1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Балдырғанға базарлық!» айдарымен «Тап-тұйнақтай тақпақтар» топтамасын ұсынамын!
Сан үйрену
Әжем құйды қою шәй,
Өрнектелген кесемен.
Санап едім оюын,
Сан үйрендім нешемен.
Аязды жел
Тереземнің әйнегін,
Қырау басқан, сәнді етіп.
Елемейміз аязды,
Келген кезде әндетіп.
Толған Ай
Аспандағы толған Ай,
Айқындайды түн көркін.
Айдың нұрлы жарығы,
Жерге жеткен тым еркін.

Ақ бұлттар
Аспандағы ақ бұлттар,
Ат болады, шабады.
Қоян болып кейде олар,
Күн астынан шығады.
Ақ жауын
Ақ жауынның астында,
Әсте жүзім ажарлы.
Міне қызық, шіркейлер,
Алмайды еш мазамды.
Кемпірқосақ
Кемпірқосақ бай түсті,
Көз қарытқан көгімнен.
Түрлі-түсті жолақтан,
Бар әсемдік сезілген.
Жұлдыздар
Жұлдыздары түнгі аспан,
Жымыңдайды жарысып.
Түн ажарын ашуға,
Жүр барлығы табысып.
Күннің көзі
Күннің көзі нұрланып,
Тереземнен қарайды.
Қиялымды қоршап ап,
Сезімдерді санайды.
Тамшылар
Тырс-тырс етіп тамшылар,
Оятады өңірді.
Түске орап маңайды,
Өрнектейді жерімді.
Ақ боран
Ақ боран тұр мазалап,
Долылықтан бас алмай.
Отырғаның о, несі,
Жынды желден қаша алмай.
Биік тау
Биік тау бұл, біп-биік,
Тұрған бойын тік жиып.
Шыға алмай бұл тауға,
Қалма балам, түксиіп.
Қалың қар
Қалың қарды омбалап,
Әрең жүріп келемін.
Құламауға қар бірақ,
Болып алған тірегім.
Өр мінез
Өзендегі өз мінез,
Тулап ағар бойымнан.
Қорған болу еліме,
Шықпай қойған ойымнан.
Ана
Ана бізге ақылшы,
Түгендейтін жоғымды.
Танытады үлгі боп,
Оңым менен солымды.

Шемішке
Шемішкені көп шағып,
Мұқалттым бар тісімді.
Түсіп қалса тістерім,
Өзгерте ме түсімді?
Сабырлық
Бала қандай бақытты,
Сабырлықты сақтаған.
Атаң, әжең, барлығы,
Сабырлыққа тоқтаған.
Ұстаз
Ұстаз деген ұлы сөз,
Жарасатын өзіне.
Үйретер бар өнерін,
Тура қарап көзіме.
Достық көңіл
Достық көңіл маңызды,
Мейірімге тұнғандай.
Сыйластықтың мәні ізгі,
Шуақ төгіп тұрғандай.
Кітап оқу
Кітап оқу ғанибет,
Әр сөзінде мән жатыр.
Кітап сүйген балақай,
Қалдырады мәңгі атын.
Артық ұйқы
Артық ұйқы дос емес,
Езіп кетер бойыңды.
Отырасың қиналып,
Жинай алмай ойыңды.
Нан қоқымы
Нан қоқымы қауіпті,
Жерге оны тастама.
Сезсең артық боларын,
Босқа тістеп бастама.
Туға тағзым
Тағзым етіп, Туыңды,
Көтер көкке, биікке.
Тудың орны әрқашан,
Тұру керек биікте!
Жүрек жылуы
Жүрегіңнің жылуын,
Сөндірме тек алаулат.
Жаныңдағы жандарың,
Жүрсін десең алаулап.
Уақыт
Уақыттан ұтарың,
Оқы, әрі еңбектен.
Келетінін бақыттың,
Ұмытпашы еңбекпен.
Ата мен әже
Ата, әже қамқорым,
Немереге қам көңіл.
Есейгенде сіздерге,
Естіртемін қамқор үн.
Тілге құрмет
Тілге құрмет даналық,
Дара дауыс, дара үн.
Сақтау үшін тілімді,
Үнін қосам даланың.
Тазалық мәні
Ерте тұрып төсектен,
Тазалыққа мән бер сен.
Ауру, сырқау алыстар,
Тазалыққа мән берсең.
Отан
Отан ыстық ұямыз,
Біз бәріміз сиямыз.
Жырлау үшін Отанды,
Жаттап жүрміз жыр, аңыз.
Жануарлар әлемі
Жануарлар әлемін,
Зерделеймін зейінмен.
Болам мықты маманы,
Жануардың кейін мен.
Еңбек тәрбиесі
Еңбектегі тәрбие,
Тәртіптің бас құралы.
Оқу, еңбек егіз боп,
Үндестікті құрады.
Алыс жолдар
Алыс, алыс жолдарға,
Жетелейтін уақытым.
Жаңылмайтын өмірдің,
Білсем болды бағытын.
Асыл сый
Ең әуелгі асыл сыйың, бұл кітап,
Өрнекті ойға жетелеген сән-құрақ.
Кітап оқы, кітапты сүй, кітап дос,
Өміріңе ашып берер сан бұлақ.
Шолпан Балманова,
ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
