Сахна сөйлейді
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Мәншүк» музыкалық драмасының (М.Қожахметова, А.Молдағалиев) премьерасын ұсынды. Драма – басты қаһарман «Мәншүк» есімімен аталған.
Ана құшағындағы сәбиден өрілген алғашқы көрініс көрерменді мөлдір, таза, шынайы әлемге жетелейді. Бірден жанды атмосфераны сезінесіз. Алты жасар Мәншүктің бесікке өрмелеген жыланды қорықпай ұстап алуы – бұл жай ғана оның батылдығы емес, өр мінезінің, қайсарлығының алғашқы ұшқыны. Жігіттермен бірге бәйгеге түсіп, оза шабуы оның табандылығын көрсетеді. Ауыл ақсақалдарының қамшы сыйға тартуы – бұлардың бәрі режиссерлік шешімге жетелеп тұрған көркем көріністер. Драмалық сюжетте кілт бұрылыстар арқылы оқиға ширыға түседі. Шағын көріністер тез-тез ауысып отырады. Майдан тынысын танытатын декорациялық ремаркалар бар. Мәншүктің соғыс ішінде жалғыз жүріп өткізген сценалары, түсінде әкесімен, анасымен тілдесуі секілді монолог үлгілері жиі ұшырасады. Хат формасын пайдалану арқылы ықшам детальмен анасы Әминамен арасын хабардар етеді. Әсіресе, Мәншүктің қаршадайынан құлағына сіңген Махамбеттің отты жырлары арқылы кейіпкердің ішкі қуатын көрсету тәсілі өте сәтті шыққан. Қарапайым ғана қайымдасудан Нүркен мен Мәншүк арасындағы сүйіспеншілік хикаясынан хабардар боламыз.

Қойылым режиссері Асхат Максимұлы драмалық ситуацияларға аса мән берген. Мәншүк Мәметованың тұлғасын тарихи деректер арқылы ғана емес, көркемдік тәсілдермен де терең ашуға тырысқан. Тұлға ретіндегі эволюциясын нанымды әрі әсерлі бейнелейді. Идеализациялаудан аулақ, алайда Мәншүктің батылдығы әу бастан, бала кезінен көрінген. Мәншүкте былқ-сылқ мінез, екіұдай ой жоқ. Тас түйін. Кішкентай детальдар, ірі қимылдар арқылы Мәншүк бейнесі ашыла түседі.


Соғыс дыбыстары (атқылау, жарылыстар) кейде кенеттен естіліп, кейде жарықтың мүлде өшірілуі драматургиялық шиеленісті күшейтіп, көрермен эмоциясын күшейтеді. Соғыс атмосферасына ену үшін қарама-қарсы жарықтардың өткірлігін арттырған. Сахнадағы әрбір элемент – жарық, дыбыс, қозғалыс – қойылымның идеясын нығайтып тұр. Соғысқа аттану сәттерінде, соғыс сәттерінде полилогты, көп дауысты қолдану сахналық тұрғыдан сәтті сценалар. Кейде сахна екі деңгейге бөлініп, өткен мен қазіргі уақыт қатар жүреді, кейіпкерлердің естеліктері мен әрекеттері параллель көрініс табады. Көрермендермен эмоциялық байланысты үзбеу мақсатында би фоны мен музыкалық сүйемел бастан-аяқ жүріп отырады.



Драманың ерекшелігі
«Мәншүк» музыкалық драмасының ерекшелігі неде? Драма жанрының табиғатын терең түсінген қойылым режиссері – Мәншүктің бейнесін ашуда сахналық тәсілдерді табысты пайдаланған. Біріншіден, режиссер қаһарман қыздың өмірін үш кезеңге бөліп қарастырған. Бала Мәншүктен (Мәнсия) дара Мәншүкке дейінгі аралықта характер жасау мақсаты көзделген. Басты кейіпкер бейнесін үш актриса сомдайды: бірі – бала Мәншүк, екіншісі – бойжеткен, үшіншісі – майдандағы батыр қыз. Бұл тәсіл арқылы кейіпкердің ішкі әлеміндегі өзгерістер мен оның рухани өсу жолын шынайы көрсетуге талпынған.
Екіншіден, адамды қалыптастыратын өз ортасы десек, Мәншүктің мінезіндегі өткірлік пен өршілдік Ахмет – Әмина Мәметовтердің тәрбиесімен тұтасып жатқаны анық. Мәншүк өз тұсындағы қазақ қыздарынан дараланып, оқшау көрінуі – қазақы дәстүрмен бауырына басқан Ахмет- Әмина Маметовтердің тәлім-тәрбиесі, оқу-білімге баулуы (туған ата-анасы Жеңсігәлі, Тойылша). Үшіншіден, драманың ішкі драматургиясын құрайтын Мәншүк пен оның әкесі Ахмет арасындағы қарым-қатынас. Рухани дүниесінің қалыптасуына ықпалы зор Ахмет Мәметов жұртына танылмал дәрігер – алғашқы қазақ Үкіметінің негізін қалауға ат салысқан өз заманының қайраткері. Әке жолын ту еткен Мәншүк өжет, бірбеткей болып бой жетеді. Кейіпкерлердің мінезі мен әрекеті әке мен қыз арасындағы көріністерде анық байқалады. Ахмет пен Мәншүктің көзқарасы, өмірлік ұстанымы үндес. Олар еліне, жеріне, халқына деген махаббатты бәрінен биік қояды. Бұл ортақ құндылық әке мен қыз арасындағы рухани тұтастықты құрайды. «Халық жауы» жаласымен ұсталған әке тағдыры Мәншүкті ауыр күрсініске, терең тебіреніске түсіреді. Елеулі есімін, адал атын ақтау үшін өз еркімен қан майданға аттанады.


Бұл қойылымда режиссер де, актерлер де образдың қанық болуына күш салған. Тағы да айта кетейік, сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қоюшы хормейстері Мәдениет саласының үздігі, Ғалымжан Берекешов, Костюм суретшісі Айдана Еңгебай, Қоюшы балетмейстері-Айгүл Амандықова, Хормейстері – Шыңғыс Аймақ, Жарық қою суретшісі-Ермек Мұхтарұлы, Дыбыс режиссері Асылжан Асқаров, Режиссердің ассистенттері – Еламан Иманбаев, Айдана Жетешова. Аты аңызға айналған қаһарман қыз, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова образы – Мақпал Дүйсен, Гүлден Құрмет, 15 жасар кезі – Айдана Жетешова, бала Мәншүк – Мәнсияны Дана Асхатқызы сомдайды.


Мәншүктің мәңгілігі
1883 жылы америкалық өнертапқыш Хайрем Стивен Максим ойлап тапқан «Максим пулеметі» Мәншүктің жалғыз серігі (екінші дүниежүзілік соғыста кеңінен қолданылған). Соңғы көріністе зеңбірегінен сәл ғана үлкен қыздың қоршаудағы сәті бейнеленеді, жарығы шеңбер, төңірегі тұман Мәншүктің бұлыңғыр бейнесі көз алдыңызға келе қалады.
Драманың трагедиялық финалы, кульминациясы – «Мәншүктің өлімі» сахнасы. Невель қаласы маңындағы ұрыста ерлікпен қаза тапқан батыр қыздың қазасы сахналық шарттылық әдісімен елес арқылы көрінеді. Оқ пен оттың арасы. Өмір мен өлім айқасы. Тосын көркемдік шешімдерімен қолтаңбасы айқындалатын талатты режиссер өмірдің жеңісін, өлімнің жеңілісін тілейді, трагедияны тұншықтырып, тасада қалдырады. Сұм соғыс Мәншүкті майданда мерт қылғанымен, Мәншүктің есімін өшіре алмады, сұм соғысқа лағнет айтқандардың және бейбіт заман адамдарының Мәншүкке деген шексіз махаббаты батыр қызға мәңгілік өмір сыйлады. Мәншүктің өмірі үзілген сәттен, Мәншүктің мәңгілігі жалғасты.
«Мәншүк» музыкалық драмасы – жай ғана тарихи қойылым емес, бұл Батыр қыздың рухына еткен үлкен тағзым. Режиссер Асхат Максимұлының шеберлігі мен актерлердің кәсіби өнері шын құрметке әркез лайық.




«Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында»
Мәншүк Мәметова! Бала кезден санада сақталған, жүректе жатталған есім. Қаһарман қыздың өмірі мен ерлігі баяндалған естеліктер, бейнесін сомдаған көркем туындылар аз емес. 1945 жылы жарық көрген Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» туындысы – батыр қызға арналған алғашқы поэма. «Мәншүктің өшпес ерлігі» (Ш.Сыздықов, 1985), «Батыр Мәншөк» (И. Нәсекенұлы), «Звёздный час Маншук» (А.Халимулдина-Прокопенко, Ә.Халимулдин (1985), «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» (А. Мәметова,Т. Әліпқали), жазушы-эссеист Мақсат Тәж-Мұрат «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», Мәншүк ғұмырнамасын зерттеп-зерделеп жүрген өлкетанушылар Жайсаң Ақбаев, Қазыбек Құттымұратұлы, Ахмедияр Батырханов еңбектері – мәншүктануға қосылған сүбелі еңбек, лайықты құрмет. Жуырда ғана Дүйсенәлі Әлімақын жариялаған («Егемен Қазақстан» 2025) «Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында» АҚШ Гельман кітапханасынан табылған 1945 жылғы «International literature» («Әлем әдебиеті») сериясының 3-нөмірінде жарық көрген «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Ольга Чечоткинаның эссесі үлкен олжа болып, мәншүктанудың парағы тағы да бір бетке қалыңдады. Бұл жазбада Мәншүктің майдан даласында Қорқыттың аңызын айтып, айналасына рух бергені туралы айтылады.
Мәншүк Мәметова ғұмырнамасын зерделеу

Ресми басылымдардағы Мәншүк Мәметова өмірбаянына қатысты мағлұматтарды («Егемен Қазақстан» 2020) тарих ғылымдарының кандидаты Күләш Төлентаева шартты түрде бөліп, төмендегідей қарастырады: біріншіден, Қазақстан тарихы бойынша кеңестік кезеңде және тәуелсіз Қазақстанда жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдарында, әртүрлі және әр жылдардағы энциклопедиялар және оқу-әдістемелік кешендерде берілуі. Екіншіден, Мәншүктің өміріне жаңа нақыштар мен рең беріп, оның болмысына бойлай түсуге мүмкіндік жасайтын естеліктер. Ғалым мақалалар деңгейінде көрініс берген естеліктерді де топтап қарастыруға болатынын айтады. (Мәншүктің соғысқа дейінгі өмірін қамтитын оқиғалар, майдандастарының журналистерге берген сұхбаттары немесе авторлардың өздері қалам тартқан толғаулары). Үшіншіден, Мәншүктің ғұмырнамалық мәселесін ғылыми зерделеуде академик М.Қозыбаев, т.ғ.д., профессор Т.Көлбаев, т.ғ.к., доцент М.Құрманова, т.ғ.к., доцент Б. Боранбаеваның еңбегін атап өтеді. Төртіншіден, Қазақ КСР және тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Орталық мұражайының директоры құжаттық мағлұматтармен жұмыс жүргізген М. Хасанаевтың еңбегін жоғары бағалайды. Бесіншіден, республиканың кеңестік дәуірі және Қазақстан Республикасы жарияланғаннан бері Мәншүк Мәметованың туғанына 50, 55, 60, 70, 75, 80, 90 жыл толуына орайластырған және оның майдан даласында ерлікпен қаза табуының 10,15, 20, 25, 30 жылдығына арналған, Невель қаласы үшін болған шайқастағы Жеңістің 20, 25, 40, 50, 65, 70 жылдығына жинақталған мақалаларда Мәншүктің ауыр қазасы туралы сақталған мұрағаттық деректерді еске салады.
«Бүгінгі Мәншүктану –тарихи дисциплина түрінде әрі жасамыс, әрі жас»
Жасамыс болатыны материалға кенде емес. Қазірдің өзінде 600-дей мәлімет бар. Бұл ай сайын, жыл сайын өсіп келеді. Бірақ осылардың ішінде керегі де, кебегі де бар. Соңғысы көбірек деуге ықтиярлымыз. Қысқасы әлі күнге дейін Мәншүктің біртұтас ғылыми ғұмырнамасы жасалмаған, тіпті туған күніне шейін әрқалай жазылып жүр. Екіншіден, Мәншүк жайында жазылған естіліктер, әлі айналымға түспеген жағдаяттар бар. Сонан соң Мәскеудің кино архивіне тапсырылған «Мәншүк туралы жыр» фильмнің қайшыға түспеген алғашқы нұсқасын іздестіріп тауып, жаңғырту күн тәртібінде тұр. Келесі үлкен мәселе – Мәншүк тұрған жерлерге барып, оның табаны тиген орындарды зерттеу, архивтік эверестика жүргізу. Тағы бір үлкен шаруа – Мәншүктің, Ахмет және Әмина Мәметовалардың фотосуреттерін түгел жиыстырып, атрибуцияларымен әзірлеу, – дейді мәншүктанушы Мақсат Тәж-Мұрат Мәншүк Маметованың туғанына 100 жыл толуына орай өткен «Қаһарман қызы қазақтың» ғылыми-тәжірибелік конференциясы «Мәншүк тұлғасын өзектендіру және мәншүктану мәселелері» баяндамасында. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жүргізуге қауқарлы орталықтың болғанын, Мәншүк музейіне жекелік статусын және ғылыми мекемеге мәртебе қайта беру жөнінде де ұсыныс білдіреді (Жайық пресс, 2022).



«Мәншүк ең әуелі қазақ үшін соғысқан»
«Qazaqstan tarihy» порталында «Мәншүк ең әуелі қазақ үшін соғысқан» сұхбатында Ж. Шамұратова «Мәншүк туралы мәліметтер бар секілді көрінгенімен олардың бірін-бірі қайталайтын, көбі анық-қанығы толық зерттелмеген жарытымсыз деректер екенін көзі қарақты жұрт біледі. Біз батыр қыз туралы жалғыз фильмді көріп, ерлігі туралы естіп өстік, кейінгі ұрпақ ше? Олар Мәншүк есімін жанына жақын көре ме? Өйткені, уақыт озған сайын кешегі тарих көмескіленіп, екіншідүниежүзілік соғыс туралы түсініктер өзгеріп жатыр», – дейді. Біз көріп өскен туралы «Песнь о Маншук» – «Мәншүк туралы дастан» фильмі туралы (1970) Назерке Жұмабай «Нағыз Мәншүк» («Егемен Қазақстан») «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесі Мәжит Бегалиннің режиссерлік жұмысына: «Киноматографиялық ойлаудың тұтастығы, деректі оқиғалардың үйлесуі, көркем бөлшектердің экспрессивтілігі, жеке тұлғаны, лаконизмді және ұрыс көріністерінің ішкі шиеленісін ескере отырып, актермен жұмыс істеуіне дейін шебер орындалған» деген дерекке жүгінген. Алғашқы киноөнімнің жетістіктері жайлы атап өтеді: Әрине, ең әуелі фильм айналасынан топтасқан шығармашылық одақтың мықтылығында. Ерлік дастанының екінші жеңісі – ол әлбетте басты рөлдегі әртіс Наталья Орынбасарова. Фильмнің үшінші табысы – туынды режиссері Мәжит Бегалиннің өзі де майдан даласында болып, қанды қырғынды көзімен көріп қана қоймай, Мәншүкпен бірге 100-ұлттық атқыштар дивизиясында жауға қарсы соғысқандығы дер едік. Бастапқыда қайсар қыздың балалық шағынан сомдауды мақсат еткен фильмде Мәншүк және оның майдандастарының соғыстағы бір күні таспаланған делінген. «Мәншүк туралы дастан» фильмі жайында «Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!» (Түркістан газеті) мәншүктанушы Мақсат Тәж-Мұрат: «...кезінде бірталай кемшілігі үшін сынға қалған еді (орыс жігіттердің оны «баба» дейтіні, бас кейіпкер де олардан қалыспай, қарсы бажылдайтыны т.б.). Бұл әсіресе Мәншүктің ол кезде көзі тірі майдандастарының орынды ашу-ызасын туғызғанын», «Батыр апамыздың екі режим қақтығысқандағы прокси-қырғынның – даңқ пен дақпырттың арасында тамсандырып қана қысқа үзілген ән секілді трагедиялы тағдырының психологиялық иірімдеріне бойлап, әйел жанының құпия қалтарыстарын аша алмаған. Өкінішті», – деп «Хабар» арнасы ұсынған Мәншүк Маметова жайлы алты сериялы телехикая туралы да (2022) биік талап дегейінен шыға алмағанын, көркем фильмнің тарихи шындықтан алшақ кеткенін ашына жазады. Мәншүктің шырғалаңға толы қысқа ғұмырын әлі де терең зерттеу керектігін алға тартады.
Жібек Болтанова,
әдебиеттанушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.