12.11.2015 76639
"Қалың мал"
Автор: Спандияр Көбеев
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
С.Көбеев 1878-1956 ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі. Қаламгер жазушылық және ұстаздық қызметпен қатар айналысқан. Негізінде жазушылық қызметіне ұстаздық еңбегіне қажетті тәрбие құралы ретінде қараған. “Қалың мал” романына дейін жарық көрген “Үлгілі тәржіма”, “Үлгілі бала” кітаптары осы мақсаттан туындаған шығармалар еді. Бұл кітаптардың балалар әдебиетіне қосар үлесі мол.
С.Көбеевтің 1913 жылы Қазанда жарық көретін “Қалың мал” романы көпшілікке жақсы таныс шығармалардың бірі. Ол орта, арнаулы, жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарының бәрінде жүйелі түрде сөз болады. Хрестоматияға енген.
Алайда романға арналған талдаулардағы басты назар бай-кедей арасындағы таптық тартыстарда болғандықтан, негізінен осы романның 1934 жылы екінші рет түзетіліп басылған нұсқасы ғана сөз болған. Алғашқы нұсқа бірен-саран зерттеушілер еңбектерінде ғана кездеседі. Ал олардың арасында айтарлықтай айырма бар.
Екінші басылымда С.Көбеев ресми идеология ыңғайына орай біраз түзетулер жасады. Алайда, романның көркем мазмұны сол қалпында сақталғандықтан соңғы түзетулер қаламгер күткен нәтиже берген жоқ, қайта көркем жүйедегі қайшылықтарды туғызды. Өйткені, роман жазылып, жарияланған 1911-1913 жылдар мен түзетілген 1933-34 жылдардағы қоғамдық ахуалы өзге еді.
С.Көбеевтің “Қалың мал” роман бізге қазақ романы құрылымындағы әлеуметтік мазмұн қызметін ашуға көмек береді. Біріншіден, онда С.Көбеев тәрізді қазақтың ағартушылық-демократтық бағыттағы жазушыларының роман тәрізді көлемді прозалық шығарма келу жолы, мақсаты бар. Ол туралы қаламгер былай деп жазады:
“Надандыққа, феодалдыққа ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден бір жолы халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне әбден көзім жетті. Бұл күресте санаға күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінеді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім.
... Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап “Қалың мал” романын жазуға кірістім. Романды себеп болған негізгі ойдың бірі – роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді деген қорытындыдан туды”. Қаламгер алдына қойған салмақты, келелі әлеуметтік осы мақсат шығарманың, мазмұны ғана емес, көркем құрылымына, поэтикасына әсер еткен.
Романның 1913 жылы Қазанда басылған вариантына тоқталуына және оның алғашқы және кейінгі басылымдары арасындағы айырма көркем жүйедегі әлеуметтік мазмұн ролін анық көрсетеді.
С.Көбеев революциядан бұрын жазылған романына 30-жылдары қайта оралғанда негізгі объектісіне жаңа көзқараспен келген. Сөйтіп, бүгінгі оқырманға жақсы таныс “Қалың мал” романындағы қақтығыс, елге тізесін батырып отырған озбыр бай – Тұрлығұл мен кедей тобы Медеу ауылы арасындағы таптық тартыс пайда болған. Контрасты стильде баяндалатын бұл қақтығыс 1913 жылғы “Қалың мал” романында өте солғын, онда бай-болыстармен, билердің момын елге істеп отырған қиянаттары ағартушылық-демократтық көзқараста ғана айтылады.
Тұрлығұлға Ғайша жайын айтып, Байғазы мен Құрымбайлар келетін уақиғаны еске түсірейік:
“Бұл келген, сол елдің: Байғазы, Құрымбай деген ақсақалдары еді, өздері және де бетіне жан келмейтін билер.
Елден шыққалы бір жетідей болып еді, ауылнай жағына барып келеміз. Сиязден, халық ішінде бір-біріне ауысқан-түйіскен бар, тоқты-тұрымдай жанжалдары бар сондайларды бітіріп, елде мұндай дау көп болар ма, халық бұзылып біткен ғой, Құрекеңнің пышағы май үстінде, қалтасы да толған шығар, деп Байғазы көзін қысып қалжыңдады. Құрымбай қасқырды қойға тимес деп ешкім айтпас деп қарқ-қарқ күлді”.
Олар осы келгенде Ғайшаның ғана емес, Есмұраттың келінінің деп тағдырын саудаға салып, Оны Жиенбайға ақшаға алып бермек болып уәделеседі.
Бұлардың осы қалжыңдары мен сөздеріне қарағанда айтқандары болмай қалмайтын тәрізді. Бірақ ел ішінде олардың жолсыздығына қарсылық көбейіп келеді. 1913 жылғы басылымда осы қарсылық көріністері өте әлсіз, солғын болса, кейінгі басылымда негізгі желіге айналған.
Тұрлығұлдың үйінен Ғайшаны алып қашқаннан кейін оның артынан қуып барған Әбіш пен Байғазы пара беріп, сол елдің болыс билерін көндіргендей болса да, олар “қалың қараның” қарсылығынан жақсанып, Ғайшаны қайтара алмайды.
“Бұл ыңғайды көргесін кіли қара халық Қожаш жағына шығып, Ғайшаны бермеуге айналды, - деп жазады С.Көбеев, - Біздің елдің де, пәленше түгеншелердің де жесірлері кеткен деп, бұл қалыппен бес-алты күн тартысып көріп, істің аяғы зорайып бара жатқансын, есек дәмелі болып жүрген би, болыстар ақылына түсіп оңашада мәслихат етістілер: қой, былтырғы астан жаңа бір аллалап есімізді жиып отырғанда, тағы да кісі өлімі болып, айдаладағы біреудің қатыны үшін он, бес сом аламыз деп басымыз кетер деп тоқтастылар”.
Үзіндіде би-болыстарға автордың көзқарасы айқын. Олардың жаңа заманды, заңды сезуі, халықтан қорқа бастауы аңғарылады.
Ел ішінде олардың жүгенсіздігі мен әділетсіздігіне, жастарды бақытсыздыққа ұшыратушы көне салтқа деген қарсылық пісіп, жетіліп келеді. Ал Қожаштың Тұрлығұлға теңдік бермей кетуі, осы әлеуметтік жағдайдың да жемісі.
Бұған қосымша романдағы кейбір әлеуметтік жағдайды да есепке алу керек. Романның, әсіресе, 1913 жылғы нұсқасында Тұрлығұл елге-зорлық жасап, қаталдық көрсететін ызғарлы байдан гөрі, бәйбішесінің өліміне қатты қайғырған дәрменсіз шал. Сондықтан да Ғайшаға жаны ашып, көмектесуші жастар Әлкен, Бірке, Жүніс, Серғазылар оның әрекетсіздігін біліп, Қожашқа Ғайшаны Көкшетауға алып қаш деп кеңес береді. “Сонау Көкшетауға артынан іздеп кім барар дейсің. Еліңе бір жеткесін заңмен, болмаса қолмен бұл (Ғайша. –З.Б.) елінде қалады. Тұрлығұл болса шал, Итбай болса, мынау”.
“Итбай болса мынау” дегеннің өзінен автордың оған деген ирониясы, юморы байқалады.
Сонымен қатар, Қожаштың ағайындары да Тұрлығұлдан қорқып отырған жоқ. “Жарайды, талабың қайырлы болсын, мұнда аман-есен бір жетсең, Есіл елі біздің Қыр елінен зорлағанда ғана мал алады, болмаса олда жоқ қой”. Қарап отырсақ, Тұрлығұлдан ешкім де қорқып отырған жоқ. Атқамінер, ақсақалдар мен би-болыстардан да үрейленіп отырған кісі көрінбейді. Бұл сол дәуірдегі халық көңілі мен санасындағы өзгерістердің бірін көрсететін факті ғана.
ХХ ғасыр басында қазақ жастарының, әсіресе, қыздарының бостандық үшін күресінің соншалықты күшеюі де ғасырлар бойы тырп еткізбей келген салт-сананың, би-болыс, ауылнай, атқамінерлер тобының билігінің бұрыңғыдай шексіз болмай солқылдауында, олардың қаулап көтеріліп келе жатқан ел наразылығынан үрейленуінде, жоғары-төмен жалтақтауында.
“Қалың мал” романының қай басылымен алсақ та, Тұрлығұл жастарға қарсы тегеурінді қимыл көрсететін басты бейне емес. Кейінгі жөндеулерінде автор қосымша детальдар мен эпизодтар арқылы оны алдыңғы лекке шығармақ болса да, мақсатына жете алмаған.
Кейінгі басылымдарда Тұрлығұлға қосылған мінездемеге қараңыз: “Тұрлығұл ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай елге зәбірлі, көршілеріне мазақ, қатты адам еді”.
Ендеше осындай мінезді адамның жалшыларының еркін жүруін немен түсіндіруге болады.
Көркем шындықтың өзі бірімен бірі байланысып, үндесіп жатқан бөлек әлем. Сондықтан да ондағы басты кейіпкерлердің кейбір әрекетін өзгерту, мысалы, күшейту арқылы оны жаңартуға болмайтыны белгілі. Ол үшін сол характер сомдалатын басқа да компонеттерге, әсіресе әлеуметтік мазмұнға қажетті түзеулер енгізу керек.
С.Көбеев әлгіндей жаңа мінездеме жасаған Тұрлығұлдың әрекеттерін өзгертпей, сол алғашқы қалпында (1913 ж. романдағы) қалдырған. Роман басындағы шаруасын істейтін жалшылардың мал мен үйге қарауды біржола қойып “қонақ үйге су-су шұлғау, байпақтарын” жайып, байдың аса қадірлі аты, үлкен торыны (1913 ж. Рисак торы) мініп алып қақпан құрып, тышқан аулап, шілделікте жүруі қалай болар екен? Сол тәрізді, романда Тұрлығұл үнемі Әбіштен сұрайды. Ағайындарының оның малына қол сала бастауы қалай? Әлгіндей мінезді, әрекет адамына бұл тән емес.
Тұрлығұл сонша қатал-әрекет адамы болса, күйеу баласы Шалқанға қамшы жегізіп, үйінен Ғайшаны алып кеткен Қожашқа қарсы қалай болғанда да бір әрекет жасар еді. Тіпті солай болғанда да Тұрлығұлдың кейінгі әрекеттері тым жеңілдеу, автордың мінездеуіне сай емес.
С.Көбеев романының кейінгі басылымына енгізген осындай түзетулер көптеген уақиғаларға да көлеңке түсіріп тұр. Роман жазудағы негізгі мақсатының бірін автор былай баяндайды: “Романды жазудағы тағы да бір ең басты себеп болған нәрсе қазақ әйелінің қас жауы, қазақ әйелдерін теңсіздікте, қорлық зорлықта тұтып, малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес жүргізу мақсаты еді”.
“Қалың мал” романының алғашқы нұсқасында да автор осы мақсатын айқын жүзеге асырған. Романда түрлі әлеуметтік топ психологиясы жақсы бейнеледі. Роман басында Байғазы мен Құрымбай билер өз пайдалары үшін Есмұраттың келінін саудалап жатса, 60-тағы Тұрлығұл мал беріп өзінің қызындай Ғайшаны алмақ болады. 60-тағы Тұрлығұл мен Ғайшаның арасындағы жас алшақтығы олар үшін мүлде үйреншікті нәрсе, сондықтан да оны ойлап отырған ешкім жоқ, оларды ойландыратын басқа нәрсе. “Сіз ұнатпай ма деп Итбайға ештеңе демей кеттік”, - дейді, Байғазы мен Қурымбай демек, Ғайшаны Тұрлығұл ұната ма, жоқ па? Мәселе сонда. Арадағы жас алшақтығын Тұрлығұл да ойлап отырған жоқ. “Маған бермесе де малға береді” – деп, Ғайшаны малға алатынын біліп отыр.
Бұл Тұрлығұл маңындағылардың ойы дейік. Енді қыз әкесі Итбай мен Ғайша ауылына келейік.
Әбіш келгеннен бастап Тұрлығұл жайын бірден сезген Итбайда ес қалмайды. “Қанша мал сұрасам екен? Әлде ақшалай алсам ба екен” – деп тыным таппаса, оның жақын ағайындары Амантай мен Жамантай, Қарақұлдардың пікірін қараңыз. “Бәрі бір дауыспен, жарайды, жат жұртыққа жаралған бала ғой, қайырлы болсын, беру керек, ол дағы бір орын ғой, әйел баланың орны табылған соң не керек, мал десе малы бар, бай десе бай”.
60-тағы Тұрлығұлдың Ғайшаны айттыруы олар үшін де адам таңданатын уақиға емес, қалыпты жай. Бірақ, бұл салтқа қарсылық та бар. Қыз шешесі Айсұлу Тұрлығұлдың атын естіген бойда-ақ ыршып түседі. “Мен он қырық жеті болса да баламды шалға беруге риза емеспін”.
Бірке, Әлкен, Жүністер Ғайша тілегін тілейді. Оны құтқарсаңшы деп Қожашқа тілек білдіреді.
Ғайшаның шілдеханада айтқан өлеңін естіп, қыздар жылап алса, Серғазы да ойға қалады. “...Рас, Ғайша он бесте, Тұрлығұл алпыста, әлде одан да артық па, бір аппақ шалға барып бишара қалай адам болады. Обал! Обал!... Ешкімге жазығы жоқ қор қызық секілді байғұстың обалына бекер кіріскен еекм, енді реті келсе құтылуына себепкер болсам”.
Серғазының Қожан Ғайшаға уақиғасына араласып, оларға тілекші болуының негізгі сыры осы.
Сол тәрізді Итбайды білетін көпшілік те Ғайшаның жайын естігесін “бүйтіп алған малы құрысын” – дейді.
Кейінгі басылымдарда Әлкен, Бірке, Жүніс бастаған топ Қожаш – Ғайшаға оқиғасын тізесін батырған Тұрлығұлдан кек алатын кез ретін, өздерінің таптық мүдделеріне қатысты қарайды. Ал 13-ші жылғыда олар құрбыларын аяйды. Реті болса оған көмекке баруға даяр екенін айтады. Бірі – Ғайшаны Қомашқа алып қашсаңшы десе, екіншісі Ғайшаны құтқаратын адамға 50 теңге беруге даяр екенін білдіреді.
Бірақ ел адамдары қаншама Ғайшаны аяса да, көңіл білдіруден аса алмайды. Әрекетке көшетін пәрменді қарсылық жоқ. Әлеуметтік шындық осы.
С.Көбеевтің “Қалың мал” романының 1934 жылғы Екінші басылымда шығарма көркемдік жүйесіндегі әлеуметтік мазмұн өзгертіледі. Тұрлығұл момын байдан елді ықтырған ірі феодалға айналады. Сондықтан да оқырман роман мазмұндағы сәйкессіздікті бірден сезінеді.
Көркем шығарманы келесі басылымда өңдеуде көркемдік жүйедегі әлеуметтік мазмұн әуендеріне абай болу керек. Қоғамдық қатынастарда пайда болған жаңалық, жаңа сана, әрекет, мінез-құлқы, түрлі әлеуметтік күштер көзқарасы, қарым-қатынасы тиісті деңгейге көркем мазмұнда көрініс табады. Бұл ескерілмеген немесе өзгертілген жағдайда роман көркем мазмұнындағы үндестік бұзылады. “Қалың мал” романындағы көркем шындық осыны көрсетіп отыр.