Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

12.09.2022 2110

Ұзақ сарын 14+

Ұзақ сарын - adebiportal.kz

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Әңгіме

Алтайдың  қатпар-қатпар тау сілемдері біресе қоңырайып, біресе, көкшілденіп көрініп, әр мезгілдің бояуына сай  өзгеріп,  түрленіп, жатқанына қанша жыл дейсіз.  Жұмыр жер жаралғаннан бері қарай  солай. Уақыттың  дөңгелегі төбелерінен жүгіріп өткен адамдар сонау заманнан бермен мекен етті, тірнектеп тірлік қылды, туды, өсті, өнді, өлді. Заманалар өзгерді, дәуірлер ауысты, адамдар алмасты, бірақ Алтай сол қалпы өзгерген жоқ. Мызғымай, селт етпей,  міз бақпай жатыр Алтай жарықтық.  Алтайдың кең қолатындағы бір қолтықты паналап, қара қосын тіккен Қара-Бұланның кіндік қаны тамған жері - осы Бөрілі сай. Мұның көзін ашып, ес білгеннен көріп келе жатқаны да осы өлке - Бөрілі сайдың иығы мен табаны. Иығына шығып, жайлайды, табанына түсіп, қыстайды. Әкесі  де осы сайда туып, осы сайда өлді.  Анау жылы. Қақаған қыс болатын. Ақ түтек боран  алты күн соққан. Әкесінің сүйегін бес күн тұлыпқа орап, самырсынның басына іліп, сақтаған. Ондағысы ит-құсқа жем болмасын дегені еді. Азынаған боранмен бірге аш қасқырлар да қара қосты торуылдап, әр шоқының басынан ащы ішектей соза ұлыған дауыстары құлаққа талып естіліп,  қыстың ұзақ, үрейлі түнінде бір тыным таппаған еді. Жетінші күні әкесін жер қойнына тапсырған. Осы ғұмырында дәл сондай ұзақ түндерді көрмеген сияқты. Ол кезде бұл отыздан жаңа ғана асқан, атан жілік жігіт еді. 

Сол жылы жазда  Шолақ сайда отыратын әкесінің құрдасы Тарпаңның үйіне барған. Бала кезінде екі рет көрген қапсағай бойлы, қара кісі шөгіп, бүкірейіп қалыпты. Екі құлағы да тас керең. Аң аулап жүріп, құздан құлап, екі күн  суықта жатып қалғаннан соң осындай керек болып қалыпты. Кемпірі өлгелі де біраз жыл болған. Қолында қызы - Ай-Тұлым. Екеуі ғана. Бұл Ай-Тұлымды сонда алғаш рет анық көрген болатын. Сұңғақ бойлы екен. Ер адамша киінген, үстінде құлын жарғақ  тон. Басында сусар бөрік, қолаң шашын төбеге түйіп киеді екен. Қолында қамшы. Жалт етіп қараған мойылдай көздері мен албыраған қызыл еріндері ғана оның қыз баласы екенін әйгілер еді. 

Екеуі Ертісті жағалай құлдап,  аяқтарымен су жалдап,  сырласып, шүйіркелесіп, әдемі бір күнді бірге өткізген. Ақ көбіршік толқындарын аспанға атып, буырқанып, күркірей ағып жатқан  көпіршіп жатқан Ертістің жағасында Ай-Тұлымның бұлқынып жатқан ақ сазандай тәнін аймалай құшқан... Жиі келіп тұруға уәде еткен. Күйеуінің Тарпаңның үйінен бір түрлілеу болып келіп, теріс қарап жатып алғанын сезсе де, сезбегендей болған әйелі тіс жарып ештеме демеді. Сол күні кешкілік самырсынның діңінен ойып жасаған қара домбырасын кеудесіне қондырып алып, ұзақ сарын тартқан. Іштегі бір жалын сыртқа теуіп, өксік болып тығылып, өкінішті бір күй болып, тырналап, тоғыз перне, екі ішектен зар болып төгіліп жатты. Сұңқылдайтын тұстары басым демесең, кейбір иірімдегі өте бір нәзік, іңкәрлі, құмар басарлық  әуені бұрынғыдан басқаша тың, әуезді, әсерлі болып шыққан-ды. Осы бір ұақ сарынды бебеулеткенде Қара-Бұланның көз алдында Ай-Тұлымның  айдай сұлу, көркем, балғын бейнесі көлеңдеп жатқанын  бір құдайдан басқа кім білсін. 

Одан бері де он жылдан асыпты. Осы он екі жылда Ай-Тұлыммен үш рет қана жолығысыпты. Соңғы кездескен түні Ай-Тұлым терең бір күрсініп алып, - Бұлантай, сенің осы келісің, менің осы  жүрісім Тәңіріге ұнамайтыны анық. Тәңіріге шет келіп жүрміз. Үйлі-баранды адамсың. Әйеліңе обал болады... Білесің бе, бөрі бір рет қана жұптасады - деген болатын.  Ақырғы кездесуіміз деді ме кім білсін, Ай-Тұлым қарағайдай жігітті қапсыра құшақтап, әлсін-әлсін құмарлана құшып, тоятты мауқын таңға дейін созған...Қоштасып тұрып, кетерінде, - Енді келме! -деген шорт кесіп. Бұл қайтып Шолақ сайға ат ізін салмады. 

Бүгін күндегіден бөлекше ертерек оянып, желпініп алған Қара-Бұлан көптен ұстамай кеткен домбырасын қолына алып, баяғыдағы сол ұмыт бола бастаған «Ай-Тұлымның сарынын» тартқан. Күй орта тұсынан асқанда мүлдем басқа арнаға ауысып, нәзік иірімдерінің орын мұңды, зарлы үн басып кеткенін өзі де сезбей қалған. Қара домбырасын өбектеп отырғанына біраз уақыт болса керек, - Отағасы, талғажау қылар ештеме қалмады ғой, қу ағашты құшақтап отырғаның балаларға азық бола ма?! -деген әйелі. Жанарында жалыққандық бәлкім айтылмаған бір наразылық бардай көрінген. Содан бұл атқа қонған.  Қара-Бұлан Алтайдың тау-тасын, орман-тоғайын кезіп жүргелі  міне бүгін үшінші күн. Жебесіне жем болатындай ештеме ілінбеді. Қарағай найзасына сүйеніп, биік шоқының басында тұрды. Айналасына барлай қарады. 

Жазғы мезгілдің жап– жасыл бояуы түгел дүниенің ажарына айналып кеткелі қашан. Сол нілдей жасыл түс қарашығына көшіп алып, өзге ештемені көрсетпейтіндей. Таудың аңғарын айтпағанда, қыр– қырқасы, қия беткейі бәрі түп-түгел жасыл шөпке қақалып тұр. Айналам тегіс сабат сайдан соққан салқын, саф ауаны құмыға жұтып, еркін, кең тыныстап, керіліп жатыр. Өр басын шалқайтқан ақбас шыңдардың ұшар биіктері ала шұбар бұлттың бауырын еміп, мынау дүние тіршіліктегі асқақтықтың өлшемін тек өздерімен әйгілеп тұрғандай. Ауадан қымыздың иісі аңқитындай. Түшкіре жаздаған. Мүмкін аршаның иісі шығар. Кеңсірігін қытықтап, кең тыныстаған сайын сарайын аша түсті. Көз ұшында қалың нудың арасымен жыландай иретіліп Қатын өзені ағып жатыр. Таудың емшегін тесіп шыққан қайнарлар бүлк-бүлк бұрқылдап, төменге қарай құлдырай ағып келіп, арналы қатынға құятынын бұл көрмесе де сезіп тұр. Асау өзеннің бір қалыпты гүрілін естігендей болды. Күн көзіне шағылысқан сарқыраманың  өзегінен буы көтерілгендей болып, жалт-ұлт еткен сағым ойнайды. 

Оң қапталындағы қарағайлы, шыршалы орманнан әнші құс ауық-ауық сайрап қояды. Тұтасқан жасыл орманның түкпірінен елік әупілдеді. Осынау мүлгіген тыныштыққа исініп, бойын үйретіп алған таудағы тіршілік атаулы солықтап жатқандай. Орман жақтан қарағайдың шайыр иісі мүңкиді. Қарағайдың діңіндегі бұжыр қабықтардың арасына бармақтай болып біткен түймеш шайырдың қызыл сары балдай болып, езіліп, сорғалап көзі шалып қалды.. Әредік тоқылдақтың тоңқылы да құлағын  елең еткізеді.

 Аспанға қарады. Төңкерілген көк күмбезі бәз қалпы. Ол өмірі өзгермейді. Түсі құбылмайтын көк бояу. Миллион жыл бұрын да осылай болған. Кейін де осылай бола береді. Көз ұшымда бір қарақұс қалықтап жүрді. Мүмкін тау қыраны болар дем ойладым. Балбыраған сәбидей алаңсыз, сүйкімді кейіптегі табиғатты көрмегелі қашан. Көрсе де ұмытып қалды ма? Неге мұның есінде қарлы, аязды қыстың сұрқай күндері ғана қалған? Жан дауасын неден іздеді бұл?  Қара домбыраның шанағынан үзіліп шыққан  қазақ сарын шығар  бәлкім. Неге мұның күлген, шаттанған, қуанған күндері жоқ па еді? Жоқ, болған. Баяғыда. Шолақ сайда. Сол шаттығы Ай-Тұлыммен бірге кеткендей ме? Сауыр таудың арғы жағына. Сары сағым буған бейтаныс өлкеге. Тарпаңның ата жұртына. 

Шалғынға көміліп жатқан ескі сүрлеумен із кесіп, біраз жүрген Қара-Бұлан әбден титықтап, отыра кеткен еді. Қарсы алдынан самала жарық құшағын кең ашып, түйенің қос өркешіндей оқшау көрінген қос алып шың ақ шулан бұлттардың арасынан жарық етіп көрінген. Әлі де күдерін үзбеген аңшы  мына көріністі  жақсылыққа жорыған. 

Күнде таңертең үміт дүниесімен аттанып, қанжығасы майланбай құр қайтып жүр. Алғашқы күні арықтау бір бұғыға тап болған. Үркітіп алмайын деп баспалап келіп, атып еді. Жаралы болған бұғы өкіріп-бақырып қалың жыныстың ішіне кірген. Содан көз жазып қалған. Көп кешікпей сол жыныстың арғы түкпірінен аюдың ақырған зор дауысын естіген. – Қой, жаралы бұғының соңына түсемін деп жүріп, аш аюға жем болмайын – деген оймен амалсыз кері қайтқан. 

Етектегі қалың тоғайды айналып, биіктен құлап жатқан сарқыраманың тұсына келіп, салқын суға жуынған ол "қия беттен тауешкі көрініп қалмай ма екен"  деген есек дәмемен шағылға қарай өрмелеген. Сәуірдің күні әжептәуір елжіреп тұр екен. Теріскейдегі қасат қарлар сол қалпы жатыр. Өткен қара күзде осы шағылдан семіз теке атып алғаны бар-ды. Теке мүйіз садағын иығына асынып, қырық құлаш қайыс арқанын тері бешпеттің сыртынан орай байлап өзі білетін сүрлеумен баспалай басып, өрмелеп келеді. Бір сәтте өр жағындағы қорымнан қиыршық тас домалаған. – Иә сәт!. Аңшы садағын оңтайлап бұға қалған. Демін ішіне тартып. Бұл кереге тастың тасасында тұрған. Тағы да тастар домалаған. 

Қара-Бұлан сығалап қарағаны сол еді, ұзын құйырығы бұлаң етіп көрінген үлкен сұр қасқырды көзі шалып қалған. Мерген ырғып секіріп, түйе тастың үстіне шыққан. "Дәуде болса, осы маңда апаны болар" – деген оймен әлгі қасқыр көрінген биікке қарай тырсып келеді. Тік шағыл екен. Бұл қожыр тастарды аяғына тіреуіш қылып отырып, әрең дегенде көтерілгені сол еді, арса-арса жартастардың арасындағы үй орнындай алаңқайға тап болғаны. Ә дегенде шашылған сүйек, жүн-жұрқаны көрген. Болжамы дұрыс шықты. қасқырдың аунап жатқан орны екен. Енді бұл тың тыңдап тұрды. 

Айнала құлаққа ұрған танадай секілді еді, шалыс естімесе қыңсылаған бір дыбысты құлағы шалып қалғандай болған. Сақсынып, құлақтарын тігіп тұрған аңшы, алдыңғы жақтағы жықпыл жартас жақтан бөлтіріктің аянышты дауыспен қыңсылағанын жазбай таныды. Қара-Бұлан баспалап солай жүрген. Кемпірдің тісіндей сою-сою жартастардың бергі беті ғана аласа болғаны болмаса, арғы жағы сұмдық екен. Анау тереңнен көкке қарай бой созған сойдақ жартастың аралары жықпыл-жықпыл екен. Бөлтіріктің дауысы сол жерден шығып жатқанына енді еш күмәні қалмаған. Әккі аңшы ғой, бөлтіріктің жатқан жерін дәл тапқан. 

Шамалағанда құрық бойламайтын тереңде қыңсылап жатқан бөлтірікті алып шығу оңайға түспейтінін білді. Оқшантайында жүрген жылқының қылынан тұзақ жасап, оны қайыс арқанның ұшына бекітіп жартастың жықпылына тастаған. Күннің жарығы айқын түсуін күткен. Шақырайып көтерілген күн таудың ұлы кеудесін жібітіп, бөлтірік жатқан жартастың жықпылына да көлбей түскен. Қыл тұзақ мойнынан іліп, қайыс арқанды ыспалай тартып, сүт пісірім уақыт өткенде бөлтірікті шығарып алып еді. Тірі жандыдан медет тілегендей болып, онан әрі қыңсылаған бөлтірік жарық күннің нұрына шықпым ба, шықпадым ба дегендей таңдана қарап, Қара-Бұланның тері бешпетінің ішінде тыпырлап жатыр еді. 

Көкшулан биыл тағы да бір бөлтірік көтерген. Жатырынан солай. Өзге қаншықтар топырлатып туып жатқанда, бұның құрсағына біткен бірлі–екілі бөлтірік қана тас емшегін жібітуші еді. Биыл да көзін ашып көрген жалқы бөлтірігін өзгелерден қызғанып, аулаққа алып кетіп жүретін. Бөлтіріктің әкесі Бірмойынға да ішін бере қоймайтын. Кірпияз, кінәмшіл еді. 

Бөлтірігін ойнатқанды жақсы көретін. Оның асыр салып, қысқа құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп ойнайтынына елжірей қарап жатушы еді. Көз қиығынан әсте таса қылмайтын. Өзі ді бүгін бір түрлі үрейленіп, жан–жағына жалтақтап қарап, бөлтірігін алысқа жібермей аңдумен болған. Пәле деген аяқ астынан екен, көзі қалт ете қалғаны сол еді, алаңқайда асыр салып жүрген бөлтірігі жартастың жықпылына құлады да кетті. Жаңа ғана құлдыраңдап жүрген баласы енді түу тереңде қыңсылап жатыр. Алып шығуға амал жоқ. Қайта-қайта жартастан төмен төніп, ырылдап дыбыс беріп жүрді. Емшектерінің үрпісінен сүт тамшылаған. 

Дәрменсіз Көкшулан түнде ұзақ ұлыған еді. Көкшуланның ұлыған дауысы Алтайдың тау-тасын жаңғырықтырып, айлы түнде жөңкіліп бара жатқан қою бұлттармен астасып кеткендей болып еді-ау. Өткен түні Қара-Бұлан бұл дауыстан мүлдем бейхабар, қараша үйінде жалғыз ұлын құшақтап тәтті ұйқыда алаңсыз жатқан болатын. 

Үшінші күні де нәпақасыз қайтқан Қара-Бұлан бұрынғыдай көңілсіз емес еді. Қойнына тыққан бөлтірікті аялай  сипалап, мұны да бір Тәңірінің бұйрығы санаған. "Жалғыз ұлы Тараққа ермек болады" - деп ойлаған. Соның қуанғанын елестеткен. Расында ұлының қуанышында шек болмады. Әйелі Ақ-Бұғы да мәз. 

– Отағасы, қатты қамықпа, бұл бөлтірік біздің қара қосқа ырыс әкеледі әлі-ақ... Ойын баласы ғой, Тарақ шырағыма да жақсы болды!– деп ақ тістерін ақсита күліп, үш уыс бидайдан көже пісіруге қам жасаған. Қара-Бұлан әйелінің маңдайынан иіскеген. Сосын Тарақты құшағына алған.

– Оның рас та шығар, адам несібесі Тәңіріден...Тәңіріден тілейік! Алтай аман болса, аштан өліп, көштен қалдырмайды! – Қар-Бұлан қарағайдан ойып жасаған қара домбырасын алып, шалқалап жатып, ұзақ бір сарын тартқан. Көзіне жас үйірілген. Бұл да бір атадан жалғыз еді... Тарақ та.. анау бөлтірік те.. О, Тәңірім! 

Қара қостың сыртынан ат пысқырған. Әлде кім келген сияқты. Айқайлап сөйлеген дауысынан таныды. Тас–Қарақай екен. Осыны суқаны сүймейтін. Бала кезде талай шекіскен. Мұрнын қанатқан. Тас–Қарақайдың соқыр шешесі мұны талай қарғаған. Кәсібі қасқыр аулау, терісін ормандықтарға сату. Сол жаққа жиі барып жүріп, ашытқан балдың сырасын ішіп дәнігіп алған. 

– Уа, жатыс жайлы болсын! Алтайдың аңынан ештемені қалдырмадың. Енді міне, қасқырдың бөлтірігін әкеліпсің ғой?!.. – Тас-Қарақай қара қосқа жазғыра сөйлеп кірген. Қасына ерткені он жастар шамасындағы бейтаныс  ұл. 

– Бәрі Тәңіріден, Тас-Қарақай!.. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді. – Қара-Бұлан көзінің қиығын да салмай, шалқалаған қалпы гүр етіп тіл қатқан. 

– Бөлтірік есейсін, сосын маған бересің...Тірідей сойып, терісін іліп қоямын... ха-ха!  Ұлымды баулып жүрмін. Өзіме ұқсасын деп – деді сосын түсін суытып әлгі баланы нұсқай сөйлеп.  – Тас-Қарақайдың дауысы қара қосты жаңғырықтырды.  

Қара -Бұлан  Тастың ұлына барлай қараған. Томсырайған ұлдың екі көзі қасқырдікіндей екен. От шашып тұр. «Болса, болар мынасы..»- деген.  Кенеттен осы ғұмырда Тас-қарайдың үйленбегені есіне түсті де, оған сұраулы кейіпте тіксіне қараған. Көзін тайдырып әкеткен Тас-Қарақай, -Жүр, балам! -деп тысқа қарай беттеді. Қара-Бұланға тесірейе қарап қалған ұлды жұлқи тартып, асығыс атқа қонған Тас -Қарақай  баласын мінгестірген қалпы қарагер атқа бір тартып шаба жөнелген еді. 

Қысас өмір, қым-қуыт  тағдыр-ай деген, бұл соңғы рет барғанда Ай-Тұлым Қара-Бұланнан құрсақ көтеріп қалған болатын. Сол жылы қара күзде Ай-Тұлым керең әкесін ертіп, қара қостарын, қазақ-ошағын екі өгізге артып, Шолақ сайдан біржола кеткен болатын. Кейін Сауыр асып кеткен дегенді осы Тас-Тарақайдан естіген. Содан бұл күдерін үзіп, оны ұмытқан. 

«Апырай, бұл  сұмырай Тас-Қарақай баланы кімнен асырап алды екен?» деген ой Қара-Бұланды мазалаумен болды. Баланың сүзіле қараған отты көздері, түксиген қабағы  есінен кетпей қойған. Ол баланы біреуге ұқсатты. Бірақ анық емес. Мазасыз күй кешкен ол кешкілік домбырасын алып, тағыда ұзақ сарын күйлеген. Бұл енді тіптен басқа сарын еді. 

Осы кезде Қара-Бұланның ізіне түскен Көкшулан да қара қостың бас жағындағы жартасқа келіп шоқиып отыр еді. Ол далада бөлтірігімен ойнап жүрген жас баланы көрген. Көзінен жас парлаған. Бөлтірікті аялап, құшақтап сөйлеп отырған ұлға қызыққан. Бөлтірік те баланың қол–аяғын жалап, еркелей тіл қататын сияқты. Екеуі де қатты ұқсайды. Көкшуланның көзі бұлдырап, қайсысы бөлтірігі, қайсысы адам баласы екенін ажырата алмай қалған. Аялы, қамқор, жұмсақ алақанда екеніне көзі жеткен. Соны түйсігімен шын қабылдаған. Ең әуелі, бөлтірігін тірі көргеніне дән риза еді. Ол тірі ғой! Көкшулан Тәңіріне рахмет айтқан. Оны анау баланың әкесі құтқарды ғой. Көкшулан Қара–Бұланды сыртынан танитын. Екі рет бетпе–бет келген. Ертеректе. 

Бөлтірігін алдырған көкшулан құртқа да    Қара-Бұланның  қара қосын төңіректеп,  биік шоқыны айналсоқтап жүріп алған болатын. Төртінші  күні тағы да аңға кеткен үй иесі бөлтірік пен кішкентай ұлға аса абай болуды әйеліне тапсырған. Тағыда олжасыз қайтқан Қара-Бұланның салы суға кетіп келе жатқан. Осқырынып қалған атының тізгінін тарта қойған. О, Тәңірім-ай!... мұның қара қосының бас жағындағы түйе жартаста сұлап жатқан семіз бұғыны көрген. 

– Айттым ғой, Тәңірі береді! – деп айқайлап жіберді Қара-Бұлан. Қуанғанынан.  Қара қостан әйелі Ақ-Бұғы мен Тарақ жүгіріп шыққан. Осы сәтте семіз бұғыны жайратып, Қара-Бұланның қосына әкелген Көкшулан құртқа болатын. Ол істің ақырын күтіп, Алтайдың әнеу биігінде үнсіз қарап тұрған болатын. Ол ерте ме, кеш пе бөлтірігін ертіп кететініне бек сенімді еді. Солай болды да. Бұғыны сүйреп әкелген көкшулан құртқаны Қара-Бұланның  әйелі көрген болатын. Бұғы теңдеген Қара-Бұланды анандайдан көрген әйелі бөлтірікті босатып жіберген еді. Сол сәтте.  Бұғаудан босаған бөлтірік  шоқыға қарай томпаңдап  жүгіре бергені сол еді, сандықтай тастың тасасынан атып шыққан көкшулан құртқа    бөлтірігін іле жөнеліп, көзден ғайып болды. Оны Ақ-Бұғы ғана көрді. 

Сол күні кеште Қара-Бұланның қосында бұғының еті желінді. Қара домбыра үзбей тартылды. Ұзақ сарын еді. Сол түні  бөрілер ұлыған жоқ.  Алтай тыныш ұйықтады…

Ерболат Баят.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар