Бабыр. «Бабырнама» және қазақ руханияты
Бөлісу:
14 ақпан – Орта ғасырдағы аты аңызға айналған ұлы қолбасшы, реформатор билеуші, әрі үлкен шығармашылық иесі Захраддин Бабырдың туған күні. Бабырдың адамзат руханиятына қосқан зор үлесі – «Бабырнама» атты тарихи шығармасы. Аталған еңбектің қазақ әдебиеті мен тарихына да қатыстылығы барлығын ескере отырып, Захраддин Бабырды қазақ әдебиетінің арғы бастауларының біріне орынды түрде жатқызамыз.
Захраддин Бабырдың қысқаша өмірбаяны
Шыққан тегі жағынан ежелгі моңғол тайпасы барластан тарайтын, атақты Әмір Темір көрегенннің (Ақсақ Темірдің) ұрпағы болып келетін Захириддин Мұхаммед Бабур 1483 жылы 14 ақпанда қазіргі Өзбекстанның Әндіжан қаласында, Ферғана ұлысының әмірі Омар Шейх мырзаның отбасында дүниеге келген.
Бұл кезеңде Орта Азияда Әмір Темір ұрпақтары мен Шыңғыс хан ұрпақтары арасында билікке талас өршіп тұрған еді. Захириддин Бабыр бала кезінен бастап өнерге, әдебиетке, табиғат сұлулығына өте құмарланып өседі. 1494 жылы әкесі қайтыс болған соң 12 жасар Бабыр әкесінің орнына, Ферғана ұлысының тағына отырады. Осы кезеңде Әндіжан тағы үшін өзінің туыстары Жаһангир мырза мен Сұлтан Ахмет мырзамен, және Сұлтанмұхаммед ханмен талас туындайды. Осыдан кейін ол Ферғана тағын туыстарына екіге бөліп береді.
Бабыр көршілес Самарқанд билеушілерімен тартысқа түседі. Ақыры Самарқанд билеушісі Шайбани ханнан жеңілген Бабыр Самарқандты тастап шығады. Шайбани хан Бабырды 1504 жылы Әндіжаннан да қуып шығады. Ақыры ол соңына ерген біршама халқымен қазіргі Ауғанстан астанасы Кабулді басып алады. Бірнеше рет Орта Азияға шабуыл жасап, Шайбани ханға қарсы жорық жасағанымен, сәтсіз болады. Ақыры, өмірінің ендігі бөлігін оңтүстікке қарай өлкелерді жаулап алуға бағыттайды. 1519-1525 жылдары ол қазіргі Пәкістан мен Үндістан аумағын толық жаулап алады да онда күшті мұсылман мемлекетін құрады. Ол мемлекеттің аты – Моғолстан болатын. Бабыр мен оның ұрпақтары Ұлы Моғолдар деген династия құрып, 300 жыл бойы Үндістанды билейді.
Бабыр 1530 жылы Агра қаласында қайтыс болған. Сүйегін Кабул қаласына алып келіп жерлейді. Бабыр және ның ұрпақтары билеген жылдары Үндістан мемлекеті күшейіп, қалалар мен сауда жолдары дамиды. Сәулет өнері Орта Азиялық стильде ерекше дамиды. Соның бір көрінісі – Бабыр ұрпақтарының бірі салдырған Тәж-Махал кесенесі болып табылады.
Бабыр шығармашылығы. «Бабырнама»
Бабыр тек жалаң саясатшы, жауынгер қолбасшы ғана болмаған, сонымен бірге ол XVI ғасырдың атақты ойшылдарының бірі. Бабыр жазушы-ғалым ретінде өз артынан едәуір әдеби мұра қалдырған адам. Оның біздің заманымызға жеткен еңбектерінің ішінен «Бабырнаманы», «Мубайин» атты өлеңдер жинағын, «Хәтти Бабри» атты өзі жасаған жаңа алфавитті, махаббат тақырыбына жазылған көптеген газелдер мен төрт жолдық өлең шумақтарын ерекше атуға болады. Бабыр сонымен бірге музыка, поэзия және соғыс туралы да көптеген трактаттар жазған. Бірақ өкінішке қарай, оның бұл еңбектері біздің заманымызға жетпеген.
«Бабырнама» – «Ферғана», «Кабул», «Үндістан» секілді үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы ХV ғасырдың екінші жартысында Ферғана жазығындағы Ахсикент, Намаған, Әндіжан, Марғилан, Ош, сондай-ақ Самарқан, Исфара секілді қалалар мен елді мекендер, онда тұрған түрлі тайпалар мен жамағаттардың әдет-ғұрпы, тілдік ерекшеліктері, мәдениет, жан-жануарлар дүниесін баяндаумен басталады. Автор, әсіресе, ата-бабасының шежіресі, кәсібі, тыныс-тіршілігі, тіпті аталған өлкенің тау-тасы, бау-бақшасы, жеміс-жидегі, өзен-суы, ұшқан құсына дейін сүйіспеншілікпен, туған жерге деген перзенттік махаббатпен жазған.
«Кабул» бөлімінен Ауғанстанның Герат аймағында билік құрған Сұлтан Құсайын мен оның уәзірлері, бектері, ақындары мен ойшылдары жайлы да қызықты деректер ұшыратамыз.
«Үндістан» бөлімі де соны дерегі мен тарихи дәлдігі қызық шежірелерімен ерекшеленеді. Алдыңғы екі бөлімдегідей Бабыр мұнда да Үнді елінің солтүстігін жаулап алу барысында өзі басынан өткізген жайттарді ғана емес, осында өмір сүретін тайпалардың өткені мен бүгіні, елдігі мен ерлігі, тіпті рухани өміріне дейін зейін қойған.
Захир ад-Диннің «Бабырнамасы» – энциклопедиялық еңбек. Ол тарихшылар мен этнографтар, әдебиетшілер мен тілшілер үшін де баға жетпес құнды деректері бар, орта ғасырлар тынысын дәл де анық жеткізе білген бағалы туынды. Бұл құнды еңбек орта ғасырдан бастап, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
«Бабырнаманың» көркемдік ерекшелігі, жанрлық сипаттары
«Бабырнамада» қазіргі прозаға тән көркем пейзаждар мен қанық портертер, суреттеулер молынан ұшырасады. «Мұнда құс жыртылып айрылады. Қырғауылдың семіздігіне адам нанғысыз, тіпті тұшпалап пісірілген бір қырғауылдың етін төрт адам тауыса алмайды екен деген аңыз бар» [1,14]
Автор көзі көрген оқиғаны елден естіген әңгімемен араластырып, аңыздық сюжет жасаған. Немесе жер-су атауларына байланысты туған топонимикалық аңыздар ұшырасады. Түркі, соның ішінде қазақ фольклорының мазмұнды әрі бай саласының бірі – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа алмасқан мақал-мәтелдер. «Бабырнамада» кездесетін төмендегі мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер күні бүгінге дейін тілдік қорымыздан өз орынын алып келеді. Мысалы: «Үйде иесі барды, түзде ит қаппайды», «Жаманның ақылы түстен кейін кіреді», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа»,«Құланның қасуына, мылтықтың басуы», «Ер мойнында қыл арқан шірімейді», «Жау не демейді, түске не кірмейді», ««Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», ««Бет көрсе, жүз ұялады» т.б.
Бабырдың қазақ жалпы, түркі халықтары әдебиеті үшін үлкен еңбегі – түркі поэзиясын теориялық тұрғыда зерттей келе, өзі өмір сүргенге дейін қалыптасқан «нағыз поэзиялық көркем шығармаларды тек араб яки парсы тілінде ғана жазуға болады, ал түркі тілі көркемдік дәрежесі биік өлең жазуға жарамайды» деген қасаң пікірді біржола теріске шығаруы.
Бабырдың түркі руханиятына жасаған келесі еңбегі «Бабыр жазуы» яғни, «Хати Бабыр». Бабыр көне түркі ескерткіштері жазуына ұқсас жазуды негіздеді. Бұл жазу алғашында Сырдария бойындағы Сығанақ, яғни Сунақ қаласында өмірге келген болатын. Алайда бұл кезеңде Орта Азияда біржола үстемдікке ие болған араб жазуын қолдаушылар «Бабыр жазуына» барынша қарсы шығып, оны жойып жіберді. Бұл туралы ел арасында «Түріктерге өз әрпі де бұйырмады-ау, киелі, Бабыр хаты бөтен емес, Сығанақтың сыйы еді, - деген өлең жолдары қалған екен.
Бабыр – қаламы жүйрік ақын. Оның шығармашылығында еріксіз жат өлкеге кетуге мәжбүр болып, туған жерін, өскен елін сағынған өзекті пенденің шынайы сыры жиі кездеседі:
Не ойлайды адам қасіретті сәттерде,
Шаттана алмас жүрек шіркін жат елде.
Жат елде мен шаттануды білмедім,
Еш нәрсеге мәз-мәйрам боп күлмедім [1,108].
Жиһанкез Бабыр өзі жүрген жерлердің табиғатын – тауларын, өзендері мен көлдерін, орман-тоғайларын, аңдары мен құстарын нағыз суретшіге тән шеберлікпен бейнелеп көрсетеді. Автор қара сөзбен айтып жеткізе алмаған кейбір ғажайып көріністерді лирикалық өлең жолдарымен суреттеп өтеді. Әлемге есімі мәшһүр шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд «Бабырнаманың» көркемдік дәрежесін жоғары бағалай келіп, оны «түркі тіліндегі прозалық шығармалардың ең жақсы үлгілерінің бірі» [2, 210], - деген еді.
«Бабырнама» - тарихи, ғылыми еңбек қана емес, сонымен бірге түркі (шағатай) тілінің мол мүміндіктерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды.
«Бабырнама» және қазақ тарихы
Қазақ хандығы тұсындағы жазба шежірелерге зерттеу еңбектерін арнап, Бабыр шығармашылығын тілге тиек еткен алғашқы ғалымдардың бірі әрі бірегейі Ш.Уәлиханов болса, Бабыр мұрасына қызығушылық танытқан қазақтың ұлы ақыны – Абай болды. Ал кемеңгер жазушы М.Әуезовтің: «Ірі мемуаршы, шебер ақын Захир ад-дин Бабур өзінің атақты «Бабур-нама» деген кітабында Әлішердің ақындық, өнерпаздық, мемлекеттік қайраткер, ұстаз есебіндегі әрекеттерін, мол бейнесін зор құрметпен баян етеді. Қазақтың атақты классигі Абайдың Науаи қасиетін кеңінен тануына себепкер, бір жағынан Науаидің өз шығармалары болса, екінші жағынан – осы Бабурдың берген бағалары болған»[3, 278], - деп жазуы да «Бабырнама» сынды шежірелік мұралардың қай кезеңде де құнын жоғалтпағанын айғақтайды. Науаи өмірден өткеннен бірнеше ғасырдан соң өмірге келген қазақтың ұлы ақыны Абай ұстаз тұтса, Бабыр да өзі өмір сүрген заманның ғажайып ақыны Науаиге кезінде өлеңмен хат жазып, оны өзіне ұстаз санағаны бекер болмаса керек.
Бабыр өзі болған, соғысқан жерлердегі таулар мен кең жазира далаларды, сан қилы өсімдіктер мен хайуанаттарды, түрлі халықтардың әдет-ғұрпы, тілі, әдебиеті мен өнері, кейбір сөздердің этимологиясы жайлы нағыз ғалымға тән дәлдікпен, әрі ұшқыр қиялды жазушыға ғана тән шеберлікпен бейнелеп жазады.
«Бабырнамадан» қазақ халқына қатысты деректер бар. Мұнда Алматы, Отырар, Түркістан, Сайрам секілді қалалар мен Арыс, Сырдария сияқты өзен аттары аталады.
«Бабырнамадан» қазақ халқының құрамына енген дулат, жалайыр, арғын, қыпшақ тайпаларынан шыққан ғалымдар мен уәлі ауыз шешендер, батырлар мен бектер, баһадүрлер мен сарбаз аттарын кездестіреміз. Мысалы, мынадай дерекке назар аударайық: «Қазақ халқының тарихына қатысты мына бір дерек те оқушылар назарын аударса керек. «Әдік сұлтаннан кейін Сұлтан Нигар ханымды қазақ ұлысының ханы Қасым алды. Жұрттың айтуына қарағанда қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым сияқты бағындыра алмаса керек». Бабырдың бұл дерегінен біз қазақ халқының тарихта қазақ атымен ХV ғасырға дейін-ақ белгілі болғанын пайымдаймыз.
Түйін
Захраддин Бабырдың өмірі мен оның әйгілі шығармасы «Бабырнама» – жеті ғасыр бойына әлемдік зерттеушілердің қызығушылығын тудырып келе жатқан ғылыми нысан. Қазақ әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдары да бұл бағытта біраз жұмыстар атқарғанынан хабардармыз. Дегенмен, ұлтымыздың ұпайын түгелдеу, іргесін бекемдеу тұрғысында бірегей тұлға Бабыр еңбектеріне әлі де болса көбірек назар аударған жөн деп білеміз.
Бір замандарда қазақ даласында өмір сүріп, тағдыр жолымен жырақ кетіп, жат елде өз билігін орнатқан даңқты көсем, дарынды қолбасшы, кемел білім иесімен қазақ халқы да мақтануға тиіс. Алыс түбекте жатқан үнді әлемін дәргейіне келтіріп, осынау көне өркениетті қайта түлетіп, тұтастай бір династияның іргесін қалаған Захраддин Бабырдың қазақ жұртына қатысты бай тарихи жолын бүгінгі ұрпақ біле жүргені дұрыс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Бабыр захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама / Орыс тілінен аударған: Б.Қожабеков. –Алматы: Жалын, 1990. – 320 б.
2. Келімбетов Н. Қазақ әдебиеті бастаулары (Көркемдік дәстүр жалғастығы). –Алматы: Ана тілі, 1998. – 256 б.
3. Әуезов М. Жиырма томдық шығамалар жинағы. 18-том. – Алматы: Жазушы, 1985. – 370 б.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: