Жаңа әлем Одиссейі
Бөлісу:
Леонардоның «Джакондасы», Микеланджелоның «Адамның пайда болуы», Мунктің «Айқайы», Ван Гогтың «Жұлдызды аспаны» сынды «Улисс» те адамзат төбесіне көтеретін өнер туындысы. 800 беттен тұратын, бір күнді сипаттайтын роман. Қарапайым ирландиялықтың күнделікті өмірі. Тіпті сол бір күндік өмір де бірнеше елдің заңдылықтарына қайшы болып шықты. Роман бөлім-бөліммен газет-журналдарда басыла бастағаннан-ақ цензураның қақпанына түсті. Англияда кітаптары өртелді, Ирландияда автор сатқын саналды. Кейін, әрине, бір кездері сатқын Джойс ұлт мақтанышына айналып шыға келді. Екіжүзділік - адамзатқа қонған мінез. Тірі генийлер болмайды. Әсіресе өнерде. Романда біз ешқандай шымшытырық сюжетті көрмейміз. Кәдімгі өмір. Әр адамның өз бақытсыздығымен жүрген бейнесі және оның бақытсыздығына ешкім бас қатырғысы келмейді. Ол қиындықтар не бір ұлы мақсатқа, не моральдық құндылыққа, не биік мұратқа жетелемейді. Жай ғана азап шегіп жүрген әр адамның жалғыздығы. Кітаптың композициялық құрылымы Гомердің «Одиссейіне» сілтеме жасайды. Оның латыншасы романның атауына арқау болды. Екеуінің арасындағы аналогия да көзге бірден көрінеді. Блум - Одиссей, Дедал - Теремак, Молли Блум - Пенелопа. Шығармада әке мен бала тақырыбы символдық мәнге ие. Бірі - Блум, екіншісі - Дедал. Үшеуі – күллі адамзат. Дублин – әлем. Соңында «Одиссей» «әлемді» аралап, «Итакаға» оралуы тиіс. Роман кейіпкердің досын жерлеумен басталады. Блум әйелінің көзіне шөп салғанын біледі, бірақ ештеңе істемейді. Стивен Дедал да достарының сатқындығынан жапа шеккен бейбақ. Екеуі кездесіп, сөйлесуі тиіс деп ойлайсың. Сөйлеседі де. Романның 14 эпизодында Дедал мен Блумның жолы тоғысады. Бұл шығарманың шарықтау шегі. Екеуі де жасырын тұрған өмірдің мәні мен ақиқатына жеткендей күйде сипатталады.
Джеймс Джойс
Романның әр эпизодына бір мақаладан арнауға болатын шығар. Осы жолы мен өзіме ұнаған эпизод жайлы жазғым келіп отыр. 15-ші эпизодта Блум мен Дедал айнаға қарап, өздерін емес, екеуі де Шекспирді көреді. Бұл кейіпкерлердің жақындығының, бірігуінің символы іспетті. Енді Джойс өзінің «менін» екі кейіпкерде де қалдырады. Бұл оның «Гамлеттің» әкесі – Шекспир» деген пікірін айқындай түскендей. Ричард Эллман 1904 жылы «Гамлетке» қызығушылық танытқан Джойстың ойы туралы былай дейді: «Автордың, яғни, Шекспирдің «мені» Гамлетте емес, оның әкесінде бой көрсетеді. Гамлеттің әкесі өз бауыры Клаудийдің қолынан қаза табады, әйелі сатып кетеді. Шекспирдің жұбайы Анна да оның көзіне шөп салып, бауыры сатып кеткен. Джойс осы теорияны үздіксіз дамыта берді». Эллманның бұл байқампаздығы бізді осы романдағы кейбір тұманды жерлерінде жол табуға көмектеседі. Автордың «мені» Блумның, яғни, әкенің бойында жасырынған. Оның да әйелі опасыздық жасайды. Жаңа «Одиссейді» Джойс Гамлеттің әкесімен осылай байланыстырған секілді. Бұл жерде Құдай да, ібіліс те, періште де жоқ. Тек адамдардың өмірі ғана бар. Джойс романдарға тән дәстүрлі баяндау тәсілі, портреттік мінездеме, экспозициядан бас тартады. Монологты көрсетудегі ойдың бірінің үстіне бірі шығып, аяқталмай, кейде басқа бір еске түскен дүниелердің шыға келуімен сана ағымының қағазға түскен нұсқасын көрсетеді. Бір қарағанда роман xаостық типте жазылғандай көрінуі мүмкін. Бірақ шығармада артық ештеңе жоқ екені әр оқыған сайын анықтала түсетіндей. Джойстың: «Бұл романдағы жұмбақ пен кілт сөздердің көптігі сонша, профессорлар әлі бірнеше ғасыр бойы менің не айтқым келгенімді талдап, бір-бірімен айтысады», - деген сөзі бірден еске түседі. 18 эпизодқа бөлінген кітаптың әр бөлімі әр стильге, әр дәуірге еркін жеткізіп отырады. Уақыт кеңістігі жойылғанда Джойстың вакуумы ауқымды көлем алып жатқаны байқалады. Бұл оның шығармашылығын өміршең ете түспек.
Роман кестесі: «Улисстің» 18 эпизоды
Тарау
Сахна
Сағат
Ағза мүшесі
Түсі
Символ
Өнер
Техника
Telemachus
Мұнара
8
-
Ақ/алтын түсті
Мұрагер
Теология
Баяндау (жас адам)
Nestor
Мектеп
10
-
Қоңыр
Ат
Тарих
Катехизис (жеке)
Proteus
Жағажай
11
-
Жасыл
Судың көтерілуі
Филология
Монолог (ер адам)
Calypso
Үй
8
Бүйрек
Сары
Нимфа
Экономика
Баяндау (жетілген)
Lotus-eaters
Ванна
10
Жыныс мүшесі
-
Евхарист
Ботаника/химия
Нарциссизм
Hades
Мола
11
Жүрек
Ақ/қара
Бақылаушы
Дін
Инкубизм
Aeolus
Газет
12
Өкпе
Қызыл
Редактор
Риторика
Энтимема
Lestrygonians
Түскі ас (Ланч)
13
Өңеш
-
Констебль
Сәулет өнері
Перистальтика
Scylla and Charybdis
Кітапхана
14
Ми
-
Стратфорд
Әдебиет
Диалектика
Wandering Rocks
Көшелер
15
Қан
-
Азаматтар
Механика
Лабиринт
Sirens
Концерт залы
16
Құлақ
-
Бармен
Музыка
Fuga per Canonem
Cyclops
Таверна
17
Бұлшық ет
-
Фений
Саясат
Гигантизм
Nausicaa
Жартас
20
Көз, мұрын
Сұр/көк
Пәктік
Сурет
Tumescence/
detumescence
Oxen of the Sun
Аурухана
22
Іш, құрсақ
Ақ
Ана
Медицина
Эмбрион
Circe
Жезөкшелер үйі
Түн ортасы
Локомоция
-
Жезөкшелік
Магия/сиқыр
Елестеу
Eumaeus
Қорған, пана
1
Жүйке талшықтары
-
Теңізшілер
Навигация
Баяндау (кәрі адам)
Ithaca
Үй
2
Қаңқа
-
Кометалар
Ғылым
Катехизис (бейнесіз)
Penolope
Төсек
∞
Ет
-
Жер
-
Монолог (әйел адам)
Модернизмнің асқар шыңына айналған кітап - болашақта жазылуы тиіс дүниелерге жол ашып, әдебиетшілерге азық қалдырды. Джойс кейіннен бұл романға кесте жазып қалдырады. Оның баршаға ортақ таралуына қарсы болғанмен, кейін бәрібір бұл кесте жарық көрді. Романда адаспау үшін қолданылатын карта іспетті. Суретке қарасаңыз, неше стиль, қанша символ, қай ғылымға сілтеме жасалғанын анық көре аласыз. Расында, «Улисс» - ұлы роман. Адамның кейде өзі мән бермейтін, өзі қатыспайтын сәттерге дейін бейнелей алатын, сана ағымын алғаш рет дәл әрі адал пайдаланған, сезімді және көңіл күйдің өзгерісін бағамдауға болатын шығарма. Замандастары роман жайлы: «Бұл кітап біздің толқын тапқан сөз мәнеріне ие. Біз бәріміз осы романға қарыздармыз және ешкім бұл кітаптан қашып құтыла алмайды» - деді. Рас. Роман соңында Блум мен Дедал удай мас күйінде аулаға кіреді. Дедалдың барар жері жоқ, ал Блумды үйінде ешкім күтіп отырған жоқ. Әйелі оны сүймейді, қызы алысқа кеткен. Ал ертең оны тағы бір ұзақ күн күтіп тұр.
Абзал Сүлеймен
Бөлісу: