Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жеңіс Қанен. Жаяу жүргіншілер жолағында...

21.10.2024 327

Жеңіс Қанен. Жаяу жүргіншілер жолағында 14+

Жеңіс Қанен. Жаяу жүргіншілер жолағында - adebiportal.kz

Әңгіме

Ақпан айының жайдары бір күні еді. Қар еріп, аздап қысқы даланың бусағаны білініп тұрған. Мен үлкен күре жол бойынан, аудан орталығына жетпей таксиден түстім. Жұмыстан үйге келе жатқан бетім еді. Жолда қайшыласып, ағылып өтіп жатқан машина көп екен, кешкі қарбаластық басталған сияқты.

Үйім үлкен күре жолдың арғы бетінде, шамамен әлі де екі-үш шақырым жүруім керек еді. Кейде үйіме ешбір көлікке мінбей, жаяулап тартатыным бар-тұғын, бүгін де сүйтпекпін.

Дәл осы мен түсіп қалған жерден сәл қиыс төмен, жолды кесіп өтетін жяау жүргіншілер жолағы (пешаход) көрініп тұр, содан өтуім керек.

Ақысын төлеп, хош айтысып, такси жүріп кеткесін, мен сәл аялдап, асықпай, сумкамды арқама қондырдым. Жүрер алдында, қолфонымды алып қарап едім, мезгіл екінті уақытын көрсетіп тұр екен.

Қазіргі тұрған жерімнен жаяу жүргіншілер жолағына жеткенше бес-алты метр шамасы. Әне-міне дегенше лып етіп жетіп келіп, жолдан өтуге бейімделе бергенім сол еді, қарсы жақтан өтетін сыңай байқатып, бір үлкен кісі көрінді. Менің көзім жолда, машиналарда. Жолдан абайлап өтпесең, жол менікі деп жүре бергенмен, заулап жатқан машиналар қағып кететін секілденіп, өз басым қатты сақтанатынмын.

Қарсы жақтан келген кісі жолға қарай аяңдап жүре берді. Дәл осы сәт өтіп бара жатқан жаяу жүргінші барын байқап дәу газель көлігі келіп шеткі жолға тоқтады. Газельдің алдынан әлгі кісінің өтіп келе жатқаны байқалды. Күнделікті көріп жүрген қалыпты жай, мен оншалықты мән бергем жоқ. Дәл осы сәт ішкі жолмен ызғытып, қарқынын баяулатпастан бір жеңіл сұрғылт машина ала жолақтан өте берді де, газельдің тасасынан шыға берген әлгі кісіні іліп әкетті. Соққан кездегі тарс еткен дыбысы құлағыма анық естілді. Машина ұзаған жоқ, бес-алты метр жерге барып тоқтады. Көзді ашып-жұмғанша болған уақиғаны түсінбей қалған мен жол шетінде тұрып қалыппын. Тек көз алдымда: соғылған әлгі кісінің машинаның алдыңғы жағында, капотының үстінде кетіп бара жатқаны ғана… Машина тоқтағанда, үстіндегі адам сылық етіп аунап түсіп, асфальт жолға құлады. Неге олай ойладым, білмеймін: "Арақ ішіп алмады ма екен?" деген күдікті ой орала берді басыма. "Жолдан өтерде жан-жағына қарап, абайлау керек қой".

Мен жолдан өтіп алып, не істерімді білмей аңырып сәл тұрып барып ес жидым да, "көмектесу керек қой" деген ой жетегінде, шырғалаң болған жерге қарай, жол ортасына өттім. Жол жағалауында телефонда сөйлесіп кетіп бара жатқан бір жігіт те назар бұрып, солай қарай жүгірді. Газель шофері де келді. Кейіннен келе жатқан машиналардың бәрі тоқтап иіріліп тұрып қалды, кейбір адамдар да машиналарынан түсіп жаралы адамды көруге немесе көмектесуге ұмтылды.

Мен барғанда, әлгі кісі көлденең сұлап түсіп жатыр екен, джинси шалбар киген, үстінде қоңырқай қыстық қалың шапаны, әдемі мұрты бар, шашы бурыл тартқан қартаң кісі екен. Құдай сақтағанда тірі, сонысы жанға қуат болды. Сол сәт адам қаққан машинадан егде жастағы бір еркек пен семізшелеу әйел түсті, екеуі де орыс екен. Еркектің көзінде асыл әйнегі бар. Өңі сұрғылттанып, үрейдің, қобалжудың нышаны байқалады. Нендей уақиға тудырғанын, нендей бәлеге тап болғанын толық парықтап үлгірмесе керек. Кешке қарай үйіне қарай асығыс тартқанда, көзіндегі анау асыл әйнектен жүргіншілер жолағын, адамды да байқамай қалса керек. Жәнеде қарсы жағында машина әйнегіне шағылысар кешкі күн алауы бар дегендей. Ойлай берсең, себеп көп… Машинасы көне екен, сыртқы бейнесінен байқалып тұр. Жаңа байқадым: машинасының алдыңғы әйнегінің төменгі оң жақ шеті шатыргүл іспетті шытынап сынып, сәл ойылып ішіне түсіп кетіпті, қаққан кісінің шалқалағанда шынтағы тисе керек.

Жүгіріп менімен қатар жеткен анау жігіт пысық екен, жатқан кісінің хал -жайын сұрап, орнынан тұрғызбақ болып еді, (анау орыс шофер да бір жағына жабысып, көмектесіп жатыр). "Аяғым, аяғым... Мен тұра алмаймын..." деді жатқан кісі қазақша құмыға сөйлеп. Қарасам, қара санынан аяғы бұралып бос жатыр, жамбасынан сынып кеткен екен, шалбар сыртына шыпылдап шыққан қан көрінді.

- "Жедел жәрдем" шақырайық! - деді қасымдағы жігіт, телефонын қолына алып: - Ағаны қозғамай тұра тұрайық, келсін, көрсін!

Телефон жалғады.

- Алло, мында авария болды... Машинамен адам қағып кетті... Тездетіңдер, келіңіздер. Районнан шыға берістегі трассада, пойыз жолға жете бере, пешаходта... Иә, иә…

Қазір келетін болды - деді жігіт маған қарап. Мен санамды басқан, кенет туылған ауыр, қорқыныш күйінен арыла алмай тұрмын дел-сәл боп. Бұрын мұндайды көрмегенімнен болар…

Көзінде очки, басында көнетоз малақай, қыстық қалың киім киіп алған орыс шофер жаралы кісіні айналсоқтап жүр, өңінен әлі де қобалжу байқалады. "Бәле қайдан, жала қайдан?" -дейтін емес, "Бұл да бір ұшық" деші.

Газель шофері еңгезердей ұзын бойлы жігіт жағдайды сұрап ұғысып, "жедел жәрдемге" қоңырау шалынған соң, жан-жағындағыларға қарап:

- Біз жүре берейік, үлкен күре жолда машиналарды бөгеп, жолды жауып тұрғанымыз болмас- деп, кетіп қалды.

Аздан соң жанымыздан бағанадан иіріліп, іркіліп тұрған машиналар өте бастады... Авария болған біз тұрған ішкі жол жабық әзірше.

Күтіп тұрмыз, "жедел жәрдем" әлі жоқ. "Ақпанда жолда жатқан жаралы кісінің жамбасынан сыз өтті-әу" деген ой мені мазалай бастады: "Мұз болмасада, суықта қара жол үстінде жатыр, халі не болар екен". "Жедел жәрдем неге кешікті"?

Бір кезде орыс шофер:

- Менің машинаммен апарайық ауруханаға, - деді. Оған біз көнбедік:

- Құтқарушы көлік шақырып қойдық қой, келсін!

"Келе ме? Келмей ме? " деген күдікті ойдың шырмауынан шыға алмай тұрғанымызда, қанша тосқанымыз есімде қалмапты, бір кезде сигналын қосып, "Жедел жәрдем" көлігі келді-әу.

"жедел жәрдемдегілер" екі жігіт екен, тездетіп машинадан түсіп, жатқан кісінің жанына барып, сұрап хал-жайын білді. Телефондарын алып суретке, бейнелі кескін (видеоға) түсірді. Қасымдағы жігіт оларға көрген-білгенін айтып жатыр. Өзара бірнеше сауалдар, оған берілген жауаптар болды. Адам қағып кеткен шофер, қасында әйелі қосанжарлап: "Ішіп алған..." деп бастап орысшалап бірдеңе айта бастап еді:

- Мен ішкем жоқ, өз жолыммен пешеходтан өтіп келе жатқам... Менде кінә жоқ - деді әлі де болса ызғарлы жол үстінде жатқан кісі ызаланып. Жәрдемші жігіттер көп аялдаған жоқ, машинадан адам жатқызатын төсек алып түсті де, жаралыны көтеріп жатқызып, (біз де көтерісіп көмектесіп жібердік), "Жедел жәрдемге" кіргізіп әкетті. Есігі жабылған соң көлік аялдамай жүріп кетті. Тағы бір сәт 003-тің кешкі ауаны тілгілеген азанды үні аспанды кернеп тұрып алды. Қарап ем жол үстінде шырғалаң болған жердің қанды дақ ізі қалған екен қызарып.  Жаяу жүргіншілер жолағынан абайламай, аңғалдық жасаған ағаны аяған, жан ашыған ауыр сезіммен үлкен даңғыл жолдан мен де өзі барар жағыма қарай шыға бердім. Жолдың қақ ортасында әлі де не істерін білмегендей кішкентай сұр машинасының қасында сұрланып орыс шофер мен әйелі қала берді…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар