Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ әдебиетінің қара нары өмірден өтті...

22.04.2025 684

Қазақ әдебиетінің қара нары өмірден өтті

Қазақ әдебиетінің қара нары өмірден өтті - adebiportal.kz

Қазақ қаламгері, дәстүрлі прозалық стиль мен үрдісті осы күнге дейін өлтірмей келген жазушы Әкім Тарази дүниеден озды. 

Жазушының толық аты-жөні - Әшімов Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази). 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы, Луговой (Рысқұлов) ауданы, Жаңа тұрмыс ауылында аяқтаған. 1957 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология  факультетін  бітірді. 1957-1959 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жаңа тұрмыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті сабақтарынан білім беріп, педагогикалық қызметте жүрді. 1960-1962 жылдары Мәскеудегі жоғарғы кинематография курсында (КСРО  Мәдениет министрлігінде) дәріс алып, білімін жетілдірген. 1962 жылы «Литературная газетаның» (Мәскеу) Қазақстандағы меншікті тілшісі, 1964 жылдары “Қазақфильм” киностудиясында бас редактор, 1970-1980 жылдары Қазақстан Киногерлер одағының бірінші хатшысы, КСРО Кинематография одағының хатшысы болып қызмет атқарды. 1986-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1991-1994 жылдары Мәдениет министірлігінің кеңесшісі, 1993-1996 жылдары «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы, 1994-2004 жылдары Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры атанып, 2009 жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде оқытушылық, Қазақстан Жазушылар одағының  филиалының жетекшісі (2007) қызметін жауаптанған.

Әкім Таразидың «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» атты романдары мен кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ қаламгер қазақ киносының алтын қорына қосылған «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай» кинотуындылары арқылы да кеңінен танылды.

Әкім Тарази мемлекеттік театрларда сахналанған «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және т.б. драматургиялық еңбектердің авторы. Оның драматург ретіндегі болмысын Ақселеу Сейдімбек: «...Ол  –  алпысыншы  жылдары  қазақ  сахнасына адам  мен  қоғам  туралы  айтатын тарихи  романтикалық сарындағы  пьесалардың  қатарына  адам  мен  қоғамды көрсететін   пьесаларды   қолдаса   көріп   шыққан драматургтеріміздің бірі», - деп суреттейді. Жазушының бірқатар дүниелері орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылған.

92 жылға таяу өмір сүрген Әкім Тарази аударма саласында да өзін танытып, еңбек етті. Ол Н.Я. Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне  заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін, Ф. Рабленың «Гаргантюра және Пантагрюэль» романын алғаш қазақ тіліне аударған.

Қаламгердің мемлекет тарапынан үнемі үлкен ыстық ықыласқа, қамқорлыққа ие болғанын оның алған атағы мен медальдарынан көруге болады. Ол 1994 жылы «Құрмет белгісі» орденін алып, 1997 жылы «Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградаларымен марапатталып, 1999 жылы  Қазақстандағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреат-иегері атанды. 2011 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби медальді алған.  2015 жылы «Отан» ордені мемлекеттік наградасын иеленді.  2021 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Ұқсас мақалалар

Көп оқылғандар