Ақыт қажы Үлімжіұлының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды ескертулері

Бөлісу:

15.04.2019 5038

Отбасы ұрпақ жалғастырумен ғана шектелмейді, ол – тәлім-тәрбиенің ең әуелгі ошағы-ордасы, ең бірінші мектеп-медресесі. Ақыт ақынның отбасы мәселесінде баса мән берген бір тұсы ұрпақ тәрбиесі. Бұл мәселеге жалпы ислами таным тұрғысынан қарайтын болсақ, Құран Кәрім Алла Тағала разы болатын адамдардың көп болғанын қалайды. Әсілі, бүкіл пайғамбарлар, салих мұсылмандар мен өзге де кемел тұлғалар арлы, білімді ұрпақтың, таза ұрпақтың көп болғанын қалаған және асыл қасиеттермен адами құндылықтарға негізделген қоғам орнатуға күш салған. Ақын бабамызда сондай өнегелі, тәрбиелі ұрпақты аңсаған дана тұлғаның бірі еді. Сол арқылы болашақ халқының көсегесі көгерсе деген асыл арманы болды. Оның болашақ ұрпақты білімге баулып, өнермен шыңдауға үгіттейтін өлеңдері жетерлік. Соның бірінде ақын былай дейді:

Адамға тіршілікте өнер керек,

Өнерліден үйренші болсаң зерек.

Осы бойы жадағай жүре берсең,

Ұрпағыңның білетіні кетпен-күрек, – деп ұрпақ тәрбиесін қолға алмаған жанұяның немесе қоғамның ерте ме, кеш пе сағы сынып, өнер-білімнен кенжелеп қалатынын, сол үшін «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» білім үйренетін білімпаз, өнерлі ұрпақ тәрбиелеу керектігін айтады. Ұрпаққа берілетін тәрбиенің негізгі танымы бала шыр етіп жарық әлемге келгеннен басталатынын аса даналықпен жырлаған ақын «Жас жайлы жаңа кеңес-назымдар» атты желілес өлеңдерінде, ай-күні толып дүние есігін ашқан сәбидің мына пәнидегі дәм-тұзы таусылып, жаратушының ғұзырына аттанғанға дейінгі бүкіл өмірін жасқа бөліп, жік-жігімен жырлаған.

Желілес өлеңнің басында:

Тоғыз ай толып, тоғыз күн

Туылыппыз анадан,

Жақсылығын ата-ана

Аямаған баладан, – деп дүниеге енді келген жас сәбидің ең әуелі ата-анасының мейірімінде, аялы алақанында болатынын, осы барыста ата-анасы баланың өсу сатысына, жас парқына қарай отырып тәлім жүргізу тиіс екенін ескертеді. Әрине, қазіргі таңда баланың тамақтануы жайында бала дәрігерінен кеңес сұрағанымыз секілді бұл мәселеде де білетін мамандардың пікіріне жүгініп, ақыл кеңес алып жатамыз. Дәл осы мәселені Ақыт қажы бір ғасыр бұрын ақлия сарынымен айтып кеткен. Ол айдан аттап жасқа толған баланың әрбір әрекетін жіті қадағалауға шақырады. Сондай-ақ, баланың әр жасына жеке тоқталып ерекшелігін айтумен қатар сол жасқа байланысты берілетін білім мен тәрбиенің түрлерін де баяндайды. Ақынның ойынша, баланы білім бұлағынан сусындататын жас бес пен алтының арасы.

Ақыл кірсе балаға

Оқу керек алтыдан.

Ата-бабаң алқайды

Қылсаң сауап артынан.

Ғұламаның дәл осы жерде айтып отырған оқуы – Құран ілімі. Себебі, Құранға жақын ұрпақтың Құдайға жағымды, руханияты кемел болатынын ақын жақсы біледі. Баланың әу «бисмилләһ» деп үйренген ілімі Құраннан бастау алса, қалған ғылымды меңгеруі тым жеңілге түсетіні анық. Сондықтан Құран үйренбеген ұрпақтың екі дүниелік ісіне алаңдаушылық білдірген дананың «Құдайым өзі кешірсін, Құранның қалса харпынан» деуі тегін еместі. Ол баланың өмірін мұсылмандық таным мен тағылымға бейімдеу үшін оған Құранды үйретумен қатар Алланың кәләмына ғашық етуді мақсат тұту керектігін, тіпті «Иә, Жаратушы хақ ием! Маған дінді түсінуді, Құран Кәрімді ұғынуды, соның аясында өмір сүруды нәсіп ете гөр!» – деп құдайға жалбарынатындай ұрпақ қалыптастыруды талап етеді.

Ал Құранмен сауатын ашып, Алланың кәләмын санасына сіңірген баланың келесі кезеңде үйренетін ілімі – әдеп пен ғылым екенін еске салады. Ислам ғұламалары әдеп пен ғылым құстың қос қанаты іспетті екенін, қос қанатының бірі болмаған құстың ұша алмағаны секілді әдепсіз үйренген білімнің адамды алысқа апармайтынын алға тартса, Ақыт бабамыз сол әдепті балаға жеті-сегіз жасынан қалдырмай әдетке айналдыруға шақырады. Бір өлеңінде:

Әдеп, ғылым үйрену,

Жеті менен сегізден, – дейді. Ал тоғыз жасына дейін әдеп, білім бойына қонбаған баланың халы нешік екенін одан сайын айшықтап былай дейді:

Ойын қызық көрінер,

Балаға сегіз-тоғыздан.

Арып-ашып ата-ана

Сол баланы тойғызған.

Әдеп, өнер үйретіп

Кесапатын қойғызған.

Кесапатын қоймаса,

Кем болмайды доңыздан.

Тоғызға дейін әдептілік қағидасын бойына сіңіріп үлгермеген баланың есейе келе сөз ұқпайтын тоңмойын, ақыл айтылса шошқадай қорсылдап мінез көрсететін бетпаққа айналатынын аңғартады. Демек әр жастағы баланың сана деңгейіне қарай үйренетін ілімі, таңдауына қарай берілетін тәлімі болу керек деген сөз. Ақынның айтпағы, бала білуі тиіс жайттарды ғана біліп, қажетсіз, пайдасыз дүниелерді білмеуі керек. Жүрегі мен рухына азық болар діни, ұлттық құндылықтарды біліп, жасына қарай тәлім алғаны дұрыс. Әрі қарай он жастағы балаға не керектігін былай түйіндейді:

Ақыл кірсе жарайды,

Жастың озбай онынан.

Ұстазыңды пір тұтып,

Ерген жақсы соңынан.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жақсы қатын мен жаман қатын

Ислам ғұламалары баланың Құдай алдындағы құлшылыққа лайықты абсолютті жасына әр түрлі пікір айтқан. Біреулер алты-жеті жас десе, енді біреулер сегіз жас деген. Көпшілік ғалымдар бала он жасында балиғатқа толған ересек адамға айналады деген. Қазақ қоғамында атам заманнан қалыптасқан дәстүрлі балиғат жасы ер бала үшін он екі, қыз бала үшін тоғыз жас. Әрине, бұл арада қатып қалған белгілі өлшем жоқ. Әр халықтың қоныстанған ортасына, жағрафиялық орнына, заманалар бойы Исламмен біте қайнасып келе жатқан әдет-ғұрпына қарай белгілі болған. Дегенмен балиғаттың асылы он жастан басталатынын алға тартқан ғұламалардың қатарынан Ақыт қажыны да көруге болады. Бұның астары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне негізделгені мәлім. Имам Тирмизи риуаятында Алла елшісі: «Балаларыңызға жеті жасынан бастап намаз үйретіңіздер. Он жасқа келгенде намаз оқымаса ұрыңдар (әдептеңдер)...» – деген. Ашалап айтатын бір жәйіт, бұл жердегі «ұру» баланың жанына батырып сабау емес, сәйкесінше әдептеп жөнге салу мағынасында айтылған. Ақын бабаның он жасты ақылмен байланыстырып айтуының сыры да осы сияқты. Себебі, «Ақылды адамға иман парыз, иманды жанға намаз парыз» демекші (Абай), он жасқа толып, оңы мен солын ажыратқан баланың ең бірінші міндеті Құдай алдындағы құлшылығын атқару екені даусыз. Ендеше, ата-аналардың бұл жауапкершілікті өздері сезінумен қатар сәби жүреккке ерте бастан сіңіріуі, оған намаз, ораза, Қағба, азан секілді т.б қасиетті ұғымдары қастерлеудің жолын өз іс-әрекеттерімен көрсете біліуі тиіс.

Өлеңнің жалғасын Ақын былай деп сабақтайды:

Садақасын үзбесе,

Қайыр беріп қолынан.

Шықпай жүрсе жанасып

Шариғаттың жолынан.

Ақынның мұндағы айтпағы – бала бойына ізгілік пен мейірімділік қасиетін дарыту. Бұл жерде де ықпал етудің ең төте жолы – ата-ананың үлгі-өнеге көрсетуі. Себебі, садақа мейірімді жаннан шығады. Өзімшіл, қатігез адамның садақаға сараң болатынын әркім біледі. Сондықтан мейірімді жандар үнемі табысқа кенеледі, мейірімі жоқтар зиян шегеді. Ал баланың мейірімді, жанашыр, қағілез болып өсуін қаласақ, ғұлама меңзеген жастан бастап баланы мейірім-шапағаттың шуағына бөлеп өсіруіміз керек. Дүниеқоңыз болмасын десек, баланы жомарт, қолындағысын басқамен бөлісе алатын жүрегі дархан адам етіп тәрбиелеу қажет. Сонда ғана ол Ақыт қажы айтқан шариғаттың шеңберінде өмір сүре алады.

Баланың ақыл-ойы мен зейіні толыса түсетін кезеңді Ақыт ақын он бір жас деп шамалаған. Оған мына өлең жолдары дәлел:

Құстай ұшып зырылдап,

Өте шықтық он бірден.

Ақыл, зейін біреуге

Сол өмірде мол берген.

Қазіргі ғылымда адам зейінін ырықты зейін, ырықсыз зейін және үйреншікті зейін деп үшке бөліп қарастырады. Ақыл-ойы төмен балалардың зейіні шашыраңқы, оқу-жазуға салғырт, ұқыпсыз, психикалық белсенділігі нашар болып келеді. Ал ақыл-ойы кемел балалар бұндай жағымсыз сипаттармен сипатталмайтын көрінеді. Бұл жерде Ақын кей баланың он бір жаста зейіні кемелденетінін жазғанымен, ырықсыз зейіннің салдарымен қалай күресу керектігін айтпаған. Дегенмен ғалымның діндарлығы мен өмірлік тәжірибесіне негізделетін болсақ, бұл мәселенің шешімі де оп-оңай табыла кетеді. Ол, әрине, Құран тәрбиесі. Құран арқылы баланың зейінін ашу, Алланың кәләмын баланың санасына сіңіру. Ақ аятты оқып берумен бірге, оны түсіндіру арқылы баланы ойландыру, сүйіндіру, Пайғамбарымыздың сахабаларына Құран үйретудегі ұстамдылығы шеңберінде тәлім беру сынды өзекті іс-әрекетімізбен жүзеге асыруға болады. Егер ақынның ғұмыр бойы халқына берген тәлім-тәрбиесі, жазған дүниелері бәрі дерлік шариғат аясында деп түсінетін болсақ, онда сол шариғаттың түп негізі Құдай сөзі екені даусыз. Ал Хақ Тағаланың хақты айтатын кәләмында: «Олар Құранға зейін салмай ма?» – дейді («Ниса» сүресі, 82-аят). Ендеше зерделі ғалымның зейінге байланысты «Сол өмірде мол берген» деуі Құранмен гүлденген бозбалалық өмірді меңзегені болса керек.

Ақыт қажы баланың он екі жастан кейінгі өтпелі кезеңіне көп тоқталмаған.

Он екіден өткен соң,

Өтесің он үш, он төрттен, – деп қысқа қайырады. Ал бозбалық белестен асып, жігіттік жасқа қадам басатын «өліаралық» кезеңді он бес жас деп қараған. Ол туралы ақын былай дейді:

Күнә сұмдық молаяр,

Артылған соң он бестен.

Жамандықтан пайда жоқ

Жақсылықтан жол кешкен.

Ақының «күнә» деп отырғаны тәрбиесі нашар, көргенсіз орта мен баланың жаман қасиеттеріне марқаятын кейбір өнегесіз ата-ана меңзелсе керек. Себебі өлеңнің жалағасында мынадай шумақтар келеді:

Еріншек, жарлы, тартыншақ,

Сұмдықпенен бірге өскен.

Қанағатсыз, шүкірсіз,

Көрсе қызар өле-өшкен.

Мінездерің осы ғой

Айтқанға барма тіл кескен.

Ақиқаты сол, қанағатсыздық, шүкір етпеу, көрсе қызарлық, еріншектік, жалқаулық бұның бәрі дінде құпталмайтын жаман сипаттар. Тіпті, асқына келе адамды Алладан алыстататын иманға кереғар кесапаттар деуге болады. Ғұламаның он бес жастан асқанда «Күнә сұмдық молаяр» деп отырғаны осы күнәлар. Ендеше, кез-келген ортаға тез бейімделгіш баланың күнәға бой үйретпеуіне көңіл бөліп, пәк күйінде өсуіне жағдай жасау, жанұядан көрген діни құндылықтардан сыртта жүргенде де алшақтатпау, сыртқы ортадағы ауаның жанұянының ішкі жылылығымен үйлесуіне назар аудару бүгінгі ұрпақ алдындағы басты жаукершілік деуге әбден негіз бар.

Ақын «Жамандықтан пайда жоқ, жақсылыққа жол кешкен» дейді. Бұнысы, бала санасына «Жақсылық жасау» деген ізгі ұғымды ерте бастан қалыптастыруға үндегені. Иә, балалардың жақсылықтың қадірін біліп өсуі өте маңызды. Олар өздеріне алдыңғы буын өкілі тарпынан жасалған жақсылықты білуі тиіс, көрген жақсылығы үшін адамдарға да, Аллаға да рахмет айтуы керек. Бұл қасиеті мен танымы кейін кемеліне келіп, Алла Тағаланың нәсіп еткен рызық-несібесіне шүкір етіп, Хаққа мақтау айтатын, адамнан болған жақсылықты кейінгі буын ұрпаққа өнеге ретінде айтып отыратын асыл қасиеттерге жол ашады.

Қорыта айтқанда, біз Ақыт атамыз айтқандай, «кемел ұрпақ» өсіру үшін әуелі кемел отбасы құра білуіміз керек. Ол отбасы ең әуелі Аллаға бет түзеуі тиіс. Үйімізде ғибадатымыз ешқашан үзілмесе, бала ойына келген дінге, руханиятқа қатысты қандай да бір сұрақтарға дереу тұшымды жауап алып отырса, ол шаңырақтың шаттығы болмақ. Отбасымызда діндарлық, тақуалық мәселесі күн тәртібінен түспей, Аллаға деген ыстық ықыласымыз, жалбарына жасаған дұғамыз жанымыздағы сәби жүректерден терең орын алуы тиіс. Себебі, сіздің ықыласыңызға әрі сеніміңізге қарай балаға дарытқан баға жетпес құндылықтардың жемісін ол болашақ өмірінде көреді, сізге алғысын білдіріп, дұғасын арнайтын болады. Егер осындай кемел ұрпақ әр қазақтың шаңырағынан өсіп шығатын болса, онда Ақыт қажы сынды бабаларымыздың бізден күткен арман-мұратының орындалғаны болмақ.

Еркінбек Алтай, исламтанушы

Бөлісу:

Көп оқылғандар