Кемердегі кемеңгермен кездесу

Бөлісу:

17.01.2025 208

Таңнан жеткен суық хабар есеңгіретіп жіберді, сәл есімді жинап әлеуметтік желіні парақтасам арысынан айырылған ағайын шулап жатыр екен. Қаңтарда жеткен бұл қайғы мені ғана емес-ау, тұтас Алаш баласын күңренткені анық. 

Едіге аға жіберген қысқа хабарландыруды көңілім құлазып, көзім жасауырап қайта-қайта оқи беремін. Сенбеуге болмайды, бірақ көңіл қимайды.

Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55).

– О, Тәңірі, бір ай бұрын ғана сөйлескенде жап, жақсы еді, - ғой деймін өз өзімді жұбытып.

Осыдан тура 50 күн бұрын, анығы 20 қараша кешкі 21:00-де Едігеден телефон келді. Үйде бала-шағаммен ырду-дырду отырғанмын. Телефонды асығыс алдым. Қысқа амандықтан кейін, - ата сенімен сөйлесем дейді. Білесің құлағы жақсы естімейді, сөзін бөлмей тыңдай бересің ғой, - деді қария баққан қыр, сырына қанық қағылез ұл. Бір жағы қуанып, бір жағы толқып тыңдап тұрмын. Аман, саулықтан кейін ата ұзақ сөйледі. Кемердегі елесі көз алдыма келіп, мейірімге толы ыстық леп сезіліп тұр. Былтыр қыста бауырларымды ертіп барып амандасып қайтқаныма разылығын білдіріп, батасын берді. Қожаберген батыр туралы кітабымды оқығанын, көп жаймен қаныққанын айтып, Жәнәбіл ақсақал туралы сұрады. – Жәнәбіл шетелдегі ағайынның айбары ғой, аман болсын, - деді. Ел, жер өздеріңдікі, еңселеріңді түсірмеңдер. Ешкімнен қорқпа, ештеңеден тайсалма. Алған бетіңнен қайтпа, алға қойған мақсатыңа жет, - деп шабыттандыра сөйледі. Денсаулығым сыр беріп сырқаттанып қалып жүрмін, бірер күнде ауруханаға жатамын, хабарласа алмай қалсам аман болыңдар, сұрған жұртқа дұғай сәлем айт, - деді. Менде үнім дірілдеп, қимай қоштастым. Ішімнен сөйлей берсе екен деп тілеп тұрмын. Едіге ағамен аз-кем шүйіркелесіп, апаның, жеңгейдің жәйін сұрап, атаның немересі Тоқайтемір «досым» туралы айтыстық.

Қуанып айналамдағы өзі атын атап сәлем айтқан аға-бауырларыма хабарласып, оларды да бір желпінтіп тастадым. 

Арада 10 күн өткенде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ел ағасы Жәнәбіл Сымағұлұлы ақсақал Үрімжіде қайтыс болды. Мен ақсақал хабардар болсын, - деген оймен Едігеге қысқа хат жібердім. Ата ауруханада, жазуға жағдайы келмеді, ауызша сәлемін жеткізіп, туыс-туғанына көңіл айтсын, - деген көңіл лебізін жеткізді. Жәкең ақсақалға Алматыда ас беріліп, бала-шағасымен бет көрісетін болғандықтан соған бардым әрі дүйім елдің алдында АҚШ-тан жолданған көңіл айтуды жеткіздім, жиналған жамағат та, марқұмның балалары да разы болып қалды.

Бұл қазақ руханиятының алдаспаны, күллі Алаштың сөзі, көктүріктің көзі, тірі әулиенің өзі классик жазушы Мұхтар Мағауинмен соңғы тілдесуім екенін ол күні ойлаған жоқпын. 

«Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!» Мұхтар Мағауин, «Көлме-көл» Толық шығармалар жинағы, 26-шы том.

Едіге Мұхтарұлы қаралы хабарландыруын осылай түйіндеп жіберген, бұл әке өсиеті. 

Шындығында «Жан – алланың аманаты, жазу – аруақтың аманаты. Алмаса – міндет артқаны, жазбасаң– қарызға батқаның» деген қатаң ұстанымдағы тұтас саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған ұлттың ұлы перзенті, қазақ қара сөзінің қара нары, көне түркілерден жалғасқан ерлік рухын жаңғыртқан кемеңгер, жазушы, жыраулар дәуірінің жоқшысы болған Алдаспан тарихшы Мұхтар Мағауиннің қазақ руханиятында алар орны ерекше.

Осы жаңа жыл күні де өзімнің әлем желідегі парақшама атаның үйінде бірге түскен суретімізді салып, «2024 жылдың қаңтар тартуы осы Кемердегі кемеңгермен кездесу болды. Менсіз де мақтаулы тұлға, тірі аңыз Тәңір жазса 85 жасқа ер салғалы отыр. Күллі Алаштың абызының осы мерейтойында жүздсуге нәсіп еткей» деген едім. Шын ниетімде сол, рухани дайындығымда мол еді, әттең. Ол күнге жаратушы жеткізбеді, пенде де не шара? Өкініштен өзегім өртеніп, ішім удай ашып барады. Қағанағы қарық, тоғанағы толық қобыз сарыны күңіренген ғасырлар керуені көз алдымнан көшіп барады...

Басыма келген бір ой, шынымен Мұхтар әулиенің ұлы денесі АҚШ-та қала ма? Әлде Үкімет бір амалын жасап әкеле ме? - деген жауапсыз сұрақ болды. Бұл менің емес-ау, ұлы жазушыны өзіне рухани тірек көретін тұтас жұртының жүрегіндегі үн, қимастық сезім еді. Дегенмен, бұл сұраққа да жазушы көзі тірісінде жауап беріп, ұлына аманаттады емес пе. Ол екі сөйлемейді, ұлы да әке өсиетіне қиянат жасамайды. Сөз тамам.

Енді абыз ақсақал, аңыз жазушы туралы естеліктер ғана сөйлейді. Өзі айтқандай, ол енді төбемізден қарап бақылап жүрер Тәңір текті аруаққа айналды. Сондай бір жылы жүздесу менің өмірімде де болған еді.

Бұл көптен көңілімді күпті қылған кездесу еді, ақыры нәсіп болды.

Танымал журналис қарындасымыз Ая Өміртайқызының халық жазушысы Мұхтар Мағауинмен сұхбаты әлем желі арқылы әлем қазағының құлағын елеңдетті. Қызғанышсыз айтар болсақ, ұйқыдағы қазақ қоғамын ашық күнде жәй түскендей дүр сілкіндірді. Ондағы айтылған тақырыптарды әркім өз өресінше өрбітіп, төңірекке тарқатып жатты. Сол арқылы аброй жинағысы келетіндер де, көрілім топтағысы келетіндер де армасыз сілтеді.

Осыдан  он төрт жыл ілгері осы уақыт, яғни 4 ақпан күні Мұқаңа арнап «Аға» деген өлең жазған екенмін. Ол кез жаңылмасам, жазушы шетелге көшіп, тағы да қазақ рухани әлемі өз әлінше күңкілдесіп жатқан кез. Содан бері сүйікті жазушыма деген сағынышым бір сәт толастаған емес. Осылайша өз ойымның аласапыранымен жүргенімде мынау Ая бегімнің әңгімесі ішкі алауымды лап еткізді. 

Алматыдан кәсіпкер Ғалымбек Оралханұлы бауырым келген еді. Соның желеуімен Астанадағы қарындастарыма бір шәугім шәй берсем деген оймен Ая Өміртайқызы, Майгүл Сұлтанқызы, Жұлдыз Жұмақанқызы, Назгүл Назар қатарлы журналист қарындастарымды дастарқанға шақырдым. Уәделі уақытта шұрқырасып жиналып алып, бұрқыратып әңгімені соқтық-ау дейсің. Әңгіме ауаны көбінде ақсақалдың лепестеріне, Аяның көрген, білгендеріне ауып отырды. Соның алдында ғана Ғалымбек екеміз ақсақалға ерулік апарып, сәлем беріп қайту туралы келіскеміз. Аядан барлық жайды білгесін, елшілікке өзін салып, әулеттің жәй-күйін ұғысып алдық та, айналсоқтап жүре беруді жөн көрмей ат-әбзелімізді әзірлеп, жол қамына кірістік. 

Елде болса да мінгізетін бір атымыз ғой деген байламмен бармағынан бал тамған танымал қасапшы, республикалық «Бесбармақ» жобасының жеңімпазы Саяхат Әсімханұлы ағама талдатып бір ту биені сойдырып, сексеуілдің түтінімен ыстатып, Алатаудың самалына кептіртіп дайын болған соң, 2024 жылы 20 қаңтар күні таңда Алматы әуежайынан жазушы-журналис Мейіржан Әуелханұлы, ақын Жақсылық Қазымұратұлы, кәсіпкер-баспагер Ғалымбек Оралханұы қатарлы інілерімді ертіп, төрт құбыламды түгендеп алып Анталияға аттандым.

Ағаға барам деген алаң көңілге, тоқым қағу қосылып таң атқанша көз ілместен әуежайға тарттық. Көтергеніміз бір жылқының еті. Әуежайдағылар аң-таң. Түріктер жылқы етін жемейді ғой дейді, жылқы етінен басқа қорегі жоқ ұлы түріктің сонда мекендеп жатқанын қайдан білсін. Әйтеу шулатып жүріп өткіздік, оның қызығы мен шыжығын Мейіржан мен Ғалымбек көрді. Бір есімді жисам түрік әуе кемесінің ішінде Жақсылықты өлең оқуға қолқалап тұр екенмін. Осы жолы бұлттанған аспаннан болды ма, бусанған мастардан болды ма білмеймін, түрік әуе кемесі үш сағат кешігіп ұшты.

Анталияға төте реис болмағасын Станбул арқылы ұшқанбыз. Біз қонғанда ақнөсер құйып тұрды. Жолдастарыммен бірге әуежайға кіріп, Анталияға шығар дәлізге қарай аяңдап келеміз. Жан-жағымыз толған түрік, шу-шу етеді. Кенет жолаушыларға бағыт көрсетіп, бағдар нұсқап тұрған жас жігітке көзім түсті. Көзінен өзімді көргендей көңлім ауып қарайлай қалдым да, - Анау жігіт қазақ қой, - дедім бауырларыма нұсқап. Шала қызумен қуып тұр ма? 70 мллион түріктің ішінен қазақты қайтып танып тұр, - дегендей олар басында сенбеді.

Әлгі жігіттің жанына барып:

 - Ассалаумағаликом бауырым! - дедім. 

- Уағаликомсалам! - деді ілтипатпен күле қарап.

- Қазақсың ғой? - дедім төтесінен сенімділікпен. Көзім де, көңілім де алдамаған екен.

- Иә, аға, қазақпын, есімім Мақмұт, - дейді әлгі қандасым көзіне де, көңіліне де сенбегендей. 

- Бізде қазақпыз, Қазақстаннан келдік, - деп шұрқырай амандасып, жалпылдап жатырмыз өмешегіміз үзіліп. Қазақ болғанын  бүгін сезінгендей Мақмұт қайталай құшақтаса амандасып зарығын басып жатыр. Аталары Алтайдан көшіп келкен аз ағайынның артындағы жоғалып бара жатқан жұрнағының бірімен осылай әлемнің ең үлкен әуежайында ұшырастық.

- Әй Тәке, мынауыңыз өтті енді. Шынымен таң қалдық,- деп Жақсылық арқамнан қағып қояды.

- Әне, айттым ғой, Тәкең бірден таниды. Өткенде Париждегі қалың топтың ішінен бір қазақты осылай танып алған, - деп Ғалымбек Эйфел мұнарасындағы бір жайды еске салды.

Стамбул әуежайының бас аяғы атшаптырым, қайдан келіп, қайда кетіп жатқаны белгісіз. Біз де сүйтіп абдырап тұрып әлгі қазаққа жолығып қалғамыз ғой. Мақмұттын нұсқауымен Анталияға ұшар бағытты тарттық. Көптен естімгеген қазақ үні құлағында жаңырып, артымыздан қимай қарап ұзақ тұрды.

Анталияға бағыт алған әуе кемесі де бір жарым сағаттай кешікті. Алаң көңілмен алып ұшып алдыңғы қатарға барып алғамыз, тағатсыздана күтіп тұрмыз, құды ұшаққа алдымен кірсек ағаға алдымен жетердейміз. Кешігіп әуеге көтерілген ұшақ сағат жарым уақытта Анталия аспанына жеткенін хабарлады. Терезеден тімтіне қарап, тамсанып келеміз. Төңірегі теңізбен қоршалған Түркі даласының әр қойнауы өз қасиетті құндылықтарымен ерекше. Ұшақ қонар шаққа дайындалып жерге құлдилай бастаған шақтан бастап қарап келемін, айнала толған жылы жай, егіс алқабы. Жарты сағаттан астам ұшып өтті. Тұтас Анталия даласын жылыжай орап тұрғандай сезілді. Недеген технология? Недеген еңбек? Бастысы Тәңірдің түркіге берген тартуы да шығар. Жердің климат қолайлылығын ұтымды пайдалана білудің өзі де осыларға тән артықшылық болар. Біздің Астанада болса баяғыда желге ұшып кетесің ау деймін ішімнен. Оңтүстік облыстарда халықтың ебі болғанмен базардың көзі жоқ, еккені еңбегін өтемей, шіріп жатқаны тағы бар. Мемелекет тарапынан жүйелі бірізділікке түспей оңалмайтын кәсіп ау деймін тағы да қолды бір сілтеп... 

Алматыдан салған сәлемдемемізді күтіп алатын да сәт келді. Кедендік аймақтан кедергісіз өтіп, бар бетжүздігіміздің бүлінбей бүтін жетуін күтіп тағатсызданып тұрмыз. Жанымдағы інілерімнің бәрі де шетел көріп, жол жүріп жүрген жосын білетін жігіттер. Жақсылық үш айлап, Мейіржан бір айлап бұл даланы тұтас шарлап кәдімгі жолбасшыға айналғандықтан көп қиындық туындамады. Үшеуімізге тиесілі тоғанағымыз толық келіп, Мейіржанның чемоданы кешікті, күттік, келмеді. Багаж бақылайтын орталығына барған едік біз секілді сумка жоғалтқандар, чемоданы бүлінгендер кезекте тұр екен, біраз күтіп жайымызды ұғындырдық. Сөйтсек біздікі Станбулға аялдап қалған екен, келесі реиспен алдыртып беретін болып телефон, мекен жайымызды алып қалды. Қарап тұрсам чемоданы сынғандарға жаңа чемодан беріп жатты. Мейіржанға, - алаңдама, жаңа чемодан береді екен, - деп қойдым. – чемоданды қойыңызшы, 25 кг сүріні айтсаңызшы, - дейді жымыиып. Бұйырса келіп қалар деген сеніммен Кемерге тартуға тағатсыздандық. Бірнеше күн ары, бері жүруге қолайлы болу үшін бір ауыздан келісіп, жеке машина жалдап алып, қаланың ортасынан тамақжай тауып, жүрек жалғап алдық та, ақсақалдың ауылына тартып кеттік. Күн ұясына батқан кез. Тізгінде Мейіржан. Жақсылық екеуі осы өңірдің тыныс, тіршілігімен таныстырып келеді. Әуеден көргенде алақандай болған Анталияның шетіне әзер іліндік. Сан тарапқа ағылған көліктер, айқасқан көпірлер, түнгі шамы жарқыраған көне шаһарға көрік беріп-ақ тұр. 

Қала сыртымен тау жағалап тартып келеміз, төңірек қараңғы, анда санда сонадайдан Жерорта теңізінің айдынында тербелген кемелердің жылтылдаған жарықтар көрінеді. Бір сағатқа өтер өтпес уақытта Кемерге де іліндік. Тау бөктеріндегі шағын қалашықты көрген де, көрмеген де арманда. Күні бұрын белгілеп алған барар жеріміз болғандықтан адаспай таптық. Біздің алдымызда Саяхат аға жолдастарымен осы өңірге күл төгіп аттанған. Сол қонақ үйге бізде келіп жайғастық. 

Қазақтың қабырғалы қайсар қаламгерінің шапағаты сонау Түрік елінің түпіріндегі бір қонақ үйге тиіп тұр. Атамыз осы өңірге келгелі алыс, жақыннан амандаса келетін ағайын алдымен осында тынығады екен. Қоақ үйге қараушы әзербайжан құрақ ұшып жүгіріп жүр. Анау үйдегі ақсақалға келдіңдер ме, атақты жазушы дейді ғой? - деп әлгі әзербайжан бізден бұрын бағытымызды біліп тұр. Келгендердің бәрі көкейіне құйып кеткен сыңайлы, бізде тіліміз жеткенше түсіндіріп жатырмыз.

Қарсыда жүз метірге жетер жетпес жерде ақсақалдың үйі менмұндалайы. Әрқайсымыз өз ойымызбен әлекпіз, әсіресе Жақлсылықтың толқынысы ерекше. Таңда таласа тұрдық, тұрдық та межелі мекенге көз жүгірттік. Ақ мәр-мәрлі, көк күмбезді хан сарайындай орданың ауласы тып-тыныш. Күн жексенбі, әлі тұрмаған екен деп шештік. Жақын маңнан наубайхана тауып таңғы асымызды аужал жасап алдық та, жаяу қаланы бір айналып шықтық. Бізден бұрын түрік көрген екеуі анау жақсы, мынау жақсымен үстелді түрлі, түсті нан, күлшелерге толтырып қойған екен, Ғалымбек екеміз тамсанып отырып түріктің қара шайімен сіміріп алдық. Осында жарты сағаттай отырған болуымыз мүмкін, басында екіден-үштен келіп жатқан алармандар енді кезекке тұра бастады. Айналасы 40 шаршы метірге жетпес наубайханада үлкенді-кішілі бес-алты жұмысшы жүгіріп жүр. Алды ақбас ата, арты бозбала дегендей. Соған қарағанда әулеттің ата кәсібі болар ұрпақ жалғап келе жатқан.  Біздің жұртқа да өзі жайлы, өзі таза, өзі дәмді, бағасы лайықты, қысы-жазы тұрақты осындай берекелі кәсіп нәсіп болса игі еді.

Таудың таңғы саумал ауасы жаныңды рахаттандырады. Қала тып-тыныш, бізден басқа жүргіншісі жоқтай маңғаз сезіледі.

Үлкен кісі кештеу оянар, - деген көне жорамалмен сағат 11 ге таяу жазушының үйіне баруға қамдандық. Көңіліміз қобалжып әудем жер сонша алыстап кетті. Жақсылық екеміз жаяу тарттық, екеуі машинаны ыңғайлап есік алдына орналастырды. Аула әлі тып-тыныш. 

Алдаспан ақсақалдың «Алтын ордадай» айбарлы да еңселі ауласына имене аяқ бастық. – аға, біз көріп алдық, - дейді үш інім қуанышты үндерімен жамырай тіл қатып. Ит, мысық өтіп кетпесін деген оймен темір тормен қоршаған ауладан төңірегі түгел көрінген үйдің күнге қараған терезесінен көңіл экранымызда әулиедей сұлбасы сақталған аңыз адамымыз кейіпкерлерімен тілдескендей, асығын алшысынан иіріп жантайып жатыр екен. Бізге мәлім кең маңдай, қияқ мұрт көзіңе оттай басылады.

Үй есігі ілулі екен, қағып дабыс бердік. Аула сыртына келсе жөткірініп дабыс беретін баяғының шалдарынша кеңірдегімізді кенегенмен үніміз өзімізге ғана естіледі, толқып тұрмыз. Сәлден кейін іштен, - қазір ашамын, - деген әйел адамның Бақытжамал апаның даусы екенін жазбай таныдық. – Айналайын, амансыңдар ма? жақсы жеттңідер ме? - деп бәрімізді кезек-кезек маңдайымыздан сүйген  ападан аман-саулық сұрасып ішке кірдік. Бағанағы ауладан терезесі көрінген ішкі бөлмеден еңкеңдей басып бізді қарсы ала шыққан абызымызға қарай анталай жүгірдік. Емен жарқын құашақтаса амандасып мауқымызды басып үстел басына жайғастық.

Біз атаны ортаға алып оңаша отырдық. Бақыт апа келінімен қосылып бәйек болып дастархан әзірлеп жүр. Біраз жылдар «Азаттық радиосын» басқарған ұлы Едіге ағамен де осы жолы таныстық. Мен ішіндегі үлкені, жолбастаушы болғандықтан өз жайымнан ақпар айтып, жол серіктерімді жеке-жеке таныстырып, арнайы іздеп, амандасып келгенімізді айтып, арқалап әкелген азғантай сәлем-сауқытымызды табыс еттік. Ата да, бала-шағасы да шынайы қуанып қалды.

- Сендерді кеше кешке келеді деп күткем,- деді ата жүзімізге мейірлене бір қарап шығып. Десі басып, дегбіріміз қашып тұрған біздің мына сөзден кейін толқынысымыз орнына түскендей серпіліп қалдық.

- Таңертең ерте тұрып, қонақ келеді, қамданыңдар, - деп бізге де маза бермей күтіп отырған аталарың, - деп апа да қостап қояды. Едіге аға көп сөйлемеді, сұрақтарымызға ған жауап беріп сырттай бақылап отырды.

- Бір орында ұзақ отырғандықтан тізе бастырмай қалады екен, оның үстіне бір тымау жабысып мазамды алып жүр, алдыңғы келгендермен жақсы сөйлесе алмадым, қазір тәуірмін, біраз әңгімеге жараймын, асықпаңдар, - дейді атамыз қимас сезімін білдіріп. Біз бірге күлеміз, сүйтеміз де,- тың екенсіз, әлі талай шығармалар күтеміз,- дейміз жан жақтан жаутаңдай қарасып ер тұлғалы, өр рухты қайсар қаламгердің асқақ тұлғасын аласартқымыз келмегендей.

Көп ұзамай дастархан басына жайғастық. Шынымен таңнан дайындалған екен, ортаға арнайы асылған ет келді. Бағанағы басталған әңгімені дастархан басында ары қарай жалғадық. Ата тоқтар емес, өзінің талай жылғы кәнігі тақырыбын тармақ, тармағымен толғайды. Біз өзімізге қызық шығармаларының оқиғалары туралы, кейіпкерлері туралы, жазылу тарихы туралы сұраймыз. Ата мүдірмейді, қай жерінен сұрасаң сол жерінен жалғастырады. Арасында Қазақстанның тыныс-тіршілігі, қоғамдық жағдайы туралы әңгімелей келе өзінің құрдастары, замандастары туралы ой өрбітеді. Өзінің шығармашылық өміріндегі ізденіс жолдары, кездескен кедергілер, тіпті ойламаған ғажайып оқиғалар туралы ұзақ әңгімеледі. Әсіресе «Шыңғысхан» романын жазу барасындағы басынан кешкен ғажайыптарымен бөлісті... «Шыңғысхан» романын бастаған күні жазу бөлмеме кірсем жап-жасыл нұр төгіліп тұр. Айнала қарап өз көзіме өзім сенбей Едігені шақырдым, оған көрінбейді. Тура солай романды аяқтаған күні сол жасыл нұр саулап тұрды. Біз аузымыз аңқиып, таң-тамашамыз. Арғы-бергі тарихымыздан қалам тартып, тұтас мың жылдықты қайта тірілткен ұлы жазушыға аруақ қонған деген осы ғой, - деймін ішімнен.

- Ойға алған шаруларым бар, алда біраз мақалалар жоспарлап отырмын, шетелдегі қандастар туралы да арнайы тоқталамын. Айтпақшы, Қытайдағы қазақтар арасында «Шарапат», «Жолаушы» деген бағдарламалар болушы еді ғой, қазір бар ма? Оны да құртты ма? - дейді сұңғыла қаламгер төңіректің төрт бұрышынан хабар алып отырғанын меңзеп.

- Құртты! Бәрін құртты! 

Біз жауапты қысқа ғана қайырамыз. 

Есілдертіміз атаны тыңдау. Біз әулетке апарған сәлем-сауқытымыздан бөлек, атаға арнап ақын-жазушы Омарғазы Айтанұлының «Тырналар», жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай», жазушы Ғалымбек Елубайұлының «Жүз жетінші көктем» және өзім құрастырып шығарған «Ақтулы Қожаберген батыр» кітаптарын ала барғанбыз. Жақсылық бұдан бұрын жазушы туралы мақалалар жарияланған «Жас Алаш» газетінің бірер санын алуды да ұмытпаған екен, соларды табыстадық. Қарт қаламгер әр кітапты қолына ұстап, жеке-жеке аударып, төңкеріп қарап шықты.

- Қожаберген батыр туралы біраз мәліметім бар, мақаламда арнайы тоқталғанмын. Омарғазы өте терең адам ғой. Танимын, бірге болғанмын. Жақсылықта үлкен дайындықпен келген, шығармашылық мүмкіндігі мол талантты жазушы еді. «Сергелдең» деген романының бірінші кітабын тұтасымен «Жұлдыз» журналында бастырып жариялағанмын. Кейіннен хабарласа алмадық, тұрмыс жағдайы жар бермеген болар. Кітаптарыңа рахмет, асықпай оқимын ғой, - деп үстелінің ортасына қарай ысырып қойған еді Едіге аға қолына алып тура әкесінің жолымен аударып, төңкеріп бір бір шолып шығып ішкі үйдегі жазушының кітаптарының қорына қосты.

Жазушының шығармашылық үстелінде өзінің жансерігі көнетоз жазу машинкасы тұр. Анау 25 томның қанша парақтары осы машинканың таспасымен өрілді екен деші... тілтақтасын басып қалсаң жаңа шығарма күткендей тақ-тақ етеді. Ол да ұлы Мұқаң секілді «Алтын ордадан» қалжырап шығып, тынығып отырған сыңайлы... анадайда ғұмырының әр минутын өлшеммен пайдаланып, өмірінде өшпес мұралар қалдырған жазушының қол сағаты келер күннің жоспарын күткендей тық-тық етеді...

- Сендердің аты-жөндеріңді жазып алмасам ұмытып қаламын, - деп ата қағаз, қаламын алдырып жеке-жеке қайталай тәптіштей сұрап жазып алды. Недеген ұқыпты адам десеңші. 

Ғалымбек «Аласапыранды», Мейіржан «Жармақты», Жақсылық «Менді» арқалап барған еді, авторға ақ тілегімен қолтаңбасын қойдырып алды.

Атаның балаларының, немерелерінің бәрінің аттары өзінің даңықты кейіпкерлерінің есімдеріне қойылған екен. – Болашақта әнші, композитор болар, - деп Тоқайтемірді мейірлене құшағына қысып, тұлымын сыйпап қояды. Бәрінен де Тоқайтемірге апарған сыйлығым қатты ұнады ма әлде менің бір көңіл аңсарымды періштесі сездірді ме бімеймін барғалы жанымнан шықпады. – Алдымнан кетпейді, ақын болатын секілді, - деймін әзілдей еркінси сөйлеп. Ондағы сыйлығым өнертапқыш Ғалымбек Қызырбекұлы жасап шығарған сөйлейтін кигіз үй еді. Оны Тоқаң біз барғаннан кетер кеткенше саңқылдатып қосып қойды.

- Шынымен, басқаларға бүйтіп жоламайтын, - деп қостады жеңгеміз. Едігенің жолдасы түркімен ұлтының бір зиялысының қызы екен, АҚШ-та жеке наубайхана кәсібімен шұғылданады екен. Бұл кәсіп бізде қарқынды қолға алынбағанымен дамыған елдерде үкен сұранысқа ие кәсіптің бірі ғой. Бағанағы Кемердегі шағын наубайхана да біз барғанда нан, тоқашқа толып тұрған, біз шәй ішіп қайтқан жарты сағаттың айналасында төңіректің бәрі таңғы ыстық тоқаш қолтықтаған түріктерге толып кетті ғой.

Бақыт апа ауық-ауық атаның жәйін сұрап, желбегей жамылған күртешесін ауыстырып бәйек. Ұлы жазушының бақытының алтын қазығы да осы адал жары болар-ау деймін ішімнен. - Аталарың сексеннен асқаннан кейін ептеп мені тыңдайтын болды, - деп қалжыңдап қояды арасында. 

Шынымен мен көрген ақын-жазушылардың ішіндегі ең бақытты адамның бірі – осы Мұхтар Мағауин. Өзінің сексеннен асқанына қарамастан асыл жарын алақанында әлдилеп отырған апаға таң қаласың. Ал енді ұрпақтары шетінен мықты. Әсіресе әкесіне тартып туған, әлемнің жеті тілінде еркін жазып, сөйлеп тұрған Едігесі бір төбе. Жазушының әр шығармасын қадағалап, өз қолымен 25 томдығын дайындап, бастыртып отырғанда сол. Ұзақ күнге айтылған әңгімеде жазушының кез келген шығармасын жатқа соғып, жазушы кіммен не туралы пікір алмасты, ой бөліскеніне дейін жіпке тізіп отыр. 

Өзінің ішкі діңі мықты, рухани қазынасы бай ұлы жазушы осындай арқатірек әулеті сенімді болғандықтан да ешкімді бойына тоғытпайды, ештеңеден тайсалмай алаңсыз шығармашылықпен айналысты. Өзіне, отбасына сенді. Құрлық асып кетсе де әр жазғанын қазақ елі қалт жібермей оқыды, шулады, шұрқырады. Ол сонсымсымен де ұлы.

Бағана әуежайда кешігіп қалған чемоданымызды алуға Едіге ағаның телефон нөмерін қалдырған едік. Олар да осы кезде телефон шалды, затымыздың келгенін хабарлады. Шынымен де Мейіржан Анталия әуежайынан «сыйлыққа» жаңа чемодан алып аттанатын болды.

Біз әңгіменің қызығымен ұзақ отырдық. Түс ауып, кеш кірді. Негізгі мақсатымыз амандық біліп, атаның батасын алып қайту болғандықтан көп айналмасқа бекігеміз. – Жеңгелерің теңіздің балығын пісіріп қойды, - деген апаның лебізімен қайта дастарқанға жайғастық. Шынымен жеңгеміз қолынан бал тамып тұр екен, дәмді тағамдармен дастарханды жайнатып жіберді. Ас ішіліп, дастарқан жиналар шақта:

- Ал енді көке, «ұшар құстың қанаты ілгері» деген, біз қайтайық, жүздеріңізді көріп қуанып қалдық, аман есен болыңыздар, батаңызды беріңіз, - деп жамыраса қол жайдық.

Бәрі қолын жайды. Осы сәт көңілімнің астаң-кестеңі шықты. Ұзақ күнге қасымызда отырып арғы-бергіні қотарып, тарихтың сан тарабынан әңгіме айтқан ұлы жазушы қалжырап, заңғар шың шынымен шөгіп бара жатқандай құлазып кеттім.

- Жаратушыға шек келтірмеймін, сұраған жасымды артығымен берді. Құдай тағала бүгін алса да разымын. Іздеп келгендеріңе көп рахмет, өсіп, өркендеңдер. Сұраған елге дұғай-дұғай сәлем айтыңдар! Тәңір жолдарыңнан оңғарсын! Әумин! - деп жанары жасаурай бетін сыйпады. 

Біз аруақты шаңырақтың әулетімен қимай-қимай қоштастық. Күн кешкіріп келеді, кеткіміз келмейді. Апамыз да жол білетін жосынды адам ғой. Әрқайсымызға жеке-жеке сәлемдеме дайындап қойыпты.  – Келінге сәлем айт, атаңның 25 жыл жазу үстелінде киген шапаны, иығыңа жамылып жүр, рымдап әдейі салдым, - деп бетімнен сүйді. Құлазып тұрған көңілім қуанып қалдым.

Бізді ұшаққа Едіге аға жұбайымен бірге шығарып салды. Тоқайтемір мені жібермейді, періште құшағымен қысып, қысып қояды...

Сол баяғы ұлттық сағыныштан, інілік ізеттен туған өлеңімді қайыра оқып көңіл жұбытып отырмын енді. 

                                Аға 

Сәлем бере бара алмай сізге бұрын,

Ізге бүгін қарайды іздеп ұлың.

Қыраным-ай, теліген құзға өмірін,

Кім жібітер алыптың мұз көңілін.

 

Мен келгенде сіз кеттің, іздеттің шын,

Тегіміздің білемін бір беттісін.

Өртендіме ағатай мұң, кекке ішің,

Атажұртты алыстан сүймекпісің?.

 

«Бес ғасырдан» айналған жыры аңызға,

«Қобыз сарын» келеді құлағыма.

«Қыпшақ ару» кеттіңбе тұрағына,

«Жармақталған» ұлтыңа жыладыңба?!

 

«Шыңғысхан» , «Шаһаншері» алып көшін,

Бастадың «қазақ тарихы әліппесін».

Сендей ақ «Шахкерімді» дәріптесін,

«Сарықазақ» сыбағаңа дәнікпесін!!

 

Күндестерің күледі сен кеткелі,

«Кесік бас, тірі тұлып» келбеттері.

Аспанымда «Көкмұнар» селдетпеді,

Еңбектерің жатады емдеп мені.

 

Аға, неге артыңа бұрылмадың,

Ел болмасын осыма ұғынғаның?.

Кешерсің, тез жетерсің сыйынғаным,

Ел-жұртыңа білемін сыйың барын.

 

Мен үшін асылдасың, жасындасың,

Білемін сағынышым басылмасын.

Бағаңды бере алмаса ғасырға сын,

Әлемдік алыптардың басындасың.

Мұхтар аға!

Талапбек Тынысбекұлы

11 қаңтар 2025 жыл.

Бөлісу:

Көп оқылғандар