2025 жылғы 18 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге арналған тиімді әдістемелік құрал – ҚАЗАҚША-ОРЫСША-АҒЫЛШЫНША ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТІҢ тұсауы кесілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармашы Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова әзірлеген бұл кітап, әсіресе, әдеби аудармада қаламгерлердің жұмысын әжептәуір жеңілдететіні анық. Өйткені фразеологиялық тіркестер осы күнге дейін аудармашыларға қолбайлау болып, аударма кітаптарда, әдеби оқулықтарда көптеген қателіктерге жол ашқаны жасырын емес.

Таныстырылған еңбек Ассамблеяның 30 жылдығы аясында жарық көріп, мемлекеттік тілдің заманауи қоғамда, еларалық қатынастарда белсенді қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Қазақ тіліндегі көркем де терең, қысқа-нұсқа мақал-мәтел, тұрақты тіркес, қанатты сөздердің (фразеологизмдердің) басқа тілдердегі мағыналық аудармасын білу саясаткерлердің, журналистердің, ғалымдардың, ұстаздардың тілдік қорын байытатыны сөзсіз.

Бұл кітаптың жазылуы жайлы сөз еткен құрастырушы, зерттеуші, ғалым Камал Әбілқасымқызы өз сөзінде мұның тек бір жылдық шаруа емес екенін, фразеологиялық тіркестерді жинақтауды парламент қабырғасында ілеспе аудармашылық қызмет атқарып жүрген кезінен-ақ қолға алғанын жеткізді. Жинақталған қазақша-орысша фразеологиялық тіркестердің ағылшын тіліне аудармасын Англияда білім алған ғалымның шәкірті Мерей Маликова жасаған. Сонымен қатар ғалым кітапты жазудан қарағанда басып шығарудың қиынға түскенін, басылмай біраз уақыт қолжазба күйінде жатып қалғанын жеткізді. Ал осы мәселені қолға алып, басып шығаруға мұрындық болған Мазмұндама баспасының директоры Шыңғыс Мұқанға ерекше алғысын білдірді.

Бұл сөздік алғаш рет 2006, 2011 және 2016 жылдары қазақ-орыс тілдерінде басылып шыққан. Бұрынғы басылымдарда күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын тіркестер мемлекеттік тілді меңгеруге арналған тиімді құрал ретінде танылған. Жаңа, кеңейтілген нұсқада фразеологизмдердің үшінші, яғни ағылшын тіліндегі аудармасы орын алып отыр. Бұл сөздік қазіргі заманғы оқырманның тілдік қорын байытуға көмектесіп, үш тілді еркін меңгеруге және шешендік өнерге жаттығуға таптырмас көмекші құрал болары айқын.

Кітаптың алғы сөзінде: «Кітап туған тілін терең біліп, сонымен бірге үш тілде еркін сөйлеуге ұмтылатындарға арналған. Ел алдына шыққан адамдарды сөйлеген сөзіне қарап бағалайтынымыз белгілі. Сондықтан бұл кітап шешендік өнерді игеріп, өз ойын кез келген аудиторияға көркем тілмен жеткізгісі келетіндер үшін таптырмас құрал болары анық», - делінген.
Фразеологизмдерді орынды қолдана білу адамның тіл байлығы мен ой-өрісін, рухани деңгейін анықтайтыны белгілі. Тіл – адамның болмысын айқындайтын маңызды құрал, ал сауатты әрі көркем сөйлеу екінің біріне тән қасиет емес. Көпшілік алдында еркін және әсерлі сөйлейтін адам өзінің абыройын арттырып қана қоймай, тыңдаушылардың құрметіне бөленеді. Тілдің тереңінен сусындап, сөз өнерінің жауһарларын орынды қолданған шешендердің, білімпаздардың сөзін кәрі де, жас та сүйсіне тыңдайтыны анық. Яғни адамның ораторлық қабілеті осы тұрғыдан алғанда өміріне үлкен ықпалын тигізетіні – көзге анық көрінетін ақиқат.

Қазақ тілі – әдеби арнада кең қолданысқа ие бола алатын, терең иірімдерге бай тіл. Ал фразеологизмдер – сол тіліміздің ең асыл қазынасы. Бүгінде сол асыл қазыналарымызды әлем халқының басым көпшілігі қолданатын ағылшын тілінде жеткізу – сөйлеушінің және оның елінің мәртебесін арттыра түсетіні сөзсіз. Халықаралық жиындар мен кездесулерде ана тіліміздегі көркем, терең, астарлы сөздерінің ағылшынша баламасын мысалға келтіру елдің мәдениетін танытумен қатар, оның ұлттық құндылықтарын да паш етеді.
Осыған орай өткен шараға жазушылар, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен аударма өнеріне қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.
Сонымен қатар шара барысында кітап құрастырушысы Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 18 сәуірдегі жарлығы бойынша «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Кешке қатысқан қазақтың ақын қызы, жазушы Егеухан Мұқамәдиқызына 85 жылдық мерейтойына орай арнайы шапан тарту етіліп, сый-құрмет көрсетілді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.