Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты ой салар мақаласын оқып шығып, көкейде жүрген көп сауалдарға жауап тапқандай күйде болдық. Ең алдымен айтарымыз – біз күні кешеге дейін экономиканы алға салып, идеология екінші санатта қалып келіп еді, ал бұл жолы ел Президенті осы жағын мықтап қолға алуды ұсынып отыр. Бұл елеулі қадам, оң өзгеріс!
Мақаланы бастау сөзінде өзі атап өткендей, мұнда бұқаралық сананы сілкілеу мен өзгерту басты нысанға айналыпты. Өте құптарлық шаруа! Ол үшін не істеу керек? Міне, осы тұрғыда қозғалған әңгіменің түп төркіні – қайтсек әлем таныған ел боламыз, қайтсек өзгелер бізбен есептеседі, қалай етсек абыройымыз асқақтап, мерейіміз шалқып, көсегеміз көгереді! Кез-келген халық өзінің өткенін ұмытпауы керек, оны естен шығарса, жады да қысқара түспек.
Демек, өткен тарих – елдіктің алтын айнасы, бет-бейнесі. Қала берді тарихтан өз орнын алып, есімдерін өшпестей етіп жазып кеткен бабаларымызды да әрдайым еске алып, құрмет көрсетіп отыру ләзім іс! Одан соң ұлттық бірегейлік пен татулық, ілім-білімге құштарлық, сананың ашықтығы мен алғырлығы – осының бәрі де ұлт үшін аса қымбат болмақ! Кез-келген елдің мықты да мығым болуы – тілінің сақталуы, әдет-ғұрпының ұмытылмауы, дәстүрлерінің өміршеңдігімен өлшенсе керек! Әдебиеті мен мәдениетінің де алатын орны ерекше екендігін ұмытуға әсте болмайды.
Ендеше, ел Президентінің осы өте мағыналы ойтолғауының ізімен атқарылар шаруа да шаш етектен болмақшы! «Қазақстандағы жүз жаңа есім» деген жоба арқылы ұлтымыздың ең таңдаулы, ең үздік өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларын екшеп алып, оларды шетелдерге, әлем халқының назарына іліктіріп-таныстырып жатсақ, нұрлы іске айналмас па! Қысқасы, бұл мақаланың мәні де, мазмұны да ерекше! Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдық асуы биігінен осылайша сөз арнау – өте құптарлық бастама!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.