Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 11...

17.04.2019 5177

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 11

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 11 - adebiportal.kz

ХІ

Ауыл-село тұрғындарына, оларды ең “алдыңғы қатарлы”, бірақ, амал қанша, өте аз санды жұмысшы табының жағына тарту үшін жер беруге уәде етілгелі қашан?

Өкімет билігін басып алу жөніндегі міндеттің орындалғанына қарамастан, “Жер – шаруаларға!” ұраны қалай дегенмен де күмәнді болып көрінді. “Шаруаға жерді не үшін беру керек?” деген сұрақ туды. “Қожа-мырзаға” айналдыру үшін бе, әлде байыту, ұсақ буржуазиялық пиғыл деп аталған қара түнек өткеннің қалдықтарын әлпештеу үшін бе? Сөйтіп, шаруалардан жерді қайтарып ала бастады. Алғашында 1918 жылы ауқаттылардан алды. Өйткені бұдан он жыл өткеннен кейін “кулак” деп атандырған орташалардан емес, қазіргі нағыз мығым қожайындардан, “кулактардан”, өздері өсірген астық, мал, бау-бақша өнімдерін пайдаланып, мемлекеттің қолында бардың ең қымбаттысын – пролетариат диктатурасын қопаруды ойлаған жер иеленушілердің ортан қолдай бөлігінен (батыстағыша – әдеттегі фермерлерден) жерді жарлықсыз алудың қисыны келуі бұл кезде екіталай еді. Еңбекші шаруалардың осы бір жауыз қанаушыларын жойған соң (иә, олар кімнің өмір сүруіне кедергі келтірді?!) және жолдас маузермен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, қамбаларды тұқымдық астықтан тазарту жұмысын табысты аяқтағаннан кейін, 1921-1922 жылдары аранын ашып аштық жетті. Жаңа өкіметтің қолымен жасалған бұл алғашқы аштық елден 7 миллион адамды алып кетті. В.Г.Короленко А.В.Луначарскийге 1920 жылы, яғни аштықтың күшіне мінген шағынан бірер жыл бұрын былай деп жазды:

“Менің біздің халқымызды кез келген большевиктен кем сүймейтініме Сіз, әрине, күмән келтірмейсіз... Алайда мен оны қандай да бір эксперимент үшін қолайлы орта есебінде соқыр түйсікпен емес, ол өзі шын мәнінде қандай болса, сондай сезіммен сүйемін...

Сіздер капиталды жеңдіңіздер, ол енді мертіккен, қираған халде сіздердің аяқтарыңыздың астында жатыр. Бірақ сіздер оны өлтіру арқылы өндірісті де жойғандарыңызды байқамай отырсыздар­... Капиталистік құрылысты бір жақты талқандауға еліккен... сіздер елді сұмдық жағдайға жеткіздіңіздер. Бір кездері мен өзімнің “Аштық жылында” (“В голодный год”) деген кітабымда самодержавие жеткізген сұрқай жағдайды суреттеп көрсетуге тырысқан едім: онда астықты Ресейдің ұлан-байтақ облыстары аштыққа ұшырады және аштық күшейе берді. Қазіргі жағдай одан да жаман, көшелерінде аштықтан өлу жағдайлары болған астананың өзінен бастап, бүкіл Ресей ашығуда... 1891-1892 жылдардағы шет аймақтарға қарағанда қазіргі аштық әлдеқайда үлкен кеңістікті шарпыған. Ең бастысы, сіздер қала мен деревня арасында болып келген табиғи айырбас байланысын бұздыңыздар...

Әрбір жер иеленуші өзінің өндіргенін, оған кеткен еңбегіне татымсыз сыйақыға бола түгелімен алып қоятынын көргеннен соң, өзінше қорытынды шығарып, астығын ұраға жасырады. Сіздер оны тауып алып, реквизациялайсыздар (мемлекет меншігіне алу – ауд.), Ресей мен Украинаның деревняларын қыздырылған темірмен шарлап жүріп, тұтас деревняларды өртейсіздер және азық-түлік саясатының табыстарына шаттанасыздар”.

Короленко сол кездегі украин халық частушкасын (өзіндік әуені бар төрт я екі жолды күлдіргі өлең – ауд.) келтіреді:

Микола жынды келгенде,

Болатын бәрі кеш деме.

Коммунистер келіп көргенде,

Қалмады жеуге ештеңе.

(Өлеңді аударған — Аманхан Әлім).

“... Бұдан не шығуы мүмкін? – деп жалғастырады ол. – Өзімді пайғамбар етіп көрсеткім келіп отырған жоқ, бірақ біздің жолындағының бәрін жойып, таптап өтетін ауыр бақытсыздықтың алдында тұрғанымызды жүрегім сезіп, қатты қысылады”.

Луначарский уәде бергеніне қарамастан Короленконың хатына жауап берген жоқ және бұл хаттарды алдын ала келісілгеніндей, өзінің жауаптарымен бірге жариялаған да жоқ. (Олар 1921 жылы Парижде жария етілді және өлерінің алдында ғана оны Ленин оқыды.)

Аңғал қарт жазушыны алдаған Луначарский жасанды жиіркеніштілікпен: “Бұл “тақуалар” біздің қолымыздың қанға малынғанынан қорқады”, – деп қолын тарақтады...

Короленконың айтқаны рас болды – миллиондаған құрбандықтар, күйзеліс пен індет аз болғандай, бүкіл ел әне-міне ауыр апаттың алдында тұрды. Және бұл апат аңқау да сенгіш шаруадан иелігіндегі жерін тартып алып жатқан кезде қайтадан тап берді. Өзінің мәнділігі жағынан Сталин Қазан төңкерісімен салыстырған екінші ұжымдастыру (1929-1933 жж.) шаруалар елін шаруаларсыз елге айналдырудың басты амалы болды және бұл операция, 4 миллион казактың 2,5 миллионының өмірін жойған казаксыздандыру операциясы секілді, халықтарды ұйымдастырылған түрде әрі аяусыз соққылауға ұласты. Оның үстіне, балта астына бірінші кезекте ең жақсы да ақылды және адал да еңбексүйгіш адамдардың басы түсті.

* * *

“Асыраушы-шаруаларды жою большевиктерге не үшін керек болды?” деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Міне, сол үшін: өйткені Ленин мен оның майдандас серіктеріне шаруалар қауымы (крестьянство) социализмнің, демек, дүниежүзілік революцияның да “басты жауы” болып көрінді. Мәңгілік еңбеккерді Ильич не нәрсеге теңемеді дейсіз! “Ұсақ буржуа” да, “қанаушы” да, “саудагер” де, “алыпсатар” да сол болды. Болмашы ғана меншігі (балшық үйі, соқасы, аты, үлесті жері) бар шаруа ол үшін “ұсақ буржуазиялық пиғылды алып жүруші, демек, ең қауіпті қарсылас”, сондықтан да “Дүниежүзілік коммунаның жеңісі үшін шаруалар қауымы – Ресейдің көпшілігі – не жойылуға, не құлданылуға тиіс” болды.

Революциядан көп бұрын В.И.Ленин шаруалар қауымымен қарым-қатынастың тактикасын былайша анықтады:

“Біз алғашында барлық күшті салып, соңына жеткенше, кәмпескелеуге дейін – шаруаларды жалпы помещиктерге қарсы қолдаймыз, ал одан соң (және тіпті одан соң да емес, дәл сол уақыттың өзінде-ақ) біз пролетариатты жалпы шаруаларға қарсы қолдайтын боламыз”.

Яғни, мейлі, шаруалар помещиктерді (ірі тауарлы шаруашылықты) қайыршылық халге түсірсін, одан соң (немесе сонымен бір уақытта) олардың өздерін қаладан жіберілген фабрикашылар кедейлендіреді.

Қазан төңкерісінен кейін құлдандыру кезеңі туды:

“Кеңес өкіметі байларға қатысты алғандағы еңбек етуге борыштылықтан бастап, мұндай ұстанымды жұмысшы және шаруа еңбекшілерінің көпшілігіне қолдану міндетін жүзеге асыру кезеңіне өтуге, дұрысын айтқанда, бұл міндетті алғашқымен бір уақытта күн тәртібіне қоюға тиіс”.

Лениннің идеяларын оның шәкірттері мен жақын серіктері дамытты. Л.Д.Троцкий (шаруалар қауымын “орта ғасырлардың осы заман қоғамындағы пішінсіз қалдықтары” деп атаған. – В.М.) партияның ІХ съезінде былай деді:

“Біз енді қазір шаруалар бұқарасын жаппай қолдануды талап ететін міндеттерге кеңінен жұмылдыруға қарай қадам басқандығымыз себепті, міне, сол себепті де шаруалар қауымын милитарландыру (Соғыс қуатын күшейту, басқыншылық соғыстарға әзірлену жөнінде ірі мемлекеттер жүргізетін саясат. – ауд.) сөзсіз қажеттілік болып табылады. Біз шаруалардың күшін жұмылдыра отырып, бұл жұмыс күшінен түрі бойынша әскери бөлімшелерге жақын ке­ летін еңбек құрылымдарын қалыптастырамыз...

Әскери салада солдатты өзінің міндеттерін орындауға мәжбүрлеу үшін іске қосылатын аппарат болады. Жұмысшы бұқара да дәл осы солдаттар секілді лақтырылып, тағайындалып және берілген әмірді орындату жолымен басқарылатын болуы тиіс... Қандай да бір іске тартылған, соған жұмылдырылған адам өзін билігі өзіне толық жүрмейтін еңбек солдаты ретінде сезінеді, егер оған өзін ауыстыруға немесе лақтырып тастауға тапсырма берілсе, ол оны орындауы тиіс; ал орындамаса – ол жазалануға тиіс қашқын (дезертир) болады”.

“Партияның сүйіктісі” Н.И.Бухарин:

“Пролетарлық мәжбүрлеу, ату жазасынан бастап, еңбек міндеттілігіне дейінгі өзінің барлық түрлері бойынша, мұның өзі қаншалықты кереғарлық болып көрінгенімен, капиталистік дәуірдің адам материалынан коммунистік адамды жасап шығарудың әдісі болып табылады”, – деп теория соқты.

Осы және бұған ұқсас пікірлердің мән-мағынасы (өйткені олар жүзеге асырылды ғой!) біреу ғана – еркін еңбеккерлерді коммунизмнің құлдарына айналдыру болды.

Большевиктер үшін адам болған жоқ – тек “адам-материал” ғана болды. Ал “материал” “қатып-сірескен” қалыпта болғандықтан, еріктіліктен ықтиярсыздыққа айналуға көнгісі келмеуі себепті, бұл жағдайда большевиктер оған қарсы “қисық-қыңырды” жуасытудың ең жақсы тәсілін – ашықтыру саясатын қолданды.

...1891 жылы сот ақтаушысының көмекшісі Владимир Ульянов Самарада, аштық жайлаған Поволжьенің орталығында тұрды. Жас Ильич (ол 21 жасқа қараған) жергілікті интеллигенция өкілдері арасында ашыққандарға көрсетілген қоғамдық көмекке қатыспағанының үстіне, мұндай көмек көрсетуге үзілді-кесілді және табанды түрде қарсы болған жалғыз адам болды. “1891 жылдың соңына қарай аштықпен күрес туралы әңгімелер, – деп еске алады В.Водовозов, – Самарада ашыққандарға көмек көрсетуге арналған айрықша комитеттің құрылуына алып келді...

Комитетке барынша әр алуан қауым өкілдері: жергілікті қызмет иерархиясындағы жоғары лауазымға ие шенеуніктерден бастап, сенім артуға болмайтын, тіпті тікелей бақылау астындағы адамдарға дейін кірді... Жиналыстар мен жастар жиындарында Ленин жүйелі және табанды түрде комитетке қарсы насихат жүргізді...”. Владимир Ильич, – деп әңгімелейді Лениннің самаралық досы, – “аштықтың салдары – өндірістік пролетариаттың, буржуазиялық құрылыстың осы бір көр қазушысының тууын тездетеді, сондықтан да ол прогрессивті құбылыс және ол индустрияның өсуіне ықпал етіп, бізді түпкілікті мақсатымызға, капитализм арқылы социализмге қарай жетелейді... Аштық крестьяндық шаруашылықты бұзып, сонымен бір уақытта тек патшаға ғана емес, құдайға деген сенімді де жояды және уақыты жеткенде, сөзсіз, шаруаларды революция жолына итермелейді, сөйтіп революцияның жеңісін тездетеді”, – деп ашық мәлімдеуге өз бойынан күш тапты. Болашақ Ленин, оның досының куәландыруынша, ашыққандарға көмек комитетіне, яғни “прогрессивті құбылысқа” кедергі келтіруге тырысқандарға деген өзінің қарым-қатынасын мейлінше айқындылықпен әрі қарапайым түрде білдірді: комитет мүшелерімен әңгімелесу барысында Лениннің “қолы олардың алқымында, тізесі кеудесінде” болды.

Жас әрі мезгілінен ерте есейген еді Ильич! Оның тамағына тұрған сүйек, әрине, елді астық байлығына кенелткен Столыпин мен патша болды. Оның есесіне, Столыпиннің өлтірілгеніне қалай қуанды деңіз! Және Керенскиймен серіктес болуды да құптады. Ресейде астықтың тау болып үйіліп жатқанына қарамастан олар революция ұйымдастыру үшін Петроградта астық тапшылығын жасап, қулықтарын асыруды ойлады.

Билікке қолы жетісімен, ақыр аяғында аштықтың “прогрессивті” мәнін толық көлемінде ашып көрсетуге мүмкіндік алды. Көп ұзамай қалаларда “таптық паек” (белгілі бір мерзімге мөлшерлеп берілетін азық-түлік – ауд.) тәртібі енгізілді.

Оның үстіне, Ильичтің қайнап піскен маркстік миы аштықпен күресудің социалистік тәсілін ашты – астық монополиясын жария етті. Егер аштықпен күресудің капиталистік (дәл сол феодалдық, құлиеленушілік, алғашқы қауымдық қоғамдағы секілді) тәсілі халықты нанмен қамтамасыз ету, жай ғана адамдарды тойындыру болса, социалистік тәсілдің мәні астық үшін күресте болды. Өздері орнатқан аштықтың желеуімен большевиктер осы күресті өрістетті. Әрине, олар жер жыртып, тұқым себуге емес, әдеттегідей, тонауға және тартып алуға жұмыла кірісті. Ленин өзінің жедел хабарламаларын азық-түлік комиссарлары арқылы жөнелтуге әрең-әрең үлгеріп жатты. 1918 жылдың 10 тамызында Саратов губерниясына: “Әрбір астықты болыстан барлық артық астықты жинап құюға өмірімен жауап беретін 25-30 бай кепілдікке алынсын”. 19 тамызда Орловская губерниясына: “кулактардағы барлық астықты кәмпескелеумен қоса”, кулактық солшыл эсерлік көтерілістерді жаныштау қажет. 1 қазанда барлық губернияларға: “... астық іздеуге күшті он есе көбірек жұмылдыру керек...

Өзіміз үшін және неміс жұмысшылары үшін астықтың барлық қоры тақырлансын”. Тарихшы Михаил Геллердің анықтамасы бойынша, “ол азық-түлік отрядтарын қарулы күштер ретінде пайдалана отырып, жаулап алынған елдегі басқыншы секілді әрекет етті...”

Тек қана, бұл жерге салыстыру емес, зат есім сұранып тұр: Ленин большевиктер жаулап алған елдегі барып тұрған нағыз басқыншының өзі болды.

Ашықтыру саясатына жауап ретінде бүкіл Ресей бойынша шаруалар көтерілістері болды. Біреу винтовкамен, енді біреу ашамен, олар өздерінің отбасын құрып кетуден қорғауға тырысты – бұл үшін оларға Кеңес өкіметі “бандиттер” деген ат таңып, олармен күресу үшін тұрақты әскер шығарды. Поляктардан шегініп қашқан, бірақ өз бауырларын өлтіруші қанды қасапта ысылып-төселген Тухачевский 1921 жылы көтеріліске шыққан тамбовтық шаруаларды 35 мың сүңгісі, 10 мың қылышы бар, жүздеген пулеметпен және 60 қарумен жарақтанған (көтерілісшілерді өз үйлерінің алдында бір-біріне байлап-матап қойып, зеңбірекпен атып, қырып салған жағдайлар болған) армияның күшімен басып-жаныштаған. Сол жылы Сібірде шаруалар “бүлігін” екі атқыштар полкі, екі кавалериялық полк, жаяу әскер курсы, кавалериялық бригада, атқыштар дивизиясы, 4 бронепойыз және қосымша әскер “тыныштандырды”. Бұлар – большевиктердің шаруалар елімен жаппай соғысының мысалдары ғана. “Азамат соғысы батырларының” ішінде, басқаша айтқанда, өз бауырларын өлтіруші қасаптың үздіктері Фрунзе, Буденный, Якир және басқалар болды. Олар не үшін арпалысып-алысты? Шаруаларды бағындыру үшін олардың барлық астығын тартып алып, өздерін аштық кепілі ету үшін. Кемеңгер Ильич әлемді оқ емес, аштық басқаратынын білді. Пулемет пен артиллерия қанша жақсы болса да, қорғасынмен мыңдаған жауды ғана құлатасың. Ал аштық миллиондарды сұлатып түсіреді. “Социализмнің жаулары” аз болған сайын жеңіс те жақындай түспек. Дүниежүзілік революцияға пайдалының бәрінің моральдық та пайдасы бар.

Аштық құрбаны болып Түркістанда миллионға жуық қазақтар қырылып қалды, ал “Кремль қиялшылы” мұны байқамағандай болды. Ресейде бұрын-соңды болып көрмеген аштық қаупі төніп келе жатты (1921 жылдың көктемінің өзінде-ақ қалжырап-тұралаған елде астық қоры түгелімен таусылған жағдайда, жаппай құрғақшылықтың соңы қайда апарып соғатыны жұрттың бәріне белгілі болып еді), алайда бұл жағдай Ильичті алаңдатқан да жоқ. Оның ойлағаны бір ғана нәрсе: кез келген тәсілмен билікті ұстап тұру және Ресейден тонап алынған қаржы-мүліктің есебінен әлемдік революция жасау болды. Ал оның сығырайған қиялшыл көзіне шалынбай қалмаған нәрсені не десеңіз – бұл большевиктердің талқандауынан әлі де аман қалған орыс қоғамының аштыққа ұшыраған адамдарға қалай да бір көмек көрсетіп қалуға тырысқан әрекеті болды.

Сөйтіп, егер 1891 жылы ақтаушының көмекшісі болып жүрген Владимир Ильич халықтың басына төнген аштықты қуана қарсы алып, оны насихаттаумен ғана шектелген болса, 1917 жылдан кейін Халком Кеңесінің төрағасы болып тұрып, бұл “прогрессивті құбылыстың” барлық жасырын мүм­ кіндіктерін ашты және Ресейді оның мың жылдық тарихындағы ең сұмдық, ауыр аштыққа жеткізді.

“Лениннің теориясымен” бір сапта екенін мойындаған М.Горький (интеллигенцияға қатысты аздаған алшақ пікірлері болған) 1922 жылы Ресейде болған дәл сол апатты індеттен кейін жазған “Орыс шаруалар қауымы туралы” (“О русском крестьянстве”) деген мақаласында, М.Геллер атап өткендей, орыс халқын бірде-бір орыс жазушысы айтпаған қатал өкіммен сынап-мінейді.

“Революция дауылпазы” алыстағы нұрлы болашаққа қарады: “... орыс селолары мен деревняларындағы жартылай жабайы, ақымақ, жиіркенішті адамдар аштан қырылып жатыр – олардың бәрі адам шошырлық албастыға ұқсайды... ал олардың орнына жаңа ұрпақ – сауатты, ақыл-парасатты, сергек көңілді адамдар келеді”.

Миллионершаны әйелдікке алғысы келетін кезбе жыршы Лениннің шаруалар қауымына қатысты саясатын өте жұмсақ деп санады.

“Үздік лениншіл” деп өте лайықты атқа ие болған Иосиф Виссарионович Сталин 1929 жылы өзінің ұстазын аздап түзетуге кіріскенге ұқсайды...

* * *

Алпыс жыл бұрын телетайп әлі болмаған кезде шет аймақтардағы журналистер репродукторға құлақтарын тосып (“Сөйлеп тұрған – Москва!” – “Говорит Москва!”), партияның жетекші нұсқауларын, орталықтың жаңа қаулыларын шөліркеп отырған халыққа тез жеткізу үшін жеделхатты да (телеграф) күтпестен радиодан тыңдады. Сондықтан 1929 жылдың 7 қарашасында жолдас Сталиннің кез келген сөзі, әрбір әрпі мен үтірі маңызды болған “Ұлы бетбұрыс жылы” (“Год великого перелома”) деген мақаласын жариялай отырып, қазақстандық республикалық газет “Советская степь” оның алдына төмендегі ескертуді берді:

“Жолдас Сталиннің мақаласы радиодан берілді. Естілуі өте нашар болды. Естілмей қалған және қате естілген сөздер болуы мүмкін. Телеграфтық хабардың нұсқасы келісімен мақала қайтадан жарияланады”.

Жолдас Сталин кеңшарлар мен ұжымшарлардың “ұлы болашағы” мен “ғажайып өсуі” жайында алдын ала болжап айтты.

“Адамзат тарихында алғаш рет шаруалардың еңбекші бұқарасына жүйелі және ұзақ уақыттық өндірістік көмек көрсетуге дайын және қабілетті екенін іс жүзінде көрсеткен өкімет – Советтер өкіметі дүниеге келді...

Қазіргі кезде колхоз қозғалысындағы жаңа да шешуші мәселе сол – колхозға шаруалар бұрынғыдай жекелеген топтармен емес, тұтас селолармен, болыстармен, аудандармен, тіпті округтермен кіруде...” – деп жазды данышпан Коба, мұртынан күліп және өзінің дөрекі де аяр сұрқиялығын жақсы түсінген қалыппен. Өйткені халықты жігерлендіру үшін айтылған бұл жа­ санды оптимизмнің қалқасында жергілікті аппаратшыларға арналған адамдарды ұжымшарларға селосымен, болысымен, ауданымен және округтерімен (іс жүзінде республикаларымен және бүкіл ел болып) күштеп қуып әкелу жөніндегі өте құпия нұсқаулар тұрды.

Халық аяқастынан ұжымшарларға неге атойлап кіріп жатыр? Бұл туралы жария етілген мәлімдеме кез келген парасатты ақыл-ойды жеккөрушілікпен таптап өтіп, “ұлы” деп аталған және көсемнің сөзінен кейін “бұрын-соңды болып көрмеген жетістік”, “Совет өкіметінің маңызды табысы” деген марапатқа ие болған осы бір күштеу шарасына баршаның шаттануын бұйырды.

Сталин 1929 жылды “Ұлы бетбұрыс жылы” деп бекер айтқан жоқ. Ұжымшар құрылысының алғашқы он ай ішіндегі біршама жандануы тек бастамасы, бір мая шөпке от қойған шырпы талы, омыртқаны сықырлатуға тиіс болған балтаның көтерілуі ғана еді. Нағыз бетбұрыс әлі алда – 1929 жылдың қалған екі айы мен 1930 жылдың алғашқы айларында болуға тиіс болатын. Мақала тарихта осы уақытқа дейін болып көрмеген халыққа жасалған сұмдық зорлық пен күштеу шараларының түйінін шешудің дабылы болды.

Екі апта өтпей жатып Алматыдағы (бұл кезде астана болған) партия активінің жиналысында өлкелік комитеттің екінші хатшысы Ізмұқан Құрамысов қызып келе жатқан науқаннан жамандық күткен адамдарға соққы берді. Оның баяндамасы газетке “Біз партияның лениндік тұғырнамасында екі аяғымызды нық басып тұрамыз” (“Мы обеими ногами стоим на ленинской платформе партии”) деген тақырыппен шықты, ал “Ұлыдержавалық шовинизм және жергілікті ұлтшылдық оңшыл жікшілдермен бірігуде” (“Великодержавный шовинизм и местный национализм смыкаются с правым уклоном”) деген кіші тақырыпша одан да гөрі қаттырақ айғайлап тұрды. Құрамысов Ташкенттен хат жолдап, өзін “Сарман” деп атаған партияның бүркеншік есімді мүшесінің дәлелдеріне дау айтты. Сарман өзінің жазғанындай, “қиын жағдайға түскен орыстарды қамтамасыз ету үшін” ғана жақсы жерлердің совхозға берілуіне қарсылық білдіреді.

“Қоныс аударушыларға жол ашып отырған қазақтардың қазіргі басшылары мен XVIII ғасырдағы Әбілқайыр ханның арасында қандай айырмашылық бар?” деп сұрақ қояды ол.

Дегенмен, жақшаның ішінде айта кетейік, ол жылдары Қазақстанға өз еркімен ешкім де келуді тілеген жоқ, сондықтан қазақ даласына милицияның және чекист винтовкаларының дүмі астында қоныс аударушыларды емес, арнаулы қоныс аударушыларды (спецпереселенцев) қуып әкелді және оларды жақсы жерлерге емес, шахта, рудник қазуға, жол, зауыт салуға т.с.с. жіберді. Сарманның келесі сұрағы жаңа науқанның ең жанды жеріне тиді:

“Тарих заңдары дамудың белгілі бір сатыларынан өтетін таптарды тудырады, әлі рулық дәстүрдің құшағынан шықпаған қазақтарды сіздер қандай құрдымға бастап барасыздар?”

Құрамысов не деп жауап берді?

“Маған, жолдастар, мұндай оңбағанға қарсы Лениннің өзін жіберу және дұрыстықты Лениннің өзімен дәлелдеу өте ыңғайсыз. Менің тіпті де бұлай істегім келмейді, бұл Ленинді жәбірлегендік болып табылған болар еді. Ленинді Бухариннің қайшысымен қырқып, тарауға құштар оңшылдар ғана осылай істер... Бірақ, меніңше, бұл туралы өздері колхозға кіріп, өздері социализмнің негізін қалап жатқан қазақтың еңбекші бұқарасы, кедейлер мен орташалар өз шешімдерін айтты...”

Көріп отырғанымыздай, жолдас Сталиндегіге қарағанда дәлел әлі сұйығырақ.

Бүкіл ел бойынша ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың үйлестірушісі Каганович (миллиондаған адамды аштықпен қырып, өзі жақын уақыттарға дейін жайлы өмір сүрген) 1929 жылдың 21 қарашасында Мәскеуде өткен БК(б)П ОК-нің қараша пленумының қорытындысы туралы сөйлеген сөзінде (жақша ішіндегі кішкентай “б” әрпінің мағынасы әлдеқашан жойылғанына қарамастан, әлі бар болатын: меньшевиктерді тек таратып қана қойған жоқ, оларды басқа орынға отырғызды және Сібірге жер аударды, олар да басқа партиялар секілді партия ретінде бұл кезде болған жоқ):

“ОК Пленумында бірқатар жолдастар қазір бізде болып отырған және әлі де сөзсіз ұлғайтыла беретін коллективтендірудің мұндай қарқынын көз алдымызға да елестете алмап едік деп турасынан айтты”, – деді.

Мәскеуде өткен ОК Пленумының қорытындысы туралы өлкенің партактиві алдында 3 желтоқсанда Голощекин баяндама жасады. Ол: “Соңғы айларда Қазақстандағы колхоздар саны айтарлықтай өсті”, – деді және құралған колхоздардың 51,8%-ы “түгелімен қазақ” екенін аса маңызды мәселе ретінде атап өтті.

“Мен, – деп мәлімдеді Филипп Исаевич, – бізде СССР-дің басқа аудандарындағыға қарағанда колхоз қозғалысы баяу жүруде деген пікірлерді естимін. Мен мұндай пікірлерді дұрыс емес деп есептеймін”.

Осылайша ол ғасырлар бойғы отырықшы шаруалар қауымына ғасырлар бойғы көшпенділерді теңестірді. Және егер алғашқыларға жаппай, яғни күштеп ұжымдастыру сұмдық ауыртпалық болып тиген болса, ал бірден отырықшылық өмір салтына көшуге мәжбүрленген қазақтар үшін бұл бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген, нағыз “қызыл қырғын” дерлік қиямет апат болды.

Өйткені көсем оларды да, бұларды да адам деп емес, “адам-материал”, өзінің бақыты үшін ненің керек екенін түсінбеген, түсіне де алмайтын, өткен дәуірдің қараңғы, жау, сірескен қырсық материалы деп санады.

“Қазақ шаруашылығында, – деп жалғастырды Голощекин, – колхоз құрылысы оны ғасырлар бойы өзі болып келген қайыршылық жағдайдан шығаруға көмектесетін негізгі “бұранда” болып табылады”.

Филипп Исаевич өзінің баяндамасын: “Біз жаңа кезеңде тұрмыз, біз бас айналдыратын жаңа жеңістер кезеңінде тұрмыз...” деген большевиктік оптимистік уәделермен аяқтады. (Бұл бас айналдыратын жеңістерді Сталин небәрі үш ай өткеннен кейін “табыстан бас айналу” деп атады. Жеңістер де, табыстар да күштеу мен геноцидтің жеңісі мен табысы болды. Ал біреулердің бастары айналған болса, онда бұл – көсемдер мен нұсқауды орындаушылардың бастары емес, ұжымшарларға қуылып әкелінгендердің бастары анталап келе жатқан аштықтан, қарны тойып тамақ ішпей, арықтап-жүдеп, көздері қарауытудан айналды.)

Ұжымдастырудың безгек ауруындай қалшылдатқан қарқыны басталып кетті. Партиялық шенеуніктердің уәделерімен және қысымымен ол рекордтық қысқа мерзім ішінде ең жоғары пайызды қағып түсіру жолындағы қуғын­сүргінге айналды. Сәл кейінірек халық үшін апатпен бірдей болған пайызшылдықты БК(б)П ОК-нің ұжымдастырудың қарқыны туралы: “БК(б)П ОК тракторлар мен күрделі машиналардың жетіспеушілігін желеу етіп, коллективтік қозғалыстың дамуын тежеуге тырысу әрекеттерінің кез келгеніне қарсы батыл күрес жүргізу қажеттілігін атап өтеді (бейне бір ыждағатты орындаушылардың ішінен әлдекімдер осы бір ұжымшарға жаппай қуып әкелу әрекетін тежеуге тырысқан секілді. – В.М.). Сонымен бірге ОК “колхоздар ұйымдастыру бойынша шынайы социалистік жарысты коллективтендіру ойынымен жоққа шығару қаупін тудыра алатын, колхоз қозғалысынан жоғары тұрған қандай да бір “декреттеу” әрекеттері болса да (бейне бір оны төменнен немесе бүйірден декреттеген тәрізді. – В.М.), оған сақтықпен қарау керек екендігін партия ұйымдарына алдын ала ескертеді” деген өркөкірек шешімімен қамшылай түсті.

1929 жылдың 17 желтоқсанында пленум шешімімен 1930 жылдың көктеміне қарай 30% шаруашылықты ұжымдастыруға қамту бұйырылды. Пленумға қатысушылар, әрине, қолдарын қуана көтеріп, шуласа қостады, алақандары ауырғанша қол соқты. Жиналыстардағы осы бір безгек ұстағандай бейберекет дүрлігістің дүмпуімен ұжымшардың аштық пен аяз қысқан болашағына қарай айдаудың үлкен сүргіні басталды, ал бұл болашақтың ауласының табалдырығында қол шалғымен емес, кең құлашты машинамен жайратып салған адамдардың мәйіттері тау болып үйіліп жатты.

1929 жыл соңына тақады. Онымен қоштасар сәтте егін шаруашылығы халкомы Тоқтабаев малдәрігерлік қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық съезін бесжылдықтың соңында Қазақстанда 38 миллион бас мал емес, 58 миллион болатыны жөніндегі хабармен қуантты.

Бірақ басқаша болды. Бесжылдықтың соңында, ресми мәлімет бойынша (әрине, асырып көрсетілген), бар болғаны 4 миллион бас мал қалды. Шындығында қанша болғанын ешкім білмейді. Ұжымдастырудан аман өткен адамдардың айтуына қарағанда, әлдеқайда аз...

* * *

Қазақстандағы ұжымдастырудың бірінші толқыны қалай өтті?

1930 жылдың көктемінде, Сталин “бас айналулар” туралы мақаласында берген дабыл бойынша, шенеуніктердің өз кінәларын жасыруларына тура келді. (Басты күнә мынада болды: иә, рас, халықтың арқасы опырылды, бірақ, көрдіңіз бе, біржола тегістеп тастай алған жоқ – дене әлі ауырсынуды сезініп жатқанды, күштеу-зорлау әрекеттеріне қарсылық білдіре бастады: жанжақтан жаппай “антисоветтік бас көтерулер” басталды.) Маусымда Голощекин Бүкілқазақстандық Жетінші конференцияда үлкен баяндама жасады (оның сөзі екі күнге созылды). Ол ұжымдастырудың шектен шыққан қарқындылығы үшін ақталуға тырысты. Ақталды, бірақ, әрине, халықтың да, құрбан болғандардың да алдында емес, орталықтағы өзінің тікелей бастықтарының алдында. Және өзіне, жеке басына төніп тұрған ешқандай қауіптің жоқ екенін, сондай-ақ бұл – өкіметтің халықты алдаған қажетті тактикалық бұлтарысы екенін жақсы түсінген жағдайда. Дегенмен әдеттегідей бұйрық берілген екен, әлдекімдерді кінәлау керек. Ал бұлар ыждағатты емес орындаушылар мен төменгі қызметкерлерден өзге кімдер болушы еді?

“Коллективтендіру саласындағы қателіктерді партиялық бағытты түсінбеушілік, партиялық бағытты бұрмалаушылық, ленинизмнен кері шегіну деп бағалауға болады... Жергілікті жерлерде жіберілген қателіктер, ешбір жағдайда да ОК-нің нұсқауларынан туындамайды”. (Бейне бір балық ба сынан емес, құйрығынан саситындай.)

– Біздің 1930 жылы 30%-дық қарқын алғанымыз дұрыс болды ма? – деп залға қарады ол. – Біздің экономикалық жағынан неғұрлым қуатты екі округке (Петропавл және Қостанай) екі жылда жаппай коллективтендіру міндетін қойғанымыз дұрыс болды ма?

– Дұрыс! – деп айғайлады өздерінен не талап етілетінін тез аңғарған тәртіпті партиялықтар орындарында отырып.

– Егер біз дұрыс істеген болсақ, онда сіздер жергілікті жерлерде мұның бәрін мүлде теріс істегенсіздер, – деп жұмсақ кекесінді жазғырумен ескерту жасады Филипп Исаевич. Делегаттар оған бір кісідей күлкімен жауап берді.

Конференция делегаттарының мұндай еріксіз көңілденуін тудырған стенограмманың егжей-тегжейлі үзіндісі, міне, мынау:

“Жолдастар, өлке бойынша қарқын: 30-жылдың қаңтарында – 24,5%, ақпанда – 25%, наурызда – 45,1%, сәуірде – 51,3%. Тура алып адыммен алдыға жылжығанбыз! (Күлкі.)

Бұлар біз сіздермен бірге белгілеген қарқынға ұқсай ма? Мүмкін, ол кезде оппортунист болған шығармыз?

Бірақ, егер, жолдастар, сіздер округтер бойынша мәліметтерге көз салатын болсаңыздар, онда бұдан да зор алып қарқынды көрген болар едіңіздер. Міне, округтер: Алматы округінде қаңтарда 17 %, ал сәуірде 63,7% болды (күлкі); Петропавлда қаңтарда 38 %, сәуірде 73,6, Семипалатинскіде 18 және 40 %. Мұнда неғұрлым дұрыс көзқарас (күлкі), Қостанайда 36 және 65; Қарқаралыда сәуірде 48 % (сіздер білесіздер ме, бұл – мыңдаған тракторы бар... “архизерновой” (мол астықты – ауд.) округ; Гурьев округінде 1,5 және 36,6 %; Оралда – сәуірде 72; Павлодарда 60 %; шаруашылығы әзірше омачқа (Орта Азиядағы соқаға ұқсас жер жыртатын құрал. – ауд.) негізделген, қазір әлі де жартылай феодалдық қарым-қатынас сақталған, бай мен имам әлі де үлкен ықпал етіп отырған Қарақалпақ­ облысында қаңтарда 12,5 %, ал сәуірде 52 (күлкі); Сырдарияда наурызда 64,4 %... және ақыр аяғында, неғұрлым алдыңғы қатарлы округ Қызылордада қаңтар айында 14 %-дың орнына 61 % (күлкі).

Залда қаншама күлкі мен көңілділік болды десеңізші!.. Бейне бір әңгіме төменгі басшылардың ұжымдастыру пайыздарын былықтырған ыждағатсыздығы мен қырсыздығы жөнінде болған секілді. Өйткені Голощекин делегаттарды шатыстырып, қылжаққа айналдырған бұл цифрлардың артында залдағылардың бәріне белгілі ұжымдастыру практикасы: сұрапыл қыс пен ерте суық көктемде шаруашылық пен үйреншікті еңбек ырғағын бұзып, аштық пен мағынасыз тірлікке ұшыратып, адамдарды қорқытумен және алдаумен бір бұрышқа қуып әкеліп, олардың малдары мен мүліктерін қалай тартып алғаны тұрды. Ал Филипп Исаевич өзінің сол кездегі сөзсіз орындалуға тиіс болған әскери бұйрық секілді нұсқауларын есіне түсіргісі келмеді.

Бұдан бұрын қаңтарда съезге жиналған Қазақстанның жер істері қызметкерлеріне мынадай нұсқаумен жол болсын айтқан болатын:

“Біз колхоз құрылысы саласындағы қарқын бойынша Одақтың алдыңғы қатарлы аудандарынан қалысқан жоқпыз. Бұл кең де шапшаң қарқын бесжылдықтың соңында болмаса да, екінші бес жылдықтың бірінші жылының бас кезінде, бізде, Қазақстанда, барлық тұрғындар жаппай коллективтік шаруашылыққа бірігеді деп меже белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл үлкен мерзім бе, әлде аз ба? Бұл дегеніңіз – әлі төрт жыл. Ал “пессимистер” болса, біз өте ұзақ мерзім алдық дейді, – әрине, тырнақша ішіндегі пессимистер, – өйткені процесс сондай тез жүруде, сондықтан ол біздің жоспарларымыз бен болжамдарымызды шайқап төгуде”.

2 ақпанда газеттер Қазақстан ОАТКОМ сессиясының қаулысын жариялады:

“Сессия Жер халкомы жобалаған 1929-1930 жылдары барлық шаруашылықтардың 47,4%-ын коллективтендіру деңгейін өте төмен (ерекшелеген автор. – В.М.) деп санайды және Халком Кеңесіне бұл цифрды мүмкіндігінше көтеру жағында қайта қарауды ұсынады”.

Міне осындай, ал Филипп Исаевич Голощекин осының бәріне басшылық етіп және ұжымдастырушыларды күн сайын түртпектеп қузай отырып, одан соң бұл төменгі қызметкерлердің қалайша жоғары цифрға қол жеткізіп, жөнсіз былықтырғанына таңғалды.

3 ақпанда Голощекин сөз алды:

“Қазір коллективтендіру негізінде көшпенді, жартылай көшпенді шаруашылықтан отырықшылыққа өту жүріп жатыр... Біз 5-6 киіз үйден тұратын бытыраңқы қоныстанған ұсақ ауылдардың күні өткен кезеңде – киіз үйдегі өмірдің өзінің жойылу үстінде тұрмыз. Ал мұнымен бірге архаистік, мәдени емес тұрмыс салтын жою мүмкіндігі, бұқараның мәдени көтерілуіне жағдай жасау мүмкіндігі тууда.

Қазақстандағы колхоз құрылысы өте баяу қарқынмен жүруде деген соқыр сенім орын алуда. Бұл дұрыс емес”, – деп, ол бұрынғыша өзінің қарқынды өсіру туралы нұсқауларын қайталады. “Шиеленіскен таптық күресті” еске алып, Голощекин: “Қазақстан артта қалған елден, ұйықтап жатқан елден алдыңғы қатарлы елге, қайнаған өмірлі елге, социалистік жолға түскен елге айналуда”, – деп қорытты (ерекшелеген автор. – В.М.).

Саясаткерлердің осы нұсқауларының, қорқытулары мен қоқанлоқыларының, қитұрқы уәделерінің бәрі газет беттерінен сырғып түсіп біткенге дейін іс жүзінде не болды? Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы көтеріңкі леппен айтқан, ал баспасөздің байқағысы келмеген қайнаған өмір іс жүзінде қандай болды?

Ұжымшарлар туралы, кейін белгілі болғанындай, адамдарға дерліктей ештеме айтылмаған. Ұжымдастыру туралы хабарлап, сол сәтінде дауыс беру үшін бір жиналыс жеткілікті болды. Адамдардың ұжымшар мүшесі болғысы келе ме, жоқ па, уәкілдер мұнымен шұғылданбады. Сұрақ былайша қойылды:

– Коллективтендіруге кім қарсы?

Кей жағдайда көптеген аудандарда: “Ұжымшарға кім кірмесе, соған ең нашар жер кесіп беріледі деп түсіндірген жағдай болды. Әлдебір құмнан, таудан. Ал суармалы жерден қуылады. Мүлікті тартып алады. Басқалармен бірлікте жұмыс істегісі келмегендерді туған ауылы мен деревнясынан кө­ шіріп жібереді”, – деді. Мұндай ашық айтылған түсіндірме жұмыстары, мысалға, Сырдария округінің Талас ауданында және көптеген басқа жерлерде жүргізілді.

Сол Талас ауданында радиусы елу шақырымдық аумақта шашылып жатқан бірнеше жүздеген шаруашылықтан аса үлкен, іс жүзінде басқарылмайтын ұжымшарлар құрды. Құм жайлаған көшпенділерден ең қажетті үй мүліктерінен басқа барлық малы мен мүлкін тартып алды. Жаңа басшылық рұқсатсыз әлденені сатуға немесе сатып алуға қатаң тыйым салды.

Қостанай округінің Затобольск ауданында орташаларды тәркілеп, сайлау құқығынан айырды. “Колхозға енбесең – селода кулак болып саналасың, өйткені сен коллективтендіруге қарсысың”, ал кейбір уәкілдер: “...не колхозға кіресің, не біздің саған не істейтінімізді білесің...” (“или иди в колхоз, или мы тебя под откос...”) деп қорқытқан.

Міне, қайнаған өмірдің өзінен туған, мақалға бергісіз ұйқас деген осы!

Тағы да сол Затобольск ауданында “колхоздардың көпшілігінде мал, қойлар толығымен қоғамдастырылған, ал бірқатар колхоздарда – құс және тіпті қарбыз, қияр т.б. тұқымдары да”.

Сырдария округінің Алексеевка, Юрьевка селоларында, №8 ауылында тұқымдық астықты тапсырмағаны үшін орташалардың барлық мүлкі кәмпескеленген. Кантемировкада киімді, үй ыдыс-аяқтарын ортақтастыра бастаған, ал жергілікті агроном Фросов ит пен мысықты да ортақтастыруды қолға алды.

Семей округінде кейбір уәкілдер мен аудандық комитеттер “орташа – болашақ кулак, сондықтан оған кулакқа қолданылатын шараның бәрін қолдануға болады” деген қисындық құрылыммен өздеріне шабыт берген. Әдістер әдеттегідей болды: еңбек міндеттілігін жүргізу үшін әскери жағдайға ұқсас тәртіп енгізу (шаруалардың еркін еңбегі еңбек борыштылығына, Троцкийдің арманына айналды), барлық тұқымдық қорды тартып алу (басқа – басқа, көріп отырғанымыздай, “тоналмағанды”, яғни помещиктер мен капиталистердің мүлкі емес­ті тартып алу, кәмпескелеу, реквизициялау, экспроприациялау немесе жай ғана тонау – пролетариат диктатурасы өзінің белсенділерін, міне, осыған үйретті), орташалар үшін егіс міндеттемелерін арттыру, кәмпескелеу, жер аудару, тұтқындау, соттау қоқанлоқысымен қорқыту, мүлікті ішкиімдерге дейін кәмпескелеу...

Еңбекшіқазақ ауданында киіз үйді ортақтастырған, Сырдария округі Иіржар ауданында аңшы мылтығы мен іс тігетін машинаны, басқа аудандарда үйрек пен қазды...

Түрген ауылының бір шаруасы түсінбегендіктен аң-таң болып, жиналыста:

– Бәрі комиссар болып жатыр, сонда жұмысты кім істейді? Азық-түлік онсыз да аз, егер 8-10 сағаттан жұмыс істейтін болса, олар бұдан да аз болады... – деп сұрақ қойды.

Іле ауданын басқарған уәкілдер діндар адамдарды ораза ұстағаны үшін 20 фунт (қадақ – ауд.) астық мөлшерінде салық салынады деп қорқытқан. Кейбір ауылдарда бақытты болашақтың “жоспарын” жасаған – “ортақ отбасылық-тұрмыстық өмірге өту қажеттілігі туралы мәселе қойылған”. Демек, “колхозда әйелдер мен балаларды да ортақтастырады” деген “байлардың өсегі” де негізсіз болмағаны ғой.

Партаппаратшылар, әрине, нұсқаулардың ғажайып сиқырлы күшіне сеніп қана қойған жоқ, сот жазаларын, қарулы күштерді, винтовка мен пулемет оқтарын аямай қолданып, бұл сенімдерін бекітті де. Дәл сол кезде, 1930 жылдың ақпанында, аштық өлімі мен қияндағы шет өлкелерге жер аударылу сүргініне ұшыраған халық бүкіл ел бойынша толқу үстінде тұрғанда, жақында ғана шаруаларды баюға шақырған Бухарин “Правдада” “кулактармен... қорғасын тілінде сөйлесу керек” деп жазды және сөйлесті де.

Құрту-жою, тонау, талқандау – бұл жерде нұсқау кәдеге асты...

1930 жылдың 14 наурызында “Советская степь” Қаскелең колхозында мал басының кемінде жартысы жойылғанын жазды:

“Үкімет мал шаруашылығын дамыту айлығын жүргізген кезде, ауданда малды құрту айлығы жүрді. Колхозшылар:

– Иә, аз сойылған жоқ. Әрқайсысымыз бір сиырдан сойдық, ал қойдың санында есеп жоқ... – деп мойындады.

Қой табындары дерліктей жойылып бітті. Бірнеше мыңнан тек жүздеген бас қана қалды. Сауын малдар сүтті аз береді (тек сабанмен ғана азықтандырады)”.

Бұл шағын хабардағы ең таңғаларлығы – “Тек қалпына келтіру ғана емес, мал басын арттыру қажет!” деген кіші тақырыпшасы еді.

Көшпенділер шаруашылығы бұл кезде тамырымен жұлынған болатын, ал нұсқау шығарғыштар түрткілеп асықтыруын, түсіндіруін, үгіттеуін, міндет артуын жалғастырды. “Колхоз қозғалысының шындығы барлық жоспарлы межеден асып түсті. Қазақстан шаруашылықтарының 40%-дан астамы колхозға бірікті. Тұтастай алғанда, бұл қозғалыс толығымен дұрыс жүріп келеді...” – деп жазды 1930 жылдың 20 наурызындағы “Советская степь” газетінде өлкелік комитеттің хатшысы Л.Рошаль.

1930 жылдың 20 мамырында Ғ. Тоғжанов “Советская степь” газетінде “байды соңғы тұрағынан қуып шығаруға” шақырды. Мысалы, ол ұжымдастырудағы бұрмалаушылықтарды науқанның бірінші күндерінен бастап қыр елін кезіп жүрген “өте ерсі арандатушылық өсектер” деп түсіндірді. Ұжымдастыру идеясы бейне бір терең тамыр жайып үлгерген көшпенді-қазақтардың ортасында айтылған бұл әңгімелерді мән-жайдың түсініктірек болуы үшін келтіре кетейік. Тоғжанов сол кезде ел аузында жүрген “өсектерді” (түпнұсқада: “хабарчики”) былайша тізбелейді:

– колхозшылардың әйелдері мен балалары ортақтастырылатын болады;

– колхоздар барлық әйелдерді еркектерге бөліп беріп отырады;

– колхозшылардың ұрпақтылығын жақсарту үшін қазақ әйелдеріне Россияның орталық аудандарынан бойы 3 аршын арнайы “асыл тұқымды” еркектер, кейбір жағдайда цыгандар (Алматы округі) бөлініп беріледі;

– балалар ортақтастырылады, өйткені олардың етінен, әсіресе Қытайда үлкен бағаға өтетін қымбат экспорттық дәрілер дайындалады;

– малды алып қояды, қазақтар шөппен (көкөніспен) қоректенетін болады және т.б.

Ежелден дала тұрғындары жазба сөзге қарағанда “ұзынқұлаққа” – өсек-аяң, қауесет сөзге көбірек сенетіні белгілі. Осындай өсектерге қарамастан, адамдарды ұжымшарларға қуып тығу үшін ұжымдастыру жөніндегі уәкілдердің қандай қоқанлоқылар мен жазаларды қолдануы қажет болғанын аңғару қиын емес.

* * *

1930 жылдың 9 сәуірінде “Советская степь” Голощекиннің Тұңғыш қазақстандық өлкетанушылар съезін ашардағы сөзін жариялады.

“Егер Октябрьге дейінгі Қазақстанды алып қарайтын болсақ, мен оны тарихқа дейінгі Қазақстан деп атаған болар едім, ол кезде Қазақстан болған жоқ. Ол бытыраңқы болды, мүлде адам нанғысыз арттақалушылықта, архаистік көшпенді шаруашылық жағдайында, қандай да болсын бір, ең болмаса бастауыш мәдени мекемесіз, ушыққан ұлттық жаулықта өмір сүрді...

Менің баса көрсетіп айтуым керек, дәл осы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру, коллективтендіру, колхоздар ұйымдастыру, дәл осылар – артта қалған архаистік шаруашылықты, артта қалған, қайыршыланған халықты тұйықтан шығаруда Қазақстан үшін аса маңызды мәнге ие...”.

Осындағы сөйлеу мәнерінің тұрпайы социологиялық өркөкірек жүгенсіздігін былай қойып, істің мәніне көңіл аударайық. Ауыл шаруашылығын ешқандай дайындықсыз қайта құру халыққа не берді?

Егер тек экономика жөнінде ғана айтар болсақ, онда Ораз Исаевтың ресми комиссиясының мәліметтері бойынша, ұжымдастырудың бірінші толқынының бірнеше айы ішінде республикада мал басы 30 %-ға немесе 10 миллион басқа кеміген.

Әйткенмен, басқаша жағдайды күтуге болмайтын еді. Өйткені тіпті бұрынырақ құрылған және әрқандай жағынан өкімет қамқорлық жасаған ортақ шаруашылықтардың өзінде бастан-аяқ бейберекеттілік белең алды. Осындай шаруашылықтардың бірі республиканың оңтүстігінде құрылып, үлгі ретінде ұсталған және газеттерде әлденеше реттен насихатталған Голощекиннің өзінің атындағы коммуна болды. “Ұлы бетбұрыс” жылы осы үлгілі шаруашылық туралы айтарлықтай көлемді жарияланым жарық көрді:

“ГОЛОЩЕКИН АТЫНДАҒЫ КОММУНАНЫҢ САБАҚТАРЫ

...Жағдай коммунаның бүкіл жұмысы мен өмірін көз алдан өткереді. Коммуна өзінде қанша жер бар екенін білмейді... Жыл ішінде 24 бас сиыр, киіз үйлер жасау-жабдығымен қоса, 6 жылқы, 185 қой – барлығы 13076 сомның мүлкі ысырап болып, талан-таражға түскен.

Бұл ұжымдық шығынға 4 орташа колхоз құруға болар еді.

Коммуна базарды жалға алып, 13429 сом шығын тартты.

Құрылыстар қиратылып жатыр. Әйнектер сынған. Есіктер тозған. Жөндеу жұмыстары көптен бері болмаған. Тігін машиналары ашық аспан астында, аязда тұр. Қайықсыз, сынған, майы қатып қалған, қырау басқан. Онымен балалар ойнайды.

...Жыл ішінде коммуна 30 000 сом аванс пен несие алды. 30 000 сом қайда кетті? Шаруашылық жылының материалдық қорытындысы, ұста құрал-жабдықтары, диірмен қайда?..

Бәрін коммуна жеп қойды.

Қарын мәселесі коммунадағы жетекші орынды иеленді және соған сәйкес психологияны қалыптастырды. Коммуна басшыларының бірі жолдас Өтемісов “Коммуна бұдан әрі қалай өмір сүреді?” деген сұраққа: “Қажеттілік туса, үй шатырларын бұзып, отынға сатамыз”, – деп жауап берді.

...Коммуна жалдамалы жұмысшылар (нан пісіруші, аспазшы, екі қара жұмысшы) ұстаған. Олар коммунаның батырақтарына айналған. Байшылдық идеология коммунаға сыналап еніп, онда өзіне ұя салған. Қатардағы коммунар Т.Байзақов жағдайға өте айқын баға берді: “Ауқаттанамыз. Не айтады – соны істейміз. Үндемейміз...”

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар