Дәрияш Шаймұратқызы. Ит қоруды білмейді

Бөлісу:

20.01.2025 156

 Ит қоруды білмейді

Көшеде қаннен қаперсіз келе жатқан қарияға жанынан өте берген бейтаныс әйелдің жетектеген иті арс етті. Күтпеген жерден тап берген иттен шошып қалған қария итке таяғын көтеріп, жасқап еді, итіне араша түскен әйел қалтылдаған қартқа итпен қосыла «үрді»... 

Кім түсінер кеудедегі жараны, 

Күлкісі көп күндер ұзап қалады.

Көше бойы сабылысқан көп адам –

Күшік сүйреп, ит жетектеп барады. 

 

Күшіктерге күнің неге түсті екен?

Сабалақ жүн сарысы көп түстесең.

Айбар шегіп, арыс етеді артыңнан, 

Иелері күшті екен.

 

Айтуға бұл болғанымен оп-оңай,

Боздағың да келер кейде ботадай.

Кісі келсе ауыл жаққа атпенен,

«Ит қоры» деп айтатұғын апам-ай.

 

Балалық шақ базарыңа жүгінсем,

Апама еріп, ел қыдырып жүруші ем.

Қараша үйден қара бала алдымен –

Ит қоуға шығушы ең. 

 

Ізет бар ма бұдан ары асатын,

Иттің мойнын еппен ғана басасың.

«Шық» дегенде қарсыласпай қарала ит –

Ірге жаққа қайта барып жататын.

 

Қайырылмай кеткенімен қайран шақ,

Ол да мәңгі есімізде қалған сәт.

Иттен қорып жүргеннен соң сен бізді,

Ауылыңда ойнаушы едік сайран сап.

 

Біз қайтатын шақты бұрын байқаған,

Сені де апаң қағатығұн арқадан.

Айтқызбастан атып шығып далаға,

Итті қорып тұратынсың қайтадан.

 

Көз алдыңнан үзілгенше қарамыз,

Ит жетпестей болғанынша арамыз.

Итті қорып қалатынсың қозғалмай,

Қандай тәтті риясыз баламыз. 

 

Қасиеті бұзылмаған қаймана,

Ол ауылдың әңгімесі жай ғана.

Итін қорып шығатұғын алдымнан,

Қайда қалдың қара көзді әй, бала. 

 

Балағыңнан алса иттер асынып,

Қалар кейде көңіл шіркін ашынып.

«Көргенсіздер қорымайды итін де» -

Деп айтатын апам да жоқ батырып.

 

Айналайын, ақылың бар, санаң бар, 

Айналайын иті қымбат адамдар. 

Қанымызда ағып жатқан қашаннан, 

Қасиетке қайырылып қараңдар.

 

Ұрпағына үйрететін ізгі ойды,

Кімдер сондай тәрбиені іздейді?

Ит жетектеп жүргендердің барлығы –

Ит қоруды білмейді. 

Келемін саған ауылым

Ауылға барам, аялы елді сағындым, 

Бөлінбес менен, бөлшегі сонда жанымның.

Көзімді жұмсам көретін тәтті түсім сен,

Көңілді жүрсем көтеріп тұрар күшім сен.

 

Төбесіменен тіреп тұрғандай кіл көкті,

Мен үшін анау Боғдадан биік шың жоқ-ты.

Жолыма қарап жолықпасын деп қатер кей,

Ақ шашын сипап абыржып тұрған әкем ғой.

 

Саңқылдап сөйлеп есендік сұрап тау ұлы,

Қауқылдап тұрад қашан барсаң да қауымы.

Аршаның иісі атаның аңқып аузынан,

Маңдайдан өпсе өтеді бақыт қай мұнан.

 

Қуғаны- тірлік, құмары- бірлік қыдырлы ел,

Құйғытып өтті-ау құшағыңдағы ғұмыр - жел.

Өзге елде жүріп өкпеден талай сыз да өтті,

Қолымды шағар қалақайың да құрметті.

 

Бұлағың тұнық бұлқынып тұрған жүрегім,

Бұйралы құмың бұрылып тұрған бүйрегім.

Тамырым сенде, тағдырым басқа болғанмен,

Қазығым сенде, қазірше қайтпас жолда мен.

Уақыт заңы 

Арманға көңіл асықты···бармайды,

Аңсайды мәңгі уақытты алдайды.

Сабырдан қалмас сары уайыммен,

Сабырсыз адам бақытты болмайды. 

 

Орнайды кетпей есіңе мәңгі,

Қинадың оған несіне жанды.

Ұқсайды бірде көшеге өмір,

Ортасы жарық, шеті қараңғы. 

 

Сырыңды жолға шыға жастанып,

Сандығың ішін ұзақ ақтарып.

Көңілде кейде керемет күнді,

Қуаныш таппайды қуалап барып. 

 

Маңдайда тұрмас уақыттың заңы,

Таңдайда тұрмас бақыттың дәмі.

Жазмыш та жаңыла ма  екен,

Жарқырамайды жақұттың бәрі. 

 

Өмірдің мәңгі оты маздайды,

Несі қалады, несі  қалмайды?

Жетерін адам есіне сақтап,

Өтерін күннің есіне алмайды.

Қар жауып тұр 

Қар  жауып тұр торғай бастанып,

Табиғат бояп аққа реңін.

Қыстың қызығын толғай бастадық, 

Өзім де бүгін басқа біреумін.

 

 Қар жауып тұр қапалақ- қапалақ,

Қыс келді дегенді жабыла айттық.

Қарсы алайық  қане шапалақ- шапалақ,

Жаз  өмір сенен тағы да қайттық.

 

 Қар жауып тұр, мамық та мамық,

Жәйлі болатындай қыс ба екен?

Қойшы жігіттің де қамыққаны анық,

Қойлары аман шықса екен. 

 

Қар жауып тұр  басып салады,

Аппақ  дүние есен  боп  келдің.

Біздің  де көңіл  тасып  толады, 

Осы мен  қыстан нешеуді  өткердім? 

 

Қар жауып тұр, ақ бұрқақ атып,

Ашуы қашан басылар.

Барады дәурен, ақ қырқаны асып,

Ақылым енді артылар.

 

 Қар жауып тұр қалың  да  қалың,

Қаһарлы  қысты жетелеп  келді.

Көктемдей  емес жанымда  жалын,

Көп  ойлай беремін кешегі өткенді.

Қар  жауып тұр!!!

Ыңғайлы

 (Қазақша жауап  беруді  өтінгенімде  «бізге орысша ыңғайлы» деп жауап берген қазақтарға )

Кеудемде күн бар,

Көңілде  кір бар.

Жабықсам  жәй ғана,

Жүрегім  сыздар.

 

Жайым бар жай ғана ,

Жегенім  жал-жая.

Айтармын,айтпаспын,

Ал мұнда  хал жаңа.

 

Күні бар жақтанмын,

Тілі бар  аспанмын.

Қазақша білмейтін,

Қазақтан  жасқандым.

 

Осы ма, сый маған,

Мен енді кім болам?!

Бір түйір ана тіл,

Тіліне  тұрмаған.

 

Деймін де  жас әлі,

Дегбірім  қашады.

Қазаным  қаймақты,

Қарыным ашады.

 

Біреуге пұл қайғы,

Біреуге қыз қайғы.

Білмесең басқа тіл,

Әңгіме қызбайды.

 

Күн кеудем сыздайды,

Кім  көрген мұндайды.

Ағайын, ал бізге-

Қытайша ыңғайлы.

 

Ыңғайлы  тіліммен,

Ымдаймын  түріммен.

Кел  қане, кеңеске,

Ыңғайлы  тіліңмен.

Жанымның  дауасы

Қайтадан өмірдің,         

Қадамын  бастаған.         

Сен болдың көңілдің-         

Қалауы бас қалам.

 

Үзілмес күдерім,         

Үмітім, арманым.         

Сенімнің күреңін,         

Сертіңе байладым.

 

Басылдың  көзіме,

Байырғы  жолымдай.

Бас  ұрдым өзіңе,

Табылған жоғымдай.

 

Айтам  ба далаңды,

Аңызға  айналған.

Айналдым  қалаңды,

Жаралған арманнан.         

 

Сұлулық  өзіңде,         

Сілекей шұбырар.         

Көрмеген өмірде,         

Көруге  құнығар.         

 

Самалы  саумалдай,         

Сарыарқа  төсінің.         

Жұлдызы  жанғандай,          

Сан ғасыр  көшінің.

 

Жайдары жазы бар,         

Көктемі  қылықты.         

Күзінің  назы бар,               

Қысы да  қызықты.

 

Аспанда тұратын,                     

Күні де күлімдеп.         

Сымбатын, тұлғасын,       

Теңеуге тілім жоқ.

 

Жанымның  дауасын,         

Табасың  Астана.

Бір жұтым  ауасын,

Сатпаймын  басқаға.                                         ,         

 

Тіл жетсе төгейін,

Тілдерің  тимесін.

Жырыма  бөлейін,

Жайқалып  гүлдейсің.

 

Біз  басар ізіңнен,

Ізгілік  ұйысын.

Көрмеген  күнімнен,

Көп мерей бұйырсын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар