякөз ауданы, Тарбағатай кеңшарында тұратынын естіген. Содан бері неше рет хат жолдады. Әлі жауап жоқ. «Бәлкім, Тарбағатайдан басқа жерге қоныс аударған болар», - деп те уайымдады. Уақыт болса өтіп жатыр. Үміті жіңішкерген шақта Қарағашта тұратын қарындасы Бижамалдан хабар алды.
Жазушы Қажығұмар Шабданұлының үйіне келсе, әйелі:
- Сүйінші! – деді күлімсірей алдынан шығып.
- Қалағаныңыз болсын, – деді Тәкен қуанып.
-Үйіңнен хат келді. Сурет жолдапты.
Хатты оқып, балаларының суретін көргенде көзінен жас тоқтамай қойды. Қарындасы Бижамал: «Аға, үй-іші тегіс аман, тәтем сені тосып жүр» депті.
Қажығұмар мен жұбайы Тәкеннің әйелі Балғанымға риза болды.
– Жиырма жыл ерін күткен жар осындай-ақ болсын, - деді.
Шәуешекте де жұпыны тіршілік. Ұлттар арасында алауыздық өршіп тұр. Тұрғылықты хансулар ежелден қазақ мекендеген құнарлы жердің жақсысын иемденіп алған. Қазақтардың мал жайылымы тарыла бастапты. Жандайшап, жағымпаз, сұрқия дағұр, дүнген ұлттарының жағдайы тәуір. Қызба мінезді Тәкен, көпе-көрінеу әділетсіздікке шыдамай, бір шатақ іске ілінбей тұрғанда елімді тезірек табайын деп тас-түйін бекінді. Ертеңінде ауа-райы бұзылып, аспан тұнжырай бастады. Ебіден жел тұрды. Түс ауа жолға шықты. Жол сөмкеге аздаған азық-түлік салды. Жол-жөнекей бір қырсыққа жолығардай жүрегі қатты-қатты соғып тулағаны несі? Не болса да тәуекел деді ширығып. Томашадай ғана жол сөмкеден құмыраға құйылған судан отыра қалып аз-аздан жұтты. Тынысы кеңігендей. Әлгі әзірдегі алқынған жүрек қағысы сабасына түскендей бір рахат күйде отыр. Бұлайша отыра беруге болмас. Қайдағы-жайдағы аласапыран, астаң-кестең ойларды серпи орнынан тұрып, солтүстік-батысты бетке алып, жүріп кетті. Кемі сағат жарым уақыт жүрген сияқты. Бір кезде алдан қалың күнбағыс алқабына кезікті. Бой жасыруға қолайлы жер. Аздан соң таптаурын қара жолға түсті. Ат-арба мен машина ерсілі-қарсылы көп жүрген жол тақтайдай сайрап жатыр. Шәуешек қаласынан шекараға дейін он сегіз шақырым. Осы қарқыннан танбаса, енді үш-төрт сағатта жетіп-ақ барар.
-Уа, Раббым!.. Жолымды оңғарта гөр! – деді жігерленіп.
Айнала-төңірек қарабарқынданып қатты соққан желмен қабаттаса жаңбыр жауды. Үсті-басы малмандай су болғанына қарамастан тарта берді. Жүрісі ауырлағандай.
-Бүгін өтуім керек, бүгін өтуім керек!.. Өзі білетін кәлима-шаһадәт сөздерін, Лә иләһа, иль Алла, Лә иләһа, иль Алла, Мухамәдән Расуль Алла деп қайталай берген, қайталай берген.
Қалың жаңбыр саябырлағандай, соңы сілбіреген ақ жауынға ұласты. «Жаңбырдың жауғаны – Алланың нұры!..» деп жұбатты өз-өзін. Тісі-тісіне тимей жаурай бастағанда, ақ жауын пышақ кесті тиылды. Тоқтап, су киімдерін сығып, жүрісін жалғастырды. Қас қарайды. Шамалауынша, шекара жақын. Бақты тауының төбесіндегі шекара бекетінің прожекторы самаладай жарық шашады. Қытай жақтағы прожектор да шыр айналады. Айқыш-ұйқыш тартылған сымтемірдің астынан амалдап өтіп, жер бауырлай алға жылжыды. Таңдайы кеуіп, су ішпек еді, түсіп қалған ба, жол қапшығы жоқ. Бір жерде қалған-ау, шамасы. Жылжи берді-жылжи берді еңбектеп. Бағыты – Бақты тауы. Бір кезде соқамен жыртылған топыраққа ілікті! Шекарадан өтті.
-Уһ! – деп тыныс алды.
Бойына күш-қуат енгендей, түнгі салқын ауаны құшырлана жұтты.
***
1. Қалпақ кигізу - саяси қылмыскерлерді халыққа оңбаған жағымсыз, масқара етіп көрсету үшін қағаздан ұзын қалпақ кигізіп, шолақ белсенділер үй-үйді аралатып, айдап жүреді.
2. Үш аймақ – Алтай, Іле, Тарбағатайдың бірлескен әскерін осылай атаған.
3. Мао Цзедун – Қытай Халық Республикасының Төрағасы.
4. Құң и бең, құң шау бең – Білектеріне қызыл шүберек байлаған шолақ белсенділер.
5. Хансу – қытай.
6. Жұңхуа – Қытайлық ұлт деген мағына.
7. Орынбасар Уәли – алты-жеті кіші аудан қарайтын аймақтың әкімін – Уәли дейді.
8. У пиязды аршып, кісенге орап, сыртынан шүберекпен таңып тастаса, екі аптадан соң былқылдап, үзілуге дайын тұрады.
9. Қоржа – Бірыңғай аласа там үйлер.
10.Тақия – қалашық.
11.Сақшы – милиция.
Толымбек Әбдірайым, жазушы
