Алпысыншы жылдары қазақ қаламгерлері қалай жапа шекті?

Жазушы Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» романында жоғарыдағы сұраққа молынан жауап берілген: «…Жалпы осы жылдары қазақ мәдениетіне қарсы соншалық бір аяусыз, әділетсіз, жүгенсіз шабуыл басталды. Бұл отыз жетінші жылдардағы әдебиетімізге төнген қара бұлт, қасіреттен кейінгі бір ауыр кезең, қарғыстай тиіп, қырсықтай жабысқан кесір еді. Әуезовтің жоқтығы да осы жолы көрінді. Қазақ әдебиетін осы қырсықтан арашалап, қол ұшын созған, оның тазалығын, ұлылығын сақтауға тырысқан әрекет болмады. Әркім өзінің басын сауғалап, өз бетімен кете барды.»

152

Алпысыншы жылдары қазақ қаламгерлері қалай жапа шекті? - adebiportal.kz

Қазақ жазба әдебиетінің тарихын Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі кезең деп бөліп жүрміз. Сондай-ақ, қазіргі әдебиетіміздің даму барысын да Әуезовке дейінгі, Әуезовтен кейінгі кезеңдер деп бөлуге болатын сияқты. Ұлы тұлғалар да бүкіл бір халықтың әдебиеті мен өнерінің бүтін бір кезеңінің үлкен тірегі, жол айрық шегі бола алады екен. Дәл қазір әдебиетті осылай қақ жарып, сол кезеңдердің тұлғасы, символына айналып, өз творчествосымен тұтас бір дәуірді ашып, ол дәуірдің биігі, сол биікке тіккен жалауы бола алатын ұлы бейнені қазір көре алмай тұрмыз-ау. 

Біздер бүтін бір кезеңге осындай алып тұлға болған ұлы Әуезовтен кейінгі алпысыншы жылдардың басында әдебиетке араластық. Бұл қазақ әдебиетінің Әуезовтен айырылып, орнын жоқтап жетімсіреген шағы еді. Әуезовтің жоқтығы да болар, осы жылдары әдебиетте ұсақ-түйек айтыс-тартыстар басталып, ұлы жазушының көзі тірісінде шектен шығармай мысы басып келген кішігірім жазушылар тым еркінсініп, әдебиеттің төрінен орын іздеп, талант жарысынан көрі бақталастықтан, жалған атақ пен қолдан жасалған дақпырттан туған «ұлылықтан» дәмете бастады. Қазақ әдебиетіндегі кейбір келеңсіз жайлар, көркемдік шеберлікті төмендеткен осы бір бақталастық, ұлы жазушыдан кейін орны толусыз қалған үлкен биікке қол созған ұсақ әрекеттер осы кезде етек алды. Атасыз қалған жүгенсіз балалардай кейбір жазушылар әдебиетте өз орны бар, ел қадіріне ие болған үлкен жазушыларға тіл тигізіп, топ құрып, әдебиеттің осыған дейінгі бір жақсы деңгейі — сыйластық, қадірмендік, бір-бірінің творчествосына әділ қарап, әділ баға беру сияқты жақсы қасиеттерінен айырыла бастады. 

Жалпы осы жылдары қазақ мәдениетіне қарсы соншалық бір аяусыз, әділетсіз, жүгенсіз шабуыл басталды. Бұл отыз жетінші жылдардағы әдебиетімізге төнген қара бұлт, қасіреттен кейінгі бір ауыр кезең, қарғыстай тиіп, қырсықтай жабысқан кесір еді. Әуезовтің жоқтығы да осы жолы көрінді. Қазақ әдебиетін осы қырсықтан арашалап, қол ұшын созған, оның тазалығын, ұлылығын сақтауға тырысқан әрекет болмады. Әркім өзінің басын сауғалап, өз бетімен кете барды. 

Меніңше, осыған екі түрлі себеп болды. Біріншісі, жаңағы Әуезовтен кейінгі жазушылар арасындағы келеңсіз қылықтар, бақталастық, айтыс-тартыс, есе қайыру, әдебиет қамы емес, өз жайын күйттеген ұсақ-түйектік, бір-бірін кеміту, сол арқылы қасиетті орда – әдебиеттен орын теуіп, азапты еңбексіз, творчестволық ізденіссіз атаққа ие болу ниеті еді. Екінші себеп – басты себеп деп ойлаймын. Қазақ қашанда, еліктегіш, қашанда біреу дем берсе, дүрлігіп, аттан салып көтеріліп шыға келетін халық емес пе. Еліктеуге келгенде алдына жан салмайды. Қашанда орталыққа, Москваға жалтаңдап, сонда не болса, соны айнытпай қайталауға дайын тұратын ежелгі әдеті емес пе. Осы кезде дәл осындай бір еліктейтін, айнытпай салатын үлгінің ұшы көрініп тұрды. Талай адамға дәл осы кезде Орталыққа көрініп, көзге түсудің орайы туып, сәті түсе кетті. Алпысыншы жылдардың басында еліміздің басшысы Н.С.Хрущевтің Москвада творчестволық интеллигенциямен өткізген кездесулері, әдебиеттегі жат идеологияны әшкерелеуі, талай жазушыларға бүйідей тиіп, балағаттауы, Манеж алаңындағы көркемсурет көрмесінде болып, өзі түсінбеген суретшілердің еңбегіне ырын қарап, жауқазындай бой көтеріп келе жатқан талантты жастарды құбыжық етіп, талқандап, талай жылдар бойына олардың творчествосына кесірін тигізген еді. Сол кездерде поэзия жиегіне жаңа көтерілген атышулы орыс ақындары да сыбағаларын алды. Әдебиет пен өнерді, творчество табиғатын түсінбейтін, оған өресі де, сауаты да жетпейтін ел басшысы идеологияның тірегі – әдебиет пен өнерге авантюристік, солақайлық, білімсіздікпен араласып, кесірін тигізді. 

Осындай науқан кезінде біздің қазақ жұрты орталықтан шеттеп, бөлек қалушы ма еді. Көктен тілегендері жерден табылғандай болды. Әсіресе білекті сыбанып, шабуылға шыққан Исмаил Юсупов пен Нұрымбек Жандилдин болды. Алғашқысы республикалық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, екіншісі идеология жөніндегі хатшымыз еді. Оларға үгіт және насихат бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Логинова деген әйел қосылды. Бұлар жұбын жазбай әдебиет пен өнер саласына атой сала тиісіп, творчество адамдарының соңына шырақ алып түсті. 

Әлі есімде, үкімет үйінің залында республикалық творчество қызметкерлерінің жиналысы өтті. Юсупов та, Жандилдин де ұзақ баяндама жасады. Қазақ мәдениетінің тарихындағы ең бір масқара жиналыс осы болар-ау. Екеуі де мәдениет пен әдебиетке аямай күйе жақты. Қазақ мәдениетін масқаралауға келгенде екеуі де бір-бірінен асып түсуге тырысқандай жарысып, таласа сөйледі. Әрқайсысы қара күйенің бояуын баттастырып, қоюлата түскісі келгендей, асыра сілтеп, сорақы фактілер мен мысалдарды жіпке тізіп, әдебиет пен өнер қайраткерлерін жерден алып, жерге салып, жерге қаратты. Көрінеу көзге жала жабылды. Ол баяндамаларды талдап, баға беріп жату бұл кітаптың міндеті емес, бірақ сондағы кейбір сорақы, солақай айыптарды, арандатушы әрекеттерді айта кеткім келеді. 

Бұл екі хатшының да трагедиясы – Хрущевтің трагедиясынан айнымайды. Екеуінің де аянышты жайы – идеологияның бар саласын игеріп, творчествоның міндетін, табиғатын жете меңгердік деп жазушыларға да, басқа творчество қызметкерлеріне де ақыл айтып жол сілтейтін данышпан екендеріне кәміл сенуі еді. Екеуі де қазақ мәдениетінің тарихында абыройсыз орын алып, жаман атаққа қаламыз деп ойлаған жоқ шығар. Екеуі де кейін Хрущев орынан түскен соң, тарихтың жиегіне ысырылып, халықтың ызасына, қарғысына ілікті. 

Жандилдиннің басты кемшілігі, абыройсыз әрекеті – қазақ өнерін европалық деңгейге жеткізем деп талпынуы еді. Озық қазақтың өнерін, дәстүрін европалық мәдениетпен ауыстырмақ ниеті болды. Қазақтың ұлттық дәстүрін, өнерін құбыжықтай көрді. Жарайды, халықтың бесбармағын басқа да тағамдарынан, қасық шанышқы пайдаланбауынан, жерге отырып тамақ жеуінен, басқа да әдет-ғұрпынан, дәстүрінен кемшілік іздеп, кертартпалықтың белгісін тапқанын айтпас едік. Қазақтың әдет-ғұрпынан, дәстүрінен үрке қашу жалғыз Жандилдин емес, сол кездегі жалпы үкімет басындағы ел басқарған қазақ азаматтарының, партия, совет қызметкерлерінің, жоғарғы орындағы чиновниктердің әдеті еді. Тегіс шетінен Европалық мәдениетке қолдарын жеткізуге құлшынып, ұлттық дәстүрді, жалпы ұлттық қасиет, ұғымды өмірден, тұрмыстан аластатып, мәдениеттің биігіне көтерілуге атсалысты. Бұл да заңды құбылыс еді. Кеше ғана кедей-шаруа тегінен шығып, қырдың қиыншылығын бастан кешіп, отызыншы жылдардың қудалау кезінде, халықтың ең маңдайалды жайсаңдары шұғылалы болашақ үшін құрбандыққа шалынғаннан кейін, сол орынға қолдары жеткен, бірақ білімі таяз, көрген-білгені аз белсенді басшылар, шенқұмар азаматтар қазақ дәстүрінен аулақ тұруға тырысты. Шүлдірлеп шала сөйлесе де орысшалап, үйінде балаларымен тек орыс тілінде ғана тілдескен елдің бас көтерер азаматтарының сиқы осындай болатын. Олар халықтың, елдің өнерін қастерлеп, дәстүрін сыйлап, өмірін көгертетін жандар емес еді. Жандилдин тек осындай көп басшының бірі ғана. Сондықтан оның қазақ дәстүріне, өнеріне, әдебиетіне қарсы шығуы – заңды нәрсе. Ол өзінің шайқасын алдымен қазақ домбырасымен, ұлттық аспаптар оркестрімен жауласудан бастады. Сол жиналыстағы ұзақ баяндамасында ең алдымен осы қазақ домбырасы мен оркестрінің ролін кемітіп, төмендетуден бастады. Оны түбі таратып, симфониялық оркестрмен ауыстыру керек екенін, сол арқылы европалық мәдениеттің дәрежесіне жету қажет екенін дәлелдеуге тырысты. Қазақ өнері озық мәдениетке симфониялық оркестрмен емес, өзінің ұлттық өнерімен, ұлттық нақышымен, өзіндік қасиетімен, ерекшелігімен ғана жететінін түсінгісі келмеді. Түсінбеген адамнан не сұрайсың. Ұлттық аспаптар оркестрінің орнына симфониялық оркестр құрып, қазақ әндерінің орнына симфониялық музыка жазу керек деген пікірге барды. Мінбеден ұлттық дәстүрде жасалған қолөнер үлгілерін, Қыз-Жібектің керамикадан салынған мүсіндік бейнесін, қазақ жазушыларының кітаптарының мұқабаларын сынап, әсіресе Мақан Жұмағұловтың «Қыран қияда мерт болады» романының мұқабасындағы Аманкелдінің суретін келекелеп, оның бәрін абстракционизмнің жат үлгілеріне жатқызды. Қазақ ақындарының өлеңдеріне де тиісіп кетті. Төлеужан Исмайыловтың «Материализм және эмпириокритицизм» атты ұзақ өлеңін, сол кезде поэзияға жаңа араласа бастаған Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Жүсіп Қыдыров, Оразбек Сәрсенбаевтың өлеңдеріндегі жеке шумақтарын сынға алды. Жандилдиннің осы сыны әсер етті ме, жоқ әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір Әбіш пен Оразбек содан қайтып өлең жазуды қойып кетті. 

Бұл науқаннан жапа шеккен адамның бірі Ахмет Жұбанов дер едім. Осы жиналыстағы әділетсіз сындардың, қиянаттың салқыны тимей қалған жоқ. Қазақтың музыкалық өнерінің негізін қаласқан үлкен ғалым, композитор «СССР халық артисі» деген атаққа ұсындырылмады, жаңағы белсенді идеологтар, европалық мәдениетке талпынған басшылар оның бұл атақты алуына қарсы болды, жалпы ұлттық өнер одақтық атаққа жарамайды деп санады. Кейін талай композитор осы атақты оңай алған жоқ па. Ал, ұлттық музыка өнерінің негізін қаласқан, жаңағы биік атақты композиторларды өзі тәрбиелеген академик бұл атаққа жарамады. Осының бәрі А.Жұбановтың өмірін қысқартпады деп айта аламыз ба? 1958 жылы Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтетін болып, оған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін апару керек пе, жоқ па деген мәселе туғанда, онкүндікті өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Кәріпжанов «Оркестрді апарудың қажеті бар ма? Москвада ол кімге керек?» деген екен. Білімсіз, өресіз басшының мына өрескел, тұрпайы қылығына ашуланған Жұбанов «Кәріпжановты өлген соң халық тез ұмытуы мүмкін, ал Құрманғазы халықтың өмірінен мәңгілік орын алады» депті. 

Юсупов идеология жөніндегі хатшыдан асып кетпесе, кем түспеді. Қазақтың мәдениет қайраткерлерін масқаралауға келгенде, шабыт біткендей онды-солды жұдырығын сілтеп, мінбені ұрғылап, қиратып кете жаздады. Шын мәнінде әдебиет пен өнерді жерлеп, жер-жебіріне жетіп, желкелегендей болды. Әдебиет пен өнер қайраткерлері бір-бірінің бетіне қараудан қалды. Жандилдин қазақ жазушыларын идеялық жағынан сынаса, Юсупов моральдық жағынан тиісті. Қазақ жазушыларын сынаған кезде өші кеткендей кіжініп, айқай салды. Тура Хрущевтің Қазақстандағы кішкентай үлгісі, ергежейлі бейнесі еді. Тіпті, шынына келгенде, Хрущевтен де асып түсті. Юсупов баяндамасында жазушыларға қатты шүйілді. Ә. Нұрпейісовтің бір жыл бойы партиялық мүшелік жарнасын төлемегені, Б. Момышұлының моральдық бейнесі, семья жайы да әңгіме болды. Әсіресе бір топ әдебиет пен өнер қайраткерлерінің 26 адамның моральдық азғындығын әшкерелеген кезде, тұтығып, бет-аузы қып-қызыл боп ісініп, айқай салып, айтпаған сөзі қалмады. Бұл бір дәлелденбеген, қазақ жазушылары мен артистерін масқаралау үшін әдейі жасалған арандатушылық әрекет еді. Қазақ филармониясының артисі ме, жоқ әлде администраторы ма, соның аты аталып, арнайы пәтер жалдап, жезөкшелер ордасын ұйымдастырды деген жала жапты. Бұл топтың көптен бері бақылауға алынғаны, баратын адамдардың саны 26-ға жеткізілді. Оның ішінде біраз белгілі, атақты адамдардың аттары аталды. Жазушылар қарап жүре ме, мұны да келекелеп, «Бакудың 26 комиссары» деген атақ тағып, сол тізімнің ішінде аты аталғандарды келемеж етіп жүрді. Артынан мұның бәрі жалған жала боп шықты. Қазақтың маңдайалды азаматтарын қорлап, мазақтау үшін осындай лақап таратып, арандатуға дейін барды. Оны ұйымдастырушылар республиканың басшылары еді. Өздерінің бір күнгі абырой-атағы үшін қазақ өнері мен әдебиетін осылай қорлап, құрбандыққа шалды. 

Бұл сол кездегі жағдайдың түрі еді. Бірақ соған қарамастан әдеби өмір қызық та мазмұнды, маңызды болды. Сол жылдары қазақ әдебиетінің алыптары – Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндердің 60 жылдық тойлары өтті. Бұл жазушылардың туған күніне арналған жеке той емес, бүкілхалықтық мерекеге айналды. Осы тойға арналған жиындарға билетті жалынып-жалпайып, қиылып жүріп зорға таптық. Бүкіл интеллигенция, ғылыми, әдеби, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тегіс қатынасып, ине шаншарға жер табылмады. Сол мерекелерді қазіргі юбилейлермен салыстырсақ бүгінгі жиындарға көңілің толмай, қарның ашады. Кей жиындарға адам жиналмай, тіпті жазушылардың өздері де бас сұқпай, мектептерден, оқу орындарынан бала-шаға жинап әлек боламыз. Бұл да бір жағынан кәзіргі қоғамдық ынтаны, адамдардың рухани талап-тілегін, дәрежесін көрсетсе, сонымен бірге әдебиетіміздің іргетасын қалаған жазушылардың ұлылығын, сол кездегі әдебиетке деген халықтың сүйіспеншілік ықыласын білдірді. 

Жаңағы қоғамдық өмірдегі қайшылықтар, солақайлықтармен бірге бұл кезеңде әдебиетте келелі шығармалар туып, айтыс-тартыстар өтті. С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Қ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды», «Көз көрген» романдары жарияланып, осының төңірегінде қанша айтыс-тартыстар болып, сын пікірлер айтылды. Бұл әдебиеттегі елеулі оқиғалар еді, әдебиеттің бұдан былай өсіп-дамуына, жетілуіне ықпал етпей қойған жоқ. Әдебиетке жаңа қадам басқан жастарға үлкен белес, шеберлік мектебі болды, сөзсіз ықпал жасады. Осы мектептен өтпеген қазақ жазушысы жоқ шығар. 

Әуезов дүниеден қайтқан соң, бұл алып топтың да бұрынғы творчестволық қарқыны бәсеңдегендей болды. Талай жыл бойы жазушылар одағын кезек басқарып жетекшілік етіп келген бұлардың орнына енді кейінгі ұрпақ, басқа топ келіп іске араласты. Бұлай болды деудің өзі де жаңсақтық болар еді. Қатар ілескен екі ұрпақтың әдебиетті, оның міндетін түсінуі, таланты, шеберлікті игеруі, әдебиетке жан-тәнімен берілуі, жалпы ұғымы, тәжірибесі әртүрлі еді. Алғашқы топ әдебиетті, жазушылықты құдай берген дарын, талап деп түсініп, соның қиын да азапты жолына түсіп, бар ауыртпашылығын, жүгін мойымай көтеруге белді бекем буса, екінші топ оны оңай кәсіп, табыс, жұрт көзіне түсудің жеңіл жолы деп санады. Сондықтан болар, әдебиетке келушілердің, соның маңынан күн көрушілердің саны күн санап көбейе берді. Әдебиет те биіктеп, тереңдей түспей, жайылып, жайдақталып, таяздап кетті. 

Дәл алдында үйреніп, үлгі тұтатын адам аз еді. Бізден жасы да, өмірлік тәжірибесі де, әдебиетке келу жолы да бөлек үлкен ағалар тобы біздің алдымыздағы топтан да әрірек, оқшау тұр еді. Жасы да, тәжірибесі, жазушылық жолы да бізге жақын алдыңғы топтан гөрі біз сол арғы топ – әдебиеттің ақсақалдарын үлгі-өнеге еттік, соларға талпындық, соларша жазып, әдебиетті қастерлеуге тырыстық. Бірақ бұл ниетіміз кейде жүзеге аспай тым ұсақтап төмендеп кетсек, соның бәрі алғашқы алып топтың емес, солардың соңынан ілесе келіп, солармен жағаласып, жағасынан алған, Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтерге тілі тиген, үлкенді сыйламай, кішіні қадірлемей жатбауыр болған ортадағы аға буыннан алған тәлім-тәрбиеміз, солардан жұққан мінезіміз еді. 

Қаншалықты өкпе айтып, реніш білдірсек те, осы ағалардың соңын ала, жетегіне ере 60-шы жылдары әдебиетке келдік. Осы жылдары әдебиетке алғаш қадам басқан бір топ жастар алдыңғы ағаларынан гөрі, өзара бір-бірінен үйреніп, бір-біріне еліктеп, бір-бірінен тәлім-тәрбие алған сияқты. Бұлардың творчестволық мектебі – өз ортасы еді. Мен өз әсерімді ғана айтып отырмын. Маған алдыңғы буын аға жазушылардан гөрі, өз қатарластарым қатты әсер етіп, ықпал жасады. 

1969 жылы наурыз айында бір топ жазушы Москваға жас жазушылардың бүкілодақтық V кеңесіне бардық. Республика делегациясының құрамында бүгінде белгілі қазақ жазушылары Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Қалдарбек Найманбаев, Марфуға Айтқожина, Дүкенбай Досжанов, Ақұштап Бақтыгереева, Өтеген Күмісбаев, Сәтімжан Санбаев, Шоқан Әлімбаев, Ахметжан Аширов, Валерий Буренков бар еді. Секциялық отырыстарда мен прозашылар тобында болдым. Біздің топқа Шыңғыс Айтматов, Григорий Коновалов, Кочетовтар жетекшілік етті. Біраз мәжілісімізге сол кезде СССР Жазушылар одағындағы қазақ әдебиетінің өкілі Тәкен Әлімқұлов та қатысып жүрді. 

Сол жылы шілде айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жаңа ашылған мәдениет бөліміне қызметке ауыстым. Бұған дейін қызмет істеген мекемелерім – «Лениншіл жас» газеті, Алматы қалалық партия комитеті, Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты еді. ( жарияланымның басқы бөлігін мына сілтеме бойынша оқи аласыз)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan