«Қараштың оқиғаларынан» сыр тартқанда
Бөлісу:
Біз кейде оқырман ретінде бүгінгі прозаның өмірдің тап осы ырғағына қарай жаңарып, бейімделгенін көргіміз келеді. Өйткені, бізге баяғы бір замандар емес, осы кезең түсініктірек, дәл осы уақыттың адамының іс-әрекеті, таңдауы, қиындығы мен қуанышы жақынырақ көрінеді. Және бүгінгі прозада біз іздеген, көбіне таппай жүрген ой (ақыл емес) айтылып, жауабын өз ішіңнен табатын сұрақ қойылса дейсің. Өйткені, әдебиет шынайы өмірге, жалпы адамға еш қатыссыз ермек емес. Тіпті шаршағанда көңіл аулайтын, демалуға мүмкіндік беріп, жай ғана қиял мен шытырман әлеміне қарай шегінетін эстетикалық-интеллектуалдық ойын да емес. Осыдан келіп жазушының да ролі айқындала береді: жазушы адам бойындағы әлсіздікке, жамандыққа бейтарап қарай отырып, оны шығармаға айналдыратын салқынқанды бақылаушы емес, ол сұрақ қоюшы және сол сұрағын шығармасының өн бойына жасырушы.
Шағын жанрды жақсы көретін оқырман ретінде жаңа автормен танысқан сайын – «осы оқып жатқаным – автордың ең жақсы әңгімесі болса екен» дейсің. Егер бастағаннан жетелеп кетсе, оқығаның ләззат бере алса, демек, жақсы әңгіме болғаны. Егер қатты таңғалдырса, өзіңнің жетілмеген адам ретіндегі бірдеңелеріңді есіңе түсіріп ұялтса, «солай екен ау» деп ойландырып, ұзақ уақыт бойы есте қалса ғана шығарма құнды. Егер әңгіменің ортасына жетпей есінесең, онда ол не уақыты өткен, не автор бере алмаған, не техникасы келіспеген болып шығады.
Бүгінгі қазақ әдебиетінде «суреткер және уақыт» деген ұғымға жауап беруге талпынып жүрген орта буын жазушылардың бірі – Қанат Тілеухан. «Қараштың оқиғалары» атты жұп-жұқа жинағын алғаш шыққанда академиялық кітапханадан алып оқығанбыз. Кейде біздің өлімге деген қатынасымыз – адамгершілігіміздің де өлшемі дегенді ойлатып, тұтынушылық санамыз, әлеуметтік өреміз көрінетін «Жаназа», «Жерлеу» шығармаларында «адамды қандай жағдайда да адам ретінде сақтап қала алатын не?» деген сұрақ қалады (әрине, діншілдер «адам Құдайсыз ешкім емес» деп, құдайдан алыс жүргендер «адамзатты ұстап тұрған талай ғасырдан бері қалыптасқан мәдениеті ғана» деп қашаннан айтысып келе жатса да, жазушы бұның жауабын басқа жақтан іздеуі мүмкін).
«Шатырдағы әйел» – адам-байғұстың өмірдің абсурд екенін біліп тұрып қабылдап, соған көніп тұрып күн кешетінін айтады. Ал енді бұл өмір дегеніңіз ыңғай бір азап пен қиындыққа толы, мағынасыздыққа ұмсынғыш екен, ендеше оны іші-сыртыңмен ырза пейілде қанағаттанған сезіммен сүруге тати ма? Бұл үлкен сұрақ! Еске түседі, осыдан оншақты жыл бұрын «Қазақ пен қала» байқауының қорытындысынан кейін танысып, сонда сөз арасында Қанат Достоевскийдің бір шығармасы туралы әңгімелеп еді, «Неточка Незванова» болу керек, ол шынымен де адамды айран-асыр қылып, арқа-басын тоңазытатын шығарма ғой. Қанаттың өз әңгімелерінде ешуақытта адамға қастық жасалмайды (кісі өлтірмейді), бірақ, «Шатырдағы әйел» әңгімесіндегі кейіпкері Достоевскийдің ылғи бір тауқымет кешіп жүретін кейіпкеріне ұқсайды. Ойлап отырасың, бұның бәрі неден шығады? Адамның балалық шағындағы бақытсыздығы бір себеп, бұл кейде жан мен тәннің өзара жауапкершілігін жоғалтудан да болуы мүмкін. Өйткені жауапкершілік жоғалғанда мән де жоғалады, ондай адамның мақсаты бола бермейді. Адам неге алаңдайды, неден қорқа береді? Бәлки оның бәрі о баста ақталмаған үміттер, күйреген сенім, быт-шыт болға идеалдан... әдетте идеалдандырудың басқа жақтан біреу келіп проблемамды шешіп береді, әйтеуір, біреу құтқарады дейтін өз иллюзиясы болады ғой, ал жауапкершіліктен қорыққан адам түбегейлі терең өзгерістерді қаламайды, өзін қолға алып өмірін өзгертем демейді. Біз кейде өз ішкі қорқынышымыздан да өз кеңістігімізді өзіміз тарылтамыз.
«Менің шешелерім» баяғыда «Қазақ әдебиетіне» басылды. «Көк кәстүм шалбарды» он жыл бұрын өзінен алып «Тұмарға» жариялағанбыз. «Қайтқан қыз», «Жезде», «Қараша», «Құдайдың үйі»... бұл әңгімелерден адамның күрделі қарама-қайшылықты ішкі әлемі көрінеді. Кейіпкерлерінде қаһармандық сипат жоқ, бәрі өзіміз сияқты қарапайым адамдар, ондағы әкені де, шешені де, әпкені де, ағаны да танитын сияқтымыз. Сюжетті әлеміштеп, көмкеруге, жазу техникасын қиындатуға тырыспайды, жайбарақат отырып (кейде бақылаушы позициясында) сол ет пен сүйектен жаралған, артық сөйлеп, кем қылық көрсететін біз секілді адамның өміріндегі оқиғаларды береді. Бір отбасындағы адамдар, бір үйлі жанның әрқайсысының көңіл-күйі, сезімі, айнала дүниеге қатынасы көрінеді, автормен бірге оқырман да өзіміз дұрыс деп таныған шындық өмірдің нақты көрінісін, салдарын, әлдебір құпияларын түсінуге талпынамыз. Ол кейіпкерлеріне баға бермейді, кейіпкер жанында не болып жатқандығы туралы да ұзақ-сонар түсініктеме жоқ, бірақ, әрекет, диалогтар арқылы оқырманға көңіл-күй дарытуға тырысады.
Кейде оқырмандары Қанаттың жазу белгілерін Чеховқа ұқсатып жатады, ол пікірлер автордың «адамды аямайтындығына» қатысты айтылған шығар дейміз (ия, Чехов орыс прозасының пірі, дегенмен, Чеховтың өмірді ыңғай - (минус) диоптриямен көретініне қарап кейіпкерлеріне тым қатал жазушы санайтынымыз да бар, тіпті ондағы ең мейірбан деген Душечканың өзін аяп кетесің. Бұл тұрғыдан келгенде бізге оқырман ретінде кейіпкерлерін аялай білетін, кейде үміті ақталмағаннан да қайғы шеккен адам-байғұстың ішкі тереңіндегі уайымын тап баса отырып, оған қосылып өзі бірге егілетіндей көрінетін Стефан Цвейг жақындау). Рас, Қанат та Чехов сияқты өзінің айналасындағы адамдардың ісін, қылығын барынша ашып береді, ештеңе жасырмай, ешкімді аямай жазады, бірақ, моралист емес, үкім шығармайды, өйткені, адам қалай болғанда да – адам, оның өмір бойы біресе артық кетіп, кейде өзіне-өзі жетпей жүруіне де, қателесіп, сүрініп, қайта тұруына да қақысы бар. Осыдан да Қанаттың шығармасының шынайылығын таныған оқырман келесі әңгімесіне қарай өте береді. Оқығысы келе береді. Кейде кейбір нәрселер о баста ойға қалай келді, со күйі жазып қалдырғанды жөн көресің, автор Қанат Тілеухан да балалық шағында, жастық шағында не көрді, не білді, айналасын қалай сезінді, соның бәрін тоқтамай бір деммен, бір күймен жазып тастаған сияқты көрінеді, бұны сана ағыны деуге болатын шығар. Ешқандай пафос жоқ, ақыл айтпайды, мораль көрінбейді, уағыз-насихатшылықтан ада, сұңғылалығы жеткендер адамгершілік құндылық мәселесін өзі таниды.
Дегенмен, Қанаттың Чеховқа ұқсамайтын да жақтары бар, мысалы, Чеховта пайдаланылмайтын, бірақ жалпы атмосфераны беруге ғана себі тиетін детальдар болады (көбіне қызмет атқармаса да иррационалдыққа қызмет ететін), ал, Қанаттың ерекшелігі – автор ретінде жеке өзіне тән интонациясында. Ол тек бірінші жақтан баяндалуына қатысты емес, айтылып отырған нәрсенің бәрін автор я өмірде бастан өткерген, я жүректен өткізген болуы мүмкін, бүкіл жазғанында шашылған жеке элементтерден мозаика сияқты жинақталған, органикалық түрде біріктірілген тұтастық бар.
Екі ерекшелігін айтайық – бұл жердегі «автор» категориясы бір жағынан, тұлғасыздандыру тенденциясын ашады, ал екінші жағынан, баяндау арқылы автопсихологизм көрінеді. Автопсихологизмді автобиографиядан ара жігін ажырата отырып, автордың шығармашылық қағидалары ретінде қарастыруға болатын шығар (бұл жағын кәсіби әдебиетшілерден сұрау керек), яғни Қараштың көзімен берілетін өмір дәл автордікіндей болу-болмауы мүмкін, бірақ, ішкі психологиялық күйі автордан алыс еместігін аңғарасыз. Жазудағы еркіндік – мінезден шығады. Және адамның өз ішіндегі шектеуді ысырып тастай алуына, ішкі дүниесіндегі қуатқа байланысты.
Айтпақшы, бұл жақсы ма, жаман ба, білмедік, шығармаларының бәрінде Қараштың қатысы бар, ол не оқиғаның ішінде жүреді, не сыртынан бақылап отыратындай (бір жағынан Қарашсыз әңгіме қызық болмайтын сияқты, бір жағынан егер автор Қараштан айырылмай қойса, болашақтағы шығармалары да дәл осыған ұқсас болуы мүмкін).
Жалпы Қанат Тілеухан көп жазбайтындай көрінеді, әзірге барын түгел оқыған сияқтымыз, содан да осы автор тағы не жазар екен деп іштей ойлап қоярымыз бар. Ал егер болашақта прозаға көп уақытын жұмсар болса, жаңа қалып, жаңа мазмұнда жазуына мүмкіндігі жетеді. Айта кетейік, «Зинһар» болсын, Алашқа қатысты не басқа жобалар болсын, жұртшылыққа ұсынған кезде әруақытта ізденісі мен дайындығын көресің. Өзі сұхбат алған адамдардың: «осы елдің кешегісі әлгіндей, ертеңі қалай болар екен?» деген күдік-күмәні мен арман-аңсарларын талай рет жақыннан сезінген шығар дейміз, кейін соның бәрі басқа бір жаңа дүниенің жазылуына себепші болуы, сол кезде жазушы Қанат Тілеухан оқырманын тағы да таңғалдыруы мүмкін.
Осы жерде жазушы, ұстазы Жұмабай Шаштайұлының Қанат шығармашылығына берген бағасын келтіре кетейік: «Қанат Тілеухан әңгімелері өмірімізде көп кездесетін, бірақ елең қыла қоймайтын жағдайларды қозғайды. Шынайылық деген кейде өмірлік факторлардың күтпеген шешімі арқылы көрініс табатынының белгісі осы қаламгер қолтаңбасынан анық аңғарылады. Қанат классиканы тереңдей оқып, өнер эстетикасына қаныға бастағанын әңгіме арасында айтуға әуес. Бұл – жауапкершіліктің алғышарты. Енді еңбек етудің мехнатты кезегі тұр. Несі бар, адам баласының қолынан не келмейді. Шеберлікке жету әйтсе де бұйыра ма, жоқ, қарабайыр ой ағысынан арылу қиын ба, бәрін уақыт патша көрсетеді. Қанат жаратылысы жөнінен жазушыға тән төзімді. Эпикалық тынысы да сезіледі. Шығармашылық лабораторияны Мұхтар Мағауин сияқты тану арқылы өмірлік мақсатқа пайдалана алса, біраз іс тындыратыны сөзсіз. Шығармашылық қысымнан бүлінбей аман-есен өтудің мәнақасы да жетерлік. Ізденістің азабын тәрк қып, жеңілдікке ұмтылса, көптің бірінен еш айырмасы болмай қалады», - депті жазушы Жұмабай Шаштайұлы.
Бөлісу: