Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарқ етіп сөнген бір ғұмыр (бүгін жазушы Саттар Ер...

31.01.2017 4850

Жарқ етіп сөнген бір ғұмыр (бүгін жазушы Саттар Ерубаевтың туған күні)


«Талант – жас талғамайды» деген ұғым бар. Бұл сөз қазақтың талантты жазушысы Саттар Ерубаев турасында айтылғандай. Жиырмаға жетер жетпесте, сонау отызыншы жылдардың соқтықпалы, соқпақсыз кезеңінде «Менің құрдастарым» атты пішіні мен мазмұны, стилі ерекше жаңалыққа толы роман жазып, оқырманды елең еткізген талантты жазушы, дарынды ақын Саттар Ерубаев болатын. Небары 24 жас жасап өмірден өткен жазушы өзінің қысқа ғана ғұмырында энциклопедиялық көл-көсір білім игеріп үлгергендігін тұстастарының жазып қалдырған естеліктерінен байқауға болады.


1914 жылы 30 қаңтарда қазіргі Түркістан шаһарында дүниеге келген Саттар білім мен ғылымға құштар бала болып өседі. Талапты жас ауыл мектебінен бастаған білімін жетілдіре отырып, Ленинградтан бірақ шығады. Қоғамдық өмірге белсене араласады.


Жазушылық, мемлекеттік жұмыс, ғылым – осылардың бәрін ұштастыра отырып жанкештілікпен өмір сүрген Саттар Ерубаев өз шығармасының шынайы шығуы үшін денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, шахтаға да түскен екен.


Өзінің басты еңбегі «Менің құрдастарымның» баспадан шығуын да көріп үлгермей кеткен жас жазушы өмірге өте құштар болған екен. Оны өз еңбегінің алғашқы бетіндегі мына жолдардан байқаймыз: «Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін…», «Адам баласын бақытты ететін сөзді таңдап жатып адамның өлгенін сезбейқалуы мүмкін бе? Өмірге сүйген жардай ғашықболғандардың бірі менмін».


Саттар Ерубаев өзінің көптеген тұстастарындай, тек қара сөзге емес, өлеңге де аса икемді, дарынды ақын болғандығын көреміз. Оны шығармадағы мына жолдардан байқаймыз:


Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,

Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.

Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім.

Бір жабыққан көңілімді аша алмастан

жүр едім.

Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім,

Туып, өліп кетуді маған аз ғой деуші едім.

Өмір деген өксігімді бас алмастан жүр едім…

Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім.


Мұнда ақынның өмірге деген іңкәрлігі, арман-мақсаты, сол мақсаттарын орындау жолына кесе көлденең кедергі сырқатқа киліктірген ғұмырына деген өкініш те бар. Саттар Ерубаев романға қоса, поэма, очерк, новелла, лирика, сатира жанрларында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгереді. Сонымен қатар қазақ әдебиетінде эпиграмма, баллада жарнын қалыптастырған ақын болып саналады.


1937 жылы денесін меңдеткен ауыр дерттен Алматы қаласында екі мүшелге де толып үлерместен өмірден өткен жас жазушының туған халқының рухани қазынасына қосқан елеулі үлесіндей салымды кейбір екі тұрмақ, жеті мүшел жасап, қолына қалам ұстағандардың сала алмай кететіндігі – бір кем дүние.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар