Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Дипломат
(ЖҮРЕКТЕГІ ЖҰМБАҚ)
(Роман-симбиоздан фрагмент)
Аса мәртебелі оқырман!
Тағы бір көлемді жаңа шығарманың нүктесін (шартты түрде айтып отырмын, әйтпесе роман дегеніңнің бір қайнауы кем болады да тұрады) қойғалы да, міне, екі-үш айға ұласып барады екен. Бұған дейін де төрт-бес роман жазғанбыз, (оның ішінде «Күлкі мен көз жасы» мен «Олигарх қазақ» бар), олар жайынан көзіқарақты оқырман бек білулі. Шаршатады екен. Ойға да, жүрекке де салмақ салары тағы бар. «Мен Алла алдындағы пенделік-қаламгерлік міндетімді шама-шарқымша өтедім» деп, осымен тізгін тартып, тоқтаған сияқты едім. Алайда, әнебір уақытта кәсіби дипломаттар ортасына түсіп қалып, қызу талқы-тайталасты тыңдау сәтінде, тағы бір төтен ой мазалап кетер ме? Ой болғанда қандай? «Біз, қазақ қаламгерлері, осы кезге дейін ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті, тіпті тұлға мен тұлғаны тартымды уәжбен табыстырып жіберетін, барлық күрмеулі мәселелерді мәміле арқылы шешудің «шебері» - дипломаттар өмірінен көркем туынды жаза алдық па? Олардың тағдыры, толғанысы, жан азабы һәм қыл үстінде жүргендей «қияметті» қызметі мен тұлға ретіндегі толыққанды көркем образы жасалды ма? Бар болса, кәні?
Қиялыма төтеннен ой-түрткі түссе де, басымды алып қашып, жоламауға тырысып бақтым. Қашқақтадым. Тақырып, әрине, барынша бұлталақты. Елшілік қызметкерінің су астында жатқан жалтыр тас іспетті, дереу ұстап ала қоюға барынша ыңғайсыз бейнесін даралау – қиын! Қиын ғана емес, өте-мөте қиын! Ол, ең алдымен, мемлекеттік қызметші! Оған қоса, ел мен ел арасына дәнекер болар дипломат! Сондай бейнені сомдай отырып, санасы биік мәртебелі оқырманды селт еткізердей нендей ой өрмектеуге болады? Жазу керек пе? Жазуға бел бусам, қай қырынан қиялап келгенім мақұл? Бірнеше ай ойландық, толғаттық. Ақыры, тәуекелге бел будық. Оқиға, образ және идея! Бәрін бір «аулаға» жіпсіз сүйреп әкеліп, үйіріп қоятын ұстын керек болды. Сосын да, әртүрлі әдеби әдісті (мүмкін тәсіл ме) қолданып бақтық. Өзімізше экспериментке бардық.
Әр қаламгердің, мейлі қандай тақырыпқа барса да, әу бастан діттеген мақсаты мен шығармашылық құпиясы болады. Біз бітірген «Дипломат» атты бұл романда қазіргі заманның ушығып тұрған қылбұрау шиеленістеріне жас дипломат (мәмілегер) көзімен қарай отырып, жер үстіндегі тайталастар мен текетірестер сырына үңілген жайымыз бар. Адам болмысындағы ізгілік пен кереғарлық. Кісінің ішкі жан әлеміндегі көзге көрінбес қатпар-қыртыстар. Екі дос - консул Елшібек пен тарихшы Дарынғалидың аз уақыт ішінде бастан кешкен оқиғалары мен тосыннан туындаған психологиялық тартыстарды тарқата отырып, көркемсөз синтезі (әлде симбиоз) әдісімен адамзат азабы мен бақытының түпкі мәні неде деген сауалға жауап іздеген түріміз еді бұл.
Аяқтап болған соң да тартыншақтап, қолымызда ұстадық. Бір жолы талантты да танымал жазушы Төлен Әбдікпен телефон арқылы тілдесіп қалып, осы шығарма жайында айта қалармын ба? Елгезек аға «менің поштама жібер, оқып шығам» дегені. Жүрексіне жолдадым. Бір апта өтті - үн жоқ! Бір ай өтті - тағы да үнсіздік! Сосын өзім хабарластым. Төлен ағам күле сөйлеп «жаңаша жазуға талпыныс жасапсың, дипломат бейнесін иіріп әкеп, «тұмсығын» тарихқа тығыпсың, мұндай да керек, маған ұнады, «Өркениет» журналының екі-үш нөміріне түгел жариялаймын» дегені.
Журнал өз алдына, жеке кітап боп басылып, көпшіліктің қолына тигенше қай заман, қанша уақыт? Сосын да ойлана келе, қалың оқырманға жаңа шығарманың бір шөкім бөлігін ұсынып, таныстырып қойғанды жөн көрдік.
Автор. 03.08.2026 жыл
ДИПЛОМАТ
(Роман-симбиоздан фрагмент)
ҮШІНШІ БАЯН
(Яки елшіліктегі жұмыс сәттері)
...Елшінің қабылдау бөлмесінде отыратын имиген инелік қыз есіктен «шуда басын» көрсетті. Жасырары жоқ, келбетті бойжеткен. Түрі де тартымды. Тек төбесінде «шөмелеленіп» тұратын шашы болмаса? Қанша жұлмалап, сәнін келтіріп тарап жатса да, шуда секілденіп ұйысып тұратыны ып-рас. Қызметтегілердің көбісі оны өз атымен атап жатпастан сыртынан «шуда бас» дей салатын. Ал, көзінше Инелік қыз дейтін. Сол инелік қыз қазір ұйысқан шуда басын көрсетіп қана қойған жоқ, масаның ызыңындай сызылма дауыспен:
– Сізді-е шақыр-еп-п жатыр, - деді. Әшейінде орындықта керіліп-созылып отырып, телефон арқылы тарс еткізіп айта қоюшы еді. Бұл жолы өзі келді. Аға деп сыйлауды үйрене бастағаны екен-ау деп риза болған сыңаймен:
– Өй, Ине... - Тоқтап қалды да: - Телефонмен айта салмадың ба? – деп, артық сөзге бармастан, орнынан асығыс тұра берген. Инелік қыз енді сызылма даусын сәл жуандатып:
– Өзіңіз ғой телефонға мініп алып, түспей қоятын! – дегені. Тілінің қыршаңқысын қарашы! Аса қалжыңқой емес еді, бірақ осы сәтте барынша сабырлы Елшібектің өзін шапқа түртіп, тісін қышытты.
– Қарындас! – деді. – Атам қазақ неше ықылым замандардан сәйгүлікке бұт артып, ешқашан аттан түспеген, мен де солардың ұрпағымын, бірнеңенің үстіне мінгім келіп тұратыны содан ба деймін? Телефоннан басқа не қалды бұл күнде біз бұт арта қоятын?
Инелік қыз қазымырлана қалып:
– Қайдағыны айтып кетесіз! – деп қиқайды. – Ол міну мен бұл мінудің арасы жер мен көктей. Сөзіңіз аса қиюласып тұрған жоқ.
– Жөн, жөн! -деді Елшібек те езуіндегі мысқылды тоқтата алмай. – Мінудің түр-түрі бар бұлағай заман болды ғой біздің уақыт!
Енді Инелік қыз қабағын түйе қалып:
– Бұралқы сөзді сағыздай созып тұра бересіз бе осылай? Елші асығыс шақырды демедім бе? - деп, дүңк етті. Аяғында айтылуға тиіс «сізді-і...» дегенді бөліп алып, созып тұрып алған.
Елшібек Инелік қыздың «сізді...» деп созбақтағанынан тағы бірнемені дүңк еткізе ме деп, алдын орап, «жарайды, жарайды» деп, қағаздарын қолтықтаған қалпы, елшінің кабинетіне бет бұрып, жетуге асықты. «Әлгінде ғана кіріп шығып ем, енді тағы неге іздей қалды екен?» Ойында осындай дүдамал сауал кілкілдеп тұрды. Сол ойдан арыла алмаған қалпы жүгіре басып кіріп барды. Иығына кәстүмін де іліп үлгерген жоқ. Әдетте асықпай қозғалып, қолына жазу блокноты мен қаламсабын алып кіруші еді. Осы жолы оның бәрін ұмытты. Таяуда астанаға барып, кеудесіне медаль тағып келгелі, соның буымен барынша қанаттанып алған кезі. Жер мен көк арасында қалқып жүргендей.
Елші әдеттегідей емес, сыз қабақпен қарсы алды. Көз жанарынан да суық леп есіп тұрды. Көңіл күйі жоқ екені ә дегеннен көрініп қалып еді.
– Консул, келесі жолы мен шақырғанда мәйкішең келерсің! Мәйкімен...
Елшібек енді ғана өзінің еркінсіп кіріп барғанына, үстіндегі пиджагін де ұмытқанын байқап, қатты қысылып қалды.
– Мақсұтхан Матайбекұлы, кешірім сұраймын! Сіз шұғыл іздеген соң, дабырақтап қалып, тым асығыс кіріппін. Мен қазір...
Қайта шығып кетуге бұрыла берген еді. Елшінің қатаңдау үні саңқ етті.
– Отыр мында!
Амалы құрыған қалпы, салы суға кетіп, елшінің алдына келіп шоқиып отырды. Алып-ұшқан сезім буы да бір пәсте басылып қалды. Судан шыққан торғайдай бүрісулі кейіп.
– Сенен жақсы, үлгілі қызметкер шығады деп үміттеніп жүруші ем. Сенімді ақтай алар түрің байқалмайды. - Осыны айтты да, сәл-кем үзіліс жасады. Неге бұлай деуінің себебін айтуға асықпады. – Өзіңнен қатты үміттенуші ем! – Тағы да соза түсті. Сосын барып: – Үстіңнен шағым бар! - деген.
– Шағым? - деп, Елшібек елең етті. – Кімнен? Қайдан?
– Қайдан деймісің? Астанадан. Сыртқы істер министрлігіндегі бір департаменттен.
– Елші мырза, сонда не депті? Қандай қателігімді байқапты?
– Сен, бала, жәй қызметкер емес, консулсың. Солай ма? Ендеше атқаратын жұмысыңның ауқымы да, жауапкершілігі де өзіңе белгілі. Осындағы қандастарымыз басқаға емес, сенің кабинетіңе көбірек келеді. Сені көп іздейді. Олардың басына түсетін әртүрлі қиыншылықтарды реттеп беріп отыру – саған тиесілі! Сенімен ақылдасып шешеді. Рас па?
– Әлбетте солай, елші мырза!
– Өткенде өзіңе кіріптар болып келген қазақ елінің азаматшасы – Арзыгүл деген келіншектің шаруасын дереу шешіп беру орнына кабинетіңнен қуып шығыпсың. Осы рас па? – Елші енді бұған жанарын тіктеп қадап, ызғарға ызғар қоса, жерге тығып жіберердей жасқап қойды.
Консул жылдам ойланып, осыдан біраз бұрын қайта-қайта келіп, мазасын алған, сөзінен бетер екі иығын жұлып жеп, атыла жұлқынып тұрған ақсұр келіншекті есіне түсірді. Құжатын жоғалтқан. Әлбетте, бірден жағасынан алған жоқ. Тәртіп бойынша уақытша куәландыратын құжатты даярлап, қолына ұстатты. Бірақ, жұлқын мінез әйел оны менсінетін емес. «Маған төлқұжатым керек» деп тепсінеді. «Енді соны тез арада қайтадан жасатып беруге ықпал етуге тиіссіңдер» деп дікектейді. Сөздері түйеден түскендей. Талап қоюы қатаң. Елшіліктегілердің қолы бос, істер ісі жоқ, тек төлқұжатына ие бола алмай жүрген сондайлардың алдына түсіп алып жүгіріп, жұмысын шешіп отыруы керек сияқты. Әуелде ақырын түсіндіріп айтты, тіпті жұмыс істеуге мүмкіндік бермей бара жатқан соң, «Арзыгүл замандас, сізден басқа да қиын жағдаймен келушілер бар, бәрінің көңіл қыбын табу оңай емес» деп дауыс көтере сөйлегені, тіпті бір сәттік ашуға ерік беріп, есік жақты нұсқағаны рас еді.
– Елші мырза, ол ақсұр келіншек есімде, - деп енді жағдайды түсіндіре бастады. – Ақыл-есінде кішкене кемістік бар ма, сәл дауыс қатайтсаң бітті, аласұрып, сөз тыңдау орнына жын ұрғандай, көтеріліп кететінін байқадым. Жоғалған құжатын аз уақыт ішінде, тіпті тез арада қайтадан жасатып бересің деп дігірлеп талап қойды. «Оны біз берген уақытша куәландыратын құжатпен елге қайтып, сол жақтан жасатып әкелесіз» деп түсіндірдім. «Жоқ, мен елге бармаймын, осында жұмысқа тұрдым, маған төлқұжат ауадай керек» дейді. Онысын да құп алдым. Мақұл дедім. Арызын жаздырып алғам. Енді өтінішіңді жібереміз, біршама уақыт күту керек деп, мән-жайды да анықтап түсіндіргем. Ол күнара келіп, есік қағып, жұмысыма кедергі жасап, мазамды ала берді. Сосын...
– Демек, дауыс көтергенің рас қой? Бұл жарамайды, сен елшіліктің жауапты қызметкерісің! Елшіліктің айна-сы-сың! Оны әрдайым есте ұстауың керек. Міндет-ті-сің!
– Әрине, Мақсұтхан Матайбекұлы! Мен әрдайым сыпайы сөйлеп, барлық адамдармен дипломатия тәртібімен тілдесуге тырысам. Тек кейде...
– Кейде деген сөзді бұдан былай біржола ұмыт. Төшкі!
– Құп!
– Бара бер!
– Ал, ана арыз?..
– Арғы жағын маған қалдыр.
***
Күні бойы «ана жақта тырнақ астынан кір іздеп, арыз жинастырып жүрген кім екен» деп басы қатып жүрді. Жұлқынып тұрған ақсұр келіншек Арзыгүл көз алдынан кетпей қойды. Ол астанаға қалай хабарласқан? Кіммен байланысқан? Неге бұның үстінен арыз айтты? Сонша ушықтыратындай шаруа емес еді ғой, сәл сабыр сақтаса, шешіліп те қалар еді. Әлде, осындай шу шығарып қою әлдекімдерге ауадай аса қажет болып жатыр ма? Саржанға телефон соғып, анықтасам ба деп ойланды. Артынан ол ойынан қайтты. Саржан мұндайды біле қояр ма? Қатардағы қызметкер. Ол – бір жағы. Екіншіден, осы жайсыздау әңгімені жар сала елге жария етіп қайтеді? Елші өзім реттеймін деген жоқ па?
Осы кезде қалта телефоны шырылдап қоя берді. Көтерді. Астанадан хабарласып тұрған Дарынғали екен.
– Ау, достым-ау, мүлде хабарсыз жатып алдың ғой. Уәде қайда?
– Ана жолғы мәселе ме? Сәл күте тұр.
– Бір айға жақындады. – Дарынғали тақымдап барады. – Уақыт – ақша дегендей...
Елшібек ашулана жаздап барып, өзін-өзі ұстады. Елшінің «сен елшіліктің айнасысың» деген сөзі санасында жаңғырып тұр. «Артық сөз айту – елшілік қызметіне кір жұқтыру. Сабырлы болуды үйрену керек екен, сабырды! Сабыр деген сабазды!..»
– Сенен жасырмайын. Үстімнен арыз жазып жіберіпті біреулер! - деді ақырын үнмен. – Астана жақтан. Сол себепті елші маған ренжулі. Әзірге сенің шаруаң жайлы ашық айта алмай отырғаным сонан.
– Арыз? Кім? – деп, Дарынғали қызыға сұрап ала жөнелсін. – Неге сенің үстіңнен жазған? Кімге жақпай қалдың, а?
Бұдан әрі мұндай әңгімені жалғастыруға құлқы жоқ Елшібек сөзді осы жерден доғармаққа ниеттенді.
– Ол енді ішкі шаруамыз. Жәй, қазіргі жағдайымды түсінсін деп айта салдым. Ал, шақыру хатты кішкене күте тұр. Уәдемді жұтпаймын.
Дарынғали енді Елшібекті көңілдендірейін деп басқа нәрсені айта бастады. Досының Нәзір атасы жайында айтқан өткен жолғы жеке өтінішін еске түсірді.
– Айтпақшы, мен өткен аптада бар жұмысты ысырып тастап, арнайы отырып, Нәзір Төреқұлұлының өмір-тағдырына қайтадан тереңірек ден қойып, түсіндіру мақаласын түздім. Бұрынырақ көзді жұмып отырып-ақ жатқа соғатын тағдыр жолының бұралаңдары көмескіленіп, есімнен шыға бастапты, не керек! Бұл – өз басыма өткенді қайталап жаңғырту жұмысы болғандай. Қазір жіберем поштаңа! - деп алды да: – Білесің бе, кезінде Нәзірдей тұлғаның да жолын кес-кестегендер жетерлік, үстінен неше түрлі арыздар қарша бораған екен. Соның бәріне де шыдаммен қарап, сабырмен және адал еңбегімен жеңіп шығыпты, - деп, жігерлендіре аяқтады.
– Төреқұлұлына да тыныштық бермеген осы қазақ па?
– Енді кім дейсің? Сырттан жау келе ме? Ал, жақсы. Қазір электронды поштаңа түседі. Күт!..
***
Елшібек өз кабинетінде оңаша отыр. Бүгінгі бұратылма көңіл күйін өзі де түсіне алмауда. Еңсесі көтерілер емес. Желкеден басқан бір зіл бар. Салмағы ауыр тастай. Жанары да оңды-солды ойнақшып, бір жерге тұрақтамай қойған. Әлгінде ғана поштасына досы Дарынғали жіберген мақалаға еріксіз көзі түсе береді. Алғашында құлықсыздау еді, сөйтсе де ықылассыз ашып, көз оғын кезеген. Әр жерінен жұлқып-жұлқып оқыды. Көңілі бәрібір алаң еді.
«Нәзір Төреқұлұлы Ташкентте Орталық атқару комитетіне басшылық жасап отырған шағында, Маңқыстау өңіріндегі бірнеше болыс аумағы түркімендерге ауысып кеткелі тұрғанда, оған ырық бермей, қазақ шекарасының ауқымында қалдыру туралы арнайы қаулы қабылдап, мәселені шегендеп тастады. Бұл шаруа кейбіреулердің жалған намысын оятып жіберсе керек, сол үшін аяқ астынан теріс пиғылдылар табылып, «ер-тоқымын бауырына ала» тулап, дереу Орталыққа арыз жолдады...».
«Нәзір Ташкентте лауазымды қызметте отырған шағында, бұл 1922 жылдың орта шені еді, дана Абайды халқына етене таныстыру мақсатымен, бір томдық өлеңдер жинағын жинастырып, оны шығаруға тікелей атсалысты, артынан Абайды терістеушілер мен қаралаушылар «байшыл-ұлтшыл ақынды жақтаған» деп, әрбір сөзінен кінәрат іздеп, қарсы мысал ретінде пайдаланды...».
«Төреқұлдың Нәзірінің таланты мен қабілетін «қызыл саясаттың бас штабы» өз жұмысына шебер пайдалана білді. 1924 жылы Мәскеудің қақ төрінде қызметте отырған Нәзірге «ұлтшыл ақын Мағжанның Сұлтанбек Қожанұлының алғысөзімен шыққан бір томдық өлеңдер жинағын талқылауды, реті келсе сылқита сынауды» тапсырды. Компартия мүшесі Төреқұлұлы тапсырманы амалсыз орындап, талқылау «шаруасын» тігісін жатқыза өткізсе де, ақынға «тілі тиді». Міне, осы ісі үшін кейінірек Нәзірді қаралап-жамандаушылар, басына қара бұлт төндірушілер аз болған жоқ...»
«Дипломат Төреқұлұлы 1928 жылы Сауд Арабиясына келген соң, билік басындағылармен тез тіл табысып, қоян-қолтық араласып, өте беделді елші дәрежесінде қызмет атқарғанына қарамастан, үстінен домалақ арыз жазылып, 1936 жылы шұғыл түрде Мәскеуге қайтарылды да, келесі жылы «халық жауы» деген жалған жала мойнына ілініп, ату жазасына кесілді...»
Консул жүрегі сығымдағанын байқап, кеуде түймесін ағытты да, өз-өзіне келе алмай, қысылған қалпында қинала, ауыр дем алды. Барлық уақытта бітпей қойған, жалғасып келе жатқан тобықтан шалушылық, көре алмаушылық пен қызғаныш жайы жүрегіне мың батпан салмақ жүгін артқандай сезімді қайталап бастан өткерді.
«Денем дірілдеп кеткенін қарашы! Неге бұлайша дір-дір еттім? Қорқыныш сезімі ме, әлде басқа бірнеңе ме? Қайран, Нәзір ата! Кер заманға қор болған тайқы тағдыр! Топастардың табанына тапталған жақұт-ғұмыр! (Сәл тоқтап барып, қайта сөйледі) Бәрібір қара ниеттілер есіміңізге мәңгі қара дақ жаға алған жоқ, жаңа ұрпақ, жас ұрпақ сізге алғыс сезіммен, барынша құрмет көрсетіп жатыр. Міне, мен сіздің атыңыздағы төсбелгімен наградталған елшілік қызметкерімін! Мақтанамын осыған...»
ТӨРТІНШІ БАЯН
(Яки Дарынғалидың келуі және...)
Жақында ғана Мысыр топырағына табаны тиген Дарынғали Дабырұлы әуелгі кезде жаңа шаһарға бірден бауыр басып кете алмай, көбіне Елшібектің жанына үйірсектеді. Енді қайтеді? Болашақ атқаруға тиіс шаруаларын да осы жерде пысықтап алмаса бола ма? Басқа кімді танығандай. Ең қиыны – Каирді тұңғыш рет көріп тұр, қаланы мүлде білмейді. Оңашалап аралап кетсе, қайтар жолдан адасып, күшала жұтқан адамдай, миы шатысып, мүлде басқа жақты шарлап кетуі де ықтимал.
Бүгін де кәдуілгі әдетімен таңмен таласа тұрды. Бөлмеге жарық сәуле кірді дегенше ұйқысы шайдай ашылады. Ал, содан соң дөңбекшу басталады. Қанша өзін-өзі қинап бақса да, қайтып ұйықтай алар ма? Ұйқы қайда? Сосын төсектен тұрады да, асүйге кіріп, кофе қайнатуға кіріседі. Таңғы ыстық кофеге жетер не бар? Оның ләззатын айтсайшы. Әсіресе, өзіңмен-өзің оңаша отырып, алысқа-а қиял ұзатып қойып, кофе ішкен сәттің рахатын сөзбен айтып тауысарсың ба?
Сол әдетінен таңған жоқ. Кофесін ішіп алды. Сосын асықпай киінді. Сыртқа шықты. Бірер күннен бері жатталып қалған үйреншікті жолмен елшілікке қарай ақырын аяңдап отырып, енді жетіп те қалып еді.
Дарынғали тап қазір ерекше көңілді. Ал, Елшібектің реңі пәс. Әлденеге алаңдаулы. Дарынғали ештеңеге көңіл аудармастан, әңгіме үстіне әңгіме еселеп, тоқтаусыз дабырлап сөйлеп отырды.
– Мені осында шақыртып алғаныңа алғысым шексіз. Елде салпақтап жүре берсек, тап мынадай құлшыныс бола ма, жоқ па? Ертеңнен бастап іске кірісем. Саған салмақ салмаймын. Маған жол көрсететін бір адам, тіпті жарты адам тауып берсең, жетіп жатыр.
– Ол жағынан қам жеме. Барар жеріңе апарады, - деп Елшібек көңілсіздеу сөйледі. – Бірақ, басқа бір мәселе туындап отыр.
– Ол не? Тағы шағым ба? – Дарынғали таңдана, сұраулы жүзбен қарады.
– Шағым емес, сыбыс! – Елшібек мән-жайды түсіндіре бастады. – Бағана маған Сыртқы істер министрлігіндегі досым Саржан телефон соқты. Даусы біртүрлі естілді. «Тыныш жүрсең, бір жерің қисайып қала ма?» дейді дүңк еткізіп. Ауыр айтты. Жүрегіме қадалған инедей. Ау, бұл сөзіңе не жорық десем, мұнда сені шақыртқанымды, енді басқа жер емес, нақ сұлтан Бейбарыс мешітін жағалайтыныңа дейін біліп отыр. «Өзіңе өзің тосқауыл жасап, сау басқа сауда тілеп алып жатырсың» дейді маған. «Саған сол керек пе еді?..»
– Апырмай, мына дипломатиялық қызмет дегеніңді енді ғана ептеп түсіне бастағандаймын, қылыштың жүзіндей қылп-қылп еткен орын ба, қалай? – Дарынғали көкейіндегі бір дүдәмалды жайып салды. – Бұндайда қалайша құлашты кеңге жайып, емін-еркін жұмыс істейсің? Күш-жігеріңді мағыналы шаруаға арнау емес, қайран уақыт сырт көз не деп сыпсың айтып жатыр деп аңдысумен өтетін сияқты ғой?
Елшібек досының пікіріне бас изеген жоқ, оның ойын толық қостамайтынын ыммен байқатты.
– Сөзіңе кішкене түзету жасайын! - деді. – Дипломатия – сыртқы саясаттың отты ошағы! Отқа жылынып, жақсы өмір сүруге де болады, кейде абайламасаң, сол оттың жалынына байқаусызда ұшып келген сорлы көбелектей жалп етіп, күйіп кетуің де мүмкін.
– Жалынға күйіп кету туралы айта көрме! – Досы шырылдап кетті. – Аман жүрші, әйтеуір. Сенің ары қарай да өскеніңе тілекшімін. Ал, менің жағаласқан әрекетім саған кедергі келтірер болса, бүгін-ақ елге қайтып кетуге әзірмін.
– Айтайын дегенім ол емес. Жалпы, діни мекенжайға кіріп-шығу шаруасында барынша сақтық керек дегенді еске салып қойғым келді. Барған жерлеріңде мүмкіндігінше ши шықпаса деймін. Сәл қисық әрекет – айналып келіп елшілікке таяқ боп тиеді. Әсіресе, маған...
***
Екеуара әңгіме аяқтала бере, Елшібек елшілік ішінде отыратын елгезек жас жігітті өзіне шақырды. Жүріс-тұрысы тап-тұйнақтай. Киімі де барынша жарасымды. Осы тұрысында сырт келбетінен мін таба алмастың өзі. Сөзі де нақ, артыққа аяқ баспайды. Дарынғали сымдай тартылған өрім жасты осындағы көп қызметкерлердің бірі екен деп ойлаған. Сөйтсе, Каирдегі бір жоғарғы оқу орнында оқитын студент. Сабақтан қолы бос кезде өз еркімен елшілікке келіп, көптен бері қолғабыс жасап, өз көмегін көрсетіп жүргенін дереу біліп алды. Сосын да оған деген ықыласы ерекше ауа түскен.
– Ал, енді жақын таныс болыңдар! – деп, Елшібек жас жігітке қарап, Дарынғалиды нұсқады. – Мына кісі астанадан келген қонақ. Тарихшы әрі жазушы.
«Тарихшы әрі жазушы» деп кеңқолтық көңілге салып, нығырлап айтқанына сәл ыңғайсызданған Дарынғали дереу досының сөзіне ілесе үн шығарып:
– Тарихшы дегеніңе сірә да қарсылық жоқ, бірақ жазушы деп тым дабырайта қомпитқаның артықтау! Басы артық сөз! - деген. – Жас жігіт дұрыс түсінбей қалып жүрер. Анығын өзім айта салайын. Бар болғаны - тарихи тақырыпта көркем дүние жазуға ынтасы бар талаптанушымын. Талапкермін.
Дипломат досы жауап қатпастан, «мен айттым, арғы жағын өзің білерсің» дегендей, басын төмен иіп, кеңк-кеңк күліп тұрды.
– Менің есімім – Жәмілхан.
– Мен – Дарынғалимын. Дарын аға десең болады.
– Жәмілхан! - деді Елшібек қазір ғана күлкісін тұзақтап. – Саған жүктелер бір жауапты жұмыс бар. Ол – мына Дарын ағаңмен бірге жүріп, жол көрсету, барар жеріне апару, керек шаруасына қолғабыс ету. Жарай ма?
Жәмілхан құрақ ұшып тұр. Не десе де ләббай дейді.
– Аға, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын. Дарын ағаның жанынан ұзамаймын. Бір елі қалмаймын. Бұл ағайдан, әлден байқалып тұр, менің үйренерім өте көп сияқты.
– Ой, айналайын, от боп жанып тұр екенсің! Түбі дипломатия саласының үздік қызметкері шыққандай екен өзіңнен! – деп, Дарынғали ризашылығын жасырмастан, жас жігітті қолпаштап, арқасынан қағып қойды.
– Айтқаныңыз келсін, аға! – деді Жәмілхан. Алғаш көрген ағаның өзі жайлы күдікпен емес, осынша сенімді сөйлегеніне іштей масайраулы. Кеудесін қуаныш лебі кернеп кетті. Қайталап рахметін мол-молынан жаудырғысы келді де, бойындағы лапылдап бара жатқан сезімді әзер тұзақтады. «Артық сөз - арзан!..» Өзі оқып жатқан жоғарғы оқу орнындағы бір оқымысты осыны көп айтады. Әуелде аса көңіл қоймаса да, келе-келе мұның терең мағынасы барына көз жеткізе түскен. Қай жерде де артық сөйлеме, аз айтсаң, қадіріңді қашырмайсың дегені. Сосын тоқтап қалды. Тілін жұтты.
Елшібек енді әңгімеге тұзақ салды. Қаусырмалады. Жәмілханға бұрыла қарап:
– Ал, ендеше қалған мәселелерді ағаң Дарынмен келісе отырып шешерсіңдер, - деді. – Менің басқа да шаруаларым кеңірдектеп тұр. Мені босатасыңдар ма?
– Ойбай-ау, сен ресми қызметтесің, біздің титімдей де зиянымыз тимесін өзіңе! – деп, Дарынғали құрақ ұшты. – Ендігі шаруаны мына бала екеуміз ойласып, шеше жатармыз.
Дарынғали мен Жәмілханды шығарып салды. Сосын оңаша отырып, енді жұмысына кірісе бергені сол еді, қалта телефоны безілдеп қоя берер ме! Көтерді.
– Тыңдап тұрмын!
Арғы жағынан Саржанның даусы естіледі.
– Ой, достым, тым салқын сөйледің ғой?
– Таңертең сен айтқан әңгімеден соң, қатты ойға беріліп, басым қатты, - деді Елшібек. – Осы мен тып-тыныш жүрсем де, артымнан аттан салып «өсек-жау» еріп жүретіні несі екен?
– Жау емес, жатыпатарлар де! Жау ашық соғысады. Арпалысады. Алып ұрады шамасы жетсе! Жатыпатарлар жасырынып жатып, алыстан орағытып, сосын тобықтан шалады. Сүріндіргенге мәз. Ондайлар осы күні аз ба?
– Білмедім! – Елшібек тым көңілсіз, ақырын сөйледі. – Көп болса, көп шығар! Өзің білесің, қай жерде жүрсем де менің негізгі ұстанымым - өз жұмысымды орта жолда ақсатып алмай, тындырымды атқару, жеріне жеткізбей тоқтамау. Анығында, жау мен жатыпатарда шаруам шамалы. Әсіресе, «өсек-жау» мені аса қызықтырмайды.
Енді Саржан сөзді әрі қарай іліп әкетіп, бір жағдай жайында әңгіме қозғады.
– Саған мынаны ескертіп қояйын деп біраздан ойланып жүр едім, - деп, айтпағын астарлап, салмақтай созды. – Көп қиялға берілем мен де. Әсіресе өзің жайлы. Сенің абыройың тасқаны – менің де абыройым! Біраз жылдан бері доспыз. Ендеше, достың беделі досына да ортақ! Жалпы, жұмысыңнан тыс, қосымша не ойластырып, қандай іс істесең де, менен жасырма, ыңғайы келсе, айтып отыр. Екеулеп ақылдасып отырсақ, іс барысында ұтылмауға, сүрініп кетпеуге, омақаса құлап қалмауға мықты тірек жасап алмаймыз ба?
– Жақсы айттың! – Елшібек қуанғанын жасыра алмай, қостай жөнелді. – Достың беделі досына да ортақ! Тамаша! Бұл сөздің сенің аузыңнан шыққанына өте қуаныштымын.
– Ана Астанадан барған тарихшы кім еді? Дарын дедің бе?
– Ол - студенттік досым! Тарихшы ғана емес, соңғы кезде жазушы да, драматург те болғысы келіп, қатты талпынып жүр. Ондайы да бар.
– Ғалымдар, өзің білесің, еркін ойдың адамы! – Саржан салмақтана сөзін ары қарай жалғай берген. – Ғылыми жұмысқа бас сұқты дегенше, бар дүниені ұмытып, барынша құнығып кетеді. Оның үстіне, бір танысым айтқандай, жаңағы досың «театржанды тентекке» айналуға бет бұрса, одан бетер қиялилану бұл! Не айтса, соған бас шұлғысаң, бір күні өзіңді орға жығуы әбден мүмкін! – Тоқтап барып, қайта жалғап: - Біз дипломаттармыз. Саған да, маған да тез шешім, жеңіл эмоция жақсылық әпермейді, мейлінше ұстамды болу әбден қажет! - деп түйіндеді.
Әңгіменің бұлайша тым тереңдеп бара жатқанына Елшібек кішкене түсінбей қалғандай. Саржан неге Дарынғалиға осынша сенімсіздік байқатады? Оны толық танымайды да. Жеке кездесіп, сөйлесіп те көрген кезі жоқ. Сөйте тұра, «одан сақтан» деуі қисынды ма? Кеудесіне осындай дүдәмал сауалдар кептеліп тұра қалды. Алайда, оны Саржанға ашып айтпады.
– Жарайды, түсіндім! - деп, Елшібек бұл жолы көңілсіздеу жауап қатты. -Ескертпең орынды, ол жағын да үнемі ескеріп, абайлап байқап отырайын.
– Ендеше, әзірге сау бол!
БЕСІНШІ БАЯН
(Яки Дарынғали, сұлтан Бейбарыс және...)
Бүгін қарбалас жұмыстан сілесі қатып, әбден қалжырағанын байқады. Айна алдына барып қараса, бет терісі қуқылданып, түрі әбіржіп кеткен, екі иығы да еңкіш тартып тұр. Жайтаңдаған жас емес, тіршілік майданынан қалжырап, қу кәрілік бағытын құбыла етіп, солай қарай бет бұрған әлсіз адамның сұлбасын көріп тұрғандай. Шаршаудың белгісі бұл. «Жұмыс, жұмыс деп өліп кетер ме екенбіз, қой, кешкі асты оңаша кафеге барып, досыммен сыр шертісіп, өткен-кеткенді айта отырып ішейін, көңіл көтеруге де ыңғайлысы осы емес пе?». Осындай ойға тоқтады да, Дарынғалиға телефон соқты.
Елшібек пен Дарынғали сәлден соң қаладағы оңаша кафеде ас ішіп отырды. Дарынғали дарылдап сөйлеп, екі-үш күннен бергі жаңалықтарын айтып, тоқтаусыз сөйлеуде.
– Тарихи мешіттің ішіне кіріп, түкпір-түкпірін армансыз араладым, бәрін көріп шықтым. Іші айнадай екен, жаңадан жөнделгені көрініп-ақ тұр, көз тартар аппақ, ақ мрамор. Бірқатар жабық шкафтар да бар екенін байқадым. Оларға қол тигізу тұрмақ, сипалап өтуге де қимайтындайсың. Ішінде ешкімнің көзіне түсе қоймаған құнды деректер ораулы жатыр ма деп қызығушылық білдіріп...
– Білем. Бізге де хабар келіп жетті. Мешіттің әлгі бір ұзын бойлы имамымен кішкене сөзге келіп қалыпсың.
– Олай емес. Мешіттің имамы жақсы адам. Алғашында кішкене мінез көрсеткені рас. Артынан біз түсіністік. Мен оған Бейбарыс баба туралы көп қызғылықты деректер айтып бердім. Ынта қойып, беріле тыңдады.
– Қызыға тыңдағанымен, сенің мешіттің төрт бұрышын тінтіп, қазына іздеймін дегенің ұнамаған. Бір қызметкері кеше біздің елшілікке келіп те кетті. Маған жолықты да, жоғары жаққа бармады. Анығында, оны өзім тоқтаттым, айтқаныңыз назарға алынды, айналысамыз дедім. Қысқасы, олар бұл әрекетіңе қарсы.
Дарынғали кішкене қызбаланып, бетіне қан жүгіріп кетіп, өз әрекетін осынша дабыралап, теріс бұрып алып жатқандарына ренжігендей, қинала тілге келді.
– Ой, соны да үлкен әңгіме қылып жатыр ма? Мен іздесем өз бабамның – Бейбарыс сұлтанның құпиясын ашуды мақсат еттім. Сол шаруаға ықылас байқаттым. Сарғайған сары қағаздарға үңілсем дедім. Бары – жоғы сол...
– Бейбарыс сұлтан мешітін қазақ елінің есебінен жөндеп, қайтадан іске қосқаны жайынан мол хабардар шығарсың. Оған да, міне, біраз жыл болып барады. Енді сол әсем қалпын бұзып алмасақ деп жанталасуы ғой. Мұндайда «біздің ойымыздағыны орындаңдар, не айтсақ, соған құлақ асасыңдар» деп қатаң талап қоюға хақымыз жоқ.
– Ендеше, не істейміз? Ары қарай не істе дейсің?
Елшібек аз-кем мүдіріп, ойлана сөйледі.
– Алдымен, бергі жағын қаусырмалап, соны толықтыруды ойластырған жөн: Бейбарыс баба өміріне қатысты көп мәліметтер жинап алайықшы. Ол туралы жазбаларды жүйе-жүйемен топтастырайық. Бәлкім, солардың арасынан тағы бір тосын, ешкім байқамаған дерекнамалар табылып қалар? Күмәнді тұстарды анықтап алу мақсатымен, нақты дерек ізімен жүріп отырсақ, қай жағынан да тиімді жол емес пе?
– Шашылып жатқан тастардай, әр-әр жерден төбе қылтитатын көне деректерді топтастырсақ дейсің бе? – Дарынғали бұған бас изеп, қостаған ыңғай танытты. – Оның да жөн екен. Мен босқа жатпайын. Қала ішіндегі тарихи мұражайларға барып, осы шаруалармен шынттап айналысайын. Бейбарыс бабаның табаны тиген шеткері аймақтарды да қамтиын. Ұзайын алысқа. Сүзіп шығайын бәрін де.
– Міне, бұл дұрыс ой! – Елшібек те риза пішінмен қарап қалған. – Анығында, сен қазіргі кезде нағыз «Бейбарыстанушы» сияқтысың. Өзіңе іштей қызыға қараймын.
Дарынғали қарқылдап күліп ала жөнелді. Бірақ дарақы күлкі емес, сол күлкісінің өзінен ризалық пиғылы сезіліп қалып жатты.
– Досым! – деді күлкісін тия бере. – Сенің де Бейбарыс баба жайлы көбірек біле түскенің артық па? Өзіңе бар жинап-терген мәліметтерімді берейін. Оқып-танысып алғаныңды іштей қалаймын. Түбі көмегі тиеріне күмәнім жоқ.
– Әрине, артықтық етпейді. Поштама саларсың.
Осы кезде кабинетке жеңіл басып, жинақы киінген Жәмілхан кірді. Ол Дарынғали ағасына қарап сөйледі.
– Аға, біз жарты сағаттан соң Каирдегі ең үлкен тарихи музейге барамыз деп келісіп едік. Уақыт тақап қалды.
– Ойбай-ау, солай ма? Әрине барамыз. Баруымыз керек. Ал, мен тұрайын! -деп, Дарынғали орнынан ықшам көтерілді.
***
Елшібек жұмыс столының тартпасын ашып, үлкен қоңыр папкіні алып, алғашқы бетіне үңілгенде, бір қағаз көзіне оттай басылды. Бәрі де есінде. Бірер аптаның шамасы шығар, елшілікке шұғыл хабар келіп түсті. Аэропортта төрт қазақ жігіті төбелес шығарып, бір араб азаматын соққыға жыққан. Сол жердегі тәртіп сақшылары төрт жігітті алысқа ұзатпай, дереу ұстапты да, уақытша камераға тығыпты. Елші шақырып алып, барынша ренішті үнмен «қазақтың жастары да әбден масайрап, ойына келгенді істейтін болды, тіпті қарап жүруді қойған, әйтпесе осы ара жұдырықтың жуандығын көрсетер жер ме» деп қабаржып сөйледі. Елшібек үн-түнсіз тыңдады. Тапсырма күтті. Елші табиғатында аз ашуланатын кісі. Егер ашу шақырса, демек, маңызды бір жағдайдың алқымдағаны. Мұхтархан Матайбекұлы сөзінің соңында «мұны қалайда ың-шыңсыз басу керек, қайтсең де соны орындап кел» деп салмақ бере айтты. Енді мақсат айқын. Не істеу керектігін өзі біледі. Көлігіне отырып алып, аэропортқа жедел түрде тартып отырған. Әні-міні дегенше, жетіп келді де, әуелі тәртіп сақшыларымен жүздесіп, мән-жайды анықтады. Төбелестің орын алғаны рас. Араб жігітінің бет-аузына жарақат түсіріпті. Амал жоқ, сол жерде тәртіп сақшыларының талабын орындап, тиісті қағаз толтырып, төрт жігітке кешірім хат жазғызып алып, соңын дабырасыз жауып тастауға құмбылдық байқатты. Тіпті тәртіп сақшысының бірін оңашалап, білдіртпей «кешірім жолын» да жасады.
Бәрі сәтімен аяқталып, төрт студентті көлігіне отырғызып алып, тұратын жатағына дейін жеткізіп салуға алып келе жатты. Жол-жөнекей сөйлемпаз студенттің бірі:
– Төбелесті бастайын деген ойымыз болған жоқ, аға! - деп ақталды. – Бәріне кінәлі өзі. Ойланбай айтқан сөзінен тапты!
Елшібек оған мойын бұра қарап алды да, ары қарай тыңдауға ықылыс танытып:
– Неден басталды? – деді. – Не үшін жұдырық жұмсадыңдар?
Сөйлемпаз студенттің де күткені осы екен, жағдайды жылдам-жылдам баян қыла бастады.
– Араб жігіті намысымызға тиді, - деді. – Сендердің мақтан көріп жүрген бабаларың Бейбарыс бұл жаққа құл ретінде сатылып келген, сосын біздің бабаларымыз оның маңдайынан сипап, қайырымдылық жасап, құлдықтан босатып, тіпті сұлтандық таққа дейін өсуіне жағдай жасаған деп мұқатты. Өз ерлерінің қадірін білмейтін, бағасын түсінбейтін елсіңдер деді. Онымен қоймай, «сендер бізге осы үшін қарыздарсыңдар» деді. Сол кезде ашу қысты да, шыдай алмай, жұдырық жұмсап жіберіппіз...
– Бұларың ақталуға сылтау бола алмайды! Қате әрекет! – деп, Елшібек енді оларға басу сөз айтты. – Қазір жұдырықтың емес, ақыл-парасаттың заманы! Сөз мәмілесінің уақыты! Соны да білмегендерің бе? Төбелес пен жұдырық жұмсаудан, қалай десеңдер де, әділдік ізін тауып алу өте қиын. Әсіресе, қазіргі заманда...
– Сонда не істейміз? Төбемізге сиіп жатса да үндемеуіміз керек пе? – Сөйлемпаз студент қызынып кетті. Жұдырығын да қатты түйіп алыпты. Елшібек оның арқасынан қағып:
– Қандай шиеленісті жағдайдан да әдемі шығып кетудің жолы – тағы да айтам, мәмілеге келу! – деді. – Мәмілегерлікті молынан бойға сіңіріңдер. Біздің ата-бабаларымыз мұны білген. Өте жақсы білген. Соны есте ұстаңдар!..
Сөйлемпаз студент тағы да тоқтамастан:
– Сіздің не туралы меңзеп отырғаныңызды білем! - деді. – Дипломаттардың бәрі де осылай айтады. Мақсұтбек ағай бізге жақындығы бар кісі. Ұмытпасам, әкем тірі кезде араластығы бар еді, үйге келіп-кетіп жүретін...
Оның мына сөзінен соң, Елшібек «е, елші мырза неге мені шұғыл аттандырып жібергенінде бір мән бар екен ғой» деп, ішінен ой түйіп қойды.
...Елшібек папкі бетіндегі қағазды былай алып қойып, енді өзіне керек құжатты іздеп, кішкене қопарыстырған. Бірақ көңіл-күйі жоқ, ішкі әлемі астан-кестен. Қанша қашқалақтаса да, бір ойды бір ой сүйрелеп, содан арыла алмай-ақ қойды. Неге бұның әрбір қадамы аңдулы? Оның кімге қажеті бар? Кім бұған жауығып жүрген? Тып-тыныш жүріп те жау тауып алатын қандай заман бұл? Саржан бұған «сақ бол» дейді. Бірақ, теріс тілекшілер қай жақтан келеді - ашып айтпайды. Кімнен? Кімнен сақтануы керек?
Компьютеріне жаңадан хабарлама келгенін аңдады. Ашса, Дарынғали екен. «Сұлтан Бейбарыс жайлы қолда бар деректер» деп жазып қойыпты бас жағына. Енді аяқ астынан қызығушылығы оянды ма, жазуға ниеттеніп отырған ресми қағаздарын бір шетке ысырып қойып, жазбаны қарап шығуға кірісті.
***
Елшібек! Екеуміз әнебір жылдары орта ғасыр тарихын танып-білуге бет бұрған кезде, қосарлана сөйлеп, қостап айтып, бірден еске алғанымыз – осы Бейбарыс сұлтан. Әп дегеннен Мысыр елінен бастағанбыз. Ұмытпаған шығарсың? Мәмлүктер мемлекеті жайында һәм оның рас-өтірігі турасында бірнеше күн таласқанымыз да жадыңан өшпеген болар? Әттең, сол күндер мен үшін өте ыстық. Шынайы едік, шыншыл едік. Енді, міне, екеуміз де жолайрыққа жетіп, екі түрлі соқпаққа түсіп бара жатырмыз. Жә, жарайды, езбелей беретін не бар, арғы жағы айтпаса да түсінікті. Ендігі айтарым – сен бұл жазбаларға атүсті қарама! Тағы да ескертем – өміріңе де, қызметіңе де көмегі бар, еш зияны тие қоймас. Осыны ұмытпа! Әрдайым есіңде ұста! Ал, ендеше, назар сал, баба туралы мен жинаған кейбір деректердің бір парасы, қысқа қайырғанда, былайша өріледі.
Бейбарыс сұлтан, бірқатар деректерде нақтылап көрсетілгендей, жастық шағын Қыпшақ даласында өткергені, кішкене есейе келе араб сәудегер-делдалдарына ілесіп, Мысыр аймағына келгені шындық. Алайда, елден жырақ осынау ұзақ жорыққа аттанғанда кімге арқа сүйеді, қандай мақсат ұстанды және өзінің бас еркіндігі болды ма деген сауал әлі де сана кеңістігінде кесе-көлденеңдеп тұрып алады. Кейбір зерттеушілер оны «құлақкесті құл боп барды» десе, екінші бір дерек көздерінде (олар да аз емес) «жоқ, құл емес, өз еркімен арабтардың арнайы әскери жасағына барып қосылып, болашақ сарбаз әзірлейтін ортаға түсті» деп көрсетеді. Көңілге қонатыны - екінші пікір! Неге? Біріншіден, шынымен де біреуге тәуелді құл ретінде сатылса, ондай адамның бас еркіндігін алуы, алса да сұлтандық биік таққа көтеріле қоюы екіталай. Екіншіден, бірен-саран тарихшылар атап жазғандай, Ніл өзенінің төңірегінде арнайы жасақ әзірлейтін әскери орын болғаны шындық десек, онда сол жасақ тобына өз келісімімен келіп қосылуы өмірге жанасымды. Және мұндай жағдайда Бейбарыс емін-еркін қимылдап, өзін-өзі көрсетіп, қолбасшылыққа дейін көтеріліп, ақыр соңында Мысырдың билеушісі биігіне көтерілуі - ақиқаттың шырағы іспетті! Осыған не дейсің?
Елшібек! Бейбарыс сұлтан таққа отырған он жеті жыл (1260-1277) ішінде имандылық пен ізгілік бағытында көптеген игі істерді атқаруға ұмтылып, жарқылдап көрінгенін ерекше қадап айтуға міндеттіміз. Айталық, ол араб әлеміндегі ең қасиетті қалалар – Мекке мен Мединадағы сыртқы және ішкі жағдайы көнеріп, бірте-бірте ескіре бастаған қос діни ғимараттарды (әл-Харам және Пайғамбар мешіттері) күрделі жөндеуден өткізіп бергені жайында тарихи құжаттар табылды. Тек ол ғана емес, Иерусалимдегі (әл-Құдс) әл-Ақса мен Құббат ас-Сахраны да күрделі жөндеуден өткізуге пәрмен беріпті делінеді. Кезінде Фатимидтердің қолдауымен салынған, кейін Аюбиттер билікке келгенде жабылып қалған әл-Асһар мешітін де қайтадан безендіріп, іске қосты. Каирде өзінің басшылығымен һәм тікелей қолдауымен үлкен мешіт құрылысын көтергенін неге атап айтпасқа? Осының бәрін де Бейбарыс сабырмен һәм ақылдылықпен жүзеге асырып, араб әлеміндегі бұрыннан қалыптасқан діни-имани қалыпты бұзбай, кейінгі ұрпаққа шарапаты тиер өнегелі шаруа деп түсінді.
Досым Елшібек! Мынаны ешқашан ұмытпашы! Саған өте-мөте керек бұл! Бабамыздың Қыпшақ даласын билеуші - Алтын орда ханы Беркемен әуелі хат арқылы байланыс орнатып, соңынан бір-бірін терең түсініскен ел басшыларына айналуы – ең алдымен Бейбарыстың бойындағы мәмілегерлік яғни, қазіргі тілмен айтқанда, дипломатиялық қабілеттің зор екендігінен хабар береді. Хан Беркенің сол уақыттарда атағы дүркіреп тұрғаны, Қыпшақ даласынан да шығандап шығып, бүкіл айнала аймақтарға әмірін жүргізе бастаған тұсында көңіл оябын тауып, араға достық жол сала білуі – арнайы зерттеп жазуға сұранып тұрған тақырып. Бұл тақырыптың қазіргі уақытта маңызды болатыны – Қыпшақ өлкесіндегі түркілер билігін Мысыр-Шам өңіріндегі арабтар тірлігімен жақындатқаны, қандас туыстықтан ары өрлеп, діндес туыстыққа даңғыл жол ашқаны және осы шаруаға хан Шыңғыс тұқымының ұрпақтарын да бейбіт жолмен тартқандығы. Тұтас бір империяны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған хан қалайша ата-бабасы ұстанған діннен бас тартып, Ислам дінін қабылдады? Өзімен аталас-қандас бауыры Төлеұлы Құлағудың Араб аймағына жасаған қанды жорықтарын қолдамай, тіпті ашық қарсы тұрып, бұл ұрыстарда Мысыр-Шам сұлтаны Бейбарыс жағына шығуының тағы қандай себептері бар? Берке хан мен сұлтан Бейбарыстың арасындағы қыл өтпестей достық қалай және қандай негіздермен қалыптасты? Міне, осы саланы тереңірек қаузай бастасақ, тағы да бабамыздың адами бейнесі тұлғалана түседі...
Елшібек! Сен баяғыда, жас күнімізде, дін бағытына қарай бұрыла сөз қозғалғанда, үнсіз қалып, көбіне сырғақ отырып қалатынсың. Діни тақырып өзіңді аса көп қызықтыра бермейтінін байқайтынмын. Қазіргі кезде қандай ойда екеніңді білмеймін, бірақ мен Бейбарыс жайлы айтқанда, жоғарыдағы деректерді еріксіз тілге тиек етем. Жарайды, енді бабамыздың екінші қыры жайынан, иә, саған ұнайтын жағына бұрыла, бірер деректі айтып өтейін. Бейбарыс билеуші Дамаск шаһарында алғаш рет аз-Захирия атты үлкен кітапхана құрылысын бастап, оны жылдамдата аяқтап, сонда дүние жүзінің ең таңдаулы кітаптары мен сирек қолжазбаларды жинақтады. Кітаптар мен қолжазбалар саны жыл өткен сайын еселеніп, молыға түсті. Бұл жер ғылым жолында талаптанушылар мен ізденушілер үшін өте ыңғайлы орын еді, тек өз қаласы емес, көрші жатқан елдер де кітапханадағы бай рухани мұралармен танысуға ағылып келе бастады. Ғалымдар, ойшылдар, ғұламалар кітапхананың тұрақты қонағына айналды. Осы әз-Захирия кітапханасындағы бай қолжазба мұраларын ыждағаттылықпен зерттесе, Мәмлүктер мемлекеті мен Алтын орда арасындағы дипломатиялық, ғылыми және мәдени байланыстар жайын қаузайтын құнды дереккөздер де көптеп табылып қалар!
Досым! Мынаған көңіл аударшы. Сұлтан Бейбарыс өз заманында пошта байланысын да жолға қойып, оны барынша дамытты. Өзі арнайы таңдаған қыпшақ шабандоздары бүкіл араб өңіріндегі қатар жатқан қалаларға құпия хаттар тасыды. Ал, кейде Мысырдан алыс шалғайдағы, айталық 1800 шақырым жерде жатқан Евфрат өзені жағалауы бойындағы төтен шайқас туралы алты күнде (басқалар айлап күткен) хабар алып отырған. Тіпті хат-хабар жеткізу мен жауап алып отыруға асыранды құстарды да үйретіп, керегінше пайдалана білген деседі. Оның заманында мәні мен маңызы зор қасиетті сөздер һәм уағыздарды тасқа қашап жазу өнері жолға қойылыпты. Мұны араб жылнамашылары еске алып, «мұндай тасқа таңбалап жазуды бізге мәмлүктер алып келді» деп атап көрсеткен. Бұның бәрінен де біршама хабарың бар шығар, әрине! Сен білмейді деп жазып отырғам жоқ, тек қайталап еске салуды жөн санағаным ғой! Досың – Дарынғали.
***
Елшібек компьютердегі жазбаларды әр-әр жерінен асығыс оқып шықты да, ойға батып, аз-кем отырып қалды.
«Поу, шіркін-ай! Пай-пай! Бөтеннің еліне пенде боп телініп жетсе де, тайқы тағдырына налып, езіліп-бүгілместен, тас маңдайға бұйырған барша бұралаңдар мен қиыншылықтарды бастан өткере жүріп, жасымай-жасқанбай, жүдемей-жүнжімей, ең ақырында сол елдің билеушісі атануы неткен мықтылық! Асылы, Дарынғали талай ғасыр елеусіз қалған тұлғаны тірілтем деп, тектен-тек арам терленіп жүрген жоқ. Қол ұшын беру керек. Бірақ, қалай? Қандай жолмен?..»
Осы кезде елші шұғыл шақыртты. Асығыс пиджагін киіп, қолына жазу блокноты мен қаламсабын алып, кабинетіне жетіп барған. Елшінің қабағына көзінің астымен қарап еді, біртүрлі көңілсіздік нышанын байқап үлгерді. «Тағы не боп қалды екен?»
– Сен маған өткенде бұлай деп айтпап едің! – Елшінің даусы қатаңдау естілді. – Мына шақырып алған танысың кім өзі? Этикадан жұрдай ма немене? Үстінен шағым айтылып жатыр.
Елшінің сөзін ести сала Елшібек шырылдап қоя берді.
– Дарынғали – досым! Студенттік кезден бері танимын. Ол – өте адал, ақжүрек, ниеті таза жан.
– Ай, қайдам! - Мақсұтхан көзіндегі алтын жалатқан әшекейлі көзілдірігін ақырын шешті. – Бұрынғысын білмедім. Осы күнгі адам жыл сайын, тіпті ай сайын құбыла салады. Өзгеріп шыға келу деген оп-оңай заман?
– Шағым айтушылар - мешіт қызметкерлері ме? Егер ол жақтан жетсе...
– Тағы да астанадан! – Елші даусын көтере айтты. – Министрлік жақтан телефон шалды.
– Сонда не дейді? Қандай кінә тағады?
Мақсұтхан ағасы қайтадан алтын жалатқан көзілдірігін киіп, бұған қарап алып, даусын жұмсартқан сыңаймен ақырын сөз жалғады.
– Жаңағы Дарын дедің бе, сол мықтың мешіт ішіндегі шкафтарды ақтарып, қазба жұмыстарын жүргіземін, өте құнды құжатты табамын деген бе? Ау, ол шіркін ескі жазбаларды мешіттен іздемесе болмай ма? Өзінің ақыл-есі дұрыс па? – Сөзінің соңында сұқ саусағымен үстелін сарт-сарт ұрды.
– Есі дұрыс! Сап-сау адам!
– Ал, менің күдігім бар. Қысқасы, сен онымен жақсылап сөйлес. Есі бар екен, ендеше бұдан былай сұлтан Бейбарыс мешітіне жоламасын! Түсіндің бе?
– Түсіндім, елші мырза!
– Бейбарыс бабаның талайлы тағдыры мына бізді, елшілік қызметкерлерін ойлантпайды, толғантпайды десе қателеседі! – Елші кабинет бұрышына жанарын тіктеген қалпы тағы да екі-үш ауыз сөз саптады. – Ойымызда не жоқ дейсің? Не жасағымыз келмейді екен? Ай қарап отырмыз ба біз осында? Бірақ, қандай шаруаны бастасаң да, алдымен ақылға салып салмақтап, оябын тауып, сәтімен жасалғаны мақұл. Жоғары жақпен ой-әрекетіміз бір бағытта ыңғайласқаны керек. Дипломатиялық қызмет бізден соны талап етеді. Мен бұл жайында өзіңе бұрын да бірнеше рет, саусақ бүгіп тұрып, санамалап айтқан сияқты едім.
– Айтқансыз, елші мырза!
– Онда бара бер!
***
Қиялында тыным жоқ. «Қандай қадам жасасам да, артынан өзіме қатты таяқтай тарс етіп тиетіні қалай? Менің ізімді үнемі аңдып отырған кім?..» Кеш батқанша басы қазандай болып кетті. Үйге қайтып келе жатқанда да сол кермек қиял санасында ойнақ салды.
Өз үйінде әйелі екеуі оңаша шәй ішіп отырды. Күндегідей емес, қабағындағы кірбің кетер емес. Әлденені ойлап, абыржулы екенін аңдаған әйелі Айназым енді үндемей қала алмай, амалсыз дыбыс шығарды.
– Саған не болды? Ұнжұрғаң түсіп кетіпті. Тағы қандай жағдай?
– Білмеймін, бір шаруаны енді қолға ала бастасам, алдымнан шағымданушылар атойлап шыға келеді. Менің не істеп жатқанымды алдын-ала біліп отыратындай. Аңдушы бар ма, немене?
– Ендеше, жауды алыстан іздеме! - деді Айназым әйелдік байқампаздық танытып. - Айналаңда жүр. Немесе араласатын достарыңның бірі.
Мына сөзді ести сала, әйеліне еріксіз бұрыла қарады. Оның осы жолғы уәжі тосындау естілген.
– Ол мүмкін бе? Менде қазіргі уақытта көп дос та жоқ. Баяғы дос дегендердің біразымен байланысымыз күрт үзілген. Кейінгі кездері ешкіммен ашылып сөйлеспеймін де.
– Дарынғалидың өзі ше? Досым дейсің! Мүмкін, ашық ауыз біреу ме?
– Оған сенем.
– Ендеше, мына Біріккен Араб әмірлігі жағындағы елшілікте істейтін жігіт бар ғой. Ержігер деп пе ең? Бұрынғы досың шығар, бірақ арада жыланша жылжыған сумақай жылдар сусып барады. Кісі әртүрлі пікірлерді ести жүре, уақытпен өзгере салуы бек мүмкін. Өткенде кеудеңе медаль таққанда қызғанышын ашық байқатты дегенің бар еді...
Елшібек бұған да ыңғай бермеді. Құптаған жоқ.
– Жо-жоқ, ол тырнақ астынан кір іздейтін, болмашыны қазбалайтын майдампаз емес. Ержігер – ойын тура айтады, тік мінез. Бірақ тап мұндай пасықтыққа бара қоюы екіталай.
– Тағы бір адамнан күдіктенуге хақың бар.
– Ол кім? – Айназымға жалт қарап, асыға жауап күтті. – Кім еді?
– Ол ма? Ол – астанада, министрлікте отырған Сейпин!
– Саржан ба? Саржанды айтасың ба? – Елшібек шек-сілесі қата күліп ала жөнелді. «Сен де кісі ойламайтынды ойлайды екенсің» деп, көпке дейін күлкісін тия алмады. Айназым аяқ астынан бұртия қалды.
– Мен осынша күлетіндей не айттым? – деді. – Ойымды мазақ етіп ойнама! Бұлай етсең, келесіде пікіріме зар боласың, көр де тұр!
Елшібек күлкісін сап тиып, Айназымды еркелете сөйледі.
– Айналайын-ау, неліктен қапалана қалдың? – деген. – Мазағым емес, бұл ойыңның қисынсыз екенін сездіргенім ғой. Сонша қатты ренжігенің не? – Осылай деді де, артынша салмақтана қалып, ашық пікірге ауысты. – Басқаны қайдам, бірақ Саржан Сейпіұлы жолдас мені тобығымнан шалады дегенге өлсем де сенбеймін! Сен-бей-мін!.. Сене ал-май-мын...
