«Әлем Абайды тануы керек...»

Бөлісу:

27.08.2014 3450
SAM_2037 (2).jpg

«Әлем Абайды тануы керек...» Вашингтонда осындай әдеби жоба қолға алынды. 
Қазақстандағы Абай атындағы ең көне кітапхана 1883 жылы Семей облыстық санақ комитеті үйінде ашылды. Оның ұйым­дас­тырушылары ХІХ ғасырдың аяғында жер аударылып келген орыс зиялылары Е.Ми­хаэлис, А.Леонтьев, М.Филиппов еді. Олар кітап қорын шетел және орыс ойшылдары мен ақын-жазушыларының еңбектерінен құрады. Кітапхана ашылған сәтте мұнда 130 оқырман, 274 дана кітап қоры болған.
– Абай атамыз кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі болған. Осында Е.Михаэлис сияқты досымен кездесіп тұрған, – дейді осы мекеме директоры Гүлмира Аязбаева. – Е.Михаэлистің кеңесімен Абай енді тек көркем әдебиетпен ғана емес философия, жаратылыстану, тарих тәрізді ғылым салалары бойынша энциклопедиялармен, сөздіктермен, анықтамалармен танысып, әдебиеттерді талғап оқитын болады. Абай осы жерде С.Гросс, А.Леонтьев, Н.Долгополовпен танысады. 1885 жылдың жазында Семейде болған америкалық публи­цист Джордж Кеннан өркениет орталық­тарынан қашықта жатқан қаланың бай кітап қорын көріп таң-тамаша қалған. Сол кезде мерзімді басылымдардың 200-ге жуығын жаздырып алып отырған кітапханаға ризалық сезімін білдірген. Мұндағы рухани игілікті жергілікті тұрғындар да пайдаланатыны ол үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі А.Леонтьевтің әңгімесі арқылы естіген Ибрагим Құнанбаев туралы «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Кеннаннан кейін кітапханаға келіп, асықпай танысқан орыстың әйгілі жиһангері Николай Михайлович Пржевальский кешкісін офицерлер залындағы мәжілісте: «Город можно поздравить с такой хорошей библиотекой. И организаторы заслуживают похвалы» деп өз пікірін білдірген.
Осылайша Абай кітапханасына деген құрмет ғасырдан-ғасырға жалғаса беруде. АҚШ-тағы «Компани Е» компаниясының бас директоры, Смитсон университетінің арнайы өкілі Пол Гордон Эмирсон Германия елшілігінің Семейге келіп немісше шыққан Абай кітаптарын тарту еткен күні осында қонақта болды. Мәдени жұмыстар жөніндегі бұл дипломаттың сөзіне қарағанда Вашингтон қаласында «Әлем Абайды тануы керек» жобасы қолға алыныпты. Соған орай Пол Гордон Эмирсон мәліметтер жинақтады. Кітапханадағы Абайдың рухани орталығында қонақ қаланың және кітапхананың тарихымен, хакім Абайға нәр берген рухани құндылықтар: сирек кітаптар көрмесімен, ақынның мол мұрасымен, әлем тілдеріндегі шығармаларымен танысып, өнер дүлдүлі – Тұрсынғазы Рахимовтың орындауында Абай әндерін, Бекен Исабаев, Төкен Ибрагимов, Мұрат Сұлтанбековтердің ұлы тұлға жайлы пікірлерін бейнетаспаға жазып алды.
– Маған Семей қатты ұнады, – деді Пол Гор­дон Эмирсон – Күшікбай жотасындағы батыр­ға арналған ескерткіш-монумент, «Ең­лік-Кебек» кесенесі, Қоңыр әулие үңгірі мен Шыңғыстау жеріне байланысты тарихи-әңгі­мелерге қанық болдым. Қазақтар, сіздер, ба­қытты халық екенсіздер. Жидебайдағы Абай­дың қорық-мұражайы мен Бөрілідегі Мұх­тар Әуезовтің мұражай үйін аралап, ұлы­лар туралы мол ақпарат алдым. Осының бәрін Ва­шингтон күтіп отыр. Абай мен Шәкәрімнің кесе­несіне тағзым еттім. Шаһардағы Абай ала­ңындағы ұлы ақынның парасаттылыққа толы бейнесі мен үшін ерекше әсер қалдырды.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар