Бақытбек Бекмұратұлы. Сағат тілі - уақыттың кірпігі
Бөлісу:
Көкшетауда бір шоғыр ақындар қауымы бар. Дүйім елге аты мәшһүр Алмас Темірбай ақынның соңынан ерген жас таланттардың бірі - Бақытбек Бекмұратұлы. Бақытбектің бір топ өлеңін жариялай отырып, болашақ шығармашылық ғұмырына үлкен жетістіктер тілейміз.
ТУҒАН ЖЕР
Туған жер, оттай ыстық топырағың,
Кең екен төскейің мен атырабың.
Өлеңім жайлауыңды жырға бөлеп,
Шырқалған аспанға өрлеп жатыр әнім.
Сәбимін жөргегіңде іңгалаған,
Ұлыңның ерке назын тыңда, далам.
Тауыңнан сағыныштың сазын сезіп,
Сызылтып сыбызғымды сырға малам.
Талай түн тыным таппай көз ілмедім.
Алыстан аңсағаным өзің бе едің?!
Жүрекке ақ жаңбырлы көктем орнап,
Керілді кемпірқосақ сезімдерім.
Бар бақыт байланғандай бір басыма,
Ақ бұлттай жөңкілейін шыңға асыға.
Шаттықпен шабарман жел сүйіншіле,
Сұрау сал сұлу қыздың сырғасына.
***
Қуантатын құшақ жайып сан арман,
Қайғыртатын жас ағызып жанардан.
Өмір жолы – тар соқпағы тағдырдың,
Үміт және өкініштен қаланған.
Көркем, әлсіз туындымыз біз деген,
Мейірімнен, бірақ, үміт үзбеген.
Адам жерге түсірілген жолаушы,
Жүрегімен Жаратқанды іздеген.
Таспихтың тасындай боп тізілген,
Сен кеткенмен ол келеді ізіңнен.
Сағат тілі – уақыттың кірпігі,
Секунд сайын тамшы сәттер үзілген.
Мәңгілікке қала алмайды Жан мұнда,
Қайта оралу жазылған соң тағдырға.
Пенделердің оқылады дәптері,
Сот болған күн Ұлы Алланың алдында.
Иә... сонда өмірдегі мәнділік,
Біздің мекен жер беті емес Мәңгілік.
Кешікпейді, өзгермейді, өшпейді,
Ұлы Иеміз жазып қойған заңдылық.
***
ТҮЙМЕДАҚ ГҮЛІ
Маған Түймедақ гүлі ұнайды...
Қыз күнделігінен.
Қар жауып тұр... қар жауады түнімен,
Бүгін тағы ұйқым қашты шынымен.
...Түймедақ деп аталатын әдемі,
Жарығым, сен жаздың нәзік гүлі ме ең?!
Осы гүлді ұнатады көңілің,
Осы гүлге құмар қылған сені кім?!
Таң алдында қауызына шық тұнған,
Түймедақпен егіз бе әлде Өмірің?!
Мүмкін талғам биік болар сендегі,
Елеуреген түсінеді ел нені?
Ақ желегі сенің әппақ сезімің,
Ал сарысы сағыныш қой мендегі.
Жуындырған жаздың жылы жаңбыры,
Күнді сүйген бұл Түймедақ таң гүлі.
Қысқа бірақ сұлу болып келеді,
Білесің ғой гүл біткеннің тағдыры.
Гүл солады... сөнер біздің сезім де,
Ал ғұмыры өзіңменен өзімде.
Сабағынан үзілгенде Түймедақ,
Таңның шығы қалар сенің көзіңде.
...Бұлт астынан ай қарайды ұрланып,
Ал мен болсам сені ойлаймын мұңданып.
Терезеден телміремін ақ қарға,
Түймедақ гүл шығатындай бүр жарып.
***
ҰЛЫМ...
Жетімек мейірім жылаған,
Махаббат таусылған әлемде.
Жүрегім аспаннан құлаған,
Ақ қардай аппақ ед әуелде.
Күдік жоқ, күйік жоқ көңілде,
Шынайы ем, тұнық ем, арлымын.
Жалған боп жаралған Өмірде,
Жоғалтып алдым ба барлығын?!
Адамдар жүрегі бүлінген,
Ішінде тозақы жарыстың.
Жершары кірпікке ілінген,
Бір тамшы көз жасы Ғарыштың.
Қоғамның бұзылған бұл күнгі,
Аярлық еседі бетінен.
Сен де осы періште күлкіңді,
Жоғалтып алмашы... Өтінем?!
Қылығың қайғымды таратқан,
Өзіңнен өзімді таныдым.
Жоқ едік әу баста жаратқан,
Алланы ұмытпа, жарығым!
Сағаттың тілімен үгіліп,
Таусылып келеді ғұмырым.
Аллаға жүрекпен жүгініп,
Жақсылық тіледім, құлыным!
***
ТҮНГІ ҚАЛА
Жаңбырлы, жабырқаулы, түнгі қала,
Жаныма ұсынасың мұңды ғана.
...Түбінен тереземнің жел күрсінді,
Дәл мендей жетім көңіл сынды ма о да?!
Қашанда көшесінде көлік өрген,
Шырайлы шаһар деуші ед сені көрген.
...Түн перісі күледі шашын жайып,
Ішінде мас қаланың желік енген.
Жарқ-жұрқ етіп арбаса жын ойнағың,
Құлдық қылмақ жүрекпен Құдайға кім?!
...Қозғалғанда арбиған көлеңкелер,
Сеземін құшағыңда үрей барын.
...Қайтемін, қала, саған босқа налып,
Болмаса болмысың жоқ астаналық.
Адамдар тасқа айналған... Ақ қайыңдар,
жылайды жапырағын жасқа малып.
Жаңбырлы... Түнгі қала етегінен,
Жауратып суық ауа көтерілген.
...Түнімен бақыт іздеп шықтым тағы,
Мыңдаған тағдырлардың мекенінен.
***
Ит тіршілік тыншымды алды қыңсылап,
Ми талшығын жұлқылайды мың сұрақ.
Жүрегімнің жырмен таңдым жарасын,
Қара түннің етегінен жыртып ап.
Жетім жаным меңірейген мұң бағы,
Бұлбұл үні естілмеген мұнда әлі.
Кетем бір күн жерге көміп тәнімді,
(Алар едім жалған болып тұрғаны.)
Дәмін татып махаббаттың мұңының,
Қайғы тұнған суығынан суындым.
Көңілімнің көзәйнегін кір басып,
Ақ бұлтардың көз жасына жуындым.
Шыр айналып тыр жалаңаш жын ғалам,
Жер мен көкке сыймай кейде жынданам.
Періштелер ұшып кетті кеудемнен,
Жүрегімнің музыкасын тыңдаған.
Түсімдегі шақырған соң нұр түрлім,
Жұматайша е-е-ең соңғы рет бір күлдім.
Мөлдіреген тамшы шыққа айналып,
Жапырақтың жанарына іркілдім.
***
ҚЫЗ-КӨКТЕМ
Кешігіп келе жатыр осы көктем,
Қыс та бір қырсық шал ғой өші кеткен.
Білмеймін алда қанша ғұмыр жатыр,
Артымда отыз қалды жосып өткен.
Сағындым қыз-көктемнің күншуағын,
Суық жел, суық сөзден тұншығамын.
Қараймын құбылаға қайта-қайта,
Қалаймын жүрегімнің тыншығанын.
Қар мен жер құрақ көрпе ала-құла,
Ау, қашан оянады қала мына?!
Бұтағын алма ағашқа асып тұрған,
Қараймын қара ағаштың қабағына.
Қайыңның жүрекке ұқсас жапырағын,
Қағазға салып кейде отырамын.
Көктем мен қыс күрескен кешқұрымда,
Жүректің қоңыр мұңын сапырамын.
Мінезін табиғаттың түсінелік,
Бұл дағы Жаратқанның ісі делік.
...Түнімен ұйқысырап шықтым білем,
Қыз-көктем қайта-қайта түсіме еніп.
***
Аспан тұр арқасына түн жамылып,
Жанымды жарлады сынған үміт.
Жемек боп арманымды ақ марқадай,
Ұлиды ұзақ-ұзақ мида күдік.
Үзіліп қобыз-кеудем бір ішегі,
Сыртымнан кей жамандар күліседі.
Қайғы үрлеп қабырғамның қуысынан,
Періштем жүректегі бүріседі.
Түсінбей мен өмірді, өмір мені,
Уайым арта түсті көңілдегі.
Ақ балық ойнақ салды аласұрып,
Көзімнің көрінбейтін көліндегі.
Алыстан қол бұлғайды күн кешегі,
Мұңымды кімге бөлісер мың кеселі?!
Сезімім түріп алып балақтарын,
Жүгіріп жаңбырдан соң жыр кешеді.
***
ЖҮРШІ, ЖАНЫМ
Жүрші, жаным, бұл қаладан кетелік?!
Асқар таудан алып өтем көтеріп.
Асқақтасын аяулы арман, асылым,
Аңсап жүрген ақ ауылға жетелік.
Жүрші, жаным, бұл қаладан кетелік?!
Тамағымды жібітейін қаңсыған,
Көмейіме бұрыңғыдай толсын ән.
Айқұш-ұйқыш көшелерден шаршадым,
Жынды болдым машинаның даусынан.
Күннен-күнге шөге түсем, таусылам.
Таста бәрін өмір жүгі бітпеген,
Керек қылмай кетіп барам түк те мен.
Тазарайық ақ айдынға шомылып,
Моншақ тізіп әз болайық шықпенен.
Бір жаңалық болсын ешкім күтпеген.
Сыр шертелік туған жердің тасына,
Адымдайық, ал кәнекей, асыға?!
Айғайлайық түкпіріне әлемнің,
Шыңдарының шығып алып басына.
Шаттанайық, ән салайық қосыла!
...Жүрші, жаным, бұл қаладан кетелік,
Бір жаңалық болсын ешкім күтпеген!
***
ӘН
Қазақтың дәстүрлі әншілеріне арнадым
Әсерлі әуен болса сай талғамға.
Ән, шіркін, әдемі ғой айта алғанға!
Сұлу сөз көкіректегі шерді қозғар,
Желпінтіп, екпіндетіп, жайқалғанда.
Қайғыны жүректегі іліп түсер,
Қырғидай әуелетіп қайтарғанда.
Саз билесе бойдағы тамырыңда,
Естінің шым батпай ма жаны мұңға.
Жас күнің, көрген қызық, сүрген дәурен,
Көлбеңдер өткен күннің сағымында.
Ән кетеді мөлдіреп көз жасындай,
Жалғанның ағып түскен жарығында.
Әнші қимыл жасамас бөтен, бөлек,
Абайласа арындап кетем бе деп?!
Бар өнерін балқытып төксе ортаға,
Баршаның жүрегіне жетем бе деп?!
Сыпырып томағасын жиылған көп,
Әншіні ол да демер көтермелеп.
Еркімен сылдыратса бұлақ үнді,
Еріксіз түрмеймісің құлағыңды.
Аққудай айдын көлде тербетілген,
Елегізіп іздерсің сыңарыңды.
Аспанда ән қалқыса аймен бірге,
Бір тарқатып тастайды-ау құмарыңды.
Ән тыңдап туған жердің атырабы,
Түлеп сала бермей ме топырағы?!
Жеткізсе сұлу сазды көл самалы,
Елеңдер ағаштың да жапырағы.
Кемпір, шал кемсең қағып қимастықпен,
«Жалған-ай, өтерсің» - деп отырады.
Әншінің арынына таңдай қағып,
Шын риза боларсың ондайда анық.
Әсем әуен ақырын қонып жатса,
Жүректің тұнығына самғай барып.
Өзіңмен өзің болып қалмаймысың,
Кеткендей мынау әлем әнге айналып.
Ағарып келе жатқан таңдай атып,
Әншінің терлемей ме маңдайы ақық?!
Әдемі әуезеге әсерленіп,
Сыртқа шығып бой жазсаң аз уақыт.
...Ыңылдап ән сарынын ат үстінде,
Бел асып бара жатсаң қандай бақыт!
Бөлісу: