Ұлы дала
Көне дүние тарихының білгірі, жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлының «Ұлы Дала» атты жаңа кітабы ежелгі және ортағасырлық далалық империялардың тартысты да талайлы тарихының жаңаша көзқараспен жазылуымен құнды. Туынды терең пайымдаулар мен байыпты да батыл әрі тосын тұжырымдарымен ерекшеленеді. Еуроцентристік бағыттағы көзқарастарды қалыптастырған ғалымдардың еңбектерінің ақ-қарасын саралай келіп, бұрынғы қағидалардың шеңберін бұзып, соны пайымдауларға жол ашады. Зерттеу нысанына айналып отырған тақырыпқа байланысты басқа да ғалымдардың ой-пікірлерін талдап қана қоймай, тарихи түпнұсқа деректерді өзара салыстырып, автордың өзі тың әрі тиянақты дәлелдер келтіреді. Есте жоқ ерте замандағы ата-баба тарихының қалтарыс-бұлтарыс тұстарын сүзе қараған автор еңбегінің тілі жеңіл, көркем.
Кітап Ұлы Дала аталған ұлан-ғайыр кеңістікте өмір сүрген байырғы қағанаттар мен ұлыстардың тарихына қызығушы барша оқырманға арналған.