Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Жазушы Дидахмет Әшімханның туғанына 75 жыл...

10.06.2025 800

Жазушы Дидахмет Әшімханның туғанына 75 жыл 12+

Жазушы Дидахмет Әшімханның туғанына 75 жыл - adebiportal.kz

Көрнекті жазушы, қаламы қарымды журналист, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханның туғанына 75 жыл толды. 

Асқақ Алтайдың төріндегі Қотанқарағайдың Жаңаүлгі ауылында 1950 жылы 10 маусымда дүниеге келген қаламгердің өмірден озғанына да он жылдан асып барады екен. Тоқтаусыз зырлаған жүйрік уақыт деген осы. 

Әр жылдары «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Каменная падь», «Жер аңсағай сары атан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер», «Сары самауыр» қатарлы жинақтары жарық көрген жазушының туындыларының тақырыбына, мазмұнына зер салсаңыз – туған өлке табиғаты мен ондағы сан қилы тағдырлы, сан түрлі мінез-құлықты адамдар туралы екенін аңдайсыз. Түркінің түп бесігі асқақ Алтайдың арғысы мен бергісін, кешегісін бүгінгісін көркем тілмен кестелей жалғаған қызықты тарихы жатыр, жазушының туындыларында.

Қазақ даласының ғана емес, төрт елге тарамдалған төрт пұшпағының бірі Төр Алтайдың да ту-у сонау күншығысында арғыдан жеткен аңыздар мекені Қотанқарағай ауданы жатыр. Арғысы дегеніңіз –  сонау сақ дәуірінен сарқыттай сақталып жеткен, сәйгүлігіне дейін сақтиянмен сәндеген, саф алтынға малынған салтанаттың сипаты – Берел қорымдары, бергірегі десеңіз – құты қашып, күні батқан жоңғарды Арқадан түре жетіп, берсе қолынан, бермесе жолынан алып мекен қылған қалың қаратайдың Есбол, Мая билерден кешегі Әбдікерім заманына дейін ұласқан,  Төр Алтайға тамыр тереңдетіп, бауыр басу кезеңі. Бүгінгісі десеңіз – Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан мен Әлібек Асқаров туындыларына арқау болған асқар биік Алтайдың алтын аңыздары ғажап қой, шіркін!

Дидахмет Әшімхан – алтын аңызға толы Алтайдың төрінде туып, қазақылықтың уызына жарып өскен тағдырлы қаламгер. Әр қаламгердің қалам арқауы – әуелі ес білгеннен бастап өзіне етене болған қоршаған ортасы мен әлеуметі болмақ. Және осындағы күнделікті өмірдің қарапайым қалпын, ондағы күйініш пен сүйінішті, арман-аңсарды суреттеп, бейнелеп, толғай отырып, оны жалпыадамзаттық гуманизммен астастыра алу – нағыз жазушыға тән шеберлік деңгейі. Өз халқының  өмірінен ала отырып жазған туындысы әлемдік мәртебелі сыйлықтарға ие болып жатқан қытай, кәріс т.б. жазушыларынан біздің прозаиктеріміздің несі кем? Біздіңше, кемшілік болса, ол – біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп өзге жұртқа жарлап танытуда болар, бәлкім. Әйтпесе Дидахмет Әшімхан прозасының бәсі кімнен кем болғандай еді? Жазушының көлемі аз болса да саз туындыларын оқығанда еріксіз оралатын ой осы. 

Дидахмет Әшімхан шығармашылығын өзінің тұстастары лайықты бағалаған: «Дидахмет Әшімханұлы – көлемге жоқ қаламгер. Оның алты асуға дейін жазған туындылары бірыңғай әңгімелер дер едім. Әңгімеде жұлдызы жоғары ғой Дидахметтің, жұлдызы жоғары. Сыздықтатып отырып мінез мүсіндейді. Санаулы кейіпкерді саралап алып, өмір сырына бойлай жөнеледі.

Дидахмет Әшімханұлы – әңгіме жанрының айтулы шебері, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері. Оның шығармашылығына тән ортақ сарын – адамзат бойынан адамгершіліктің қашып, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын мінездер, тағдырлар арқылы ашына толғау. Іздері – кісілік ізгілік, жырлары – ұлттық рух! Ол – рух жыршысы!»  Бұл – белгілі әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің тұжырым пікірі.

Жазушының таным көкжиегі, талғам биігі, жазудағы стиль, туындыгерлік ұстаным, тіл байлығы, суреттеу шеберлігі – көркем туындының оқырман талғамына татуы тұрғысында  үлкен маңызға ие. Дидахмет Әшімхан шығармашылығының өзіндік ерекшелігі туралы әдебиеттанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай былай деп тарқатады: «Ол жазушы мен кейіпкердің, оқырманның арасындағы аралық қашықтықты сондай бір ысылған тәжірибемен қатаң сақтай біледі. Сырттай сезімнен гөрі сырдаңсуға бейім сергек сөйлемдермен сені сендіре де, күрсіндіре де алады. Тас моншаның сызынан – тасбауыр жанның көңіл сызы, кейіпкердің киіп көрмеген тонынан өмірдің ызғары, шықпаған ақыл тістен жетілмеген жете, аттамаған босағадан жетімсіреген өгей өмір, сарыатанның сағымынан басылмаған сағыныш, дәмі алынбаған дәмеден қанбаған мейір, алып-беріп жарытпаған ағайыннан адамдық сезім лебі еседі. Демек, Дидахмет тыңдаушыны  да, оқырмандыда өзінің бауырына тарта баурайды, бірақ сіңісіп кетпейді, ара жігін сақтайды. Қазақша айтқанда, идіріп тартып отырады. Қытықсыз араласып кетуден бойын аулақ ұстайды. Төрін ұсынады, төрелік айтпайды. Оқиғаны тарқатып бермейді, түйіншегін мегзейді.»

Иә аңның киесіне жолығып құздан ұшып қапияда қаза болған Кемел, неміс жерінде қаза тапқан ұлын жылдар бойы сағынумен, ошақ отын сөндірмей, күтумен өткен Жетпіс апа, әскерден келген нағашы ағасының айыл басы бес бұрышты белбеуін алып буынсам деп қыс ішінде жаяу-жалпы сапарлаған Тәмпіш балақай, Алас тайпасының алағай да бұлағай тағдырын тарқата, күнді түнге ұрып аңыз шертетін Емші ата... Тұтастай бір ірілі-кішілі кейіпкерлер галереясы. Әрбірінің айтары, кешкен тағдыры, ішкі мұңы мен көрінеу қуанышы – оқырманды еркісіз  ойландырады алуан-алуан көңіл күй ауанына бастайды. Тұтас тарқалмаған оқиғаның түйіншегі не екендігі турасында  еріксіз ойландырады.

Алтайдың алтын аңыздарына іңгәлап жатуынан-ақ бөгіп өсу де жазушының бақыты шығар, сірә! 

Асқақ Алтайдың аясында, Өрелдің өр жағында, Аршатының ар жағында, Ақалақаннан аттам жердегі, Дидағаңның әңгімелерінде аталатын Төр Алтайлық Қызылқайыңмен аттас ауылда туып-өскендіктен болар, қара сөздің қайығы іспетті жазушының туындылары мен үшін тіпті де етене жақын. Сондықтан да болар, Дидағаң елінің тілдік қолданысымен айтқанда, асқақ Алтайды алыстан аңсағанда, жоян жазушының мелжем кейіпкерлерінің іс-әрекетінен қуат алу үшін, туындыларын әредік құныға сонырқалай барып байырқалайтынымыз. 

Жетпіс бес жастық мерейлі жыл – қазақтың көрнекті жазушысы Дидахмет Әшімхан есімін ұрпақ жадында жаңғыртудың, шығармашылығын насихаттаудың биік белесі болғай!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар