Нұрбек Нұржанұлы: Неге сонша асығасыз Уақыт?
Бөлісу:
Қатал мейірім
Мұңым қаңғиды тәнімде,
Далаларды кезген сығандай.
Бірімізді біріміз ұға алмай,
Түсінісе алмай, күле алмай.
Осылай өтеміз бе анашым?
Осылай кетеміз бе күліп,
Осылай қаламыз ба жылап.
Жүрегімнен жырым сөгіліп,
Жанарымнан өмір төгіліп.
Самайымнан дауыл азынап,
Жүрегім – шылымдай тұтанған,
Жалғанның ернімен шегіліп,
Жанады...
Ана қарамашы
Маған бөтеннің көзімен...
Мен сенің өзіңмін, сезінем.
Ұрыстың астында мейірім,
Ашудың артында әлсіздік.
Өмірдің ішінде тереңдік,
Өмірдің бетінде мәнсіздік,
Бар емес пе?!
Мен бәрібір ақын боламын,
Мен бәрібір адам боламын.
Ашылады Пәнидің мәні,
Жүректерге тисе қаламым...
Білем шегені қаға алмадым,
Мұңдарымды қақтым түнекке.
Ауырды артпадым білекке,
Арқалаттым бәрін жүрекке.
Кірін жуа алмадым жағамның,
Жуамын кірін қоғамның.
Өзімді жылатып келемін,
Көзін сүрту үшін ғаламның.
Аспан жақындап,
Таулар кішірейіп кетеді,
Алақанынан анамның.
Аспашамды да жаға алмадым,
Жағамын бірақ жанарларды.
Мойныңа да жақұт таға алмадым,
Тағамын ең ғажап таңдарды.
Көресің ол таңды анашым,
Кішкентай бөлшегі ғаламның,
Адамзаттың ұлы болғанын,
Көресің балаңның...
Сонда сен сезесің байлықтың,
Атақтың, мәнсіздеу екенін.
Ұлылар – Кішілер екен ғой,
Сонда мен сәби боп кетемін
құшағыңда...
Шашы ағарған ойлар
- Қош, келдің «түн»,
- бүгін тағы қош, болдық,
Мені бәрі жалықтырып жіберді...
Жанарынан жұлдыз моншақ шашқан ғып,
Ай қабағы түнерді...
Жан – мазасыз, жүрек – нәзік, мұң – ояу,
Бұ жалғанда жүре алмаспын марқайып.
Солған гүлге қараймын деп құдай-ау,
Кеттім бүгін елу жылға қартайып...
Уақыт көшіп бара жатыр бұ көзден,
Мен ғана ма барлықтарын есіркер...
Кешір аспан қараппын ғой бұл көзбен,
Мына аяқпен жүріппін ғой, кешір жер...
Не бар, не жоқ ой салады есіме,
Мына белмен, анау қырдың көгалы...
Жүрек деген орденімді төсіме,
Тағып алып өмір сүрем мен әлі...
Қаншадасыз «Аспан» деген ата сіз?
«Жер» - ми толы бас қой, өзі-өзімен...
Адамзаттың күнәсына опасыз,
Тек өзімді кінәлідей сезінем...
Таң кеп қапты тарқа жұлдыз, тарқа түн,
Мынау ғасыр, мына әлем нешінші?
Адамзаттың көз жасынан қорқамын,
Мұхит пайда бола ма деп бесінші...
Адам туып өліп жатса несі мін,
Жүрек ет қой, бірақ қымбат алтыннан...
Пәтерімнің ашып қалсам есігін,
Бөтен ғасыр тұратындай алдымнан...
Бомба дер ем көзде жас, я шық емес,
Түннен қалған мина бардай басымда...
Жүрегімнің ауырғаны түк емес,
Ұша алмаған көбелектің қасында...
Сары шашты келе жатыр әне күн,
Көрпеңді тарт Ай қарындас әрі ауна.
Мен өзімді лайықсыздау көремін,
Мына әлемнің жанарына қарауға...
Өзін жеңген пенде ғана ер білем,
Түн төсімде бөрі жүрек көкке ұлып.
Бір арудың сүйсем егер ернінен,
Қызыл ерні көрінер ед көк болып...
Өмір жайлы ойланамын жатам да, ал –
неге сонша асығасыз Уақыт сіз?
Атам бір күн деді маған «адам бол»,
Содан бері айкезбемін бақытсыз...
Бабалардың тағдырынан тарап нұр,
Құран оқып қайтайықшы басына...
Ей, адамзат аяғыңа қарап жүр,
Тіліп алма сынған көздің жасына...
Жалғыздықтар жалғызсырап қанша түн,
Өтіріктің ақиқатын жан ұқты...
Мен өмірді ойлағаннан шаршадым,
Өмір мені түсінем деп жалықты...
Ауылға сағыныш
Бір үміт бар қиялымның шегінде,
Мен өзіңнің жемісіңмін тегінде.
Ауылымның аспаны бар көзімде,
Арманым бар ауылымның көгінде...
Тау әкеткен шығар бәлкім тау ұлын,
Бұлттар шашты кеудесінен жауынын.
Қиялымның терезесін ашып-ап,
Саған қарап отырамын, ауылым.
Саусағыңнан маңдайымда арай қап...
Саған мүлдем ұқсамайды бар аймақ.
Мені іздеп жүрген шығар құстар да,
Ұшақтардың терезесін қарайлап...
Тығыламын, құшағыңды аш, қайың!
Жоқ қой менің басқа қырым, басқа ойым.
Аяқтарым қырат-белді сағынды,
Сағынды ғой тікендерін башпайым...
Сөз күткенмін топырақтан, тастан да,
Небір күндер өтер-кетер бастан да.
Саусағымды сұрап жүр ме жапырақ?
Жанарымды іздеп жүр ме аспан да?
Күз жоғалтқан жұпар жаздың әріндей,
Пәни неге жоғалтады мәнін кей?
Қайыңдардың қабығындай жүрегім,
Сезімдерім жапырақтың тәніндей...
Сынбасымды ат үстінде жал ұқты,
Сансыз арман сансыз түнде жаныпты.
Қиялдарым ақша бұлтты мекендеп,
Мың тынысым мың гүлдерде қалыпты.
Үйлеседі тынысым да кей деммен,
Жусан аңқып жатыр менің жейдемнен.
Қара жерге көмілген соң кіндігім,
Топырағын сүйгім келед кеудеммен...
Аспан – теңіз, ақша бұлттар – қар алып,
Арамызда жылдар — қанша аралық?
Өзендердің балағынан ұстап-ап,
Тербелуші ем көйлегіне оранып...
Сол ауылда, сол далада қалғанмын,
Түсінсемші жалғандығын жалғанның.
Ақ жапырақ құлап кетті көзімнен,
Сары құстар ұшқан кезде талдан мың...
«Көктем» қойғам дала атын, гүл атын,
Тілегімді тыңдайтұғын құла түн.
Қара шалдың көзі дұға тілейтін,
Алақаны бата аңқып тұратын...
Ұшар кезде шырқайтұғын қаз бір ән,
Ойда – көктем, жанарымда – жаз тұрған.
Қара шалдың ғұмыры бар, ізі бар,
Сүрлеулерде жалғыз өзі тоздырған...
Моншақ-моншақ толған екен шелге түн,
Аққу биі, ою-өрнек — көл беті.
Ауыл десе, әжем еске түседі,
Әжім басқан ғұмыры мен келбеті...
Бір сағыныш, бір сезім бар әр мұңда,
Мен өмірде жоқ шығармын?
Бармын ба?
Сәби болып әкем жатыр ауылда,
Жер ананың томпайған сол қарнында.
Анық көрем ауылымнан ғаламды,
Ет жүрегім қанша шерге таланды.
Жүрегімнің көргің келсе кейіпін,
Аралап бір қайтыңдаршы даламды...
***
Ғасыр бойғы әдетінше таң туар,
Жас жуады адамзаттың келбетін.
Байлығы бар, киімі бар, даңқы бар,
Қайыршылар кезіп келед жер бетін...
Не табамыз көкіректі ойып-ап,
Қарасаңшы шаһарларға ей, інім!
Алтын, күміс алақанын жайып-ап,
Адазаттың сұрайтыны мейірім...
Тың тыңдашы жердің беті «аһ» ұрад,
Мүңкіген жол – исі заһардың, исі қанның...
Қайыршының көзіндегі жапырақ,
Құлап түсті алақанына мизамның...
Ей, жүрегім!
Әй, ойланғыр, жылағыр!
Ақ көйлегін сүйретіп жүр көр қызы.
Тіленшінің жанарындай – бұл өмір,
Қайыршының қолдарындай – жер жүзі...
Ұждан менен арды таптап табанға,
Бұл көшемен көп жүгірген, көп өткен.
Бәріміз де қарап жүрміз қоғамға,
Қайыршының жанарындай дәметкен...
Көктемгі романс
Білмеймін...
Білетінімде шамалы,
Күлмеймін...
Жылаған да емеспін.
Менің тәнім – тағдырымның жамалы,
Көлеңкесі уақыттағы елестің.
Қанша бақ әм мұңым қалды жыл сенде,
Қызға ғашық бірақ, арлы серімін.
Шие ернің шөлдегенін білсемде,
Ерініңнен ұялады ерінім...
Айдай алыс қала берші қамарым,
Ардан аттау – өлі өмір, тірі өлім...
Сүйіскісі келседағы жанарың,
Жүрегімнен қымсынады жүрегің...
Мен – жастықпын, кейде сәби, кәрі де,
Мен осынау жыр-ғұмырда күліп пе ем?
Ерініңе тиген заттың бәрі де,
Сүйіскісі келетінін біліп пе ең?
Төрт бұрыштан тұтқындады ой қамай,
Бітер-өтер қысқа ғұмыр – қысқа түн...
Саусағыңды сипаймын деп байқамай,
Жүрегіңнен ұстадым...
Бір рет өлім, өмірде сол бір ғана,
Бір жапырақ сыбдырлайды ішімде...
Жанарыңа қараймын деп ұрлана,
Қалып қойдым кірпігіңнің ішінде...
Қыз сүйгенге, гүл жақсыма басқанға?
Пешенеме жазылғанды көремін...
Мені қойшы, қарап қойып аспанға,
Өмір сүре беремін...
Үшеуміз – мен, мүгедек ой, ғаріп шер,
Күйдіреді от шашылған кей демдер.
Ерініңнен еріп кетіп қаріптер,
Тоңып жатты жанарыңда сөйлемдер...
Сан мың ғазал сиған жұмыр басыма,
Жырларымды жазбасам да тасқа ойып...
Көп нүктемен жүріп кеп ең қасыма,
Леп белгі боп тұра бердім қасқайып...
Тереземнен уақыт ақты сорғалап,
Сәттер ұшты, зарда батты, ғарық мұң...
Үйге қайттым ғалам жүгін арқалап,
...Жүрегіңді көтеруге қорықтым...
***
Сары мола сосын, сосын қабір ақ,
Ерте әлі тән бабасы – топырақ.
Тиіп кетті қайыңдарға жүрегім,
Сүлдеріме сіңіп кетті жапырақ.
Кел мизамым жанарымның төріне,
Тіршілік тұр тірлігіне еріне.
Күздің ешбір қателігі жоқ білем,
Өзім ғана кінәлімін бәріне.
Бәрі жақсы тек жапырақ біз ғана,
Дірілдейміз аспан асты мұздана.
Тамып кетті көздеріме сары шық,
Қағып кетті иығымды күз бала...
Күз екен...
Жапырақтың құлағанын көтермей,
Жапырақтың сөйлегенін естімей.
Жүріп келем, біліп келем,
Сезіп келем өмірді.
Күліп келем миықтан,
Қайың қолы түртіп қалса иықтан,
Жүрегімді сарғайтса да күнәм – күз,
Бұрыламын ақиқатқа күмәнсіз...
Мен жәннатты аңсағам – анам екен,
Мен көктемді сағынғам – далам екен.
Құбылаға барар жолды таба алмай,
Қиялымның көз жасындай мөлдірлік,
Сені аңсап кетіп едім,
... О, Аллай!
Өсекшінің өтірігі секілді,
Адам өтіп бара жатыр қоғамға,
Бәрін таптап табанға...
Өмір – күздің саусағынан үзілген,
Пенделерді уақыт кетті сыпырып,
Бақыт кетті түкіріп...
Сарғаймашы, әй, уақыттар,
жапырағы ғаламның!
Күтеді, білем,
Табылмаған жоқ алып,
Қазылмаған көр ойық.
Шаштарындай анамның,
Ғарш барады ағарып,
Жер барады қарайып...
Ештеңеде болмаған,
Анам екен жылаған.
Ешнәрседе солмаған,
Жапырақ қой құлаған...
Ақын
Іңір қарайды өмірге,
Ноталар шуақтан сібірлеп.
Ал ақын оқиды өлеңді,
Оқиды дұғасын күбірлеп.
Періште көрдің бе пендеден,
Кім адам, кім тажал белгісіз.
Ару қиялының қанатындағы шырақты,
Кетті ме жын үрлеп.
Махаббат ол – жалғыздықтың ойлап тапқаны,
Жалғыздықты махаббат ойлап тапқаны сияқты.
Ал ақын айна таппады,
Көретін жүрегін...
Тек қана сынған бөтелке,
Һам көз жасының ішінде сөнген,
Кіршіксіз мың сенімнің жүз үміттің жұлдызы.
О, перделер, перделер,
Мен соқыр болдым,
Мен керең болдым.
Менің ауыр да болса, кішкентай,
Бір дұғамды көтерші...
Дала көтер, аспан көтер, жер көтер...
Шаң-шаң болған балағын сүйретіп жел кетер,
Ал ақын кетер жүрегін сүйретіп қан-қан болған...
Зыр жүгіріп барады
етегі қып-қысқа уақыт қыз,
Ақын ол – ақиқатты білгендіктен бақытсыз.
Өмірдің мәнін ұққандықтан,
өмір сүргісі келмейді,
десе де, өлмейді...
Жол және мен
Дос һәм дұшпан көрем дайым өзімнен,
Мен пендемін бақ пен сорға еті өлген.
Жүрегімнен қазамын да,
Көзіммен
жанарларға жақұт тастап өтем мен...
Миым менің киімімдей ұйпалақ,
Құс жолында жұлдыз біткен күміс қыз.
Жүректерді саусағымен сипалап,
Сағыныштар келед, кетед дыбыссыз...
Оралмайды сол сағаттар көрдегі,
Уақыт деген үндемей-ақ өледі...
Барша адамды жинап алып жердегі,
Жүрегіме қонақ еткім келеді...
«Әлем» десе ғалам болып кетемін,
Түнде – Аймын, рауан шықса – араймын.
Аңға ұқсап аң қасынан өтемін,
Табиғатқа табиғат боп қараймын...
Күн барады кері қарап желкесі,
Бәрімізге кету қиын келгеннен.
Жұлдыз деген – періштелер бөлмесі,
Жарық неге менің соқыр бөлмемнен...
Жағып алып жанарымды көмірдей,
Бір жақтан кеп, мен бір жақа барам-ай...
Жырлап өтем мен өмірді өмірдей,
Замандардың қабағына қарамай.
Жаңғырады ар-ұжданның өр үні,
Бұлтық көзді толған Айда толған мұң.
Кеберсіген жүрегімнің еріні,
Неге сүйді әрсіз бетін жалғанның...
Жауады ылғи төс-көгімнен қораш қар,
Қыс-арудай аппақ саусақ, ақ табан.
Ұмытпайды мені көрген ағаштар,
Олар мені жүрегінде сақтаған...
Жұлдыздарды мен өзіме дос қылам,
Хат жазамын күндеріме келгісіз.
Жираф мойын түнгі шамдар астынан,
Өмір өтті...
Өмірге де белгісіз...
Нұр оранды құл ұлықтап Тәңірін,
Күрес жарық, бар түнекті сімірде!
Бір тоғышар жүз жыл сүйреп өмірін,
Көлеңкесін көміп жатты іңірде...
Тың ауада жұпар шашқан соны дем,
Абыздардың атырабы бұ тарап.
Мен кетсемші пайғамбардың жолымен,
Сүйсемші бір, мың іздерді мүбәрак...
Жанарыңдағы жапырақ...
Сол бір тәні – құламаған жан үйі,
Мың өксікке толдыдағы көмейі...
Жылап қалды...
Жылатпадым зәуімен...
Сосын-сосын жұбатпадым әдейі...
«Не» деп, «қалай» ақталамын қауымға?
Жоқ қой тағы досым менен жауым да...
Саған сондай жарасады жылаған,
Мен ұнатам қарағанды жауынға...
Құнын ұқпай уақыт пенен мұрсаттың,
Қадіріне жете алмадым әр сәттің...
«Тентексің» деп, жүрегімнен итердің,
«Ақымақ» деп, есігіңді «тарс» жаптың...
Рас, бәрібір...
қалмасаңда, қалсаңда,
Түбі кеттік – мен осында, сен сонда.
Соншалықты қорқатындай сен менен,
Шыныңды айтшы, жаманмын ба, мен сонда?..
Бұ жалғанда мен бір жүрген қарашы,
Ар ғой сонда құмарымнан арашы...
Есалаңға тартамын ба, расында,
Тас жүрекке ұқсаймын ба, қарашы...
Дөп айтқансың «тентек ақын», бұл ақын,
Ойнақ салып кірпігіңде бұла мұң,
Қабырғама сүйенгенде жүрегім,
Қабырғаға сүйендің де жыладың...
Пәлі, қара сенің арың батыр-ақ!
Күз келгендей менің үйім Ақырап...
Кірпігіңнен перизаттар қалықтап,
Жанарыңнан жауып жатты жапырақ...
Тұрақ еткен бақыт пенен сор әлі,
Қарашығым жанарымның аралы...
Шошыдың ба менің мұңлы көзімнен,
Қорықтың ба жүрегімнен жаралы?
Кезгеніндей боздаланы кей інген,
Тек сен емес мына менен күйінген...
Тал басына қарғалар кеп қоныпты,
Мен секілді қара қалпақ киінген...
Естіп жүрмін мені көктем жүр күтіп,
Көңіл зерен бір толады, бір бітіп...
Жүрек – көлге әзер қонған аққуды,
Мылтығыммен алғаным-ай, үркітіп...
Көзің – жұмбақ, жүрегіңде – сан құлып,
Мейірімге сусайды ғой жан құлық...
Тордан ұшқан тотықұстай кеттің ғой,
Менің шілтер құшағымнан мәңгілік,
Аман бол!..
Күзбен кездесу
Желдің қолы «сарт» еткізді бетімнен,
Түніменен Айдың шашын тарадым.
«О, қиық Ай жылытпашы» дедім мен,
Мұздай суық ақ көрпеңе орадың...
Жұлдыз ұқты, ұға алмады көп пенде,
Өксіп-өксіп алдым тағы алдында.
Құс біткеннен сәлем айттым көктемге,
Етегінен күздің ұстап қалдым да...
Асықтым да, құладым да, жығылдым,
Күн де батты, таң да міне тағы атты.
Мен уақыттан жасырындым, тығылдым,
Әйтседағы тыға алмадым сағатты...
Бұлт әжімі, Ай емес пе түн қалы,
Жолдарға дат!
Кетсем егер келем бір...
Кірпігімді шертіп қалса мұң қолы,
Төгіледі моншақ-моншақ өлең-жыр...
Қай бір шетін кезсем екен даланың,
Шер ұрғанда отырамын «аһ» ұрып...
Ай нұрынан парақ үзіп аламын,
Кірпігімді түнге аламын матырып...
Нені көрдің?
Жанарыма қара нық,
Көкірегім әрі алау, әрі мұз...
Қарағайдың терісіне оранып,
Бөтен қарап отырсың ба кәрі күз?..
Болар едім көктем мәңгі қартайған,
Мың жапырақ болса сендей менде егер...
Сорлы күзім, хаттарыңды сарғайған
Лақтырмашы...
Оқысыншы пенделер...
Тасы сынар, сына қоймас тау сағы,
Тауда жүрем кейде жалғыз желікпен...
Жапырақтың тиіп кетсе саусағы,
Көкірегім «дір» етеді неліктен?
Тым ертерек неге гүлді үздік біз,
Мен сүйемін көктемімді, күзімді...
Мынау бұлттың жаңбырлары үздіксіз,
Айғыздайды тереземді, жүзімді...
Қай бір күзде жапырақтар сар гүл-тін,
Тапсам бірін жоғалттым-ау, ал бірін.
Күз бояйды сағынышпен сарғылтым,
Жанарлардың, жүректердің әрбірін...
Мен үнсізбін, үндемейді өткен де,
Қимастықты көрем іздер шаңынан...
Бұрылып та қарамадым көктемге,
Күздің еріп кете бердім соңынан...
Күз. Элегия. Пәни...
Тоқтады не?
Уақыт па һәм мен бе екем?
Бұл келген не?
Мен бе, әлде күз бе екен?
Сезімімде сенімім бар сөнбеген,
Жүрегімде жапырақ бар үзбеген...
Пәни кейде – жалған шындық, жансыз түс,
Арман, әлде аспан ба екен, жеті не?
Күз көзімнен ұшып кетті сансыз құс,
Көктем іздеп дәптерімнің бетіне...
Жаздың гүлін кеудесінен қаға шың,
Қайыңдарда сары жұлдыз сөнеді...
Мен Алланың жаратқан бар ағашын,
Маңдайынан сүйіп алғым келеді...
Сарғайдым-ау күттіргеннен, тосқаннан...
Көктем сүйген күз ұлынан шошыма.
Бүгін тағы жұлдыз көрдім аспаннан,
Бүгін тағы ақ түсірдім шашыма...
Сансыз сұрақ жас жанымды кемірді,
Бар бәрі де, жоқ қой тағы түгім де...
Бүгін тағы ойландырдым өмірді,
Кеше тағы барып қайттым бүгінге...
Келешектің қарлығашын шақырып,
Мен өткеннің көшесінде қалмадым...
Ғаламшарға сұрақ қоя отырып,
Ештеңеге жауап бере алмадым...
Мені ешкім, мен ешкімді тоспадым,
Қысты күтті, етек жеңін тал түріп...
Жерде солған жапырақты баспадым,
Жүрегімді алмау үшін солдырып...
Бәрінің де бал дәурені тарқайды,
Неге сонша көп тосамыз таңды біз?
Жапырақты ұстап едім, сарғайды,
Қайыңдарды құшақтап ем, тоңды күз...
Қолдарымның әжімі бар талдарда,
Адам деген жеміс емес тез гүлдер.
Тоқтап едім, жүре берді жолдар да,
Қарап едім, қарамады мезгілдер...
Аяқ асты шыға келсе дөң көктеп,
Сені, көктем, күз секілді сүйем, ұқ...
Көктем келсе, аяғымен еңбектеп,
Күз кетеді балдағына сүйеніп...
«Жүрек» дедім кеудемдегі құс аты,
Жаз жүзіне бояу жақты бір індек...
Қолдарымды қайта-қайта ұстады,
Жапырақтың алақаны дірілдеп...
Жығылған соң қаламдарым тұра қап,
Пәнидің ақ парағына жүр беттеп...
Мұң жамылған шекпенімді сұрап-ап,
Күз отырды жылына алмай дірдектеп...
Жапырақтың кірпіктері кепкен бе?
Қайың құшып тұр тағдырлас құрбы қыз...
Тереземнен қарап едім көктемге,
Тереземнен маған қарап тұрды күз...
Жоғалған парақтар
Бүгінім де, ертеңім де белгісіз,
Қош, көрістік, қоштасамыз енді біз...
Кірпігімнен жапырақтар құлайды,
Жанарымды мекен етіп шерлі күз...
Өліп кетсем иман үшін, жан үшін...
Мен ғасырға тигізбедім қол ұшын.
Уақыттарды көтермедім құлаған,
Кінәлімін, күнәһармын сол үшін...
Анау шыңда, анау бұлтта жоқтайды,
Сонда қалып көп сағыныш көп қайғы...
Сағатымда пойыз өтіп барады,
Мені тастап кету үшін тоқтайды...
Жұлдыздарға ой айтамын түн көрсем...
Жыр береді мен оларға мұң берсем.
Сыйлап кетем мен өмірге барымды,
Ғұмырым аз үлгерсемші, үлгерсем...
Бір кәусарға шөлдеп жатыр таңдайым,
Қоштасуда әр жапырақ, әр қайың...
Алып кетсем қариялар батасын,
Сипап кетсем жетімдердің маңдайын...
Жас ағады жанарынан қаламның,
Кең құшағын ашты маған далам мың...
Кетсем екен әжім сызбай жүзіне,
Ақ түсірмей шаштарына ғаламның...
Дақ түсірмей жүрегіме өтсемші,
Мен келемін уа, жарықтар тек, сенші...
Жететінін арманына адамның,
Мен әлемге дәлелдеп бір кетсемші...
Қай ғасырда? Қай өлкеде қалдым мен?
Нені бердім, өмірден не, алдым мен?
Менің сәби ұяттарым жәутеңдеп,
Ғұмырымның қай аулында қалдың сен...
Мен фәниге, мен ғасырға өгеймін,
Бейшарамын, диуанамын, кедеймін...
Кешегіммен, бүгініме өкпелі,
Ертеңіме не айтамын, не деймін...
Кезіп кетсем кең жаһанның барлығын,
Мазалайды көкіректе ар, мұңым.
Қайыр сұрап жүрмін көктен, жерден де,
Сорлымын ғой, сорлымын...
Бөтен менің мінездерім көшіңдер,
Бөтен отым жүрегімнен өшіңдер...
Қайран менің мейірімім шықпаған,
Шашылмаған сәулелерім кешіңдер...
Жүрек аңсап өз мекенін даласын,
Анау күнде, мынау гүлде қаласың...
Мың соғылған тау, тасына сезімнің,
Таңып кетем жүрегімнің жарасын...
Дұғаларын алсам болды елімнің...
Мәңгі қалам бір шетінде жерімнің...
Өмір өзі дәлелдейді содан соң,
Тағы да бір ақиқатын өлімнің...
Ғалам шақырады намазға
Түн жүзінде қанша жұлдыз, қанша мең?
Мың ойларға, мың үмітке, ал, сәлем!
Зікір, зікір, ғалам толы зікірлер,
Кәлиманы айтып жатыр барша әлем...
Түн көзінде тұнған анау шық ірі,
Ай мен жұлдыз сағыныштың тұғыры...
Жұлдыздардан шашырады ғаламға,
Сөнбес, өшпес әр сәуленің зікірі...
Құс әнінде мадақ айтқан нота бар,
Ұшқан құстар аспан жазған хат олар.
Алатаудың бұлт сәлдесін қарашы,
Тау – имамға ұйыған бөк, жоталар.
Толғанады ғалам деген бақ іші,
Жанарыңның сұралады ақысы.
Әлем деген мынау алып кітаптан,
Жаратқанның құдіретін оқышы...
Мен қорқамын кеудедегі тастан мың,
Жан жылуын жанарынан шашқан күн.
Санап жатыр жұлдыз моншақ таспихын,
Зікіріне құлақ түрші аспанның...
О, сағыныш жүрегімді орашы,
О, махаббат жанарымнан тарашы.
Мынау жерге тігіліпті өрнектер,
Қызыл-ала жайнамазаға қарашы...
Шөп тараған самалдарды сөкпеңдер,
Шөлдеген бел, терлеген тау, кепкен жер,
Дайындалып жатыр әлем намазға...
Бұлт құмғаннан дәрет алып көк пен жер...
Сағынышы сарғаймайтын жан аз ба?
Жұрт оянды құлақ түріп қоразға.
Жамағаты ағаштардың сап түзеп,
Шақырады бәрімізді намазға...
Күн келеді сағындырып өте түн,
Жолаушымыз бәріміз де кететін.
Аспан – жерге, жер – адамға қамқор боп,
Бір-біріне беріп жатыр зекетін...
Көктем келді, кеше ғана қыс еді...
Жүрек кейде мұңаяды, үседі.
Моншақ-моншақ теңгелері аспанның...
Қара жердің уысына түседі...
О, сәулелер, әр зәрреге тарашы,
Зікір, зікір жер мен көктің арасы.
Аспан деген жайнамазға жығылған,
Жұлдыздардың жамағатын қарашы.
Лағылын бер жүрегіңе тыққан жүз,
Жер – жарыққа, жапыраққа – мұқтаж күз.
Берейікші барымызды аямай,
Бәріміз де мейірімге мұқтажбыз.
Түгел бәрін жақсы көрем сүйе алам,
Жамандыққа қалай ғана қия алам...
Жаратқанды еске салған сәт сайын,
Мен әлемге қарап тұрып ұялам...
Күзден қалған жапырақтар мыналар,
Көзге – мұңдар, тасқа біткен – қыналар.
Мөлт-мөлт еткен өкініштің сафтары,
Жанарыңнан ағып жатыр күнәлар...
Өмір заңын кеш түсіндім, әсте ұқтым,
Жанарынан ұяламын жастықтың.
Ағып барад зікір айтып Аллаға,
Көздің жасы моншағындай тасбихтың...
***
Маған жаным айтып берші ертегі,
Ұйықтай алмай жатқаным.
Жалғыз қалған пенде сынды жердегі,
Жүрек жалын, от қаным...
Қауызыңа қонған сәтте барша мұң,
Терезеде отырдың ба меңді гүл...
Білем жаным менен қатты шаршадың,
Өмір менен шаршап кеткен сен түгіл...
Бір ақ күнде мен өзгеріп кетіп ем,
Бір ақ сәтте шытынаған жан шыны...
Кірпігіңді көтермеші өтінем,
Құлатпашы тамшыны...
«Жалған» мадам бұл өмірдің бір аты,
Жүрек бірақ жасалмаған темірден...
Төбелескім келеді де тұрады,
Таяқ жеп ап өмірден...
Мені ұғар сен болмасаң енді кім?
Ары жатып бері жатып езілем...
Бір досымнан безіп кеттім мен бүгін,
Дұшпандығын байқаған соң көзінен...
Шұғыланың құшағында отырып,
Шуағына айналарсың бір жаздың.
Кірпгіңді мөлдір сияға матырып,
Ақ жүзіңе жыр жаздың...
Мен осынау табиғатқа тартамын,
Қаламымнан тамшы тамды үш әнтек...
Сені тастап кетем бе деп қорқамын,
Үнсіздігің үшін тек...
***
Мені өзіне тұсап кетті ұғым мың,
Шыңырауым – бос кеңістік, түбім – мұң.
Мен әлеммен ерегесе беремін,
Сосын жылаймын шаққанына шыбынның...
Сосын күлемін, қуанамын!
Дегенмен,
ғалам сесі жауып жатты төбемнен.
Уақыттардың саусағымен таралған,
Ғасырлардың аппақ шашын өрем мен...
Содан барып, ашу, кекті лақтырам,
Самғап кетсе кеудемдегі от-қыран...
Көзім – космос, жұлдыз болып – жүрегім,
Мен аспанның есігінде қақ тұрам...
***
Тас та, бел де кетті білем ысылып,
Арманымды қанатымен құс іліп.
Тау-тау сағыныштарымды арқалап,
Көкірегім бара жатыр қысылып...
Сан мың тағдыр қирамасын тозбасын,
Нұрға сіңіп кетем бір күн өз басым.
Жүрегімнің жартасынан домалап,
Жанарыма құлап жатыр көз жасым.
Мен сенемін жүрек мәңгі соғарын,
Ал тамшылар бір-ақ рет тамарын.
Еркін жүзген ауадағы құстардың,
Қауырсынын сипалайды жанарым...
Жүрегімде туған жердің жамалы,
Қамыстардың сазы қалды һәм әні.
Жанарымнан домалаған тастардан,
Бой көтерді сағыныштың қамалы...
Тау көшеді, жұлдыз ұшып санамнан,
Иіскеші... жусан аңқып жарамнан.
Қара түнге сыйға тарттым жасымды,
Жұлдыздардың жарығына оранған...
Анау бақтар тербеледі көсілген,
Бір мұң, бір бақ еш кетпейді есімнен.
Сағынышым жапырақты жамылып,
Күзге қайтып бара жатыр төсімнен...
Бөлісу: