Астанада Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтеді
Бөлісу:
Ол аудиторияға кіргенде «Әшірбек Сығай» деп аталатын беймәлім тылсым күш жан дүниеңді баурап, ұйықтап жатқан жеріңнен жігеріңді оятып, жүрегіңнің соғысын жиілете түсетін. Тылсым күш – әлсізбін деп әбігерленгендерге едәуір әл беріп, мықтымын деп жүргендердің мысын басатын. Жалғыз біз ғана емес, Ол келе жатқанда кез-келген театр тік тұрып, тылсым күштің әсерін сезінетінін біздер талай байқадық. «Әшірбек Сығай келе жатыр» деген сөзді естіген мезеттен қайсібір кемшіліктерін түзеп өздерін ретке келтіретін.
Бұл сиқырлы күш – бір кездегі жас Әшірбектің маңызды мақалаларының, сындарлы сындарының, періште пікірлерінің, шұрқыраған шындықты ту қып ұстап, талғамның таразысын, түйсік-танымын тұрғыза бастаған шұғылалы күндерінде пайда бола бастаса керек. Енді сол тылсым күш мезгілсіз көзден ғайып болды. Қазақ театрын қызғыштай қоритын Сыншы Сығай халықтың жүрегінен еш уақытта өшпек емес. Сондықтан Саналы ғұмырын «Театр» атты ұғымның қанат қағуына арнаған, Өнер, Мәдениет, Әдебиет әлеміне де проблемалық мақалалар арнаған, Халықтың ұлы, өнердің жанашыры Әшірбек Сығайдың рухына арналып өтетін, өзі негізін қалаған «Ес-аймақ» шығармашылық бірлестігіне келіңіздер... Әшекең үшін әр қазақ келуі тиіс. 22-ші қаңтар сағат 11:00-де Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің Жамбыл Жабаев залында өтетін «Сыннан сыр түйген шебер» атты белгілі театр сыншысын еске алу кешіне келіңіздер ағайын. Кеш аясында Әшірбек Сығай туралы режиссер Халила Омаровтың «Сын сардары» атты деректі фильмі көрсетіледі. Келіңіздер ағайын.
Мирас Әбіл
Бөлісу: