«Ұлт оқитын 100 кітаптың» кезекті шығарылымында қазақ әдебиетінің әр дәуірдегі поэзия жанрында көлемді дүние жасаған қаламгерлердің шығармашылығы арқау болды. Соның ішінде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы тек қана Ақан мен оның жүйрік аты туралы емес екендігі, бұл поэманың астарында одан да бөлек үлкен ойлар жатқандығы сөз болды.
«Құлағар қазақ өмірі, қазақ құндылығы, менталитеті туралы поэма», - дейді ақын Мұрат Шаймаран.
«Құлагер поэмасы 1930 жылдары жазылса да Ілиястың көзі тірісінде кітап болып басылып шықпады. Тіпті бұл поэманың жоқ болып кетуі де мүмкін еді, егер Бегалин сақтап қалмағанда. Себебі НКБД тінту кезінде барлық қолжазбасын жоқ қылып жіберді. «Құлагер» поэмасының бізге жеткені төрт мыңдай ғана жолы. Фатима анамыздың айтуынша, поэма негізі бес мың бес жүздей жол болған екен. Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып отырған. Кейін Ұлттық кітапханадан, өңірдегі кітапханалардан сол кездегі газеттерді қарағанымызда, дәл сол поэма шыққан беттердің қиылып алынғанын көрдік. Ілияс ақталғаннан кейін Фатима анамыз «Құлагерді» сақтап қала алмаған өкінішін айтады. Мұны естіген Сапарғали Бегалин Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима анамызды үйіне шақырып, өзінде сақталған «Құлагер» поэмасын көрсетеді. Сапарғали Бегалин бұл газеттерді жастықтың ішіне сақтап келген екен», - дейді зерттеуші Елдос Тоқтарбай.
Осындай тұшымды пікірлерге толы бұл бейнебаянның толығырақ нұсқасын «Әдебиет порталының» YouTube арнасындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасынан көрулеріңізге болады.
