Сырлы сөздің сүлейі

Жазушының алғашқы әңгімелерінің бірі 1972 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген – «Тәтті мұң». Айымбетов әлеміне аялдағандардың бұл әңгімеге соқпай кеткені жоқ. Туынды сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, автордың қалам қарымын ерте танытты. 

189

Сырлы сөздің сүлейі - adebiportal.kz

Мәди Айымбетов – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ әдебиетіне өзіндік өрнек, жаңаша леппен келген қаламгер. Қарапайым оқиғалардың өзінен психологиялық тереңдік іздеп, кейіпкерлерінің жан дүниесін нәзік иірімдермен аша білетін жазушының шығармаларын бала күнімізден оқып өстік. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында үзбей жарияланып тұратын сыршыл лиризмге тұнған шағын этюдтерін асыға күтетін едік. 

Жазушының алғашқы әңгімелерінің бірі 1972 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген – «Тәтті мұң». Айымбетов әлеміне аялдағандардың бұл әңгімеге соқпай кеткені жоқ. Туынды сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, автордың қалам қарымын ерте танытты. 

Шығармаға күйеуі майданнан оралмаған жесір келіншектің тағдыры арқау болған. Әңгімеде соғыстың адам тағдырына салған жарасы мен жалғыздықтың жанға түсірген ауыртпалығы терең ашылған. Автор кейіпкердің ішкі сезімдері арқылы үміт пен күдіктің, мұң мен төзімнің арақатынасын шебер суреттейді.

Мәди аға шығармаларында Құмөзек ауылының адамдарын, олардың болмысын түрлі психологиялық штрихтармен шебер жеткізген. Олай болмауы мүмкін емес, өйткені қаламгердің кейіпкерлері – өзі танып-білген ортаның адамдары, ал олардың әрбір іс-әрекеті мен мінезінен ауылдың иісі аңқып тұрады. 

Жазушы 2018 жылғы 15 ақпанда «Әдебиет порталына» берген сұхбатында: «Құмөзек – балалық шағым өткен ауылдың образдық атауы. Өркеш-өркеш аппақ құмдардың жиегі – неше алуан балауса шөп өскен көкмайса шабындық, көкорай шалғын... Кейіпкерлерімнің көпшілігі де осы мекеннің тұрғындары, өзім көрген, өзім білетін адамдар» деп ағынан ақтарылады. Содан ба, жазушы әр туындысында Құмөзек адамдарының бір-біріне ұқсамайтын болмысы арқылы қайталанбас кейіпкерлер галереясын жасайды. Тұтас полотно! Ал олардың бәрі оқырман жадында жатталып қалатын дара бейнелер.

Бұл кейіпкерлердің мінезі мен тағдырына үңілген сайын жазушының адам жанының қатпарларын танудағы байқағыштығы мен әр образды даралай сомдайтын шеберлігі айқын аңғарылады. 

«Шырақшы Қалжігіттегі» Қалжігіт – әке аманатын орындап, Барақ батырдың басына шырақ жағуды өмірлік парызы санаған адал әрі қайсар жан. «Құм киесіндегі» Алданыш Жарылқасов – өз билігін асыра пайдаланып, халықтың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын аяққа басқан өктем басшы.

«Балық баққан әпендідегі» Оспанқұл – табиғатты сүйетін, өзен балығын қорғауға тырысқан аңғал әрі еңбекқор шал. «Күрең құнажынның уызындағы» Жантемір – Оспанқұлмен араздасып жүріп, ақырында онымен татуласатын ауыл адамы. «Бектеннің үйленуіндегі» Бектен – ұзақ уақыт бойы жалғыздықта өмір сүріп, ақырында отбасын құрып, бақытқа қол жеткізген бойдақ. «Ақпанбайдың қалжыңындағы» Ақпанбай – НЛО туралы өтірік әңгімесімен ауылды дүрліктіріп, жұртты күлкіге қалдырған қалжыңбас падашы. «Қасқыр иттің терісіндегі» Бекдауыл – қасқыр соқтым деген әңгімесіне ауылдастарын сендіре алмаған аңшы. «Тасымқұлдың шындығындағы» Құмөзектің аңшылары – аңшылық қызықтарын бастан кешіріп, ауыл тіршілігіне өзіндік реңк беретін кейіпкерлер. Тізе берсек, қаламгер Құмөзектің адамдары арқылы қазақ ауылының тұтас бір дәуірін бейнелейді. Автор бұл шығармаларында өзіндік стилімен, кейіпкерлердің ішкі психологиялық иірімдерін нәзік суреттеуімен ерекшеленеді

Мәди Айымбетовтің негізгі жанры – әңгіме. Бұл өзі майдан қыл суырғандай шеберлікті талап ететін күрделі жанр. Жазушының суреткерлік қарым-қабілеті де осы тұста айқындалады. Бұл тұрғыдан алғанда, Мәди аға су төгілмес жорғадай. 

Жазушы жоғарыдағы сұхбатында: «Жалпы, әңгіме – кейіпкер характерін мейлінше ұтымды әрі қысқа штрихтармен ашуға, образды типтендіруге, оқиғаны оймақтай қалыпқа сала қоюға өте ыңғайлы әрі қиын жанр. Көпсөзділікті көтермейтін, егер сәтті шықса, оқырманды жалықтырмайтын жанр. Хикаяттар да, роман да жазылды, бірақ әңгіме жазуға қашанда бүйрегім бұрады да тұрады» дейді.

Әйтсе де әңгімелерімен оқырманын баураған жазушының повестері де терең мазмұнымен ерекшеленеді. Онда қаламгердің суреткерлік шеберлігі айрықша қырынан танылады. Солардың ішінде шоқтығы биік шығарма – «Құлан-елес» повесі.

Бұл повесть – мистикалық-психологиялық сипатымен ерекшеленетін, экологиялық мәселелерді терең қаузайтын ғажап туынды. Онда құба далада жайылып жүрген құландардың тыныштығын бұзған қатыгездік пен табиғатқа жасалған қиянат суреттеледі. Әсіресе, құлан аулаушылардың оғынан құлынынан айырылған сағал құланның тағдыры оқырманға ауыр әсер етеді. Жүрегің сыздамай оқу мүмкін емес. Жазушы осы оқиға арқылы адам қолымен жасалған зұлымдықтың зардабын көрсетеді. Сонымен қатар, шығармада бактериологиялық тәжірибелердің жойқын қаупі мен адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігі сөз болады. Қорыта айтқанда, «Құлан-елес» – табиғатқа жасалған қиянатты әшкерелеп, адамзатты өз әрекетінің ауыр салдары туралы ойлануға шақыратын кесек туынды.

Табиғат пен адам тағдырын астастыра отырып, адамгершілік мәселелерін терең қозғайтын жазушы тарихи тақырыпқа да айрықша ден қояды.

Қазақтың арғы-бергі тарихында ел тағдырына ықпал еткен хандармен қатар, саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, қоғамдық өмірге араласқан әйелдер аз болмаған. Әйтсе де, олардың тұлғалық болмысын зерделеу кенже қалып келеді. Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романы осы олқылықтың орнын толтыратын сүбелі шығарма. Автор XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін Бопай Сүйіндікқызының тағдыры арқылы суреттейді.

Алғашқы басылымы 2021 жылы жарық көрген роман кейінгі жылдары қазақ тілінде екі рет басылып шықты. Сонымен қатар, шығарма орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, Ресейде және Ұлыбритания астанасы Лондонда жарық көрді. Бұл – тарихи туындының географиялық ауқымын кеңейтіп, шетелдік оқырманға да жол тартқанын көрсетеді.

Романның идеялық өзегін Бопай ханымның Әбілқайыр ханның жары болғандығымен шектеу тарихи тұлғаға жасаған қиянат болар еді. Бопай бейнесінің тарихи маңызын түсінуде ол өмір сүрген кезеңнің ерекшеліктерін ескеру қажет. XVIII ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін сыртқы қауіп-қатер күшейіп, ішкі саяси қатынастар күрделене түскен уақыт еді. Бір жағынан Жоңғар шапқыншылығы, екінші жағынан Еділ қалмақтарымен және Жайық казактарымен арадағы шиеленіс, сондай-ақ Ресей империясының қазақ даласына ықпалын кеңейтуге бағытталған саясаты ел басшыларынан күрделі шешімдер қабылдауды талап етті. Осындай сындарлы сәтте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жердің тұтастығын сақтау, ру-тайпалар арасындағы бірлікті нығайту мәселелері өзінен-өзі алдыңғы қатарға шықты.

Бұл уақытта Ұлы даладағы хандық биліктің айналасындағы саяси қатынастар да біркелкі емес еді. Өз мүддесін күйттеген сұлтандар мен билердің жеке амбициясы, оған сыртқы күштердің ықпалы саяси ахуалды күрделендіріп, ел ішіндегі алауыздықты күшейте түсті. Романның танымдық маңызы осындай тарихи оқиғаларды адам тағдырымен байланыстыра көрсетуімен құнды.

Әбілқайыр мен Бопайдың өмір жолы романда жеке тағдыр мен ел тарихының өзара сабақтастығы тұрғысынан өріледі. Олардың арасындағы байланысты тек екі жастың сезімі немесе отбасылық өмірі шеңберінде қарастыру кейіпкерлердің күрделі болмысын толық ашуға мүмкіндік бермес еді. Осы тұста басы ашық, бәріміз мойындайтын бір шындық бар. Ол – осы уақытқа дейін Әбілқайыр ханның тарихшылар тарапынан да, жазушылар тарапынан да өз бағасын толық алмай келгендігі.

Ал, Мәди Айымбетовтің басты ерекшелігі – Әбілқайыр туралы тарихи шындықты нақтылауға ұмтылуы. Яғни, Әбілқайыр ханның Ресеймен қарым-қатынасын бодандық ұғымынан бөлек қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, «Бопай ханым» романы Әбілқайыр ханның тарихи тұлғасына қатысты қалыптасқан кереғар көзқарастарды қайта пайымдауға жол ашатын туынды, ал автор бұл мәселеге көркем шығарма аясында алғашқылардың бірі болып қалам тартқан қаламгер ретінде қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптың аясын кеңейтіп, ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге үлес қосқан суреткер ретінде бағалауға лайық.

Тарихи романда Бопай мен жас сұлтан Әбілқайырдың алғаш танысуы нанымды баяндалады. Аң аулау кезінде аттан құлап, жарақат алған жас сұлтанды Сүйіндік ауылының жігіті Мырзатай тауып алып, үйіне жеткізеді. Бопайдың емшілік қасиетін білетін ағасы оған жаралы сұлтанды емдеп, күтім жасауды тапсырады.

Бопай Әбілқайырға қамқорлық танытып, оның сауығуына көмектеседі. Сұлтан Мырзатайдың үйінде жиырма күннен астам жатып, біртіндеп қалпына келеді. Осы уақыт ішінде Бопай екеуі бір-бірін жақынырақ танып, араларында жылы сезім оянады. Бұл оқиға болашақ ханымның мейірімділігі мен жанашырлығын көрсетеді. Оның жаралы сұлтанға көмек көрсетуі – екеуінің тағдырын тоғыстырған маңызды сәт. Автор осыны ұтымды пайдалана білген.

Әбілқайырдың саяси беделі өскен сайын Бопайдың өмірі де елдік мәселелермен тығыз байланыса түседі. Ханның сенімді серігі болу оған отбасының ғана емес, мемлекеттің де мүддесіне қатысты мәселелерді түсінуге кеңірек жол ашады. 

Романда Бопайдың тұлғалық ерекшелігі оның байқағыштығынан, сабырынан, адам мінезін аңғара білуінен анық көрінеді. Бұл қасиеттер оны тек хан әулетінің өкілі ретінде емес, қоғамдық ортада өзіндік ойы мен ұстанымы бар тұлға ретінде қарастыруға негіз болады. Романның көркемдік шешімі де осында жатыр. 

«Бопай ханым» романындағы тарихи тұлғалар жүйесінде Шақшақ Жәнібек батыр айрықша орын алады. Батырдың бейнесі көбіне ел қорғау, саяси мәміле жасау және қазақ қоғамындағы бірлікті сақтау мәселелерімен сабақтасып жатады. Жәнібектің Әбілқайырмен байланысын осы тұрғыдан қарастыруға болады. Олардың арасындағы қарым-қатынас жеке достықтан гөрі ортақ саяси мүдделермен ұштасып жатады.

Романдағы Бопайға құда түсу оқиғасы кейіпкерлер арасындағы байланыстың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде көрінеді. Әбілқайыр Төле бидің тәрбиесінде болған Бопайға үйлену жөніндегі ниетін жүзеге асыру үшін сенімді серіктерімен ақылдасады. Бұл іске Бөкенбай батыр мен Шақшақ Жәнібектің қатысуы құдалықтың жеке отбасылық мәселе ғана емес, бедел мен сенімге негізделген қоғамдық қатынас екенін аңғартады.

Төле бидің алдына барған Жәнібек Әбілқайырдың жеке қасиеттерін таныстырып, оның болашақтағы мақсаты мен ел алдындағы жауапкершілігін негіздеуге ұмтылады. Осы тұста батырдың шешендігі, адам тану қабілеті және сөзді саяси мақсатқа сай қолдана білуі алға шығады. Құдалық оқиғасы арқылы жазушы Жәнібекті Әбілқайырдың сенімді серігі әрі ортақ іске жауапкершілікпен қарайтын тұлға ретінде танытады.

Әбілқайырдың Кіші жүз ханы болып сайлануы да шығармадағы билік пен ел бірлігі мәселесін ашуға мүмкіндік беретін маңызды оқиғалардың бірі. Қазақ қоғамында билікке қатысты көзқарастың әртүрлі болуы, сұлтандар арасындағы бәсекелестік пен сыртқы қауіптің күшеюі хан таңдауын күрделі саяси мәселеге айналдырып жібереді. Осындай жағдайда Шақшақ Жәнібектің Әбілқайырды қолдауы арқылы жазушы жеке бастың мүддесінен елдің қорғанысы мен тұрақтылығын жоғары қою идеясын ұсынады.

Әбілқайыр ханның Ресеймен байланыс орнатуға ұмтылысын бейнелеуде автор тарихи кезеңнің қайшылықтарын ашуға назар аударады. Тевкелев бастаған елшілердің келуі арқылы қазақ қоғамындағы көзқарастардың әртүрлілігін көрсетеді. Бір тарап Ресеймен жақындасуды сыртқы қауіптен қорғанудың жолы деп қарастырса, екінші тарап ел дербестігіне төнуі мүмкін қатерге алаңдайды. Осы қарама-қайшы ұстанымдарды қатар көрсетуі жазушының тарихи оқиғаларды біржақты бағаламай, олардың саяси мәнін ашуға ұмтылатынын аңғартады. Шығарманың негізгі идеяларының бірі – ел тағдырына қатысты шешімдердің күрделілігін көрсету.

Бопай ханымның мемлекеттік мәселелерге араласуынан тұлғалық болмысын танимыз. Әбілқайыр жорықта немесе сыртқы саяси істермен айналысып жүрген кезде хан ордасындағы міндеттердің бір бөлігін Бопайдың атқаруы оның жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. Автор Бопай бейнесін тек ханның жары ретінде шектемей, ел ісіне араласатын, өз ұстанымы бар қайраткер деңгейінде көрсетеді. Бұл – тарихи кезеңдегі әйелдің қоғамдық маңызын айқындайтын көркемдік шешім.

1748 жылы Әбілқайыр ханның қаза табуы оның отбасына да, Кіші жүздің саяси өміріне де елеулі өзгеріс әкелді. Хан өлгеннен кейін билік мәселесі қайта көтеріліп, мұрагерлік билік сабақтастығына қатысты туындаған қайшылықтар Бопайдың да өміріне әсер етеді. Осы арқылы жазушы тарихи өзгерістердің кейіпкерлердің жеке өміріне ғана емес, тұтас қоғамның болашағына ықпал ететінін көрсетеді.

Тарихи мәліметтерде Бопайдың Нұралы сұлтанның хан сайлануына қолдау білдіргені және Шақшақ Жәнібектің де осы бағытты қолдағаны айтылады. 1748 жылғы 2 қазанда Бопайдың ауылында өткен келісім осы саяси үдерістің маңызды кезеңдерінің бірі ретінде көрсетіледі. Бұл эпизодта автор биліктің сабақтастығы, өзара келісім және ел ішіндегі тұрақтылық мәселелерін алға шығарады. Бопайдың осы үдеріске қатысуы оның саяси оқиғаларға ықпал ете алатын тұлға екенін көрсетіп, кейіпкер бейнесін тереңдете түседі.

Әбілқайырдан кейінгі кезең Бопайдың дербес тұлғалық болмысын айқындай түседі. Егер бұрын ол ханның өмірлік серігі әрі кеңесшісі ретінде көрінсе, енді оның жеке саяси ұстанымы мен шешімдері алдыңғы қатарға шығады. Мәди Айымбетовтің шеберлігі – кейіпкердің өмір жолын уақыт өте өзгеріп, күрделене түсетін үдеріс ретінде көрсетуінде. Осы арқылы автор әйелдің тарихи рөлін отбасы шеңберінен кеңейтіп, ел тағдырымен сабақтастырады.

Ал Романдағы Барақ сұлтан бейнесі билік үшін күрестегі бәсекелестік пен саяси мүдделердің қайшылығын ашуға қызмет етеді. Барақ пен оған қатысты оқиғалар Бопай өмір сүрген ортаның саяси қайшылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жазушының бұл тұстағы мақсаты – тарихи тұлғалардың әрекетін олар өмір сүрген заманның саяси жағдайымен байланыстыра көрсету.

Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романындағы авторлық шеберлік тарихи оқиғаларды кейіпкер тағдырымен сабақтастыра бейнелеуінде. Жазушы Әбілқайыр, Бопай, Жәнібек, Барақ сұлтан және тағы басқа образдар арқылы билік, ел бірлігі, саяси жауапкершілік және ұлттық мүдде мәселелерін көтереді. Әсіресе, Бопай бейнесінің біртіндеп дербес саяси тұлға ретінде ашылуы шығарманың идеялық маңызын арттырады. Автордың негізгі ойын ел тарихында әйелдердің де маңызды рөл атқарғанын көрсету және тарихи тұлғалардың іс-әрекетін халық тағдырымен байланыстыра бағалау деп қабылдадық.

Мәди ағаның шығармашылығын тұтастай алсақ, оның көркемдік ізденістерінің өзегінде адам тағдыры тұрғанын аңғарамыз. Шығармаларына тән ортақ қасиет автордың кейіпкердің ішкі әлеміне үңілуі дер едік. Қаламгер туындыларының ғұмырлы болуы осы қасиеттерге байланысты. Құмөзектің қарапайым адамдары арқылы тұтас бір дәуірдің тынысын сездірген, табиғат қасіреті арқылы адамзаттың жауапкершілігін еске салған, тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы елдік мәселелерді қозғаған жазушының шығармашылық мұрасы оқырман назарын әлі де өзіне аудара бермек.

Қаламынан туған құнды дүниелері оқырман жүрегінен орын алған сексеннің сеңгіріндегі қаламгерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз. 

Ұлт тарихын ұлықтаған тағылымды туындыларыңыз әдеби мұрамызды байыта берсін! 

Мұхарбек Жәкейұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan