Теңгенің тарихы – тәуелсіздіктің алтын қазығы

Теңге атауының өзі де терең тарихи тамырдан бастау алады. Ол орта ғасырларда Орталық Азия аумағында қолданылған күміс ақшалардың атауымен байланысты. Демек, төл валютамыздың атауы халқымыздың көне ақша айналымы мәдениетімен сабақтасып жатыр. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деп, достықтың қадір-қасиетін жоғары қойған халқымыздың сөздік қорында ежелден осы сөз еніпті. 

Теңгенің тарихы – тәуелсіздіктің алтын қазығы - adebiportal.kz

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі – оның ұлттық валютасы. Өйткені ақша – жай ғана сауда-саттық құралы емес, ол елдің экономикалық дербестігін, саяси егемендігін, ұлттық болмысын айқындайтын маңызды құндылық. 

Қазақ елі үшін теңгенің дүниеге келуі – тәуелсіздік тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Биыл ұлттық валютамыздың айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел алдында жаңа мемлекеттің іргесін бекемдеу міндеті тұрды. Соның ішінде дербес қаржы-экономикалық жүйе қалыптастыру, ұлттық банк құру, өз валютасын шығару мәселесі ерекше маңызға ие болды. Кеңестік рубль аймағынан бөлініп, төл ақшамызды айналымға енгізу оңай шаруа емес еді. Бұл үлкен жауапкершілікті, батыл шешім мен тарихи тәуекелді талап етті. Әрі бұған үлкен дайындық та қажет болды. Бұл кезеңде Қазақстан нарығында ресейлік сабан рубль айналымда болды. Зат-тауар құнсызданып, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлау қаупі туындады.

1993 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашада теңге ресми түрде айналымға шықты. Осылайша, 15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасы күні ретінде тарихта қалды. Бұл күн ел экономикасының жаңа кезеңге қадам басқанын білдірді.

Туымды желбіретіп жел кереді,

Еліме осы еді ғой ең керегі.

Алтын орда заманынан бұл-бұл ұшып,

Тағдырым табыстырған теңгем еді.

Не бір ой мүжіп жеген ой адамын,

Кеудемнен сейілгендей кей алаңым.

Телмірмей теңгем барда тебіреніп,

Енді мен тәуелсізбін дей аламын.

Түскендей әсері бар сөзі аспаннан,

Шет жұртқа телмірдік-ау көз ашқаннан.

Енді мен бақыттымын, өгейсініп,

Басқа көз қарамайды өз ақшамнан.

...Дүние дөңгелеудей дөңгеледің,

Өзі тауып жатады ел керегін.

Қазақ қазақ болғалы қолға ұстаған,

Құтты болсын, ағайын, теңгелерің! – 

деп жырлаған болатын, қазақтың көрнекті ақыны Шөмішбай Сариев. Расымен де қазақтың ұлы тұлғалары бейнеленген төл теңгеміз – қаржы-экономикалық дербестіктің шынайы нышанындай болып, тәуелсіз жас республиканың халқына үлкен рухани көңіл-күй сыйлағаны анық болатын.

Алғашқы теңге Ұлыбританиядағы «Harrison & Sons» баспаханасында басылып шықты. Ұлттық валютаның алғашқы үлгілерінде қазақ халқының тарихында айрықша орны бар ұлы тұлғалардың бейнелері көрініс тапты. Әбу Наыср әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан мен Абылай ханның портреттері төл ақшамыздың көркемдік мазмұнын байытты. Бұл – ұлттық валютаның тек экономикалық емес, рухани-мәдени маңызы да зор екенін аңғартатын белгі еді.

Теңге атауының өзі де терең тарихи тамырдан бастау алады. Ол орта ғасырларда Орталық Азия аумағында қолданылған күміс ақшалардың атауымен байланысты. Демек, төл валютамыздың атауы халқымыздың көне ақша айналымы мәдениетімен сабақтасып жатыр. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деп, достықтың қадір-қасиетін жоғары қойған халқымыздың сөздік қорында ежелден осы сөз еніпті. Теңге – қазақ қызының есімі. Белгі  «Айман-Шолпан» жырында Айман сұлудың:

Базарға сатсам Теңге – бұл боларсың,

Көтекемнің айтқаны рас болса,

Қолыма су құятын күң боларсың! – 

деп Көтібар батырдың жары Теңгеге айтатын жері бар еді ғой. Сұлтанмахмұт Торайғыров әйгілі «Бір адамға» өлеңінде: 

Ол рас, аталарың шенге алыпты,

Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.

Апыр-ай қалай бұлдаған сатқандарын,

Оқа, түйме, сылдырмақ, теңге алыпты! – 

дейтіні бар. Ақынның мұндағы «теңгесі» – балалардың, қыз-келіншектердің бешпент, камзолының өңіріне тесіп тағатын монета болса керек. Қалай болғанда да теңге – ұлы даламызда салтанат құрған мемлекеттерде қолданылған валютаның атауы. Орыс тіліндегі «деньга» (деньги) сөзінің де түп-төркіні – біздің теңгеміз. 

Теңге тарихындағы тағы бір маңызды белес – ұлттық ақшаның өз елімізде өндіріле бастауы болды. 1995 жылы Алматыда Банкнот фабрикасы ашылды. Бұл Қазақстанның ақша шығару ісіндегі дербестігін нығайтты. Ал Өскемендегі Қазақстан теңге сарайы ұлттық монеталарды дайындаудың маңызды орталығына айналды. Уақыт өте келе теңгенің дизайны жаңарып, қорғаныш белгілері жетілдіріліп, халықаралық деңгейде танымал бола бастады. 

Теңге – халқымыздың тарихы мен мәдениетін танытатын ерекше нышан. Оның бетінде бейнеленген ұлы тұлғалар – ұлттың рухани байлығының көрінісі. Әрбір банкноттан қазақ даласының тарихын, өнерін, әдебиетін, сәулет өнерін және ұлттық дүниетанымын тануға болады. Сондықтан теңгені қолымызға ұстағанда, оның тек материалдық құнын ғана емес, бойындағы тарихи-мәдени мағынасын да сезінуіміз қажет.

Бүгінде әлемдік экономикада орын алып жатқан түрлі өзгерістер ұлттық валютаның тұрақтылығы мен елдің қаржылық қауіпсіздігіне ерекше мән беруді талап етеді. Ақшаның құны тек оның сыртқы бейнесімен өлшенбейді. Ол – ел экономикасының қуатына, өндірісінің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатына және мемлекеттің қаржылық саясатына байланысты қалыптасатын көрсеткіш.

Ұлттық валюта күні – тек қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ғана емес, бүкіл ел үшін тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын тарихи дата. 1997 жылдан бастап 15 қараша Ұлттық валюта күні әрі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді. 

Тарихтың әр парағында ел тағдырына әсер еткен шешуші сәттер болады. Теңгенің айналымға енуі – сондай тарихи белестердің бірі. Ол халқымыздың азаттыққа қол жеткізіп қана қоймай, өз тағдырын өзі айқындай алатын дербес мемлекетке айналғанының айқын дәлелі.

Теңге – тәуелсіздіктің төлтаңбасы, экономикалық еркіндіктің өлшемі, ұлттық мақтанышымыз. Оның қадірін білу – елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттің болашағына жауапкершілікпен қарау деген сөз. Ендеше, төл теңгеміздің тұғыры биік, ұлттық экономикамыздың іргесі берік, еліміздің мерейі үстем болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2168

Taza Qazaqstan