Бұл күндері санамыздан сағымдай алыстап бара жатқан, көз жазып қалудың алдында тұрған халықтық салт-дәстүрлердің бірі – жоқтау жыры. Жоқтау – қаралы өлең екені хақ. Заман өзгерді ме, әлде кейінгі ұрпақтың салт-дәстүрден алшақтауы ма... не болса да соңғы жылдары қаралы жиын, жаназа рәсімінде жаныңды сыздатар жоқтаулар естілмей барады. Бұлай жалғасып кете беретін болса, келер ұрпақ тұрмыстық салт-дәстүрге тән жоқтау өлеңі бар екенін де білмес...
«Жоқтау – жанашыр жақын адам, не белгілі рубасы өлгенде айтылады. Бұрынғы заманда ауыл ақсақалы өлсе, оның бала-шағасы, туған-туысы, жора-жолдасы, ауылдасы жиналып: «бауырым-ай», «әкем-ай» деп жылап-сықтайтын. Ал, күйеуі қаза болған әйел: «құдай қосқан қосағым-ай», «мырзам-ай» деп жоқтау айтатын. Ескі әдет бойынша әйел күйеуі өлгенде шашын жайып жіберіп, өзінің бетін тырнайды. Жиналған жұрт басу айтып, қаралы әйелдің көңілін жұбатады», - делініпті 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабында. Содан бері не өзгеріпті?
Көшпелі елдің ұлттық менталитетінде жоқтау өлген кісіге жыл толғанша, яғни жылдық асы берілгенше айтылады. Қазақ халқының мәдениетін зерттеген Ә.А. Диваев осы тұрмыстық жыр турасында: «Қазақтың жоқтау өлеңдері – көшпелі қазақ әйелдерінің ақыл-ойын көрсетеді, жүрек сұлулығын суреттейді...» - деп бағалапты. Бұл – дұрыс пікір. Қазіргі уақытта жоқтау өлеңдерінің озық түрлерінен арнайы антологиялардан іздеп оқымасаңыз таппайсыз. Байырғы заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрді ұмыт қалдыру – ең үлкен сорақылық.
Жасырып қайтейік, бүгін ұрпақ тәрбиесінің шегесі босап тұр... “Қазаннан қақпақ кеткен соң, иттен ұят кетеді” дегеннің сиқы. Көшеден өтіп бара жатсаңыз, құдды бір итке таланған кейіпте әлем-жәлем киінген бойжеткендер шаштарын жайып алдыңнан ұялмай, бақырайып өте береді. Бұлардың көбі – жоғары сынып оқушылары я студент арулар, тұрмыс құрмаған қыздар. Шашты жайып жүру – қара жамылып, ерінен айырылған әйелге тән екенін сөз басында айтып өттік. Осындай мәселелер өзекті өртеген соң, жүрек жанайқайы қолға қалам алғызып, тұрмыстық салт-дәстүрдің ұмытылып бара жатқанына әлеуметтің назарын аударуға тура келеді.
Мұрағат құжаттары арасынан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өткен ірі аймақтың бірі – Торғай өлкесіндегі патша үкіметіне қарсы наразы қолды бастаған халық батыры Аманкелді Имановтың екінші әйелі – Балым ханымның жоқтауын тауып алдық. Бұл – жоқтау өлеңнің бірегей түрі. Енді осы жоқтауды айтушы хақында бірауыз мәлімет бере кетсек:
Балым (Балбике ) Жармағамбетқызы - 1904 жылы Ұлытау өңірінде туып, 1933 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеден өткен. Әдеби деректерге сүйенсек, Балымның жоқтауын 1860-1925 жылдары өмір сүрген, 1916 жылғы тарихи оқиғаның куәгері, ақын Ақмолда (Әлмұхаммед) Орынбайұлы жазып алыпты. Жоқтаудың мәтіні төмендегідей:
Машырықтан шыққан күн
Мағырып барып батар ма?
Бауыры шұбар арыстан
Жолда жалғыз жатар ма?
Көр болғыр дұшпан көздері,
Ем болмағыр сөздері,
Қиды екен не қып атарға.
Ауызға жастан ілінген,
Атағы сыртқа білінген,
Қазақ, орыс, татарға.
Сұлтанмен басы тең болған,
Етек-жеңі кең болған.
Орыс пенен қазаққа
Бір ауыз сөзі ем болған.
Сол асылдың тұсында
Құлын едім тел болған.
Көзімнің жасы көл болған.
Сұлтанымнан айырылып,
Кемеңгерім, келбеттім,
Кермиығым, мүлгілім.
Солқылдағым, сүйрігім,
Қанатым, жалым, құйрығым,
Ұсынғанда қол жетпес,
Үстімдегі түңлігім.
Қарадан туып хан болған
Тұлпардан туған дүлділім.
Орта жүзден орасан
Ойқастап шыққан жүйрігім.
Қарадан шығып хан болған,
Айырдан туып нар болған.
Көлеңкелеп отырған
Көп кедейдің басында,
Бір көруге зар болған.
Топ ішінен қақ жарып,
Сөйледің сөзді жасыңнан.
Ер жетіп атқа мінген соң,
Кетпеді жұртың қасыңнан.
Айналды тегіс кәрі, жас
Пәрмен болған басыңнан.
Ақыл басқа толығып,
Дариядай толқып тасыған.
Сүрінгендер сүйеніп,
Нашарлар қолға ап ұсынған.
Түрлі тентек бұзықтар
Дәуірі үшін жасанған
Жабылып ескі базары,
Жастардың сынып назары
Тасығаным басылған.
Кедейлер бүгін жылады,
Хас батырсыз қалған соң.
Бала мен қатын жылады,
Үй иесіз қалған соң.
Көл құсындай шуладық,
Қайғы жүгін салған соң.
Күндіз-түні кедеймен,
Думан қылып бас қосқан
Сол күндер енді қайдасың?!
Неғып қиып атты екен?
Сен секілді ерімді
Әділдікті көздеген,
Тура жолды іздеген.
Жоқтау өлеңнің мән-мағынасы қарап отырсаңыз, халық батырының кескін-келбетін дәріптеп, ерін небір метафоралық теңеулермен ұлықтаған. Аманкелді осындай азалы жырға лайық тарихи тұлға.
Тағы бір деректе, Жұмағали Бейісұлының 2004 жылы «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында: «Асыл жары дүние салғаннан кейін Балым қайғыдан қан құсып, көңіл айта келген ағайын-туғанның, тілеулес жандардың алдында жоқтау айтады. Сол жоқтау-жырдың мән-маңызы ерекше. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 1990 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Аманкелді» атты дастандар жинағында Балымның жоқтауы келтіріледі. Онда:
Адасқан қаздай аңырап,
Артыңда қалды-ау, Балымың.
Ашылмаған тояты,
Жетілмеген қанаты,
Ұяда қалды-ау жаутаңдап,
Рамазан мен Шәрібің, - деген жолдар бар» - делінген. Бұл жоқтаудағы Рамазан, Шәріп деген кісі есімдері батырдың бірінші әйелі – Рәштен туған балалары.
Жалпы, біз осы ойтолғауымызда тұрмыс-салт жырларының бірі, ұмыт болып бара жатқан – жоқтауды тілге тиек еттік. Жоқтау – байырғы заманнан келе жатқан көне салт-дәстүр екенін еске түсіруді нысанға алдық. Тұрмыс-салт жырлары, фольклорлық мұралар – халық қазынасы. Ұлттық бренд, керек болса. Бірегейліктің төлқұжаты іспетті жоралғы.
Жарқын ӘЛІ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.