Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы»

Бөлісу:

26.08.2024 1242

Қазақ халқының егемендік алған сәттерінде әлеуметтік жағдайында ғана емес, рухани өмірінде де көп өзгерістер болды. Қазақ әдебиетінің көне тарихында қалып, ұмытылып бара жатқан көне жәдігерлеріміздің қыр-сырына үңіліп, қайта қауышуға мүмкіндік туды. Әдебиетімізбен мен мәдениетіміздегі көне жәдігерлеріміздің орны анықталып, көптеген зерттеу жұмыстары жарық көрді. Бізден бұрынғы дәуірлерде туған әдеби жәдігерлер біздің халқымыздың ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасының ажырамас бөлігі еді. Бұл жәдігерлер сонау көне дәуірдегі халықтың ой-пікірін, ұғым-түсінігін, көзқарасы мен түршілігін, ұстанымдары мен күнделікті түсініктерінен, мінез-құлықтары мен тәртібінен де хабар береді. 

Қазіргі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кең құлаш жайуына өз септігін тигізіп отырған көне әдебиетіміздің ішінде Қарахан дәуірі кезінде жазылған әдеби шығармалар деп айта аламыз. Осы кезеңнің шығармаларының көп бөлігі ислам дінінің аясында қарапайым халықты өркениетке үндейді. Мәселен Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Исасуи, Ахмет Йүгнеки секілді  сөз шеберлерінің көтерген тақырыптары мен идеялары халықты оқу-білімге, әдеп пен адамгершілікке, адами қасиеттерді байытуға, имандылыққа, жақсы мінез-құлықтарды қалыптастыру жолына бағытталған. 

Осындай рухани тазалыққа толы, адами қасиеттерді қалыптастыруға насихаттайтын түркі тіліндегі әдеби асыл мұралардың бірі – Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» («Хибут-ул хакаийқ») шығармасы. Ахмет Йүгнеки түркі тіліндегі орта ғасыр әдебиетінің дамып, өсу жолына мол үлес қосқан ақындардың тізімінде болып саналады. Дастанның кіріспесінде Алланы мадақтау, Пайғамбарлар мен Испахсалар бекке арналған тарауларынан бөлек негізгі бөлімі алты тарауды қамтиды. Әр елдің ғалымдары бұл еңбекті әрқалай тарауларға бөліп зерттеген. Зерттеу жұмысының барысында біршама тың ойлар бар. Қазақ ғалымдары өз зерттеу жұмыстарында он төрт тараушаны атап өтсе, татар ғалымдары жеті таруға бөліп зерттеген. Шығармада белгісіз бір шайырдың «тұрады он төрт баптан осы сөзі» деген өлең жолдарын да кездестіреміз. 

Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» шығармасынан Алланы мадақтау, пайғамбарлар жайында, төрт сахаба туралы, Испаһсалар бек жайында, білім және надандық туралы, тілді тыйып ұстау мен дүниенің өзгеріп тұратынын, жомарттық пен сараңдықты, сондай-ақ кішіпейілділік және тәкаппарлық, игі мінез бен жарамсыз қылықтар жайында, белгісіз ақынның жазған шумақтарын, сондай-ақ басқа да мағына беретін өлең шумақтарын кездестіреміз. Дидактикалық сарында жазылған «Ақиқат сыйы» дастаны нақтылы бір сюжет бойынша құрылмаған, мұндағы әр тарау арнайы тақырыптар арқылы бөлінген. Күні бүгінге дейінгі зерттеулердің ішінде Ахмет Йүгінеки шығармалары өзі тұстас шайырларға қарағанда әлдақайда аз зерттелді. Ежелгі әдебиетіміздің бір тармағы саналатын Қарахан дәуірінде әдебиеттер көптеп жазылып, рухани мұрамыздың саны артқаны белгілі. Рухани тазалық жолына үндейтін, көркемдік ерекшеліктері жоғары шығармалардың адамзат үшін берері мол.   Арада тоғыз ғасыр өтсе де, бұл шығармалардың мәні мен құндылығы әлі де өз күшінде. Алайда, осы еңбектердің кейбіреулері із-түссіз жоғалып, бір бөлігі ғана көне әдебиетіміздің маңызды бөлігін жасап отыр. Ахмет Йүгнекидің өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпараттар толық емес. Ол XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың бас кезінде өмір сүргендігі мәлім болғанымен, қай жылдары екендігін нақты айтудың өзі қиындық тудырады. Бізге тек ақынның өмір сүрген ғасыры ғана айқын болып отыр. Қазақ әдебиеттанушыларының ішінде бұл тақырытпа кең көлемде жазылған зерттеу еңбектері аз. Ә. Құрышжанов пен Б.Сағындықов «Ақиқат сыйын» зерттеуге көп еңбек сіңіріп, қазақ тілінде алғаш рет толық аудармасын жасаған, Құрманғали Г.Қ «Ахмет Иүгнекидің әдеби мұрасы» монаграфисы жарық көрді. Осының нәтижесінде де әлі күнге дейін әр түрлі шамалап айтылған тұспалдар көп. «Ақиқат сыйы» дастанының қай кезеңде жазылғаны, ақынның аты-жөні, оның қай тұста өмір сүргені, туғаннан көзінің су қараңғы екендігі туралы ғана мәліметтерге дастандағы кездесетін өлең жолдары арқылы білеміз. Осы мәліметтерді толықтырып, ақынның нақты туған жерін, өмір сүрген жылдарын, шығарманың жазылу үлгісінің қыр-сырын анықтап, кең көлемде зерттеу жұмысын жүргізу бүгінгі жазбамыздың өзекті мәселесінің бірі.

Осы мақсатқа мынадай міндеттерді алға қойып отырмыз: 

- Ахмет Йүгнекидің өмірі мен туылған жеріне байланысты нақты деректерді келтіру;

- Дастанның бізге жеткен нұсқаларын салыстыра отырып, өзара айырмашылықтарын анықтау;

- «Ақиқат сыйы» шығармасының жазылу үлгісіне тоқталу;

- Орта ғасыр әдебиетіндегі   «Ақиқат сыйы» шығармасының рөлін анықтау;

- Дастанның зерттелу тарихнамасын жасау;

- Шығарманың көркемдік сипаты мен жанрлық ерекшеліктеріне шолу жасау;

- Дастанның тақырыптық-идеялық жүйесінің дәстүрге қатысы мен дәстүр аясындағы жаңашылдықтарына тоқталу;

- Дастанның өлең құрылысы мен тілдік поэтикасын анықтау.

Мақала барысы мен дереккөздерді жинау кезінде материалдарды сұрыптау, талдау, жүйелеу, салыстыру әдістері қолданылды. Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» шығармасын зерттеуде ежелгі дәуір әдебиетіне тән көркем шығамалармен салыстырмалы талдау, сипаттау әдістерін қолдандық. Сондай-ақ әр түрлі ғалымдардың көзқарастары мен басқа да ғылыми мақалаларын басшылыққа ала отырып талдау жасадық.

Ежелгі дәуір әдебиетін зерттеген шетел ғалымдары Р. Арат, В. Радлов, С.Е. Малов, И.В. Стеблева, Қ. Махмудов, А. Бомбачи, Н.Баскаков, Э.Н Наджип, Е. Бертельс және қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген Қоңыратбаев Ә.Сүйіншәлиев, Р. Бердібаев, сондай-ақ ежелгі дәуір әдебиеті мен түркі ебиетін зерттеушілерден М. Жармұхаммедұлы, А.Егеубаев, Н.Келімбетов, А Қыраубаева, Б.Сағындықұлы, Ә.Құрышжанов, М.Жолдасбеков секілді ғалымдардың еңбектері құрайды. Зерттеу барысында, әсіресе көрнекті әдебиеттанушы ғалымдар Ә. Құрышжанов пен Б. Сағындықовтардың «Ахмет Иүгінеки «Ақиқат сыйы» транскрипциясы, прозалық және поэзиялық аудармасын жасаған еңбектері мен Г.Қ. Құрманғали «Ахмет Иүгінекидің әдеби мұрасы» атты монографиясы мен тағы да басқа ғылыми мақалаларды негізгі жұмысымыздың бағдарына алдық. 

Ахмет Йүгінекидің өмір сүрген ортаcы мен ақындық шығармашылығы

Қарахан әулеті билеген көне түркі әдебиеті тарихындағы X-XII ғасырлар қайта өрлеу кезеңі болып саналады. Қазақ халқының орта ғасырлардағы мәдени өмірінен X-XY ғасырлардағы Орта Азия ренассансының алатын орны ерекше. Бұл ислам діні түркі даласына еніп, өз ықпалын тигізе бастаған кезең еді. Түркі классикалық әдебиетінің дамып, кең құлаш жайып, кемелдене түсуі осы кезеңге тура келді. Қарахан дәуіріне дейінгі әдеби мұралар халық арасында ауызша жырланып дамыған, кейбірінің тасқа қашалған үлгілері болған. Ислам дінінің дамып, мұсылман мәдениеті мен әдебиетінің жандануының сондай-ақ араб-иран тілдес халықтармен қарым-қатынас нәижесінде X-XII ғасырларда жаңа қоғамдық қатынастарға үлкен серпін әкелді. Руна жазуы шет қалып, араб графикасындағы түркі жазуы пайда болды. Түркі тілінің аясы кеңейіп, жазба мәдениеттің дамуының ықпалымен «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама» дастаны сынды тарихи құнды көркем дүниелер тарих бетінен жоғалу қаупінен аман қалды

Осы кезеңде әдебиетте жаңа арналар пайда болды. Қарахан әдебиетінің негізі қаланып, әдебиет арнасын көшбасшылары болып Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани сынды ақындар тарих сахнасына шықты. 

Осы кезең әдебиетінің басым бөлігі адамгершілік мәселелері, моральдық, этикалық шығармалар болды. Түркі даласына арабтар келгенге дейінгі әдебиет басқаша дамыса, ислам дінімен бірге жаңа арна мен жаңа тыныс келіп, ғасырлар бойғы өзгеріссіз дамып жатқан үрдісті бұзды. Түркі даласында ислами әдебиеттің негізі қаланып, құран аяттарын басшылыққа алып, шариғат шарттарын, пайғамбардың ғибратты өнегелерін түсіндіру поэзия арқылы жүзеге асты. Зерттеуші, ғалым Х. Досмұхамедұлы осы тақырыптағы көркем шығармаларды діни сипат алған көркем әдебиет деп бағалаған: «Діни сипаттағы әдебиет исламның негізін, шариғат қағидаларын, талаптарын, тамұқтың азабы мен жұмақтың рахатын, сондай-ақ басқа да о дүниелік өмірдің көріністерін бейнелейді. Мұхаммед пен оның серіктестерінің өмір жолдарын өз шығармасына арқау етіп, баяндап өту де бұл әдебиетте ерекше орынға ие», - деп бұл кезең әдебиетінің басты көтерген мәселелерін айтады. Х. Досмұхаммедұлының діни бағыттағы шығарма деп бағалаған еңбектерінің бірі Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» туындысы деп айта аламыз. Ахмет Йүгінеки дастанында күнделікті тіршіліктегі жағдайлар мен о дүние туралы мәселелерді өлеңмен жеткізген. Қарапайым халыққа адамгершілік мәселелерін ұқтырып, мұсылман дінін насихаттауды мақсат етіп жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, жомарттық пен сараңдық, білімділік пен надандық сынды адамгершілік қасиеттерін өз жырында дәріптеді. 

Түркі тілдес халықтардың тарихы мен әдебиеті, күнделікті тіршілігі мен мәдениеті біздің заманымыздан алдыңғы сақ, ғұндар мен қаңлы, үйсін,  дәуірінен басталып, рухани қазыналарымыздың алғашқы мұралары болып саналады. Зерттеуші ғалым С. Зәнік қытай кітапханаларындағы мұраларды зерттеу барысында біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда өмір сүрген түркі тектес халықтардан шыққан ақындардың бірді-екілі өлең шумақтары қытай жылнамаларында жазылғаны туралы айтқан. Бұл ескерткіштер сол елдердің тілінде хатқа түсірілген: «Ежелгі сақ қауымы, шәнби, қидан халқы, ғұндар мен шүршіттер, сондай-ақ моңғолдар т.б. тайпалар қытай жазуын қолданғандығынан, олардан шыққан біршама ақын-жазушылардың шығармалары да қытай тілінде жазылып қалдырылған»  - деп ақпарат береді. 

Бірқатар түркі зерттеушілері көне түркі халықтары әдебиетінің ауқымы кең, көркемдігі жоғары, дәстүрлі түркі өлшемдерінің сақталғандығы жайына назар аударған: «... Ежелгі түркі халқының көне дәуірден бастау алатын дамыған әдебиеті болған деуге әбден болады. Мысалы, ежелгі қытай дереккөзінде б.з.д. II ғасыр басында қытай тіліне аударылған түркі өлеңдері анықталған. Дәл сол қытай деректері бойынша билікті басып алу мақсатында ғұн ханзадасы Мөденің билікті басып алу жолында өз әкесін өлтіргендігі жайлы аңыз да сақталған» - деп, ежелгі әдебиетті зерттеуші ғалым Х. Короглы ұтымды пікір айтқан. 

Түрік қағанаты тұсында Орхон, Енисей және Талас бойларынан табылған тас жазба ескерткіштері түркілердің өз тілінде жазылған әдеби шығармалары жайлы ғалым Ғ.Айдаров «Түркі қағанаты құрамына кірген тайпалардың өздеріне тиесілі жүйеге түсіп қалыптасқан, дербес жазулары болды. Бұл жазулар табылған орындарына қарай: Орхон, Енисей және Талас жазулары деп үш сала бойынша бөлініп жүр» - деп тұжырым айтады. Ежелгі әдебиеттің бір тармағы есептелетін Қарахандықтар кезеңіндегі сақ, ғұн дәуірі және тасқа жазылған ескерткіштерден басталатын асыл мұралар көбейіп, кең қанат жая бастады. Әдеби жәдігерлер көптеп жазылып, рухани құндылықтардың саны арта түсті. Алайда бұл дәуірдің де мұралары із-түзсіз жоғалып, бір бөлігі ғана бізге жеткен. Бұл мұралар қазіргі таңда ежелгі дәуірдегі және орта ғасырлардағы әдебиеттің қатарына қосылып, аса құнды бағалы мұраларымызды толықтырып отыр. Бұл кезеңдегі көркем шығармалардың басым бөлігі рухани тазалық жолына үндейді. Көркемдік ерекшелігінің жоғарылығының арқасында адамзат үшін қашанда де берері мол көркем еңбектер, тіпті тоғыз ғасыр өтсе де, өз мәнін, құндылығын жоймаған.   

Қарахан әулеті билік басын иеленгеннен кейін-ақ «Қарахан дәуіріндегі әдебиет» деген атаумен классикалық әдебиеттің негізі қалыптасты. Осы кезеңде ғылым мен әдебиеттің дамып, мәдениеттің өркендей түскендігі жайлы ғалым И. Стеблева: «Қарахан мемлекет болып қалыптасып, кейін көп ұзамай өз мәдениетін, әдебиетін дамытуға тырысқан өз билеушілер бар, жеке үлестер бойынша бөлінді»,- деді. Ғылым мен мәдениет дамып, әдебиеттің жанданған кезі қарахандықтар әулеті билеген кезеңге тура келіп, ақындар өз шығармаларын түркі тілінде жазды. 

X-XII ғасырда  байтақ даланы мекен еткен түркі тайпалары арасында шығарманы араб-парсы тілдерінде жазу көп болса да, барлығына ортақ түркі тілінде тың әрі құнды дүниелердің жазылуына сөз шеберлері өз септігін тигізді. «X-XII ғасырлардағы тіл және әдебиет жәдігерлерінің көп бөлігі тайпа аралық әдеби тілде жазылып, жалпы түріктік мұра болды», - деген «Қазақ ССР тарихы» атты еңбегінде ғалымдардың пікірі сөзімізге дәлел бола алады. Сол тұстағы әдеби туындылар белгілі бір кеңістік бойынша жазылып, жекелеген әр түрлі тайпаларға тиісті болып, кейіннен барлық түркі тілдес халықтарға тән мәдени мұра саналып, ортақ құндылықтардың тізімін толықтырып отыр. 

Орта ғасырдың ақындары, ғалымдары парсы және араб тілін меңгеріп, сол халықтардың әдебиеті мен мәдениетінен хабардар болғандығын, жазған шығармаларынан байқауға болады. Олардың басым көпшілігі араб-парсы әдебиетін жақсы ұғынып, соны үлгі ете отырып ана тілінде көркем еңбектерді шығарған. Мәселен, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Иассауи, Ахмет Йүгінеки сынды ақындар өздерінің дидактикалық ой-толғамдарын жергілікті халықтың тілінде жазған. Міне, осындай көркем сөз шеберлері Қарахан дәуіріндегі түркі әдебиетінің дамып, жандануына үлесін қосуы X-XII ғасырдағы түркі әдебиеті тарихында үлкен дамудың алғашқы негізі болып саналды. 

Орта ғасырдың түркі ақындары өз еңбектерінде мұсылман дінінің қағида-талаптарын дамыта талдап сипаттамаса да, Алланың барлығы мен бірлігіне, білім және ғылым, тәлім-тәрбиенің берілу мәніне, имандылықпен қоса адамгершіліктің құндылығына баса назар аударады. Орта ғасырға тән әдеби шығармалардың көп бөлігі дидактикалық мазмұнға құрылғандығы турасында былай дейді: «Кейбір көркем сөз шеберлерінің (мысалы, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Йүгінеки) шығармалары өлеңмен жазылған дастандар еді. Олардың негізгі сюжеттік көлемі (мазмұны) дидактикалық (тәлім-тәрбиелік мәні бар) ойларға құрылған дүнияуи философиялық толғаулар болып келеді».

Орта Азияның түркітілдес халықтарының ортағасырлық әдебиетінің даму тарихында «Хибат ал – Хакаик» («дар истин») поэтикалық шығармасының авторы Ахмад Йугнакидің орны ерекше. Ислам дәуіріндегі ең алғашқы түркітілдес ақындардың бірі болып есептелетін бұл еңбектің авторы туралы өте аз мәліметтер сақталған, оларды негізінен бізге жеткен жалғыз шығармадан, сондай-ақ кейінгі авторлардың шығармаларынан алуға болады. Еңбектің өзінде оны жазудың орны мен уақытына қатысты нақты нұсқаулар болмағандықтан, автордың нақты өмір сүру уақытын зерттеушілер әр түрлі анықтайды: Х – ХІІ ғғ; ХІ – ХІІ ғғ; ХІІ – ХІІІ ғғ тіпті ХV ғасырлар дегенде топшылаулар бар. Ахмет Йүгнекидің шығармасы түркі қоғамының қарапайым  топтарына олардың қарапайым ана тілінде Исламның моральдық және идеологиясының негіздерін түсіндіру мақсатында арналған. Сонымен бірге автор аят Құран хадистерін кеңінен қолданған.

Зерттеуші С. Малов: «Көзі қараңғы Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасы шамамен XII-X ғасырға тән», - десе, В. Насилов «XIII ғасырдың бірінші жартысына тән» деп көрсеткен. Сондай-ақ көрнекті ғалым Н. Баскаков А.Йүгінеки шығармасын XI-XII ғасырларда жазған деген  пікірін білдірген ғалым өзінің екінші бір кітабында XII ғасырдың аяғы мен  XIIІ ғасырдың басы деп атап өтеді.

Дастанның өз ішінде нақтылы тарихи уақыт көрсетілмегендігінен де дастанның нақты жазылған жылдарын табу қиын. Ғалым Э. Бертельс «Ақиқат сыйына» дастанына жасаған сараптамасында тілінің «Құтадғу Білік» дастанының тіліне біршама ұқсастығына, арап және парсы тілінен алынған сөздер мен біршама ескі сөздердің көп қайталанбай келуіне, тілі көне өзбек тіліне жақын тартуына назар аударып шығарма «Құтадғу Біліктен» кейін жазылған деп шамалайды. 

«Бұл ретте поэмада моңғолдар туралы ешбір ақпараттар мен деректер айтылмағаны үшін оның XII ғасырдың соңғы ширегінен ерте емес XIII ғасырдың бірінші ширегінен кеш емес уақытта жазылғандығын үлкен сеніммен айтуға болады. Нақты дәлме-дәл мерзімін айту әлі мүмкін болмай тұр» - деп өз тұжырымымен бөліскен.

Дастанның нақты қай уақытта жазылғанын шығармада есімі ұлықталатын Дад Испаһсалар бектің кім екенін анықтаумен белгілеуге де болар еді, тек Дад Испаһсалар бектің кім, қай жердің адамы, қай елді билегені жайлы деректер түрік ғалымы Р. Араттың еңбегінде кездеседі. Ғалым Дад Испахсалар бекті Қарахан дәуірінде өмір сүріп, Иүгінек шаһарының билеушілерінің бірі болуы мүмкін деп болжам айтады. Ғалым өз зерттеуінде дастан хижра жыл санауы бойынша YI ғасырда жазылған дейді: «Дастан хижраның YI (XII-XIII ғ.)  Хорезмшаһ дәуірінде өмір сүрген Туғрул Қилич Спохсалар бин Шижә әмір Мұхаммед деген адам үшін арнайы сипатпен жазылған» - деген. Бұл пікірді Н. Әсимде айтып өткенімен дастандағы Дад Испахсалардың кім екенін әлі де нақтылауды қажет ететіндігін, осы секілді біршама пікірлердің де бар екендігін де атап өтеді. 

«Испахсалар» парсыша «әскер басы» деген мағына береді. Ақын шығармасын арнаған адамды есімімен атамай, тек қызметі мен дәрежесін өлең жолдарына қосып мақтаған болуы керек. Өлең ұйқасын, құрылысын бұзбау үшін де осылай жасаған болуы әбден мүмкін. Мұндағы Испахсалар бек деген оның аты емес, оның әскербасы деген атқарған қызметі. Яғни, дастандағы:

                            Тат Испаһсалар бек үшүн бу китаб

                            Щақырдым ажунда ату қалсы деп

                            Китабумны корган ешиткан кишы

                            Шаһымны дуа бирла жад қылсу деп

Дад Испаһсалар бег үшін бұл кітап

                            Шығардым бұл дүниеде аты қалсын деп,

                            Кітабымды көрген, естіген кісі

                       Шаһымды дұғамен есіне алсын деп, - деген өлең үзінділерінен ақын Испахсалардың есімін нақты айтпай, атқарған қызметін ғана өлең жолдарына қосады, - деген тұжырымды ғалым Г. Қ. Құрманғалидың зерттеу еңбегінен көре аламыз. Осы деректі толықтыру ретінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуы бойынша Тараздағы Дәуітбек кесенесінде жатқан кісінің де лауазымы Исфехсалар болған екен. Алайда бұл дереккөзі нақты емес, тарихта британ империясының үнділерден құралған полктары «сипайлар» деп аталғандығын да біле отырып, «сипай» сөзі кездескен тұстың барлығын Ахмет Йүгінеки ұлықтаған Дад Испахсалар бекпен байланыстыра алмаймыз. 

Х.Сүйіншәлиев бұл дәуірде рухани мәселелерді сөз еткен ақындардың саны көп болғандығы жайлы: «Бұл кезеңде қала тұрмысы, сауда ісі алдыңғыдан да анағұрлым ілгері басты. Онымен бірге рухани мәдениет те өсіп, атақты «Құтадғу білік» хикаясы туады, Махмуд Қашғари, Юсуф Баласағұни секілді әрі ғалым, әрі асқан жазушылар дүниеге келген», - дейді. 

Ғалым өмір сүрген Жүйнек қаласын көпшілік ғалымдар Сырдарияның төменгі ағысында болған сияқты деп топшылайды. Сырдарияның орта және төменгі ағысында оналасқан түріктердің қалалары Самарқандтағы Абд Аллаһ ибн Тахирдің билеушісі болған Нух ибн Асадқа хараж төледі деген деректер бар. Орта ғасырлық дереккөздерде Йугнак ауылы Самарқанд облысына тиесілі болуы мүмкін.

«Ақынның туылған орнының аты – Жүйнек шаһары. Дастан соңында келтірілген ақпараттар бойынша ол адамның көңілін көтеретін өте сұлу, таза ғажап елді мекен деп сипатталған: 

Адибниң раи ити Иугнаг ирур

Сафалиқ ғажап ер көңүллер йарур

Әдибтің жерінің атауы Йүгінек дейді, 

Таза, ғажап орын көңілге жағады - 

деп ақынның туған жерін өлең жолдарына арқау етіп көркем жырлаған. Демек, Ахмет Йүгінекидің «Йүгінек» (Жүйнек) деген шаһарда туып-өскендігіне ешбір шүбә келтірмеу керек», – дейді зерттеуші Г. Қ Құрманғали.

Қазақ ғалымдарының арасындағы жинақталған деректерге сәйкес ақын Қазақстан жерінде орналасқан қалалардың бірі – Жүйнекте (қазіргі Шымкент облысының Түркістан ауданы) туып өскен дейді. 

Түркітанушы ғалым В. В. Бартольд «Йүгінек» мекені Самарқанд жақта орналасқандығы туралы өз зерттеу жұмысында: «Сұлтан әскерлерінің жақындап қалғандығы және мемлекеттің шығыс бөлігіндегі Кучлук Найман көтерілісі туралы хабарлар қарақытайларды самарқандтықтармен өзара келісімге келіп, шегінуге мәжбүр етті. Самарқанға келген Мұхаммед олардың артынан ерді. Йүгінек қаласының билеушісі мұсылман болса да, Хорезмшахқа бағынбады- деп пікір білдірген.

Профессор, Е. Э. Бертельс өз мақаласында «Югнак» деген жер Ферғана маңында орналасқан деген де мәліметтер келтірген. Ал, Қазақ совет энциклопедиясында: «Түркістан қаласының жанында Иугнек немесе Жүйнек деген жерде (қазіргі Шымкент облысы Түркістан ауданы) туылған» дейді. 

«Ақиқат сыйы» шығармасын зерттеу барысында елеулі еңбек жазған өзбек ғалымы Қ. Махмудов жоғарыдағы пікірге қосылады: «Туркистон (Ясси) шахридан 20-25км. шарқи анубда жойлошган Югнак қишлоғйи яқинидагы Югнак шахрининг харобаси булса ажаб эмас». 

Қазақ әдебиетінің көрнекті ғалымы Р. Бердібаев Ахмет Йүгінеки Түркістанға жақын Жүйнек деген елді мекенде туған деген тұжырымын айтқан. Өзбек ғалымдары Түркістанның оңтүстік-шығысында орналасқан Йүгінек мекенінің жанындағы қазіргі Юғнак төбесі Жүйнек қаласының орны болуы әбден мүмкіндігін айтады.

Алғашқы 5 тарауда Алла-Тағаланы, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларын мадақтайтын өлеңдер, осы өлең арналған Дад Сипах-салар-бек есімді белгілі бір билеуші туралы мәліметтер келтірілген, оны жазудың себептері мен қажеттілігі көрсетілген. Қалған негізгі тарауларының әрқайсысысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Олар білімнің пайдасы мен надандықтың зияны, әлемнің өзгергіштігі, ұстамдылық пен тәрбиенің артықшылықтары, жомарттық пен тектілік, менмендіктің зияны, сараңдық, ашкөздік және тағы басқа осы сияқты мәселелерді қарастырады. 

«Ақиқат сыйы» дастанын бірінші зерттеушілердің қатарындағы Нәжиб Әсим дайындаған нұсқаның кіріспе бөлімінде Сатуқ Боғрахан деген адамның Йүгнек шаһарын қамал етіп алғандығы жайында мәлімделген. Ал түрік ғалымы Рахмат Арат ибн Йакубтың тұжырымына сай, Йүгінек қаласы «Ағнақ» деп жазылады, ол Самарқан төңірегінде орналасқан. «Маьнавият юлдузлари» деген кітап бойынша Йүгінеки туралы жазылған бөлімде мынадай пікір айтылған: «Дастан Мауреннахрда жазылған болуы мүмкін, яғни үлкен әмір Мұхаммед Дад-Сипохсаларбек түркі және парсы мемлекеттерінің басшысы деп аталып, арабтар еске алынбаған».

Ахмад Йугнаки туралы кейбір мәліметтерді Әлішер Навои келтіреді, оған сәйкес Адиб Ахмад түріктер елінен шыққан және туғаннан соқыр болған. Ол Бағдадтан 4 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда тұрып, күн сайын имам Ағзамның дәрістерін тыңдау үшін Бағдатқа жаяу келетін болған. Онымен бірге бұл дәрістерді Имам Мұхаммед пен Имам Абу Йусуф 18 тыңдады. Осы мәліметтерден Ахмад Йугнакидің Бағдадта тұрып, мұсылмандық Заңтану ханафи мектебінің негізін қалаушы Әбу Ханифа Анну'ман ибн Сабиттің (699 – 767) шәкірті болғандығы, сонымен қатар әл-Имам ала'зам деген атпен белгілі болғандығы айтылады. Өз уақытында А. Фитрат мұны түсініксіз деп санады және Навоидің хабарын "аңызға айналған"деп бағалады. "Хибат әл-Хакаик " тілдік ерекшеліктеріне сүйене отырып, ол шығарма ХІІ немесе ХІІІ ғасырларда жазылған деп есептейді, оны кейіннен көптеген зерттеушілер қабылдады. Алайда, жақында Навоидің деректері негізінде Ахмад Йугнаки VIII ғасырда өмір сүрген деген болжам тағы да айтылды. Имам Әбу Ханифаның шәкірті болған. М. Имомназаровтың пікірінше, Адиб Ахмадпен бірге имам Әбу Ханифаның дәрістерін кейіннен белгілі заңтанушылар – Имам Әбу Йусуф Әл-Ансари (731 – 804 жж.) және имам Мұхаммед аш-Шайбани (749 – 805 жж) тыңдады. Адиб Ахмад Әл-Йугнакидің өмір сүру уақыты, демек, Хибат әл-Хакаик жазу уақыты туралы жаңа пікірталасты бастаған бұл ой кейбір зерттеушілердің қолдауына ие болды, ал басқалары сынға ұшырады. Осыған байланысты осы мәселені шешуге айқындық бере алатын жаңа деректерді табуға үміт білдірілді. 

Ортағасырлық араб тіліндегі библиографиялық әдебиеттерді зерттей отырып, біз осы түркі ғалымы мен ақыны туралы жаңа мәліметтер таба алдық. Әбу са 'да ас-сам' Анидің (ХІІ ғ.) мәліметтері бойынша, Самарқанд аймағында Әбу Хамид Ахмад ибн Абу Ахмад Ал-Йугнаки хадис таратушысы шыққан Йуганак (Йугнак) ауылы болған. Ол Самарқандта тұрып, Сахиб ибн Муслим әл-Балхи, 'Абд ар-Рахман ибн Хабиб әл-Бағдади, Ибрахим ибн Исхак ас-Самарқанди және басқалардыңда хадистерін оқыды. Дәл осындай мәліметтерді араб филологы және географы Йакут ал-Хамави келтірген еді. Дереккөзде аталған ғалымдардың өмір сүру уақыты көрсетілмеген. Алайда, егер сіз осы хабарламада айтылған әр адамның хадис таратқыштарының тізбегін қадағаласаңыз және оларда аталған барлық адамдарды үш буынмен белгілесеңіз, атап айтқанда: 1-ші буын – Ахмад әл-Йугнакидің аға замандастары, 2-ші буын – Ахмад Йугнакидің құрдастары және 3-ші буын – Ахмад Йугнакидің кіші замандастары, Ахмад Йугнакидің ең кіші замандасы болған. Марвази (220/835 жылдан кейін), Абд Аллах ибн  Абд ар-Рахман ад-Дарими ас-Самарқанди (255/869 ж.), Абд әл-Хамид ибн Хумайд Әл-Кашши (249/863 ж.), Әбу-л-ва  ила Мұхаммед ибн Наср әл-Музни ал Марвази әл-Лайси (233/847-48 ж.), Исма 'ил ибн Абд ар-Рахман ас-Санжуфини (ІХ ғ.), Наср ибн Саййар аз-Завари ас-Самарқанди (294/906-07 ж.) және Әмір Наср II ибн Ахмад ас-Самани (301/914 ж.), Мұхаммед ибн Асам әл-Факих әл-Катавани (352/963 ж), Садик ибн Саид ас Сунахи әл-Фараби (шамамен 350/961 ж.).  Осы мәліметтерге сүйене отырып, Ас-сам Анидің шығармасында айтылған хадистерді таратушы Абу Хамид Ахмад ибн Абу Ахмад ал-Йугнаки Самарқандта ІХ ғасырда өмір сүрген және, мүмкін, Адиб Ахмад Йугнакидің ұлы болған деп болжауға болады. Ахмад, Мұхаммед, Махмуд, Хамид, Хумайд есімдері бір тамырдан шыққан (х.м. д.) ислам дәстүрінде өте танымал болды, бірақ сонымен бірге жазуда оңай өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, қолжазбаларды хат алмасу кезінде "Абу" сөзі жиі алынып тасталуы немесе керісінше қосылуы мүмкін. Сондықтан Адиб Ахмадтың ұлы Ахмад немесе Мұхаммед деп аталуы мүмкін. Әрине, Ас-сам Анидің шығармасында айтылған Йугнактан шыққан хадис таратқышы Ахмад Йугнакидің «Хибат ал-Хакаик» авторының ұлы болғанына сенімді болу үшін қосымша зерттеулер жүргізу керек. Әзірге мұндай қорытынды үшін біздің қолымызда тек жанама мәліметтер бар. Біріншіден, Самарқанд Ахмад әл-Йугнакидің (ІХ ғ.) өмір сүрген уақыты, екінші жағынан, Ахмадтың есімін оның шежіресінде екі рет атап өту, үшіншіден, мұғалімдер арасында Бағдад шейхін еске алу. Сондықтан, әзірге оны Адиб Ахмадтың ұлы деп болжауға болады. Олай болса, Әлішер Навоидің Адиб Ахмадтың өмір сүру уақыты туралы мәліметтері расталады, ол М. Имомназаровтың пікірінше, VШ ғасырдың ортасында туып, ІХ ғасырдың бірінші жартысында қайтыс болды. VIII ғасырдың екінші жартысының басында ол қандай да бір себептермен Иракқа көшіп, Бағдадтың жанында орналасқан елді мекенге қоныстанды. Адиб Ахмадтың әкесі әскери болған және Аббасид халифасы әл-Мансурдың түркі гвардиясында қызмет еткен деп болжауға болады (136 – 158/754 – 775) Бұл жағдайда оның тұрғылықты жері  Аббасид халифалары – Самарра резиденциясы болуы мүмкін, онда түркі гвардиясы да орналастырылды. Кейіннен Адиб Ахмад деген атпен танымал болған оның ұлы дүниеге келгеннен бері соқыр болған, сондықтан әскери мансаптың болашағы жоқ. Сондықтан әкесі оны ғылымдарды зерттеуге арнауға шешім қабылдады және Бағдадтың ең жақсы заңтанушыларының бірі, Әбу Йусуф Әл-Ансари мен Мұхаммед Аш-Шайбанимен бірге фикхті оқыған Алим әл-а  зам ретінде белгілі Имам Әбу Ханифаға шәкірт ретінде берді. Бұл 150/767 жылға дейін, яғни «Ұлы имам» қайтыс болған жылға дейін болуы мүмкін. Кейіннен, әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе әскери қызметін аяқтағаннан кейін, Адиб Ахмад отанына оралып, Самарқандқа қоныстанды. Оның әкесі Адиб Ахмадтың Бағдадта ұзақ уақыт өмір сүргенін және өмірінің соңында отанына оралғанын көрсетеді Ол 8 ғасырдың екінші жартысында Ирандағы Бағдад маңындағы ауылда тұрып, әл-Имам әл-Азамның шәкірті болған. Әбу Ханифа Әл-ну'ман ибн Табит ханафи мектебінің негізін қалаушы (80-150 / 699-767). Әбу Саад Әл-Саманидің (12 ғасыр) мәліметтері бойынша, 9 ғасырда Самарқандтағы Югнак ауылынан шыққан Әбу Хамид Ахмад ибн Аби Ахмад әл-Югнаки хадис таратушысы Самарқандта өмір сүрген. Осылайша, Әбу Саад ас-Самани Әлішер Навайдың Адиб Ахмад Әл-Югнакидің өмір сүру уақыты туралы ақпаратына куә болды. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, тоғызыншы ғасырда Самарқандта өмір сүрген хадис таратушы Абу Хамид Ахмад ибн Абу Ахмад әл-Югнаки "Хибат Әл-Хакаик" поэтикалық шығармасының авторы Адиб Ахмад әл-Югнакидің ұлы болған деп болжауға болады. Оның әкесі Самарқанд аймағындағы Югнак елді мекенінен шыққан және XIII ғасырдың екінші жартысында Аббасидтер Халифаларына әскери қызметке Бағдадқа көшкен. Адиб Ахмад туылғаннан бастап соқыр болып, Бағдадта фиқһ пен хадис оқыды. Өмірінің соңында, яғни IX ғасырдың басында ол Самарқандқа оралып, сол жерде қайтыс болды. Сонымен, бізде ортағасырлық түркі әдебиеті мен ислам уақытының жазба дәстүрінің тарихы бұрын ойлағандай XI ғасырдан емес, IX ғасырдың басынан басталды деп толық негізбен болжауға мүмкіндік бар.

Адиб Ахмад туралы кейбір мәліметтерді өзбек ақыны Әлішер Наваи әкелді, оған сәйкес Адиб Ахмад Түркістанда туып, туғаннан соқыр болған. Ақынның өзі соқыр болғандықтан, бұл шығарманың бастапқы нұсқасын әкесі Махмуд Йугнакидің ұйғыр хатымен жазған, содан кейін оның ұлы Ахмад (Мұхаммед) Ал-Йугнаки Самарқандта араб хатымен қайта жазған деп болжауға болады. 

Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастанын «Атевет-ул-хақайиқ» («Ақиқат қақпасы») деп аталуын жөн санаған. Осында айтылған Дад Испахсалар Бек кім екендігін анықтап, Шығыс Түркістан емес, Батыс Түркістандағы әмірлердің бірі болған деп тұжырымдайды. Дастанның Стамбул қаласындағы Айа-София кітапханасындағы 4012 нөмерімен сақтаулы нұсқасында мынадай ақпарат бар: «Амирил - азам маликит-турки вал-ажам малики риқаби л-уумам Мухаммад Дад Испахсалар Бек» (Биік мәртебелі әмірші, түркі және парсының билеушісі, дәулеті халыққа белгілі Мухаммед Дад Испахсалар Бек). Парсы және парсы тектес Орта Азия халықтары «ажам» деп аталған. Осы кезеңде Шығыс Түркістан төңірегінде парсы тектес халықтарының тұрмайтыны белгілі. Сол себепті де ғалым Араттың жоғарыдағы пікірі шындыққа жанасады. «Йүгінек» сөзінің жіңішке айтылатынын ескере отырып, тілдік тұрғыдан еліміздің оңтүстік өңіріндегі ежелгі Жүйнек мекенінің осы атау екендігін топшылай аламыз.

XY ғасырдың басында Орта Азиядағы абыройлы әміршілердің бірі болған Арслан Хожа Тархан Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанының өз дәуіріне келіп жеткен көшірмелерін салыстырып, мүмкіндігінше түпнұсқасына ұқсатып, қайта көшіргізген. Бұл әміршінің де де қай елді мекенді билегені туралы ақпарат көзі нақты емес. Ғалым Р. Араттың зерттеу жұмыстарын негізге ала отырып, Түркістан қаласының солтүстік-батысындағы Сауран шаһарын билеуі мүмкін деген жорамал жасаған. Дастан соңындағы басқа да көркем сөз шеберлерінің өлеңдерінен сүзіп аларлық дүниеміз де баршылық. Аты аталмаған ақынның төрт жолдық өлең шумақтары былай сипатталған:

Ақынның көзі туғаннан көрмейтін еді

Бұл он төрт баппен сөзін аяқтады

Жүк артқан піл артында алтын болса

Бұл сөздің азы соған ұқсас болар, -

бұл үзіндіден байқауымызша, автор ақынның замандасы болғандай, мұнда ақынның көзі туа көрмейтіндігін нақтылап айтқан. Сондай-ақ дастанның он төрт баптан тұратындығын білетіндігіне қарағанда өзі осы дастанды көшірушілердің алғашқылары болуы да мүмкін. Сондай-ақ бұл пікір Сәйфаддин мен Арслан Қожа Тарханның айтқандарынан бұрын жазылғандығы мәлім. Ақынның туа біткеннен көзінің көрмейтіндігін, және дастанының нақты қанша баптан тұратындығы секілді құнды деректерін білгеніне қарап бұл бедгісіз ақын Ахмет Йүгінекимен замандас болды деп айта аламыз. Бізге дейін келіп жеткен нұсқаларында дастанның он төрт бабы қарастырылған және түгел емес. 

Әмір Сәйфаддиннің тарапынан жазылған төрт жолдық өлеңде Ахмет Йүгінекидің «Ақындардың ақыны, жақсылардың жақсысы екендігі» аталған. Бұл сөздері ақынның өзге де еңбектері арқылы елге танымал болғандығының хабарлайды.

«Арслан Хожа Тарханның айтқандарынан» деп аталатын бөлімінде Әдиб Ахметтің туған жері Йүгінеки, әкесінің аты-жөні Махмуд Йүгінеки, кітабының аты «һибат-ул-хакаих» деп айтылған. Дастан әдеби норма бойынша қашғар тілінде жазылған деп айтылған. 

Орта ғасырдың ғана атақты ақыны емес, кейінгі ғасырларда да мәшһүр болып, өзінен кейінгі ақындарға дастандарының үлгі болғандығы жайлы Әлішер Науайдың еңбектерінен байқай аламыз. Әлішер Науаи Әдиб Ахметтің дастанын кеңінен зерттеген. Өзінің «Махаббат самалы» дастанында Науаи Ахмет Йүгінекиді орта азиялық шейһтардың қатарына қосып, оның көзінің су қараңғылығынан хабар береді. Бұл жөнінде орыс ғалымы А.Боровков былай деген: «Науаи шамамен XII ғасырда ұйғыр (қашғар) тілінде жазған дидактикалық поэманың авторы Әдиб Ахметтің есімін екі рет қайталап айтады. «Насаим ул-Мухабба мин шамаим ал-фатут» деген өздерінің сопылық өмірбаянында Әдиб Ахмет түркі халықтарынан, және көзі соқыр болғандығынан мағлұмат береді. Сондай-ақ Әлішер Науай көптеген түркі тілінде жарық көрген еңбектердің арасында Йүгінекидің көркем сөздері мен даналығының құндылығы жоғары деп есептелген. Сол себепті де Науаи «Махаббат самалы» шығармасында «Ақиқат сыйынан» үш бәйіт өлең келтіреді. 

Бірінші бәйіт: 

                   Улуғларны бирсе имес мен деме

                   Илексун ағызур имесең име.

                   Үлкендер берсе жемеймін деме,

                   Қолыңды соз, рахмет айт, жемесең жеме

(жолма-жол аударма)

Екінші бәйіт: 

                   Тилиңни тийа тут тишиң сынмасун

                   Бу турған халайық сана кулмасың

                   Тіліңді ти, тісің сынбасын

Бұл тұрған халайық, саған күлмесін

(жолма-жол аударма)

Үшінші бәйіт: 

                   Суңаққа йилиг дар еранга билиг

                   Билигсиз еран ул сунаксиз илик

                   Сүйекке май керек, адамға білім,

                   Білімсіз адам ол – сүйексіз май (секілді). 

(жолма-жол аударма)

«Ақиқат сыйы» шығармасынан келтірілген бұл өлең жолдары Әлішер Науаидың орта ғасыр туындыларымен етене таныстығының айғағы. Сонымен қатар, бұл еңбектен үзінді тек Әлішер Науаидың «Насаимул мухабба» еңбегінде ғана емес, Сұлтан-Хусейн Бади Аз-Заманның ұлына жазған хатында да келтірілгенін Е. Х. Бертальс өз зерттеуінде еске салып өткен: «Оның «Насаим ал мухаббадағыдай» ұлы Султан-Хусейн Бади-аз-заманға арналған хатында да бұл дастаннан үзінділер бар» Осы деректерге сүйене отырып Ахмет Йүгінекидің өзі, сондай-ақ «Ақиқат сыйы» еңбегі халық ішінде өз заманында-ақ танымал екендігінің айғағы, және әлі де болса бағасын жоймай асыл қазына болып келе жатыр. 

Түрік ғалымы Р. Арат басқа да ғалымдардың тұжырымдарын ескере отырып, шығарма XII ғасырдың аяғы немесе XIII ғасырдың басында дүниеге келген деп санайды. Сондай-ақ мына жағдайға да назар аударайық. Ахмет Йүгінеки өз дастанында қоғамдық өмірдің аза бастағанын, діннің бұзылғанына көңілі толмай баяндайды. Ақынның бұл қынжылуы Қарахан мемлекетінің ыдырап, шашыраңқылыққа ұшырап, қарақидандықтарға бағынатын кезеңінің алды болуы да мүмкін. Азған, бытыраңқы елді басып алу оңай. Қара қидан халқы 1137-1216 жылдар еншісінде Орта және Орталық Азияға, сонымен қоса қарахандықтарға толық билік еткен еді. 

                                                                            жалғасы бар…

Бөлісу:

Көп оқылғандар