Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерлан Жүніс. Менің атым - Тәуелсіздік...

06.03.2019 109378

Ерлан Жүніс. Менің атым - Тәуелсіздік

Ерлан Жүніс. Менің атым - Тәуелсіздік - adebiportal.kz

...Алып қорғанның құлағанын көрдім,

Небары алты жасымда,

Алып тұлғалар жылағанын көрдім,

Бастарын сүйеп ғасырға.

Алып таулардың шайқалғанын көрдім,

Алты жасымда соны ұқтым:

Алып сөздерді айта алғанын көрдім,

Ат төбеліндей халықтың.

Алып кітаптар торыққанын көрдім,

Сол сәтте-ақ одан безінгем,

Алып ойлардың қорыққанын көрдім,

Ең бір нәзік сезімнен.

Алып сағаттар тоқтағанын көрдім,

Өлшенді уақыт жаңадан,

Алып жүректер ақталарын көрдім,

Алты-ақ жасар баладан.

Алып құрлықтар теңселгенін көрдім,

Темір бұғаулар тозғасын,

Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім –

Империяның көз жасын!

Алып мұхиттар толқығанын көрдім,

Бір тамшы суға байланып,

Алып тәждердің балқығанын көрдім,

Елтаңбаларға айналып.

Алып мүсіндер қирағанын көрдім,

Сұлаған жаудай жебеден,

Алып саналар жиналарын көрдім,

Тұрғызу үшін жаңа әлем!

Құрыштардың да шірігенін көрдім,

Сен боса, болат, тас егіл!

Темір шымылдық түрілерін көрдім,

Сахнаға шықты жас өмір!

Алты жасымда!

Жылаған жоқпын,

сұраған жоқпын анамнан,

Сол күні жаңа әнұран айтып оралған,

Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын

Ұл жайлы Күннен жаралған.

Түсінбесем де тыңдаймын,

Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы...

Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,

Аңыз ұнаған

Жаралған Күннен Ұл жайлы!

Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:

Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір!

Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте

Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін.

Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,

Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті,

«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,

Ол, бəлкім, менен Сөз күтті!

Ал бүгін, енді, Тарихты өзім білемін,

Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім.

Ұлылық жайлы ойлайды басқа,

Жап-жас шақ Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім –

Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың! .

..Тәуелсіздік ше?

Ол – менің тегім, ұлдарыма оны дарыттым.

Тәуелсіздік – мен, ол – менің асқақ аңызым,

Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!!!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар