Амин Маалуф қаламындағы Самарқанд пен Омар Хаям

Бөлісу:

16.09.2024 696

Шығыстың ғаламат шаһары Самарқандты білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Барлық ғажайып пен сұлулықты бір бойына сіңірген көркем шаһар тарих бойынша саяси және экономикалық маңыздылығынан бөлек, мәдениет пен өнердің ордасы ретінде бейнеленіп келді. Тіпті Рудаки, Науаи,Омар Хаям, әл Бируни, Ұлықбек және т.б. Шығыстың атақты шайырлары мен ғалымдардың есімдері бұл шаһармен тікелей байланыстыболғанын ешкім жоққа шығара алмас.

Десе де, Самарқанд жайлы айтқан уақытта үнемі өткен ғасырларға, яғни классикалық мәтіндерге бас ұра береміз. «Қазіргі заманда қай қаламгер орта ғасырдағы әсемдіктің символына айналған Самарқанд жайлы жазды немесе жазып жүр?» дегенде әлем оқырмандарының есіне ең бірінші болып Амин Маалуфтың «Самарқанд» романы түседі. Бір қарағанда «Самарқанд» романы, Иран, Османлы сынды мемлекеттер мен Хасан Саббах, Омар Хаям, Низами әл-Мүлк, бертіндегі Джамалуддин әл-Афгани сынды тарихи тұлғаларды сөз ететінін тарихи шығарма секілді көрінгенімен, автордың қаламында әдеби көркемдікке ұласып, Омар Хаям бейнесіндегі орта ғасыр мен Омар Лесаджтің бейнесіндегі қазіргі заманның арасында Рубаяттары арқылы көпір орнатқысы келеді. Саяси және әдеби оқиғалармен өрнектеліп келіп романның соңы Титаниктің суға кетуімен аяқталады. Бас-аяғы бірнеше сөйлемдермен бірқатар тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғаларды тізбектеп шыққанымызбен де, романның негізгі культі түсініксіз болып тұрғанын біз де байқап отырмыз, құрметті оқырман. Сол үшін романды нақты және анық талдау мақсатында қазақ тілді оқырман қауымға аса таныс емес Шығыстың Парижі аталатын Бейрутта дүниеге келген француз тілді жазушы Амин Маалуф жайлы қысқаша тоқталып, әрмен қарай романға ойысқанды жөн санап отырмыз. 

Амин Маалуф немесе Эмин Малуф – жоғарыда айтқанымыздай, Бейрутта 1949 жылы 25 ақпанда дүниеге келген, француз тілінде жазатын ливандық жазушы. Ливандағы азаматтық соғыстан кейін, 1976 жылы Францияға толыққанды қоныс аударады. 1993 жылы Гонкур академиясының әдебиет саласындағы сыйлығы беріледі. Кітаптары 40-тан астам тілге аударылып, Франция және әлем оқырмандарына есімі жиі айтылатын қаламгер қатарында.

Маалуфтің ана тілі арабша болғанымен, шығармаларының денін француз тілінде жазады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Маалуфтің тағдыры, шығармашылығы француз тілді чех жазушысы Милан Кундераға қатты ұқсайды. Өткен жылы ғана қайтыс болған жазушы Милан Кундера жайлы «Әдебиет порталына» жариялаған «Жоғалған отанды іздеу: Милан Кундера жайлы эссе» атты жазбамызда Кундераның да «Прага көктемінен» кейін Отанынан жырақтап, Францияға қоныс аударғанын және оның ана тілінің чех тілі бола тұра, французша жазатынын егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Сол сияқты Амин Маалуф та тағдырдың соққан желімен Францияға тұрақтап, шығармаларын француз тілінде жазуға шешім қабылдаған. Өзінің Отаны болғаннан кейін бе, әлде акамедиялық сферасы Азия мен Жерорта теңізі мәдениетімен тікелей байланысты болғаннан кейін бе, әйтеуір әдеби шығармаларында осы өлкелердің аңыз-әңгімелерін, тарихи оқығаларын емін-еркін пайдаланады. Тіпті 1986 жылы басылып шыққан және сол жылы француз-араб достығы сыйлығын жеңіп алған алғашқы романы «Африкалық Лео» шығарма қазіргі таңда модерн әдебиеттің классикасы саналады. «Африкалық Леодан» кейінгі, біздің бүгінгі зерттеу обектіміз болып отырған «Самарқанд» романы да Маалуфтың атағының одан әрмен жайылуына үлкен септігін тигізді десек артық айтқанымыз емес. Әрине, автор бұдан бөлек, Гонкур академиясының әдебиет сыйлығын жеңіп алған «Таниос жартасы», «Шығыс порттары», «Өлімшіл тұлғалар», «Жүзінші есім: Балдассаре саяхаты» сынды кітаптары да оқырман қауымның көңілінен шыққан шығармалар десек болады. 

Сонымен, автор жайлы азды-көпті мағлұмат алғаннан кейін, «Самарқанд» шығармасының өзіне оралатын болсақ, бұған дейін де айтқанымыздай, орта ғасыр мен қазіргі заманды бір мәтін бетіне біріктіріп, Шығыстың сөнбес жұлдызына айналған Омар Хаямның ғылыми тұлғалығынан бөлек, ақындық тұлғалығына баса назар аударылып, ғасырдан-ғасырға ұласқан атақты рубаяттардың шеңберінде романның бас-аяғы шытырман толы оқиғаларды бейнелейді. 

 «Атлант мұхитының түбінде бір кітап жатыр. Соның оқиғасын айтып берейін» деп Бенджамин Омар Лесаджтің  баяндауымен басталатын шығарма бір беттен кейін-ақ, 1072 жылғы Батыс Қарахан мемлекетінің астанасы Самарқандтан бір-ақ шығады. Бірақ бұл жолы баяндаушы Омар Лесадж емес, ирандық ақын, астролог және математик Омар Хайям. Дәлірек айтсақ, шығарма Насыр шах билігі тұсында Самарқанд қаласына ат басын тіреген Хайямды сиқыршылықпен айыптаған нөпірдің ішінде басталады. Қалың нөпір Омар Хаямды алхимик, сиқыршы деп айтып, сол уақыттағы қаланың қазысы Әбу Тахирдың алдына алып келеді. Хаямның атақ-даңқына бұрыннан қанық Әбу Тахир болса, халықтың айыбын жоққа шығарып, оны құрметпен қарсы алып, білімін мақтайды. Әрмен қарай Самарқандқа келуінің құрметіне Әби Тахир Омарға кітап сыйлайды. Бірақ Омарға сыйланған екі жүз елу беттік бұл кітаптің іші бос болып шығады. Әбу Тахир Омар Хайямның осы беттерді толтырғанын қалайды. Яғни, рубайлар жазарсың деп екі жүз елу беттік бос кітап береді. Уақыт өте келе осы бір екі жүз елу бос парақтар өлеңге толып, атақты «Рубаяттарға» айланатынын, бәлкім, сол кезеңде Хаямның өзі де білмеген шығар?! Себебі рубай жазу ол уақытта аса мәртебелі іс емес екенін романда бірнеше қайтара айтады. Десе де, осы бір екі жүз елу беттік кітап романның алдағы уақытта эпицентрге айналып, барлық оқиға мен сюжеттер осы кітаптың айналасында өрбитін болады. 

Осылайша, Самарқандқа аяқ басқан сәттен-ақ бірнеше шытырман оқиғаға тап болған Омар Хаям бұл шаһарда бірнеше уақытқа тұрақтауға бел буады. Осы шаһарда және елші болып келген атақты селжұқ падишахының уәзірі Низами әл-Мүлкпен кездеседі. Омардың атақ-даңқын алыстан білетін Низами әл-Мүлк Хайямға бір жылдан кейін Исфаханда кездесуге шақырады. Бұл аралықта Омар Хаям Самарқандта Джихан есімді ақын қызбен танысып, махаббат оқиғасы орын алады. Шын өмірде Омар Хаямның Джихан есімді ақын қызбен махаббаты болған ба, жоқ па ол жағы белгісіз. Десе де, автордың Омар Хаям және оның махаббаты жайлы мұндай оқиғаны баяндауы тым шынайы және сенгің келетінін оқиғалардың бірі десек болады. 

Араға бір жыл салып, Омар Хаям екі жүз елу беттік қойын кітабын қолтығына қыстырып Исфаханға жолға шығады. Жол барысында Құм қаласындағы керуенсарайда Хасан Саббахты кездестіреді. Екеуара таңға дейін білім мен өнер жайлы әңгіме-дүкен құрып, таң ата Исфаханға қарай жолды бірге жалғастырады. Низами әл-Мүлктің алдына келген уақытта селжұқ мемлекетінің бас уәзірі Омар Хаямға мемлекеттік барлау қызметінің басшылығы қызметін ұсынады. Алайда жүрегі ғылым деп соққан Омар Хаям бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, өзінің орнына Хасан Саббахты ұсынады.  Десе де, Низами әл-Мүлктің өтінішімен Исфаханда қалуға келісім береді. Осылайша, Омар Хайям селжұқтардың қаржылай қолдауымен салдырған обсерваторияда ғылыми жұмысын жалғастырса, Хасан Саббах мемлекеттің барлау қызметінде еңбек ете бастайды. Әрине, автор шын-өтірігі әлі күнге дейін белгісіз бірақ шынға бергісіз Омар Хаям, Хасан Саббах, Низамиәл-Мүлк арасындағы қарым-қатынасты бейнелеуге тырысады. Негізі бұл тарихи үш тұлғаның дос болғаны, бір медресседен білім алғаны, үшеуінің арасында «кімде кім үлкен қызметке келсе қалғандарын да шақыруы керек» сарындас уәделерінің болғаны, ақырында Низами әл-Мүлк сәлжұқты мемлекетінің бас уәзірі болып, Омар Хаям мен Хасан Саббахты қасына шақырғаны туралы аңыз-әңгімелер мен тарихи деректер көптеп айтылады. Десе де, бұл «үштіктің» арасында расында осындай достық болғаны яки болмағаны әлі күнге дейін белгісіз. Маалуф осы «белгісіз» қарым-қатынасты өз қаламымен әрлеп, оларды Низами әл-Мүлктің сарайында жолықтырады. Автор осы арқылы тарихи шындығы белгісіз оқиғаны әдебилендіріп, оның бойынан «жалған-шындық» қамытын шешіп, өз романында жаңа бір оқиға ретінде пайдаланады. Кей деректерде де және романда да айтылатындай үшеуінің достығы кезінде Низами әл-Мүлк пен Хасан Саббахтың арасында түсініспеушіліктер пайда болып, Хасан Саббахтың Низами әл-Мүлкке қастандық жасауына дейін барады. Алайда романның желісінде қастандығы нәтиже бермеген Хасан Саббахты Мәлік Шах өлім жазасына кесер тұста, араға Омар Хаям түсіп Хасан Саббахтың өмірін арашалап қалады. Осылайша, «үштіктің» арасы ажырап, Омар Хаям Исфаханда ғылыммен айналысуын жалғастырса, Хасан Саббах тарихта аты Аламут қамалымен қалатындай өмірлік соғысқа бет бұрады. Романда да Хасан Саббахтың есімі Аламут қаламымен бірге жиі айтылып, соңында Омар Хаямды өз жағына тарта алмағаннан кейін, оның «рубаяттарын» қамалға ұрлап әкеледі. Хаямның рубайлары Хасан Саббах көзі тірісінде қастерлеп төріне іліп қоятын болады. Тек көзі қайтқаннан кейін, монғол шапқыншылығы кезінде кітап қайтадан жоғалып кетеді. 

Бір қарағанда Омар Хаямның атақты рубайлары осы жерден тәмамдалуы керек сияқты көрінгенімен, кітап араға ғасырлар салып 1873 жылы қайта табылады. Табылып қана қоймай батыс тілдеріне аударылып, Хаямның есімі әлемге таныла бастайды. Міне, осы аралықта Хаяммен Батыс интелегенциясы толықтай «ауырады». Тіпті романға қатысы жоқ тағы бір дерек Еуропаның модерн ақыны Т.С.Элиоттың биографиялық еңбектерінде алғашқы өлең жазуына Омар Хаямның ықпалы зор екені туралы айтады. Яғни, романда да айтылғандай, расында 19 ғасырдан бастап Омар Хаямның есімі Батыс, әрісі кіл әлемге тарай бастайды. Әрісі қаншама модерн ақын-жазушылардың шығармаларына едәуір дәрежеде өз ықпалын тигізеді. Осы аралықта романның екінші бөлімінде айтылатын Лесаждық ерлі-зайыптылар да ұлының Омар Хаям секілді ұлы тұлға болғанын қалап Бенджамин Омар Лесадж деп ат қояды. Омар Лесадж да өзімен аттас ақынның шығармаларына, ғылымына ерекше көңілі ауып, жастайынан парсы тілін үйренуге ден қояды. Ол да өзгелер секілді Омар Хаямның «Рубаяттарының» түпнұсқасын көруді арман етеді. Осы арманының жетегінде алдымен Стамбулға, кейіннен Иранға жолға шығады. Бірқатар кедергілерге тап болып Иранға табан тіреген Омар, Иран шахының немересі Шырын ханшайыммен кездесіп, оған ғашық болып қалады. Бұл жерде оқырман алдыңғы бөлімдегі Омар мен Джиханның махаббатын еске түсіреді. Дәл Омар мен Джиханның махаббаты секілді Омар мен Шырынның да теңдесі жоқ махаббат орын алады. Бірақ Шырынмен танысып, онымен көңіл жарастырып, Хаямның «Рубаяттарына» қол жеткізем деп жүргенде Иранда соғыс орын алады. Дәл Омар Хаямның өз заманында селжұқты және Иран саясатына ықпалы қандай болса, Омар Лесадждың да Ирандағы қозғалыстарға ықпалы сондай болады. Яғни, қозғалыстардың барлығы белсенді қатысып, Иранның демократиясын қалаушылардың қатарынан орын алады. Ақырында осынша азап пен қатерден өтіп, өзі өмір бойы іздеген Омар Хаямның «Рубаяттарын» қолға түсіреді. Өмірлік махаббаты Шырынмен бірге Иран аумағынан шығып, Америкаға жол жүруге бел буады. Әрине, қос ғашық тағы бір бірқатар кедергілерге тап болғандарына қарамастан Иран шекарасынан сау-саламат шығады. Бірақ оларды тым өзгеше кедергі күтіп тұрғанын ешкім де білген жоқ еді. Олар, Батыс арқылы Америкаға өту үшін атақты Титаник кемесіне отыруды жөн санайды. Яғни, роман арқылы трагедиясы ғасырдан ғасырға жететін Титаник кемесінде Шырын мен Омар болғанын оқуға болады. Ең өкініштісі, Титаник кемесі апатқа ұшыраған кезде Омар мен Шырынның Ираннан алып шыққан Омар Хаямның «Рубаяттары» да кемемен бірге мұхит түбіне батып кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, роман басындағы алғашқы сөйлем: «Атлант мұхитының түбінде бір кітап жатыр. Соның оқиғасын айтып берейін» дегендегі кітап та осы Омар Хаямның атақты «Рубаяттары» болатын. Осы сөйлемдерді оқып отырған кез-келген оқырман «Демек оқиғасын айтып беретін Омар Лесадж Титаник оқиғасынан тірі қалды ма?» деген заңды сұрақ қоюы тиіс. Жауабы, Иә. Титаник трагедиясынан Омар да, Шырын да тірі қалады. «Рубаятсыз» Нью-Йорк портына аман-есен жетіп, журналистердің сұрақтарына жауап беріп жатқан Лесадж күтпеген жерден Шырынды жоғалтып алады. Ираннан бірге шыққан махаббатының ізін де таппай қалады Омар. Бейне бір мұншалық ауыр, азапты да қасіретті жолды Омардың өзі ғана өткергендей немесе қолға түсіп кенет көзден таса болған «Рубаяттардай» Шырын да күтпеген ғайыпқа айналып шыға келеді.  

Амин Маалуфтың «Самарқанд» романы осы тұста аяқталады. Екі Омардың, Джихан мен Шырынның уақыт кезеңінде бірін-бірі алмастырып, Рубаяттарға ие болуы, шығарма соңында кітаптың Титаникпен бірге суға кетуі, Омардың Джиханнан, Омардың Шырыннан айрылуы, бәрі-бәрі мекені басқа  болса да, уақыты бір оқиғалардың көрінісі дегіміз келеді. Десе де, автор уақыты мен мекенін бір арнаға тоғыстырып, тарихи кезеңдерді баяндауда шындықтан әрі асып кетпейді. Мысалы, бірінші бөлімде Иран мен оның айналасындағы Селжұқ түріктерінің қол астындағы елдерде болған оқиғалар баяндалады. Егжей-тегжейлі айтпай-ақ, Таяу Шығыс, Иран және Иранның шығысындағы жерлердегі саяси құрылымдар, билеушілердің басқару стилі мен дүниетанымдық көзқарастары, ел халқы мен ел арасындағы қарым-қатынастардың жақындығы туралы толыққанды мәліметтер беріледі. Автор мұнымен қоса, мұның барлығын Омар Хаямның айналасында суреттеп, Әби Тахирдің берген бос кітабындағы Рубаяттармен байланыстарды. Сәйкесінше шығарма сюжетін әрлеу мақсатында бір-екілі өз жанынан бояу қатқанымен де, тарихи шындықтың ауанын өзгертетін ештеңе жазбайды автор. Өз кезегінде автордың бұл «бояуларын» да Алпарслан, Меликшах, Насыр хан және олардың ізбасарлары, түрік және иран тарихының белгілі тұлғалары Низамүлмүлк, Хасан Саббах сияқты ондаған тарихи шынайы тұлғаларды ел аузындағы оқиғалардың көркемделген нұсқасы десек болады.  

Екінші бөлім болса 19 ғасырдың аяғында Америкада Эдвард Фицджеральдтың Рубаяттарды ағылшын тіліне аударуы, әрмен қарай да Бенджамин Омар Лесадждің Рубаяттар жолындағы оқиғалармен өрбиді. Бұл бөлімде тарихи тұлғалар мен шындық ретінде Джемаледдин әл-Ауғани жайлы айтуға болады. Әрине, Омар Лесадждің Ауғанимен жолығып, яки жолықпағаны (Омар Лесадж атты кейіпкердің шын өмірде болуының өзі күмәнді) бізге белгісіз болса да, әл-Ауғанидің расында автордың баяндаған кезеңде өмір сүргені, Еуропаның және Таяу Шығыстағы елдердің барлығын дерлік идялық және саяси тұрғыдан өте ықпалды тұлға болғаны ақиқат. Джемаледдин – Исламдағы Батыс империализмі мен фанатизмге қарсы жаңашылдық күш-жігерін салу керектігін, Батыстың технологиясынан пайда тауып, оның саясатынан аулақ болу керектігін және империализмге қарсы тұрудың ең күшті жолы ынтымақтастық болуы керектігін насихаттау арқылы ислам мемлекеттерінің жаңа формасын жасауды қалаған тұлға. Алайда романда әл-Ауғанидің саяси тұлғалығын роман сюжетіне байланысты икемдеп, автор оның тарихи шындығына ойдан шығарылған қарым-қатынастар мен элементтерді қосудан еш тайынбайды. Мысалы, мұның бірден бір мысалы ретінде әл-Ауғанидің көмегімен Омар Лесадж 1896 жылы қолжазбаны алу үшін Иранға келгенде, Иран шахы Насыр ад-Дин Сейид Джемаледдиннің жақтастары тарапынан өлтірілуін және осы қастандыққа сыбайластық жасаған деген күдікпен Омар Лесаджың іздеуде болғанын айтуға болады. Дәлірек айтсақ, Джемаледдин әл-Ауғанидің көзсіз жақтаушысы, демократия мен бостандық үшін осындай қадамға барған Мырза Риза  есімді кейіпкер автор тарапынан ойдан шығарылған. 

Осы секілді бірінші және екінші бөлімдегі шынайы және ойдан шығарылған кейіпкерлердің арасындағы үндестікті Хасан Саббах пен Фазылдан көруге болады. Яғни, өткеннің көтеріліс символы Хасан Саббахтың орнын Фазыл сияқты басқалары басып, бұрынғы секталық және мәдени тәуелсіздік соғыстарының орнына демократияландыру немесе конституционализм талпыныстары алға шығады. Осылайша, Джемаледдин әл-Ауғанидің жақтасы болған Фазыл да Мырза Риза секілді ойдан шығарылған кейіпкер ретінде бейнеленіп, шығарманың реңін одан әрмен қоюландыра  түседі. Мұнымен қоса, әл Ауғанидің саяси күресінің маңыздылығы мен Америка империализмінің Иран жеріндегі ықпалын суреттеу мақсатында және осы сарындас шығармадағы тарихи кейіпкерлердің және тарихи оқиғалардың шындығын көркемдеу үшін ойдан шығарған кейіпкерлердің бірі – Тербиздегі миссионерлер мектебіндегі Ховард Баскервиил есімді мұғалімді, американдық қаржыгер Шустерді де тілге тиек етуге болады. Осы секілді романның бірінші бөлімінде Хайямның ғашығы Джихан мен Самарқандтық қазы Әбу Тахир де толығымен ойдан шығарылған кейіпкер екенін де айта кетуіміз керек.

Десе де, тарихи кейіпкерлердің болмысын ашу үшін ойдан шығарылған осындай кейіпкерлердің де белгілі бір деңгейде шынайы кейіпкерлермен үндестік тауып отыратынын аңғаруға болады. Мысалы, Омар Хаям мен Омар Лесадждің бір-бірімен үндестігін оқырман қауым дереу сезе қояды. Әрісі автор екі Омар арқылы Батыс пен Шығыстың бейнесін жасауға тырысады. Дәлірек айтсақ, Хайямға параллель тұлға ретінде елестетілетін Лесадж белгілі бір дәрежеде американдықтарды және америкалық ойлау тәсілін тәмсіл етеді. Яғни, шығармада Хайям ғылым, алгебра және поэзия сияқты тұрақты құндылықтарға үнемі қызығушылық танытса, Лесадж білімі мен байлығына қарамастан тек қана шытырман оқиғаға ұмтылудан басқа ештеңе істемейді. Оның жатпай тұрмай Рубаяттарды іздеуі де Батыс пен Шығыс арасында танымдық дискурстың айқын көрінісі деп айтқымыз келеді. Бірақ автор Батыс пен Шығысты бұлайша радикалды түрде бөлуге жол бермейтінін де айта кетуіміз керек. Себебі Омар Лесадждің толық атауы Бенджамин  (Бинямин) Омар екенін ескерсек, мұның жауабы айқындала түседі. Яғни, Бенджамин есімі діни кітаптарда кездесетін Жақып пен Рахиланың ұлы, Жүсіптің құдыққа тастаған жалғыз бауырыОсылайша, автор Бенджамин арқылы Таяу Шығыстан Америкаға дейінгі Батыс кеңістіктерін бейнелеуге тырысады. Әрісі, Биняминнің Жүсіпті құдыққа атпаған жалғыз бауыры екенін ескерсек, Бенджамин Омардың Америкадан Таяу Шығысқа Рубаяттарды іздеп шығуы мүлде бөлек терең мағынаға ие болып, оның әсілі Омар Хаям мен оның рубаяттарын емес, рубаяттар арқылы құдайды іздеп шыққан дәруіш кейпінде көрініс табады. Ал енді шығарманы бұл тұрғыдан оқитын болсақ, тіпті бөлек интерпритацияларға тап болуымыз әбден мүмкін. Бірақ біздің әдеби жазбамыз бұл призмада жазылып жатпағанын ескерте отырып, шығармадағы шындық пен қиялдың маңыздылығы туралы сөзімізден әрмен қарау жалғастырсақ.

Сонымен, автор тарихи кейіпкерлердің шығармадағы болмысын толықтыру үшін барлығына бір-бір ойдан шығарылған кейіпкерлер «таңып» бермейді. Бұдан бөлек, атаусыз әйелдер, аты-жөні жоқ сарбаз, лаңкес, молда немесе дәруіш типіндегі ерлер арқылы тек қана тарихи кейіпкерлердің ғана емес, сол кезеңдегі тарихи оқиғалардың бояуын қанық қылдыра түседі. Бірақ бір ескеретін кететін дүние: автор бұл арқылы тарихи шындықты бұрмалаудан аулақ. Мұндағы ойдан шығарылған кейіпкерлер ешқандай оқиғаға тікелей ықпал етпейтін тек қозғаушы күш ретінде ғана бейнеленеді. Әрісі, автордың шығармадағы тарихи кейіпкерлердің де болмысына күмәнмен қарауға итермелейтінін ескерсек, тарихи оқиғалардың расында тарихқа суреттелеген оқиғалармен байланыс бар ма деген сұрақ та туындайды. Себебі автор жаратқан мәтінде шындық пен қиялдың шекарасы анық сызылмаған және автор өзі біледі «қайдан құлақ шығарса». Бірақ мұндағы автордың «өзі біледі» дегенінде де көзге көрінбес, тарихи шындықтан аттап кетпейтін шекараның да бар екенін ескергеніміз жөн. Міне, Амин Маалуф осы бір шекарасыз шекарада өзіндік мәтін жаратып, Самарқандтан бастау алған Рубаяттардың шытырман оқиғасын суреттеуді жалғастырады. 

Шығармадағы шекарасыз шекараны бейнелеп тұрған кейіпкерлер де, жоғарыда бірнеше рет айтқан тарихи тұлғалар екенін айта кеткеніміз жөн. Дәлірек айтсақ, Омар Хаям тұсындағы Таяу Шығыс пен Оңтүстік және Орталық Азия аймақтарында үстемдік құрған селжұқтар, қарахандар, моңғолдар және т.б. Осы себепті романның бірінші бөлімінде есімдері аталған Насыр хан, Селжұқ мемлекетінің билеушілері Тұғрул мен Чағры бейі, Чағры бейдің ұлы Алпарслан мен Алпарсланның ұлы Мәлікшах, Мәлікшахтың әйелі Теркен Хатун мен оның ұлы Мұрат, шығарманың басты кейіпкерлері Омар Хаям, Хасан Саббах пен Мәлікшахтың уәзірі Низами әл-мүлк сияқты кейіпкерлер автордың шекрасыз шекарасында көрініс тапқан десек болады. Сәйкесінше романды қозғаушы күш те осы тарихи тұлғалардың ұстанымдары мен пікірлеріне тікеле байланысты екенін мәтіннің әрбір ілгерілеген бөліктерінен аңғара түсеміз. Яғни, олардың әрқайсысының ұстанатын ұстанымы әртүрлі болғанымен, негізгі баяндау шеңберінде олардың бір бөлігі империалистік күштерді, екінші бөлігі олардың жақтастығы, ал соңғы бөлігі империализмнің барлық түріне қарсы шығып, белгілі бір деңгейдегі бірізділендірілген сюжеттің «ошағында» бас құрайды. Міне, осы сюжеттік «ошақтың» айналасында бейне бір шырақты айналған пәруанадай, тарихи тұлғаларды айналып ойдан шығарылған Әби Тахир, Джихан секілді кейіпкерлер «қанат қағып жүретін болады».

Екінші бөлімде де Ресей мен Англия, Османлы секілді державалардың қоршауында қалған Иран және Иран шахы Насыр ад-Дин, қиындықтарға қарамастан үкімет пен діндегі кертартпалықтарға қарсы күрескен Сейид Жамаледдин әл-Ауғани, Османлы сұлтандары бар мен Николай II патша сияқты қайраткерлер шын мәнінде өмір сүрген тарихи тұлғалар. Ал мұның айналасында жоғарыда тілге тиек еткен Фазыл, Мырза Риза, американдық мұғалім мен Шырын секілді кейіпкерлер тарихи кейіпкерлердің айналасына көрініс табады. 

Десе де, бірінші мен екінші бөлімде заман мен адам өзгергенімен, қақтығыстар мен адамның қалауы өзгермейген жөн. Себебі бірінші бөлімде айтылған қақтығыстар мен соғыстар, келеңсіздіер мен кедергілер екінші бөлімде де адам атаулары мен уақытта өзгеріс тауып, қайтадан айна-қатесіз қайталанғанын көруге болады. Ал бұл қайталанулар кезінде ойдан шығарылған кейіпкерлердің тарихи оқиғалар мен тарихи кейіпкерлердің табиғатын ашудан таптырмас мүмкіндік.  Осы арқылы автор оқырманды шығарманың көп түстігіне қанық қылдырып, шындық пен қиялдың арасында бейне бір өң мен түстің арасында өмір сүргендей күй сыйлайды. Сәйкесінше автор  14 сәуірден 15 сәуірге қараған түні Атлант мұхитына батып кеткен «Титаник» кемесі туралы тарихи шындықты баяндай отырып, оның ішіне өзінің романына тиек болған Омар Хаямның Рубаяттарын да қатыстырып, кемемен бірге адамзаттың алтын қазынасына Рубаяттар да батып кетті деу, тура мағынасында өтірік болғаны секілді, толыққанды шындыққа да жанаспайды. Бірақ мәтін, оқырман және автор үшін мұның шындық яки жалған екені маңызды емес. Маңыздысы,  оқырмандары үшін «Титаникпен» біргеРубаяттардың да теңізден бұрын, мәтінге батып кеткеніне сену. Осылайша, Хаямның атақты қолжазбасы нағыз тарихи Титаник кемесімен теңіздей шексіз көркем әдебиетке батып кеткенін аңғаруға болады. 

Шығарма авторы Амин Маалуф та қиял мен шындықтың шекарасына келгенде, «шекарасыз шекаралар» арқылы өз қиялын негіздеп, әрмен қарай шығармасында шындықтың басым болуына аса мән бермейтінін көруге болады. Яғни, автор үшін жоғарыда айтылған тарихи кейіпкерлер мен ойдан шығарылған кейіпкерлердің еш айырмашылығы жоқ. Ол бар тарихи оқиғаны, тархи тұлғалармен қатар баяндай отырып, тарихи тұлғалардың шынайылығымен теке тіресетін ойдан шығарылған кейіпкерді де шындықтың шеңберіне кігізіп жібереді. Біз мұны жоғарыда айтылған «шырақ пен пәруана» мысалына қайта алып келгіміз келеді. Ойдан шығарылған кейіпкер шырақты айналған пәруаналар секілді болғанымен, ол пәруаналар түптің түбінде шыраққа өртенетінін ескерсек, Маалуфтың ойдан шығарылған кейіпкерлері де шыраққа өртенуден еш тайынбайды. Және ең маңыздысы да, оларды автор расында шыраққа өртеп жіберіп, оқиғаны шындыққа бергісіз шындықпен баяндауға талпынады. Осылайша, шырақ пен пәруана (тарихи және ойдан шығарылған кейіпкерлер) арасында шегара жойылып, ортақ бір оқиғаның шындығына айналады. Тіпті автор тек қана тарихи және ойдан шығарылған кейіпкердің арасында ғана емес, кейіпкерлер мен автор арасында да ешқандай шекара қоймайды. Мысалы,  11 ғасырда Иранда және оның айналасындағы елдерде болған оқиғаларды тікелей Хаямның көзімен баяндап, оны барлығынан хабардар «құдайлық нарратор» статусына көтереді. Себебі Хаям барлық оқиғалардың өткені мен болашағын білетін күшке ие, тіпті реті келгенде мәтін сыртындағы және ішіндегі оқырмандарға қажет болған жағдайда алдын ала айтып ескертіп отырады. Тіпті өзі бармаған, көрмеген, аяқ баспаған (Аламут қамалы секілді) жерлерді баяндап, бейне бір төбесінен қарап тұрғандай күй сыйлайды. Осы арқылы тарихи кейіпкерлердің шығармадағы «құдайлық нарратор» кейіпте баяндаушы рөлінде болуы, әрісі бұл «құдайлық нарратор» мен автордың арасында ешқандай кедергінің жоғын көре аламыз. Сәйкесінше мұндағы Омар Хаям тарихи тұлғалықтан бөлек,  Амин Маалуфтың орнына автор бола алған деген пікірге келеміз. 

Романның ілгерілеген бөлімінде «құдайдық нарратор» Бенджамин Омарға көшіп, Омар Хаям болса Рубаяттардың авторы ретінде қозғаушы күшке айналады. Бенджамин Омар да Омар Хаям секілді адамдарды, оқиғаларды «төбеден» көре алады. Олардың өткені мен болашағынан біле алады, тіпті олардың ойын да оқи алатын қабілетке ие. Сәйкесінше белгілі бір деңгейде осы үшін де шындық пен қиялдың орны мен шекарасы да, «құдайлық нарратордың» көзқарасы мен пікіріне байланысты өзгеріп отыратындай көрінеді. Бірақ романның бірінші және екінші бөліміндегі ең үлкен айырмашылық та екі «құдайлық нарратордың» көзқарасында орын алады. Бірінші бөлімде Омар Хаям Шығыстан Батысқа қараса, екінші бөлімде Бенджамин Омар Батыстан Шығысқа қарауға талпынады. 

Автор, осылайша, Самарқандтан бастау алған Рубаяттар оқиғасын ғасырдан ғасырға өткізіп, Батыс пен Шығыстың арасындағы түрлі кезеңдегі демократия мен бостандықтың нышаны ретінде бейнелеуге тырысады. Себебі Омар Хаямның шығармашылығы барлық догмалар мен радикал пікірлерден, тирандық пен империализмнен ада, Маалуфтың шығарма тілімен айтатын болсақ, «екі жүз елу беттік» еркіндік шығармасы деп қорытындылауға болады.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар