Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Жеңісбек Көкенов. Орманда сыр бар түсінсең (әңгіме...

Жеңісбек Көкенов. Орманда сыр бар түсінсең (әңгіме)

02.12.2025

21184

Жеңісбек Көкенов. Орманда сыр бар түсінсең (әңгіме) - adebiportal.kz

Ағаштан қиып салынған еңселі үйімнен шыға сала, орманға тартып отырдым. Күндегі тірлігім осы. Бұл табиғатпен етене байланысымнан, менің жүрегім қалап алған кәсібім, тіпті жан қалауыма айналған ісім осы. Орманға жақындап келіп, қасқа жорғамның шылбырын бос тастай салдым. Есті жануар менен алыс ұзап кетпейді. Орманға сұғынып кірген сайын, небір дыбыстар күшейе түсті. Жаз аяқталып қалса да, орман сұлу келбетіне сызат түсіре қоймаған. Аяқ астына қалықтап түсіп жатқан жапырақтарды жолыма төселген кілемге балаймын. Бейнебір орман маған құрмет көрсетіп, «төрлет, ұлым, төр сенікі» деп қошеметтеп тұрғандай. Әлі көтеріле қоймаған күннің алтын сәулелері орманды ешқашан түгел тінте алған емес. Неге дейсіз бе? Өйткені орман ит тұмсығы өтпейтін қалың, сондықтан түп-тамырына дейін күн шапағына шомыла алмайды. Оған өкінген орман тіршілігі жоқ. Өзара күбірлесіп, сыбдырласып мәз болады да тұрады. Мұнда келсем, жаныма тыныштық пен жайлылық қатар келіп қонақтайды. Кей кездерде үйдегі өлі тыныштық еңсемді езіп жіберуші еді. Мұнда тыныштық жібектей есіліп, жаныма, жүрегіме нұр құйғандай ғажайып әсер береді. Орман-құстардың мекені. Қалыңына бойлай берсең, уілдеп, гуілдеген, шаңқылдап, саңқылдаған алуан түрлі құстардың сайрауық әнін тыңдайсың. Әнші құстар құйқылжыта әуендеткенде, құлақ салып, жүректің қақпасын ашып тамсанып тыңдау, елти құлақ салу-менің сүйікті дағдым. Ондайда қанатты әншілердің концертін тамашалау үшін, бір үйеңкінің түбіне жамбастап жата кетуге дайын тұрамын. Бүкіл тірлік күйіп кетсе де, сол қалпымнан мызғымай ұзақ-ұзақ көсілемін. Табиғаттың өзі ән салып тұрғанда, күйкі тірлікке ғана тулап қор болып жүрген жүрегімнің есігін, көңілімнің терезесін  шалқалай ашып, рахаттана тыңдауым жаныма ләззат сыйлайды. Міне, бүгін де сарғыш-қызыл реңге бояна бастаған орман патшалығының жүрек тұсындамын. Тіршілік атаулы жаңа таңды тойлағандай, өзара қиқуласып мәз-мейрам.  Адамдар «Бақыт деген не?» деп бас қатырады. Табиғатқа көз салсам, оның жауабы тіл ұшында тұрғандай әсер қалдырады. Бақыт-кештен күлімдеп шығып, ақ таңды аппақ үмітпен аман-есен қарсы алу. Бақыттың менің жүрегімдегі анықтамасы осындай. Ол әлдекімдер айтқандай қол созса жетпейтін,  жеткізсе бір сәтте ғайып болатын сағым емес.  Жаныңа жақын ардақтыларың қасыңнан табылса, жұмысыңды сүйіп орындасаң, сол да бақыт. Оңашада ой ағысына құлаш ұрып, өзімше ойшыл болып кететінім  бар. Оған себепкер-сырлы табиғат, бар тіршілікті бауырына басқан орман-ананың сұлу көркі.  Орманшы мамандығын мақтаныш тұтып, осы аманатты іске қиянат жасамай келе жатқаныма биыл он жылдың жүзі толады екен. Тұңғышым Елжас биыл тоғызға толса, кенжем Жалғас жеті жаста. Екеуі де менен айнымайтын қияли, әсершіл балақайлар. Кенет әудем жерде әр шөптің басын бір жұлған жорғам құлағын қайшылап, осқырынып жіберді. Мұнысы бөгде біреулерді көргендегі қалпы. Мен де бар ынтаммен ол осқырына қараған жаққа құлақ түрдім. Орман әнінен бөлек бір жат дыбыс естілді. Таң атар-атпаста  ағаш кесіп жүрген нендей арам пиғылдылар бұлар? Дыбысты бетке алып, жорғамды тайпалтып  жандарына жылдам жетіп бардым. Жақындағанда барып байқадым: бет-ауыздарын тұмшалап алған үш-төрт еркек тіпті өзара сөйлеспейді. Құдды бір дәніккен қарақшылардай ыммен ғана түсініседі. Суық райларынан сәл сескеніп қалсам да, «ауылды жерде ешкім қару жұмсай қоймас» деген аңғал ниетпен атымнан секіріп түсіп, жақын келдім.

-Таңмен таласып, ағаш кесіп жатырсыңдар. Кімсіңдер? Рұқсаттарың бар ма?

    Жауап орнына қақ шекеме әлдене сарт ете қалды. Жапырағын үзіп алуға да қимай, біздер аялап жүрген орман сұлулары қаскүнем адамдардың қолынан ажал құшып, сұлап жатыр. Ауыр ұйқыға еріксіз құлап бара жатып, «мейірімнен жұрдай мәңгүрттер» деп ойлауға ғана шамам келді. Аз жаттым ба тыпыр етпей, көп жаттым ба сілейіп, ол жағын ажырата алмадым. Етбеттеп жатқан жерімнен шалқалай беріп, сиреп қалған тоғайлардың арасынан молынан түскен күн нұрына көзім шағылысып, жанарымды жұма қойдым. Маңдайыма тиген соққыдан басым дыңылдап барады, жылжып аққан қақ дағын да байқадым. Жорғам аулақтау жерде маған үрке қарап, қалшиып қалған. Қасиетіңнен айналайын текті жануарым, қолды болмай, жанымда қалған екенсің ғой. Табиғаттың қас жауларына керегі тек ағаштар ғана болған ба? Менімен бірге күңірене құлаған теректердің қарасы көрінбеді. Еңбектеп барып, әрең бой тіктедім. Жым-жылас. Бейнебір ешкім бұл жерде заңсыз ағаш кесіп, орманды ойрандамағандай. Кескен тоғайларын түгелдей тып-типыл етіп жинап алып кетіпті. Тәлтіректеп біраз жүріп барып байқадым, баттиған трактордың ізі көзге анық ұрылды. Әбден басынған екен зымияндар! Басынбай қайтсін! Ұшы-қиыры жоқ орман алқабына бір-екі орманшыдан ғана келеді. Аз-маз жалақыға құлшынып келіп жатқан ешкім жоқ. Елдің бәрі бірдей мен сияқты табиғатқа табынып, оның әнін сағынып тұрған жоқ.  Шетелдің киноларындағыдай шұғыл әрекет етіп, жинала қалатындай байланыс құралдары да жоқ, техникадан да адамыз. Сенеріміз, сүйенеріміз-атымыз, таянышымыз-орманға деген махаббатымыз. Хаттама толтырудан басқа батыл іс қолынан келмейтін қауқарсыз орманшыдан кім тайсалсын?  Ер тоқымға бөктерілген сөмкемді алып, картадан оқиға орнын көрсетіп, залал келген өңірді сипаттап жаза бастадым. Жорғам басын иығыма салып, тылсым тыныштыққа мүлги қалған. Қорқаулар бұзған орман тіршілігі қайта өз  күйін ойнай бастады. Тек кесілген ағаштардан қалған томарлар ғана қатыгез адамның қолынан  қасірет шегіп, үнсіз ғана шер төгіп жатты. Олар енді ешқашан бойлап өсе алмайды, күн көзіне таласып, сонау биікке ұмтыла алмайды.  Кейін томарды жел жеп, құрғап, тіпті орны да жоқ болар. Бұл жерде самсаған үйеңкілердің болғанын,  көрікті қайыңдардың әдемі сап түзегенін тек мен, орманшы ғана есімде сақтармын.  Мен атыма мініп, жөней бергенде, соңыма бұрылып қарап едім, тым көп оталған ағаштар маған бүк түсіп жылап жатқан жас баладай көрініп кетті.

    Ішім қан жылап, басым мең-зең болып, ауылға келдім.  Өз қорасына қарай бүлкектей жөнелетін жорғам бұл жолы да жаңылмады. Шылбырды бос ұстап қана отырдым, қақпаға дейін өзі әкелді.  Аттан ақырын ғана сырғып түсіп, үйге кірдім.  Алдымнан шыққан апам баж ете қалды.

-Таң атпай, орманға жүгіріп едің. Енді не болды? Бет-аузың домбығып тұр!

-Апа,  салқын су мен дәке берсеңіз болды.

-Тәртіп сақшыларына арыз таста. Сойқан салғандарды тапсын, жазаласын.

-Апа, оларды ешкім таба алмайды. Өйткені мен олардың түрін көрген жоқпын. Тіпті дауыстарын да естіген емеспін. Маңдайдан салып қалғанда, есімнен танып құлаппын. Өз-өзіме келгенде, бәрін жинап, іздерін суытыпты. Кімнен көремін? Одан да басымды таңуға көмектесіңіз.

     Апам бір жағы орман ұрыларын қарғап, екінші жағынан мені есіркеп, басымды дәкемен мықтап таңып берді. Көзім кеңінен ашылып, жарық дүниеге  толық қарай бастадым.

-Бас кеңсеге барып, хаттамамды өткізейін. 

-Заң орнына баруды да ұмытпа! Осылай орман аралап кісікиіктеніп жүре берсең, өлігіңе құзғындарды тояттатарсың. 

-Соңымнан айғай салған апамның сөзін елең қылмай, жорғамды суарып, ер тоқымын қайта салып, бас кеңсеге қарай бет алдым. Түрім бұзылып жетіп барғанымда, олар да жын көргендей шу ете қалысты.

-Жау алыстан келген болар,-десті.

-Білмедім, ештеңені зерделеп үлгермедім.

-Ұйымдасқан сыбайлас жемқорлар шығар,-деді әріптесім Бақан.

-Рұқсат етілмеген жерден ағаш кесу үшін де жемқор болу керек пе? Асыра сілтемеші,-дедім езу тартқан болып.

-Жұмысқа шықпа. Тырп етпей үйде жат. Онсыз да еңбегіңіз сіңіп жүрген жігітсіз,-деп Қызырбек маған қатты жаны ашыды.

-Үйде қамалып жатсам, одан бетер ауру боламын. Одан да жұмысқа келе берейін,-дедім өтінгендей жылы сөйлеп. Миым аузыма түскендей басымның солқылдап бара жатқанын ойламауға тырыстым. Біраз кеңесіп отырған соң, әркім өз жөніне тарай бастады. Сол сәт  санамда бір ой жарқ етті.

-Әй, жігіттер, біз орманшымыз ғой. Біздің басты міндетіміз орманды, ондағы тіршілік атаулыны қорғау, бақылау, есеп жүргізу емес пе?

-Айдан анық нәрсені неге қайталап тұрсың? Өзінше жаңалық ашқандай тұрған түрін,-деп кекетті Бақан.

-Сіз шынымен басыңызды қатты ұрып алған сияқтысыз. Үйіңізге барып, тынықсаңыз қайтеді?-деп қамқорсыды Қызырбек.

-Ауданда бай-қуатты азаматтар бар емес пе? Солардан демеушілік көмек көрсетуін өтініп, мекемелеріне ресми хат жазайық. Бізге қолымызға қару, астымызға тым болмағанда велосипед берсін. Бақылау камераларын орнатайық орманға. Сонда ісіміз алға баспай ма?

-Бұны жоғары жақ қамтамасыз ету керек. Қай кәсіпкерге барып көз сүземіз?-деп Бақан бірден кері тартып шыға келді.

-Сұрап көрейік. «Жыламаған балаға емшек жоқ». 

-Қызырбек жастықтың жалыны ма, әлде менің сөзімнен желік бітті ме, қос қолын көтеріп, қостай кетті.

-Ендеше, бастайық. Қызырбек, сен менен жассың. Компьютерді де жақсы білесің. Мен хат мәтінін айтайын. Сен жаза бер.

    Аядай кеңседе тыныштық орнады. Мемлекеттік мәселені шешіп отырғандай байсалды түр танытып, мәжіліс құрып ұзақтау отырып қалдық. Қызырбек дайын болған хат мәтінін дауыстап оқи бастады.

-Табиғат-біздің анамыз. Біз аяулы анамызды көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. Ол үшін тек жүректегі сүйіспеншілік жетпейді. Қолымызға керекті жабдықтар тисе, осы алқапты бұрынғыдан да жайқалта түсуге осы өңір орманшылары болып ант етеміз!

-Пай, не деген әсерлі сөздер! Әкім оқып, көзіне жас алып жүрмесін,-деп қыжыртты Бақан.

-Кинодағыдай сөйлеп кеткен жоқпыз ба? Мүмкін, әсерін әлсіретіп, қарапайым сөздермен жеткізу керек шығар,-деп екіойлы болып қалды Қызырбек.

-Сөз сүйектен өтеді. Осындай өткір, отты сөз ғана жетер жеріне жетеді.

 Хат мәтінін екі мекенжай бойынша салып жібердік. Бұл ісімізден аудандық бөлім тіптен хабарсыз еді. «Хат жаздым қайран болса» деп үшеуміздің жазған өтініш-зарымызға құлақ асар тірі пенде табыла қояр деген үмітіміз аз еді. Күн артынан күн өтіп, тіпті хат туралы ұмытып та кеткендей едік. Менің өмірден баз кеше жаздаған сол бір сәтімнен кейін жалғыз-жарым орман адақтамайтын болдық. Мен көбіне Қызырбекті ілестіріп аламын.  Ауылдан кетпей қалған аз жастың бірі осы Қызырбек.  Екеуміз атымызды желдірте түсіп, қатар келеміз. Шығыстан тұрған желдің әсерінен орман іші у да шу. 

      -Аға, сізге айтсам ба екен, күлкіге айналдырмайсыз ба?-деп қибыжықтады Қызырбек.

-Айт күмілжімей. «Ауызға келген түкірік қайта жұтсаң мәкүрік» деген. Сөзіңді ірікпе.

-Мәкүрік деген немене?

-Қазақтың мәтелін қазаққа түсіндірейін бе енді?-деп қасымда жуас торысымен қатарласып келе жатқан Қызырбекке жақтырмай қарадым.

-Мағынасын түсінемін ғой. Әлгі сөзді айтамын.

-Тіліңнің ұшына келгенді тежемей айт енді.

-Бұрын осы орманды анау өзен жағасына дейін аралап жүретінмін. Сонда табиғаттан түрлі дыбыстар естіп, таң қалушы едім. Соны бір күні Бақан ағаға «орманға кірсем, оркестр ойнайды» деп айтып едім, ішек-сілесі қатып күлсін.

     Жас жігіттің мына сөзіне балаша қуандым. Орманның мұңын, оның күніне сыбырлап қана айтар сырын мен ғана естімейді екенмін. Қойнындағы тіршілікті түгендемей қамқорлығына алған орман-ананың шырқай салған әнін жүрегімен тыңдайтын өзімдей тағы бір жан табылғанына риза болып, ат үстінен Қызырбекті арқаға қақтым.

-Сенімен бұрын жақын сөйлеспеген соң, көп нәрсені білмеппін. Енді байқасам, екеуміз рухани егіз сияқтымыз. Жарайсың, орман әнін түсінсең. Кеттік анау алаңқайға. Табиғат-шебердің қолымен жасалған дөп-дөңгелек алаңқайға барып, сәл тыныстайық.

    Екеуміз желдірте жөнелдік. Алдымыздан күзгі салқын самал есіп, маңайымыздағы ғажап иістер мен алуан түстер құбылып, алаңқайға жетіп келдік. Аттарды жібере сала, қалың өскен шалғынға бауырымызды төсеп жата кеттік.

-Сенің өзге қатарластарың тәрізді қалаға кетпеуіңнің себебін енді түсіндім. Табиғат-бесікте тербеліп жүре бермексің ғой,-деп күле әзілдедім. Қалжыңыма қабақ түйген түр көрсетпеген Қызырбек шалғынды жастанып шіреніп жатыр.

-Мен қала қазағы бола алмаймын. Мынадай таза ауа, құстарды панасына алған тоғайлардың желмен қосыла салған әуені қалада сағындырып бітеді.

-Апама жездем сай болдық,-деп ақтарыла күлдім. Шын сырласын тапқан азаматтың шынайы күлкісі еді бұл.

-Мақал-мәтелді көп айтасыз. Кітаптан бас аламайтын сияқтысыз,-деді Қызырбек маған қарай жамбастай жылжып. 

-Ұзақ кешті теледидар алдында өткізбеймін. Орағаңның «Қар қызын» осымен жетінші рет оқып жатырмын. Шіркін, Орағаң!

-Мен ғаламтордан қазіргі ақындардың өлеңдерін оқимын. Кешелі бері оқығаным-ақын Ғалым Қалибекұлының «Қара Ертіс» поэмасы. Міне, нағыз ақын!

-Ғаламтордан кітап оқу дегенді сенен үйренемін. Тұрып, тірлігімізді жалғастырайық. 

   Үсті-басымызды қағып, атымызға мініп, жалғыз аяқ соқпақпен орманның өзенмен түйісер тұсына дейін тінтіп шықтық. Қайтар жолда серуендеп шыққан ауыл балаларын үйлеріне қарай тықсырдық. Қалың орманға ішкерілеп енсе, адасып кетулері ғажап емес. Ауданнан тым шалғай орналасқандықтан, бұл өлкеде құтқару қызметіне жүгінген жан болған емес. Сондықтан балаларды сау бастарына сақина тілемей тұрғанда, үйлеріне қайтардық.  Қызырбек ат үстінде ыңылдап әндетіп келеді. Байқасам, Сәкеннің «Тау ішінде» әні.

-Менің сүйікті әнім.

-Орманда келе жатып, «Тау ішінде» әнін айтсам жараса ма?-деп құлшынды Қызырбек.

-Сендей өнерлі жігітке бәрі жарасады,-деп оны қостай түстім. Сәлден соң Қызырбек тамағын кенеп алып, ән бастады. Сөйлегенде күмбірлеп тұратын дауысы ән салғанда тіпті құбыла түседі екен. Кең тынысты қоңыр үн бірден құлағыма майдай жағып, көңіліме түрлі сезім өрнектерін  салды.

-Бәрекелді! Жігіттің төресі екенсің ғой. Сендей жігітке ғашық болмаған қыз қыз емес,-деп бағасын арттыра түстім.

-«Әнің жақсы» деп ғашық болған қыз көрмедім. «Қиялисың» деп кінәлаған бойжеткен болған,-деп Қызырбек жүзі нұрлана түсіп, тебініп қалды. 

-Қызырбек, үйге жүр, апамның дастарханынан дәм тат. Өзің бойдақсың. Іздейтін келіншегің де жоқ,-деп оны үйіме шақырдым. Ол бірден келісе кетті. Осы кезде қалаға қыдырыстап кеткен әйелім қос ұлымды алып, таксиден түсіп жатты. Аттан секіріп түсіп, екі қошақаныма құшағымды жая ұмтылдым. 

-Балапаным, қалай демалдыңдар қалада?-деп екеуін қатты құшақтап, беттерінен алма-кезек сүйдім.

-Әке, қаланың үйі кішкентай, бірақ биік болады екен,-деді тұңғышым.

-Қалада өтірік тоғайлар өседі, олар түнде қып-қызыл болып жанады,-деді кішкентайым аузын бұртитып. 

-Саған қала ұнады ма?-деп келіншегімді иығынан құшақтадым.

-Қайтқанша асықтық. Апам мен әкем «төркіндеп ұзағырақ жат» деп қолқалаған соң, тағы бір аптаға әрең қалдық. Қапырық ауа, шаң-тозаң, у-шу.

-Жарым қала сапарынан алған әсерін қысқа баяндап, апаммен амандасып, үйге кіріп кетті.

-Жеңгеңнің қолынан дәм тататын болдың,-деп жымидым Қызырбекке.

     «Балалы үй базар» деген. Елжас пен Жалғастың жаңалық айтып, үйді бастарына көтергені сонша,  оларды қызықтап апам екеумізде ес қалмады. Он күнде шын сағынысып қалыппыз.

-Кейін балалар өссе, қалаға қайтіп бой үйретеміз?-деді әйелім ақырын ғана.

-Апама жақпайтын тақырыпты қозғама. Сол кезде көреміз,-дедім баяу ғана.

-Мен жоқта әумесерлер көзіңді ағызып жібере жаздапты ғой,-деп келіншегім еркелей қарады.

-Сенің қалаға кеткеніңді пайдаланып, ұрылар мені таяққа жықты. 

-Мен де мұң шаққан болып, орайын тауып оны сағынғанымды астарлап қалдым.

-Содан кейін енді орманшылар жалғыз жүрмейтін болдық. Екеулеп жұмыс істейміз,-деп Қызырбек те емін-еркін әңгімеге араласты.

   Көңілді отырып ішілген шайдан соң Қызырбекті аула сыртына шығарып салдым. Кешкі тірліктер басталып, қарбаласып кеттік. Батып бара жатқан күнге қарап тұрып анам «Е, тәуба, амандығымен бұл кешті де қарсы алдық»,-деп шүкіршілік етті. Мен ертеңгі жаңа таңнан іштей жақсылық күтіп тұр едім.

Ертеңіне күткен ақ қауырсын жаңалығым түрпідей тиер тұрпайы сөзден басталды.

-Маған айтпай тіленшілік жасауға ақылдарың қалай жетті?-деп ызбарланды бастық.

    Қызырбек күліп, мен жөткірінген болып, Бақан міз бақпай отыра берді. 

-Жоғарыға арыз жазып, менің бар істеп жүрген  жемісті істерімді жоққа шығардыңдар,-деп бастық тағы түйілгенде мен шарт ете қалдым.

-Арыз емес, ұсыныс-хат жаздық. Өмірімізді қатерге тігіп, қашанғы орманды жаяу аралаймыз? Ең керекті жабдықтарды жіпке тіздік. Оның несі айып?

-Сен таң сәріден тұрып, орманға безіп кетеді дейді жұрт. Сонда шалынып құлаған боларсың. Әйтпесе жердің астына кіріп кеткендей ұшты-күйлі жоғалған ол не қылған ұрылар?

-Басеке, біз онсыз да жарытымсыз жалақыға жұмыс істейміз. Енді намысымызды таптатып, сізден сөз естір жайымыз жоқ. Әрі Тұрсын өтірік айтатын адам емес.

     Қызырбек бастап, Бақан қолдап, менің сөзімді сөйлеп шыққанда, айызым қанып, бастыққа сынай қарап отыра бердім. Ол бізден мұндай ұйымшылдық күтпесе керек, кәдімгідей аңтарылып қалды.

-Сол күнгі оқиғаға менің хаттамам дәлел,-дедім салқын үнмен. 

-Жұмыс кезінде жарақат алғаны үшін сіз Тұрсын ағаға  қаржылық тұрғыдан қолдау жасауға міндеттісіз заң бойынша,-деп Қызырбек кітапты текке оқымайтындығын анық байқатты.

-Сол оқиға болған жерде бейнебақылау камерелары орнатылғанда, мұндай сойқан орын алмас еді.

   Бақанның сөзі тәжікеге нүкте қойды. Бастық жоғарыдан келген қоңырауларға аса жұмсақ үнмен  жауап беруге кірісті. Біз шығып бара жатқанда, телефоны тағы шылдырлады. Аймақтың алпауыт кәсіпкері Жәнібек бізбен жүздеспек екен. Бастықты ортаға алып, жеңіл көлікпен желп етіп жетіп бардық.  Қанша жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Жәнібек сөзді қысқа қайырды:

-Мен хаттарыңмен таныстым. Дұрыс жазғансыңдар. Кешеден бері кәсіпкерлерді ортақ іске жұмылуға үндеп жатырмын. Нәтиже де жоқ емес. Он шақты кәсіпкер жиылып, тізімдегі заттарды алып беруге келістік. Әлде ақшасын ұстатсақ, өздеріңіз сатып ала аласыздар ма?

-Ақшасын алайық,-деді бастық жылдамдатып.

-Заттай берсеңіз,-дестік үшеуміз бір кісідей. 

     Ақыры Қызырбек ғаламторға кіріп, жақсы делінген бақылау камералары мен рацияларды таңдап алды. Ақылдасып отырып, өзге жоқтарды да түгендестік. Қалаға арнайы тапсырыс беріп, он күн шамасында жеткізілетінін айтқан Жәнібекке көзім тоймай қарай бердім. Сырт көзге қабағы қатулы, тәкаппар көрінетін егде жастағы  қимылы ширақ азамат нағыз табиғат жанашыры екен.

-Орманды, жалпы табиғатты бүгін қорғамасақ, ертең балаларымыз тақыр жерде отыратын болады. 

-Жәнібек менің ойымыды оқып қойғандай, саңқ етті.

-Ақ шаң қауып дейсіз ғой,-деп Қызырбек оның сөзін жалғай түсті.

-Иә, тура солай.

-«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар,-дедім мен де үнсіз қалмайын деп.

-«Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз де бар. Бізде көшет отырғызу ісі мүлде қолға алынбай келеді. Ол үшін қыруар ақша қажет. Жылына екі мәрте көшет отырғызсақ, бұл орманды сақтап қалуға бірден-бір жол болар еді,-деді Бақан көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын тура мінезіне басып.

-Ол болашақтың ісі, жігіттер,-деп жақауратты бастық.

-Күз келе жатыр. Кәсіпкерлерден қайта-қайта жинай беру де ұят болар. Келесі көктемде ақылдасайық ол шаруаны,-деген Жәнібек сөз біттіге сайып, орнынан тұрды. Бәріміз де оның соңынан еріп, қос қабатты зәулім дүкеннен шыға бердік. Бастықтан өзгеміздің  қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр.

-Неге ақшаны алмадыңдар? Мен жеп  қояды деп қорықтыңдар ма?-деді бастық көлікке отырып жатып.

-Жоқ,-деді Бақан. 

-Сонша затты сатып алып, қаладан тасымалдап жеткізу, оны құрғызу қияметтің қайымы ғой. Сіз шаршап, бекер әуреленбесін дедік.

     Бақанның сөзін мақұлдап, бас изесіп, кеңсеге келдік. Көлеңкеде қаңтарулы тұрған атымызға мініп, Қызырбек екеуміз  орманды бағытқа алдық.

-Менің момын торым көп мінілмей, семіріп кететін болды. Бұйырса, енді мотоциклмен жүреміз,-деді Қызырбек арсалаңдап.

-Жүргізуші куәлігің бар ма?-дедім оның аптығын баспақ болып.

-Менде бәрі бар, аға, Куәлік те, туған жерге деген сүйіспеншілік те,  еңбекке құмар жүрегім де бар.

-Асқақтап сөйлеп, бір күні ақынға айналарсың,-деп әзілдедім.

-Аға, біз ат мінбей, мотоциклмен келсек, мына орман әні үзіліп кетпей ме?-Ол кәдімгідей қауіптенгендей, жан-жағына аса сақтықпен құлақ түрді.

-Орман-ана баласы қандай кейіпте келсе де, құшағын жайып тұрады. Оған күмәнсіз сенемін. 

-Мотоциклмен құйғытып, қолымызға рация ұстап, неше түрлі өсімдікті  фотоаппаратпен суретке түсіріп жүрсек қандай тамаша болар еді! 

–Қызырбек кәсіпкерлер орнататын жақсылыққа көңілі алаулап,  алға қарай ұмсына түсті.

-Біз қара бақайымызға дейін заманауи техникамен жабдықталсақ, ұрылар да аяқтарын аңдап басатын болады,-деп мен де көңілді райымды бұдан ары ірке бергім келмей, шаттана сөйледім. Саққұлақ орман менің қуанышты даусымды жұлып алып, бір-біріне сыр етіп күбірлеп тұрды. Орманда шынымен де ғажайып үн бар. Оны тек тыңдай білетін жүрек керек. Орманда тылсым сыр бар, оны түсінетін ыстық көңіл керек.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan