1950 жылы 10 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жазушы 1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1972-1973 жылдары Жамбыл аудандық “Екпінді еңбек” газетінде корректор, 1973-1974 жылдары туған ауылында шопан болып еңбек етті. 1975 жылдардан бастап Жамбыл облысы, Красногор ауданынан шығатын “Коммунизм жолы” газетінде әуелі бөлім меңгерушісі, ұзамай редактордың орынбасары (1980) қызметтерін атқарды. 1980-1983 жылдар аралығында “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде, 1983-1987 жылдары “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде әдеби қызметкер, 1987-1990 жылдар арасында “Жалын” журналының бөлім меңгерушісі, 1990-1992 жылдары Алматы облыстық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасының орынбасары, 1992-1994 жылдары “Жас алаш” (бұрынғы “Лениншіл жас”), 1994-1996 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. 1986 жылдан бастап еларалық “ZAMAN – Қазақстан” газетінің бас редакторы мынадай еңбектердің авторы: “Қызыл қар” (1984), “Жала мен нала” (1996), “Жыр жолбарыс” (1997), “Біздің заманның Аяз биі” жинақтарының авторы.
Жазушының “Қызыл қар” повесі туралы кезінде партиялық сын болды.
1982 жылы “Литературная газетада” және басқа бірсыпыра баспа орындарында шығармашылық әдістің былайғы даму жолдары хақында айтыс басталып кетті. Бара-бара бұл айтыс шығармашылық еркіндікке барып тірелді. Осы тұста социалистік реализмнің осал тұсы сезіліп қалды.
Шындықты жазатын шығармаға дүрсе қоя берушілік әдетке айналды. 1986 жылы Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жазушы Жұмабай Шаштайұлының “Қызыл қар” повесі қатты сынға алынды. Бұл повесте көзбояушылық салдарынан жұтқа ұшыраған, ферма қойын құтқару үшін жаппай-тұрмай күрескен шопандардың ерлік еңбегі суреттелген болатын. Бірақ сол кездегі бірінші басшы мұны шопандар еңбегін қаралағандық деп ұғынды. Съезде баспа орындарына алашордашыл ұлтшылдарды насихаттап отыр деген саяси айып тағылды. Бұл сол кездегі әкімшілдік-бюрократтық система стилінің көрінісі болатын.
Ал “Біздің заманның Аязбиі” романында жазушы осы идеяны ары қарай жалғастырып, өмірдегі шындықты, әділетсіздік пен көзбояушылықты сөз етеді.
“Біздің заманның Аязбиі” романы бұрынғы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Миятбек Ақпейілұлы Нұржановтың партия қатарынан шығарылып, жұмыстан босап қалған кезінен басталады. Бұрынғы хатшы бірнеше жылдар бойы әкесінің қарындасына баруға, хабарласуға да қолы босамай жүріп, енді сол әкесіне барып келе жатып, поезда отырып өткен өміріне көз жібереді. Бірінші есіне анасы және өзінің балалық шағының бір көрінісі романның өн бойында жиі-жиі еске алынады. Жиырмадан аса жесір қалған шешесі жалғыз баласы Миятбекті асыраймын деп, көп қиындық таңды басынан өткізеді. Соғыс жылдарындағы әйелдердің еңбегі, колхоз бастығы болған соқыр Жолбосынның шешесін қамшымен ұрған кездегі қиналысы, бала да болса сол соқырға қарсы “Әкеңнің... соқыр, өлтірем!” деп тұра ұмтылуы әр уақытта жадынан шықпайды. Сол кезде әкесінің қарындасының қорықпай колхоз бастығына қарсы шығуы, кейін Жолбосынның қыр соңына жүріп, әпкесін алыс темір жол бойына жұмысқа жіберуі, Дүрия әпкесінің сол кеткеннен мол кетіп, кейін Бел станциясындағы бір адамға күйеуге шығып, сонда қалып қойып, туыстардың араға отыз жылдай уақыт салып, бір-бірімен көрісуі суреттелінеді. Әпкесі інісіне бастық болып, көкірек пайда болған шығар, сондықтан іздеп келуге де шамаң жетпеді деп басына айтуы орынды.
Миятбек Нұржановтың балалығы кетпеген қазы Назерке мен томаға тұйық, үнемі қабағы ашылмай жүретін ұлы Таңат, үстіне елде жоқ киімді киіп, бет аузын әрлеп, опа-далап жағып, күтініп жүретін әйелі Сара ол қызметтен түскеннен кейін де баяғы молшылық дүниені аңсауы. Миятбек қиналған кезде ылғи шешесінің айтқан сөздерін есіне алады: “Сен жас емессің, бақандай қырыққа келдің. Қойныңда жатқан қатыныңның, бауырыңда жүрген балаларыңның ниеттері таза берілген бе, берілмеген бе, соны бір уақ ойлап қоймайсың, келімді-кетімді кісің қонақ қана. Жаның қысылғанда жақыныңды бәрі бір табасың. Қызметтің буына мастанып кетпе, балам”.
Бірінші хатшының ел басқарған уақытында айналасында ылғи жарамсақтар жүріпті. Соның бірі баяғы Жолбосынның баласы Арқабек пен оның әйелі жерлестігін пайдаланып Миятбектің бауырына кіріп алған. Миятбек оны қанша жақтырмаса да, Сара арқылы көңілін тапқан Арқабек партия қатарына өтіп, қызметін өсіріп алған, үнемі Сараның үйінде, аяқ-табағына көмектесіп, сол үйдің бір адамындай болып кеткен. Шофері Өмірсерік ауыр мінезді, артық сөзі жоқ, өз ісіне тыңғылықты. Романда кездесетін ауыл ақсақалы, өз туысы Байсерке. Ауыл адамының нағыз бейнесі Байсерке арқылы көрінеді. Нұржановтың шешесі қайтыс болар алдындағы Байсеркені іздеуі, сол келгеннен соң шешесінің өмірмен қоштасуы, Байсеркенің үйде жатқан шешесін күзетіп отыруы үлкен адамгершіліктің белгісі. Шешесі ауырып ауруханаға түскенде әйелі Сараның, енді балаларға қарайтын ешкім жоқ, балаларға қиын болды деп ойлауы, оның адамгершілік қасиетінің төмен екенін көрсетеді. Анасының қайтпас сапарға шығарып салу сәтіндегі оқиғалар романда жүйелей, толық суреттелген. Өлікке келген адамдардың мол дастарқан басында отырып, арақ ішуі, тос көтеруі осы кезеңді пайдаланып, бірінші хатшыға жағынып, пара берушілердің молдығы, дүниенің асып-төгіліп Сараның қолына түсуі – сол кездегі шындық еді. Партия қызметкері әрқашанда жұмысты ойлау керек деген ұйым әбден қалыптасқан Миятбек анасын жөнелту үстінде де жұмыс жайын ойлап тұрады. Қарамағындағы совхоздың директоры Тұрғынбеков 77 совхоз жылқысын жеп қойған, оны орнынан алып тастайын десе, оның тіреуші облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнекең. Ал Тұрғынбеков жайын бюрода қарамайын десе, жоғары жаққа жеткен арыз бар, комиссияның тексеру нәтижесі бар. Екі оттың арасына қалған Нұржанов не істерін білмей жүргенде шешесі қайтыс болады, сол екі арада облыс хатшысы Әнекең басқа облысқа хатшы болып кетеді де, оның орнына Байқадиев келеді. Бұл екі арада бірнеше эпизодтың кейіпкерлер де кездесіп қалады. Олар: аудандық тұтушылар одағының бастығы, дұңған Нұрділда Қауызов. Сара оны пайдаланып үнді шайы ма, лама пальто ма керекті заттарды тапқызып алады. Николай Павлович Гуржий – аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін өзінің орнына қызметке тұрғанда жүрегі ауырып ауруханаға түскен Нұржановқа барып, жағдайын сұрамақ түгіл, туысы Арқабек екеуі Миятбекті көре тұра амандаспай кетеді.
Романда кездесетін облыстық, аудандық пария ұйымының басшы қызметкерлері Садықбеков, Поцелуев, Гуржий, Силаев, Қауызов, Көкенов, Бейсенбаев, Келгенбаев, Саяткереев, Филимонов, Айтмұхамбетов секілді кейіпкерлер арқылы халық құдайдай сеніп жүрген партия қызметкерлерінің бет бейнелері көрінеді.
Романда оқиғалар тарихи шындыққа негізделген. Сол кездегі өкімет басшысы Д.А.Қонаев пен облыс басшыларының іс-қимыл, әрекеттері суреттелінеді.
Романдағы оқиғалар сол кездегі социалистік өмірдің ащы шындығына құрылған да 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен аяқталады. Желтоқсан оқиғасына себеп болған жағдайлар ұлттық табыстың барлығы орталыққа кетіп, тауар өндіру, машина жасау, зауыт, фабрикалар салуға көңіл бөлмегендіктен еді. Одақтық үкімет Қазақстанның ішкі қажеттілік мақсаттарының өркендеуіне үнемі тежеу салды. Қазақтарға: “Мал бағыңдар, егін салыңдар” деумен болды. Қазақстанның көмірін, түсті металын, мұнай-газ өнімдерін ішкі қажеттілікке пайдалану қолға алынбады, өнеркәсіп өркендемеген соң ірі қалаларда өндірісте жұмыс істейтін қазақ саны өседі. Қазақстанда тың жерлерді игеріп егін егу мен қой санын 50 миллионға жеткізу жөнінде тапсырманы орындау өте қиын болды, сондықтан өтірік ақпар беру орын алды. Осы жағдайлардың барлығы осы романда айтылады.
Роман көркем тілмен жазылған, социалистік өмірді суреттеген, партия қызметкерлері мен желтоқсан оқиғасына дейінгі қазақ халқының бір ауданында болған шындық суреттелінеді.