Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Темір – Нарком» атанған Т.Жүргеновтың туғанына — ...

30.03.2013 7039

«Темір – Нарком» атанған Т.Жүргеновтың туғанына — 115 жыл

«Темір – Нарком» атанған Т.Жүргеновтың туғанына — 115 жыл - adebiportal.kz

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновты иісі қазақ түгел білетіні сөзсіз. Ол — Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші.

Биыл осынау Алаштың ұлы тұлғасының туғанына 115 жыл толып отыр. Жалпы алғанда, Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті, парызы кейінгі ұрпаққа жүктелгені айдан анық. Мінеки, осы үдеде студент шағынан ізденіп, публицистикалық мұрасын әдебиетші ретінде терең талдап, тұңғыш рет диссертациялық деңгейде зерттеген Бауыржан Иманғалиев жақында «Темірбек Жүргенов» атты үлкен еңбегін қалың оқырманға ұсынды. Зерттеуші, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан бұл төрт жүз елу беттік кітабында мұрағаттарда, кітапхана қорларында сақталған Т.Жүргеновтың құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде (қазақ және орыс тілінде) араға жетпіс жылдай уақыт салып оқушыларымен қайта табыстырды. 1937 жылы 26 қыркүйекте «Халық жауы» деп қара күйе жағылып, қапыда атылып кеткен қайран бабамыздың халқына, ұлтына жасаған еңбегі ұшан теңіз. Бес тараудан тұратын кітапта Т.Жүргеновтың қырлары жан-жақты ашылған. Өкініштісі — осындай бағалы еңбектің бар болғаны 1500 данамен шыққандығы. Мемлекет тарапынан биылғы 115 жылдық мерейтойында ұлы тұлға жайлы осы кітап қайта шығарылса артық емес. Кітапты шығаруға демеушілік қолдау көрсеткен белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер, ардақты азамат —Шаһарбек Усманов. Бұл азамат, өздеріңіз білесіздер, Сейітқұл баба, Әйтеке би кесенесін де көтеруге үлкен үлес қосқан. Біз бүгін осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

4000 мектеп салдырған

13.jpg

Бүгінгі сөз — қазақ мәдениеті мен әдебиетінің төрт тірегінің тек бірегейі, қайраткер-қаламгер Т.Жүргеновтың әдеби мұрасы туралы болмақ. Оның жазушылық, публицистикалық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді, қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтың қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып келеді. Себебі оның қаламгерлік қабілеті мемлекеттік қызметінің тасасында қалды.

Темірбек — Шығыс пен Батыстың мәдениетін тең игерген жаңа толқынның өкілі. Ол кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Осындай дәулетті, тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды: дәстүрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, саз бен сөз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қанымен бойына сіңірді. Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні — Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтың дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді.


Екіншіден, Т.Жүргенов — 20-30 жылдардағы үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен өзі өкілі болып саналатын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті. Осы жерде Жүргенов қоғам қайраткері ретіндегі қызметін партиялық функционер емес, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, қалам қаруын сілтеп бастағанын баса айтқан жөн. 20-жылдар басында Т.Жүргенов республикалық «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатыру ісіне қаламымен де, ұйымдастырушылық қажырымен де атсалысты.


1924 жылы Ташкентке келіп, САГУ-де (Орталық Азия Мемлекеттік университеті) оқып жүріп, әрі Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі қызметін атқарған кезде де Жүргенов қалам майданының қақ ортасынан табылды. Осылайша уақыт алға тартқан өзекті міндеттердің үдесінен шығып, іс пен сөздің арасын алшақтатпай, принципшілдікпен, ақжарма турашылдықпен тер төкті. Оқу-ағарту ісінің талантты ұйымдастырушысы болды.


Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының ректоры (Абай атындағы ҚазҰПУ), Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 4000 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған ағарту комиссары, тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алуы ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған. Тарихи антология жағынан бұл мысал өркениеті мен мәдениеті теңескен батыс елдердегі қоғам қызметін қалам қызметімен қатар алып жүрген Робеспьер, Е.Дашкова, Ф.Раскольников тәрізді қайраткерлер үлгісімен теңеседі.


«Тілді де тісті, жігерлі де іскер адам»


Темірбек Қараұлының жан-дүниесі ғалым, зерттеушіге бейім еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейімдіктің соңына біржола түсуге заманы, уақыты мұрша бермесе де, ол өмірінің ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағыныш-көрігін баса алмай өтті.


Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Т.Жүргеновтың 1920 жылы Орынборда «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі бала жігіттің сөз өнерінде қара жаяу еместігін бірден танытты. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгілерінің бірінен саналады. «Переводчиктің қиялы» қазақ сахнасының майталманы Серке Қожамқұловтың репертуарынан ұзақ жылдар бойы тұрақты орын алып келеді.


Оның 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі 20 жылдардағы ұлттық прозамызда өз кезеңіндегі ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптың бірі — әйел теңдігі мәселесіне арналған.


Кейіпкерлер тағдырының ұқсастығы, тақырып ортақтығы және кейбір суреттеу тәсілі жағынан «Меруерт» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесімен үндес. Ол сюжетті өмірде жалт еткен бір сәттік оқиғаға (Меруерттің иесіз қорада жатып қалып, шалығуы), яғни метонимиялық принципке құрады. Бұл жағынан әңгіменің новеллалық сипаты басым.


Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі өнер қайраткері Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», — дейді, ал академик А.Жұбанов: «Жүргеновтың кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік», — деп, өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағаласа, жазушы Ғабит Мүсірепов:


«Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп, талантына ерекше ден қойды.


Қайраткер 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуға» рецензиясын (Казахстанская правда, 1934, 21-маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет.


«Өнер өнер үшін емес, өнер әлеуметтің мұң-мұқтажына, арман тілегіне қызмет көрсетуі тиіс!» — дейтін өзекті ой Темірбек Қараұлының қаламынан қорытылып шыққан «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» (Казахстанская правда, 1934,12 маусым ) мақаласында жалғасын тапты. 1928 жылы жазылғанымен, содан бергі уақытта сахналауға рұқсат берілмей келген М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасын алғаш драма театры репертуарына енгізген – Т.Жүргенов жетекшілік жасаған Ағарту Халық комиссариаты. Спектакль 1934 жылы мамырда қойылды.


«Хан Кенені» тірілткен


Темірбек Қараұлы — өзінің тарихи принцип көзқарасын әдеби мұраны игеру ісіндегі тарихи сабақтастық принципіне ұластырған сыншы. «Казахский перевод» Шахнаме» атты көлемді мақаласы (Казахстанская правда, 1935, 1 сәуір) автордың осы өредегі көзқарасын толық танытты. Фирдаусидің туғанына 1000 жыл толуы қарсаңында оның мәңгі өлмес мұрасы – «Шахнама» дастанын қазақ топырағында бірінші болып аударған Сыр бойының білімдар ақыны Молда Ораз нұсқасын ел ішіндегі бір қарапайым шаруаның қолынан таптырып алдырған Т.Жүргенов дастан жөніндегі алғашқы әрі күні бүгінге дейін біздегі бірден-бір толымды зерттеу болып саналатын көлемді еңбекті жазды.


Т.Жүргенов өзінің сыншылық-зерттеушілік еңбегінде жекелеген шығармаларға ғана көңіл бөліп қоймай, әдебиетіміздің зәру мәселелері бойынша перспективалық бағыттарды белгілеп, әдебиет тарихындағы кесек дәуірлерге баға беріп отырған. 1925 жылы Ташкентте қызметте жүріп тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген жинақ құрастырды. Оған Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов т.б. авторлардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәліметтер берді. Ол 1935-37 жылдардағы әдебиет мәселелерін де назарында ұстады.


Әдебиет тарихы мәселелеріне ат басын жиі бұрды. «Жерұйық» атты мақаласында (Қазақ әдебиеті, 1936 ж. 10 шілде) Асан Қайғы тұлғасына алғашқылардың бірі болып толымды баға бергенін атап айтқан жөн. Асан жөнінде революцияға дейін қарқын алып, 1920 жылдары одан әрі жеделдеген зерттеу ісі 1930 жылдар басында толастап қалған еді. Жүргенов мақаласы тоқырап қалған сол іске жаңадан серпін берді. Автор халық аңызы жасаған Асан Қайғы бейнесі белгілі бір дәрежеде тарихи Асанның кейпі, ол XIV ғасырда қазақ халқының жазба тарихы жасала бастаған дәуірде өмір сүрген деген ой айтты. Кейінгі зерттеулер оның бұл пікірінің дұрыс екендігін көрсетті.


Темірбек Жүргенов — 30-жылдары Пушкин мұрасына толымды баға берушілердің бірі. Бұл баға ұлы ақынның қайтыс болғанына 100 жыл толуы қарсаңында жарияланған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген мақаласында барынша бедерлі көрінді. Мұнда алғашқылардың бірі болып Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аудару дәстүріне тоқталған. Осы орайда, оның Абай үлгісіне берген бағасы биік. Сыншы орыс ақыны мен қазақ ақынының ақындық қуаты мен өрнегіндегі ұқсастықты нақты мысалдармен көрсетеді.


Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық бас-шылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды.


«Сіз мемлекеттік тілді білуге тиіссіз, Орлов!»


Т.Жүргеновтың ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады:


«Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам — қарағандылық Б.Н.Орлов және мен орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да, Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, ол түсінетіндей болуы үшін сөйлеушілердің орысша сөйлегені жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтың қара көздері ұшқындап кетті. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлерінің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз өзіңіз!» – деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» — деп, өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».


Апырмай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктерінің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», – деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сол 30-жылдардағы ерлігі ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», — деген Темекеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.


Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасы бастауын 3 нәрседен: жеке басының бұйдагерлік (лидерлік), саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздық жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б. очерктер мен мақалалары жатады.


2008 жылдың 14-15 қарашасында туған жері Қызылорда, алғаш қызметін бастаған Ақтөбе облыстарында қайраткер-қаламгердің 110 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Ғылыми-танымдық конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылып, әртүрлі мәдени шаралар өтті, жүргеновтану әлемі кеңейіп келеді.


Т.Жүргеновтың мол мұрасын зерттеу ісі енді басталды. Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі бүгінде өз дәрежесінде бағалануда. Артында мұра болып қалған 7 кітабы, 150-ге жуық әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, өз бағасын ала бастады. «Жүргеновтың публицистикалық мұрасы» атты тақырып алда өз зерттеушісін күтіп тұр. Оның осы саладағы қызметі жүйеленіп, жазғандары түгел жарыққа шыққаннан кейін жүргеновтанудың аясы кеңіп, міндеттері саралана түспек.


Бауыржан Иманғалиев

Халықаралық Ақпараттандыру

Академиясының Академигі, Жүргеновтанушы

Қайнар көз: www.kazakzaman.kz порталы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар