Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

26.11.2021 4284

2013 жылдың рухани хроникасы 12+

2013 жылдың рухани хроникасы - adebiportal.kz

2013 жыл - Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма екінші жылы. Бұл жыл ел руханиятындағы айтулы жаңалықтарымен тарихта таңбаланды. Елорда Астана қаласына 15 жыл толса, төл теңгеміздің айналымға түсіп, ел игілігіне жарағанына 20 жыл толып отыр. Осы және басқада жыл жаңалықтарын қысқаша баяндап өтпекпіз.

Қаңтар. 2013 жылдың қаңтар айында Қазақстанның халық суретшісі, қазақ сурет өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әубәкір Ысмайловтың туғанына 100 жыл толды. Сонымен қатар осы айда Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Екі өнер қайраткері де ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өнер жұлдыздары еді. Атаулы мерейтойды туған халқы ыстық ықыласпен атап өтті. Және осы қаңтар айында мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 70 жасқа, академик Қалқаман Жұмағұлов 65 жасқа шықты.

Наурыз. 2013 жылдың 15-16 наурыз күндері аралығында Шымкент қаласында «Наурыз» атты республикалық ақындар айтысы болып өтті. Бұл айтыс Төле бидің 350, Абылай ханның 300 жылдығына арналды. Осы жылдың ірі тарихи оқиғасы ретінде Хан Абылайдың 300 жылдық мерейтойын атап өтуге болады. Үш жүздің басын қосып, ел тәуелсіздігінің тарихи негізін қалаған Абылай ханның ұлы ерліктері мен жорықтарын ел есінде қалдыру үшін жыл бойына ұлы тұлғаның ұлт тарихындағы ерлігі мен еңбегін насихаттауға арналған мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сәуір. Ирандағы соңғы қазақ жыршысы Әбубәкір Павиз өзінің бірнеше жыр-толғауларын еліміздің тыңдарманына ұсынды. Қазір Иранда Әубәкір Павизден басқа ескі қазақ жырларын білетін адам қалмаған. Оның жыршылық үлгісінде елімізде кездесе бермейтін мәнер мен мақам, жаңаша сөз саптау үлгісі бар. Ең бастысы Әбубәкір жыршы бізге алапат ашаршылық туралы бұрын беймәлім жырды жеткізіп орындап берді. 1932 жылғы ашаршылықта ауған жері арқылы Иранға өткен Әбубәкір бұл жырды сол кездегі көнекөз қариялардан етіп үйренген. Бұл да әдебиетімізге қосылған рухани қазынаның бірі болып қалары анық.

Мамыр. 2013 жылы 21 мамыры Қазақстандағы мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілді. Мұндай атаулы күн еліміз тарихында алғаш рет аталып өткелі отыр. Бұл күн – еліміздегі мәдениет, руханият, өнер саласында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі бағаланып, өз жұмыстарына есеп беретін айтулы күн болып табылары анық.

Маусым. 2013 жылдың 22 маусымы күні Астана қаласында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашылды. Орталық Азиядағы ірі театр сәулет өнерінің ең үздік классикалық айшықты өнер үлгісінің негізінде салынған. Техникалық жабдықталуы әлемдік нормаларға сай әспеттелген. Үлкен залы 1250, камералық кіші залы 250 орынға лайықталып салынған. «Астана Опера» театрының шығармашылық репертуарында отандық және әлемдік әйгілі композиторлардың ең үздік туындылары бар.

Қыркүйек. 2013 жылдың 28 қыркүйегінде жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 70 жыл толды. Қазақ прозасының қайталанбас суреткерінің мерейтойы осы жылы жыл бойына аталып өтті. Туған жерінде ескерткіш ашылды. Кітаптары жаңаланып жарық көрді. Әртүрлі мәдени-рухани сипаттағы іс-шаралар туған жері Шыңғыстай топырағынан басталып, тұтас республиканың бас қалалары мен облыс орталықтарында, мектептер мен кітапханалар да аталып өтті.

Қазан. 2013 жылы 3 қазан күні Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында шетелде тұратын қандастарымыздың екі күнге жалғасқан өнер фестивалі өтті. Фестивальге он алты мемлекеттен жүз елуден аса өнерпаз қатысты. Фестиваль барысында шетелден келген әнші, күйші, жыршы, ақын, суретші, музкант бауырларымыз өз өнерлерін ортаға салып, әр жанрда бақ сынады. Жүлдегерлер қомақты сыйақымен марапатталды.

Қараша. 2013 жылдың 22 қарашасы күні қазақтың аса көрнект жазушысыі, болмысы бөлек суреткер Тәкен Әлімқұловтың туғанына 95 жыл толды. Тәкен Әлімқұлов Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтында білім алған. Ол әдебиетке ақын болып келіп, үлкен суреткерлік биікке көтеріліп, қазақ прозасын биік белестен асырып кеткен жасампаз тұлға. Жазушының 95 жылдық мерейлі жасы туған ауылында және Алматы қаласында аталып өтті. Сонымен қатар, Т.Әлімқұловтың ғасырлық мерейтойына дайындық жұмыстары да басталып кетті.

Желтоқсан. Осы жылы 26 желтоқсанда, белгілі әдебиеттанушы, сыншы, ғалым Мұқаметжан Қаратаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде М.Қаратаевтың рухани мұрасына арналған ғылыми конференция өтті.

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар