Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Түркі әлеміне танылған қаламгер-редактор...

13.12.2022 1960

Түркі әлеміне танылған қаламгер-редактор 14+

Түркі әлеміне танылған қаламгер-редактор - adebiportal.kz

(Жазушы, драматург, әдеби журнал редакторы  туралы сөз)

Қазақ топырағында туған, бүкіл шығармаларын өз ана тілінде жазып келе жатқан қазақ жазушысы әрі драматургі Жолтай Әлмашұлы биыл алпыс бес жасқа толды.  Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында алғашқы екі әңгімесі Алматыда шығатын «Лениншіл жас» («Жас алаш») газеті мен «Жалын» жастар журналында кезекпен жарық көрген қаламгер,  міне, елу жылға таяу уақыттан бері шығармашылық ізденіс жолында екен. Осы уақыт аралығында бірнеше роман, повесть және әңгімелер жазып, көптеген драматургиялық туындылардың авторы атанды. 

Бұл күнде, әсіресе,  оның қаламынан туған «Қаратау қаһары» («Кең де тар дүние») романдар топтамасы мен  «Ащы да тәтті өмір» деген жалпы атаумен жариялана бастаған қысқа романдар сериясы әдебиет сүйер қауым тарапынан ыстық ықыласқа бөленіп үлгерді. Осылардың арасынан  ХХ- ғасырдың алғашқы жартысында  қазақ халқы бастан кешірген ауыр оқиғаларды - кәмпеске, ашаршылық және репрессия сойқандарын кеңінен суреттеген «Күлкі мен көз жасы» роман-дилогиясын ерекше бөліп атауға болады. Бұл көркем туынды көптеген сыншылар мен әдебиетшілер тарапынан  жылы қабылданып, жақсы  пікірлер  жазды. Бір өкініштісі – бұл кесек роман әлі өзге тілдерге аударылған жоқ. Сонымен бірге, жазушының «Олигарх және олимп», «Интерадам» секілді қысқа романдары да адам жанының құпия-қалтарыстарына терең үңіле отырып, бүгінгі заманның қилы проблемалары мен өзекті  мәселелерін  батыл көтеруімен ерекшеленеді. Аталған екі туынды бірқатар шетел тілдеріне аударылып, Мәскеудің «Художественная литература», Түркияның «Бенгю» баспаларынан жеке кітап болып басылып шықты. «Интерадам» романы, сондай-ақ, Башқұрт елінің  «Ватандаш» атты әдеби журналында жарияланып, 2020 жылы арнайы әдеби сыйлықпен марапатталды. Енді  «Интерадам» романы ағылшын тіліне аударылып, жеке кітап болып шығып жатыр. 

Атап айту керек, жазушы-драматург  Жолтай Жұмат-Әлмашұлы  соңғы жылдары өз шығармаларымен  бүкіл түркі әлеміне кеңінен танымал бола бастады. Айталық, оның «Ащы да тәтті өмір» атты қысқа романдар жинағы 2021 жылы Анкарадағы «Бенгю» баспасынан басылып шықса, биыл алпыс бес жасқа толуына орай «Махаббат пен өшпенділік кітабы» тағы да осы баспада басылып, оқырманға жол тартты. Бұл жинақта жазушы-драматургтің оннан астам  әңгімелері мен бүкіл түркі әлемінің мақтанышы, әлемнің «екінші ұстазы» Әбу Насыр Фараби туралы тарихи драма-дилогиясы жарияланған. «Ащы да тәтті өмір» кітабы жайлы түріктің танымал ғалымы, профессор Орхан Сүйлемез көлемді талдау мақаласын жазып, оны «Кардеш калемлер» журналында жариялады. Ал, қаламгердің  Әбу Насыр Фараби образын жаңа қырынан ашуға талпынған  тарихи пьесасын Түркияның бірнеше  драма театрлар  ұжымы оқып -танысып, алдағы уақытта сахналауға  ынта байқатуда. 

Әлбетте, қазақ суреткерінің  қаламынан көптеген тарихи және заманауи пьесалар туған,  қазіргі кезде елуге тарта сахналық туындылардың авторы болып саналады және солардың көбісі республика драма театрларында соңғы жиырма жыл көлемінде кезегімен сахналанып келеді.  Ал,  тағы бір сүйекті шығармасы -  түркі халқының имани ұстазы, сопы-ақын, философ Қожа Ахмет Иассауи туралы  жазған тарихи драма-дилогиясы да жақын уақытта театр сахнасына   жол тартпақ.  

Қаламгер Жолтай Жұмат шығармашылықпен қабат  екі жылдан бері «Роман&Драма» атты әдеби-көркем журнал шығарып, онда қазақтың және көптеген  түркітілдес елдердің жазушылары мен драматургтерінің көркем туындыларын жариялап, қалың жұртшылыққа кеңінен таныстырып келеді. Осы күнге дейін қырғыздың, өзбектің, башқұрттың, татардың, шешеннің, т.б. елдер қаламгерлерінің жаңа туындыларын жарыққа шығарды, оқырманға жеткізді. 

Қазақ елінің бүгінгі таңдағы  танымал сөз шебері  Жолтай Жұмат ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының  «Абай» медалінің иегері, халықаралық «Золотое перо Руси» және «Башқұртстан әдеби сыйлығын» алған,  сонымен қабат қазақ елінің Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағы ұйымдастырған прозалық және драматургиялық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мәдениет қайраткері.  

Біз биыл алпыс бес жасқа толған қарымды қаламгер, дарынды драматург, түркі елдері  әдебиеті мен мәдениетінің шын жанашыры Жолтай Жұмат-Әлмашұлын шын жүректен  құттықтай отырып, алдағы уақытта да сарқылмас шығармашылық табыс тілеймін!

 

СҰЛТАН  РАЕВ,

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, 

Қырғызстанның халық жазушысы, халықаралық 

әдеби сыйлықтардың және  Қырғыз Республикасының 

Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлығының 

лауреаты, жазушы, драматург

                                                                                     

Түркия. Анкара. 2022 жыл       

         

АҢДАТПА:

Біріншісі - " Махаббат пен өшпенділік кітабы", 2022 жыл соңында шықты.  Екіншісі - " Ащы да тәтті өмір" 2021 жыл басында шыққан. Келер жыл басында тұсаукесерін өткізу жоспарланған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар