Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Серік Қирабаев. Жұмабек Тəшенов...

24.03.2019 7048

Серік Қирабаев. Жұмабек Тəшенов

Серік Қирабаев. Жұмабек Тəшенов - adebiportal.kz

Ұлттық намысы күшті, қаны бар азаматтардың кеңес басшылығына ұнамағаны бүгін елдің көбіне мəлім жəне олар жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Ұлтжанды азаматтар отаршылдық режимнің орыс емес ұлттарды тежеп ұстап, ұлт саясатын бұрмалауына көнбеді, оған ашық қарсылығымен көзге түсті. Ертеректе, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов сияқты қайраткерлер Голощекин қуғындауына ұшырап, елден безіп кетті, сыртта жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болды. Кейін біз көрген тұста осындай қуғынға түскен үлкен азаматтың бірі Жұмабек Тəшенов еді. 40-50 жылдарда республиканың басшы қайраткерлері санатында жүрген (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы) ол 60 жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлық саясатына ашық қарсы шығып, қызметінен босап қалды. Намысы бар адамға оған қарсы шықпау да мүмкін емес еді. Қазақстанды бөлшектеуге бел шешіп кіріскен Н.С.Хрущев тың жəне тыңайған жерлерді көтеру кезінде құрылған тың өлкесін (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарын біріктірген) Ресейге қосу, Шымкент облысын Өзбекстанға беру (мақта өндіруді бір жерге жинақтау деген сылтаумен), Маңғыстауды Түрікменстанға өткізу сияқты адам ойына кірмейтін идеяларды көтерді. Алдымен осы сылтаумен ол тың өлкесі мəселесін қойды. Оған ашық қарсылық айтқан бірден-бір азамат Тəшенов еді. Ол ойы іске аспаған Хрущев Өзбекстанға бүкіл облысты беруге бата алмай, мақта егетін үш (Мақтаарал, Киров, Жетісай) ауданды беруді ұйымдастырды. Оның үстіне орталыққа жағымпаздана қарап, оның айтқанын екі етпейтін, Хрущев, Брежнев үлгісімен партия кадрларын іріктеу мен жоғарылатудың принципін бұзған республиканың кейбір басшыларына да ол ұнамады. Табиғаты адал, бірбеткей, жершілдікке қарсы, айтқанын істемей қоймайтын, сөзіне берік адам үкімет басына келген соң, сондай қылықтармен де күресті. Үкімет аппаратын қолынан іс келмейтін, жеке адамдарға ғана қызмет ететін, соларға сүйеніп кресло күзетіп отырғандардан арылтуға тырысты. Қонаев Орталық партия комитетіне бірінші хатшы болып ауысып, орнына барған Тəшеновтің оның адамдарына жайсыз тиіп жатқаны жайлы өсек дүрілдеп кетті. Мінезі тік, тала-бы қатты басшының қылығын жамандап, Қонаевқа барушылар көбейді. Сол тұста сол үйде көрші мекемеде қызмет істейтін біз оны естіп жаттық. Ақыры ішкі, сыртқы наразылықтар бірігіп, Тəшеновті құлатты. Шым-кент облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберді. Əуелде төраға қызметін беруге Мəскеу келісіпті деп естіп ек, артынан Ливенцов (обкомның бірінші хатшысы) көнбепті деп шықты. Республика басшылығы айтса, Ливенцов қайда барады, соны сылтау еткен болар деп ойладық. Төменгі қызмет болса да, ол Шымкентте абыройлы істеді. Ел оны өте жақсы көрді, сыйлады, тіпті көп мəселені облыс басшыларына бармай, Тəшенов арқылы шешкенін бүгін шымкенттіктер аңыз ғып айтады. Өзінің сүйетін ұлын əрқилы əңгімелердің қаһарманы етіп алуға үйренген халық оны түрліше қызметтерге қоймақ болып та өсектеді, бірақ ол сол орнынан қозғалмады. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Соңғы жылдары Каракөл өндірісі ғылыми-зерттеу институтына басшылық етті. Докторлық диссертациясын қорғауға (бұрын ғылым кандидаты болатын) да кедергілер көбейді. Ақыры сол қызметте қайтыс болды. Шымкент халқы ардақтап шығарып салды, тұрған үйіне тақта орнатты, атына көше берді. Сорлы халықтың одан басқа қолынан не келеді? Əлі де есінен шығармай, ұлт қаһарманы ғып əңгімелер таратады.

Мен онымен 1959 жылдың басында ол Министрлер кеңесінің төрағасы болып келген кезде таныстым. Бұрын аты белгілі республика басшыларының бірі есебінде сырттай танитынбыз, үлкен жиналыстардың төрінен көретінбіз. Жұмабектің біздің Алсай (Алтайдың үлкен ұлы) деген руға жиен екенін елде біздің əкелеріміз айтып отыратын. Туған нағашысы Имаш Жаңарқада тұратын. Білем. Сол жылы қаңтардың бас кезінде елден əкейдің қайтыс болғаны жайлы хабар алып, пойызбен жолға шықтық. 4 кісілік жұмсақ вагонға бізден басқа тағы екі адам – бір əйел, егделеу ер адам мінді. Олар Ақмолаға барады екен, біз Жарық станциясынан түсіп қалдық. Əңгімелесе келе əлгі əйел Жұмабектің келіншегі Бəтеш болып шықты, қасындағы əкесі екен. Алматыға келіп қайтқан əкесін ертіп, Бəтеш Ақмолаға баруға шығыпты. Жөн сұрасқаннан кейін бізге көңіл айтып, жаңарқалық Алсай екенімізді естіп, Имашты еске алды. «Біздің нағашыларымыз екенсіңдер ғой» деп жылы ықылас танытты.

Алматыға оралғаннан кейін бір күні Орталық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қапият Төлекеев телефон соғып, жағдайымды сұрағаннан кейін, тікелей телефонмен: «Мына Жұмекең үкімет басына келіп жатыр ғой. Қызмет істей-тін адамдарын іріктеуде. Сені мəдениет бөлімін басқаруға шақырады. Соған келсең қайтеді, көмектеспейміз бе?», – деп қойып қалды. Мұндай мəселелерді телефонмен шешуге болмайтынын, телефонның тыңдалатынын айтып бірден тоқтаттым да, «өзім кіріп шығайын» дедім. Баруын бардым, бірақ ұсынысын қабылдағам жоқ. Соның алдында ғана Орталық комитеттен кеткен мен лауазымды қызметтің опасыздығын ай-тып, докторлық диссертация жазуға отырып қалғанымды сылтау еттім. Қапият ренжіп қалды. «Өмір бойы мұғалім болып жүре бересің бе? Бұл жерден біраздан кейін ректор етіп жіберуге де болады ғой», – деді. Мансапқорлығым жоқ мен оған желіге қоймадым.

Сол күні кеш мезгілі еді. Шымкентте қызмет істейтін Едіге Жайсақов деген жерлес азамат келіп, шай-пай ішіп отыр едік. Телефон шылдыр ете қалды. Көтердім. Ар жақтағы дауыс: «Бұл Қирабаевтың үйі ме, Серік бар ма?», – деп сұрады.

– Менмін.

– Мен Жұмабек Тəшенов қой. Халің қалай? Əкең қайтыс болыпты. Қайырын берсін! Менің нағашым еді, – деді даусы саңқылдап. Тіп-тік анық сөйледі.

– Онда мен де бөтен болмаспын.

– Сенімен Қапият сөйлесті ме? – деді одан кейін бірден əңгімеге көшіп. – Сен маған қызмет істеуге кел. Əдейі өзім телефон соғып отыр-мын. Нұрымбекке «сөйлес» деп айтып едім. Ол: «Былтыр бізден кеткен-нен бері хабарласқан емеспін. Өкпелі болуы керек», – деп сөйлесуден жалтарды. Сонсоң өзім шақырып отырмын, – деді тағы да өзінің тікелей сөйлесіп отырғанын ескертіп.

– Жұмеке, рахмет үлкен басыңызбен телефон соққаныңызға! Мен өзім кіріп шығайын сізге, телефонның əңгімесі емес қой, – деп тоқтаттым.

– Онда қашан келесің? Ертең Ақмолаға жүрем. Соның алдында сөйлесейік. Сағат 12-де менде бол, – деді.

– Жарайды, келістік.

Бұл əңгімеге куə болған Едіге: «Неге бармайсың? Бар», – деп мені үгіттеген болды. Қайран, менің ақкөңіл, сенгіш, аңқау ағаларым-ай ! Телефон тыңдалатынын, айналасында аңдушы, өсек жеткізушілердің көп-тігін ескермей, бəрін сөйлескен , көрген жерде лақ еткізіп айта салатын еді ғой. Сол аңқаулықтан кейін бəрі де опық жеді. Қарапайымдылық та оларда жетіп артылатын еді. Қазір кез келген кішкентай шенеунік сізге өзі телефон соқпайды, телефонды хатшы арқылы қостырады. Ал, Жұмекең маған хатшысына, көмекшісіне тапсырмай өзі тікелей телефондады. Ондай мінез ұмытыла ма?

Мен уəделі уақытында барсам, қабылдау бөлмесінің алды толған кісі екен. Министрлер, басшы қызметкерлер көп. Кейбірі танып, амандаса бастады. Осы кезде көмекшісі шығып, ішке шақырды. Кешегі əңгіме қайта жалғасты.

– Жұмеке, – дедім мен, – егер сіз шындап, зорлап, қайткенде кел десеңіз, мен келем. Бірақ бір тілегім – зорламаңыз. Мен Орталық комитеттен кеткенде, мансаптың құнын түсініп кеткен адаммын. Қолымнан келсе, доктор болсам деп, жұмысқа отырып қалдым. Оны үзіп тастағым келмейді. Егер үзілді-кесілді «кел» десеңіз, амалым жоқ, көнем.

Ол сəл үнсіз отырды да:

– Жоқ, зорламаймын. Өзің біл. Сенің Орталық комитеттен біреу-лерге ұнамай кеткеніңді əрі сенің орның керек болғанын естіп едім. Оның үстіне осындағы жігіттер қолыңнан іс келеді деген соң, «сөйлес» деп Қапиятқа тапсырып ем. Өз жағдайыңа қара, – деді.

Тағы да сəл кідірді де:

– Үй-жайың қалай? Біз бір тұрғын үй өткізгелі жатырмыз. Келсең, содан төрт бөлмелі үй берем, – деді. Мен екі бөлмелі шағын, жаңа үйім барын, əзір қысылып тұрмағанымды айтып:

– Егер сіз аман тұрсаңыз, арнайы үй сұрап келем ғой, – деп күлдім.

– Жақсы, аман бол, егер ойлансаң, мен Ақмоладан келгенше хабар берерсің, – деп ол орнынан көтерілді де, біреулермен телефондасып, «Самолет дайын ба?» деп сұрап жатты.

Кейін қайта телефон соққан Қапият Төлекеевке мен алғашқы шешімімнің өзгермегенін айттым.

Кейін ойлаймын, «Егер сіз аман тұрсаңыз» деген сөзді қалай айттым, аузыма құдай салды ма деп. Шынында, ол сол орында аман тұра алмады. Орнынан босап қалды. Оның орталықпен, республика басшылығымен қарым-қатынасы ол кезде сөз болмайтын. Жұрт білсе де, айтудан жасқанатын. Əуелде жұмысын жақсы істеп жүрген, абыройы үлкен кісінің босауын əркім əртүрлі жорыды. Шындығы, енді еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін айтыла бастады.

Д.А.Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды», – деген естелік кітабында (1994) Ж.Тəшеновті жұмыстан босатуға Н.С.Хрущевтің тікелей нұсқау бергенін жазыпты. Оның Жоғарғы кеңесте отырған қызметін жақсы бағалап, «өз орнында отырған кісі еді» депті. Ал, Министрлер кеңесінен кетуін сыйымсыз мінезінен, ұстамсыздығынан, менмендігінен көріпті. Осы мінездемені мен бақталастау адамдардың дəлелсіз кінəлауы шығар деп ойлаймын. Оның орнына адал, ақкөңіл, кісіге сенгіш, жұмысқа талап қойғыш, қатал, принципшіл, ұлтжанды деп айтса, шындыққа көп жақын келер еді.

Үкімет басына келген соң, сол аппараттағы, жалпы үкімет жүйесіндегі Қонаев жинаған адамдарға оның жайсыздау тигені рас та. Бабкин сияқты Қонаевтың отбасына ғана қызмет істеп үйренгендер де одан сөгіс естіді. Бірақ Қонаев оны босаттырмады. Осылар жиналып, екеуінің арасын шиеленістірді, жоғарыға арыздар жазылды. Н.С.Хрущевтің: «Тəшеновтің үстінен түскен арыз-шағым бастан асады», – деуі де осы. Ауылдағы арыз-шағымға, екі адамның қарым-қатынасына Хрущев көңіл аудармаған да болар еді, егер тың өлкесін Ресейге қосу жөніндегі ұсынысқа Тəшеновтің ашық қарсылығы болмаса. Сөйтіп, ол ұлтшыл, өркөкірек адам боп көрінді.

Жұмекең қызметке алғыр, шешімді болғанын қызметтес болғандар-дың бəрі жақсы біледі жəне бүкпесі жоқ, аңғал, ойына келгенін айта салатын адам болатын. Мен бармаған қызметке Əйтікеш Тойғанбаев деген қарағандылық жігіт барды. Бұрын Көкшетауда обком хатшысы, Мемлекеттік баспа комитетінде төраға болып істеген. Мен естіген соң, құттықтап кіріп шықтым.

– Сен келмеген соң, мен келдім, – деді күліп Əйтекең.

– Оны қайдан білдіңіз?

– Жұмекең өзі айтты. О кісіде жасырын ештеңе болмайды ғой. Қирабаевты шақырып ем келмеді, енді сен келсең қайтеді деді. Мəселені шешуде ешкімге жалтақтамай, кадрмен өзі шұғылданып отыр. Менімен сөйлескен соң, орынбасары Асқар Закаринді менің көзімше шақырып алып: «Мəдениет бөліміне мына Тойғанбаев жолдасты қояйын деп отыр-мын, қалай қарайсың?» – деп сұрады. Əрине, Асекең не айтады оған? Тек бірге шығып кетіп бара жатқанда: «Əйтікеш, мен сені білем ғой, тек бір-бірімізге адал болайық», – деді, – деп жалғастырды Əйтекең.

Түрегеліп тұрған Серік Қирабаев

Осыдан соң мен Жұмекеңмен қызметтен босап қалғаннан кейін ғана кездестім. Шымкентке кетті. Қызмет жайын сөз етіп, тағдырына шағынбайтын, ержүрек кісі еді. Алматыға келгенде, Қонаевқа талай кіріп шыққанын білем. Бірақ алдарқатып шығарып салғаны болмаса, қызмет жағдайын жөндеген жоқ. Көп ешкіммен араласа да қоймады. Өзінің сыйлас інісі, бұрынғы көршісі Сағындық Кенжебаевпен жиі хабарласатын. Кейін онымен құда болды. Жұмабектің ағасы Манап деген кісі Ақмолада облыстық көлемде жауапты қызмет атқарған адам еді. Ертерек қайтыс болған. Соның баласы Сағындықтың қызын алды. Құдалықты да, тойын да Жұмекең өзі басқарып өткізді. Көбінесе, сол үйде кездесетінбіз.

Жұмекең есімі өлмейді. Оның еліміз тəуелсіздік алғаннан бері қайта жаңғырып жатқаны да соның белгісі. Отаршылдық менмендіктің дегеніне көнбей, пікірін ашық айтқан, содан таяқ жеген ұлын халқы қазір жиі еске алады. Оның Бостандық ауданын, кейінірек жоғарыда аталған үш ауданды Өзбекстанға берген тұста да айтқан наразылығы, комиссияны басқарып, теріс шешім шығарғаны, бірақ Орталықтың онымен есептеспегені қазір сол оқиғаларға куə болған адамдардың естеліктерінде айтылып та, жазылып та жүр. Осылар Ж.Тəшеновтің кім болғанын, ұлты, халқы үшін күйгенін дəлелдейді.

Адам кімге баға берсе де, өз түсінігін, өз ұғымын айтады. Кезінде орталыққа бас шұлғып, оның ықтиярымен жүрмеген адамның қылығын ерсі көретіндер де бар. Менің істегеніме бас шұлғып отырмады деп айыптайтындар да болды. Олар Жұмабекті ұнатпады. Алайда, Жұмабек Тəшеновтің халық ұлы боп қалатыны даусыз.

2004


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар