Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Абыл Тілеуұлы. Әліппе термесі...

05.07.2017 7040

Абыл Тілеуұлы. Әліппе термесі 12+

Абыл Тілеуұлы. Әліппе термесі - adebiportal.kz



Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Әліп»,

Атасы Әзіреті Ғали–Әбутәліп.

Жан беріп күнәһәрді тірілтіп ап

Тарттырар көр азабын отқа салып.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Би»,

Көреді иманды құл Алладан сый.

Қылығы бұ дүниеде жаққан құлға

Сайланар сегіз ұжмақ ішінен үй.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Ти»,

Көңіліңді беріп Хаққа, нәпсіңді тый,

Құдайдан шыныменен қорықсаңыз

Таста да харам нәпсі, адалдан жый.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Си»,

Пәк тұтып киіміңді тазадан кйй.

Алланың ақ бұйрығы келген күні

Еркіңмен мойныңды ұсын, жаныңды қый.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Ки»,

Озады ошағына тер төккен үй,

Ас ішсең бір қазаннан бір қауым жан

Меймансың бір-біріңе, көрсетші сый.

Әріпті жыйырма тоғыз келеді «Жұм»,

Малынан зекет бермес кей жаман сұм.

Зекетін көзі қыйып бермегенмен.

Өлгенде көзге толар топырақ-құм.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «һай»,

Жаманға жанап кетсең салар айқай.

Шайтанның мейманасы тасымасын,

Жақсыны хан көтерші даңқына сай.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Дал»,

Ғалымға көп білетін құлағың сал.

Тоқысаң ғылым сөзін бойға жыйып,

Ақылдан жұтамайтын құрадың мал.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Зал»,

Ійеңді жан бітірген жадыңа ал.

Шыбының тастап сені кеткен шақта

Қалмайды ара тұрып жыйнаған мал.

Әріпте жиырма тоғыз келеді «Жын»,

Пендеге махшар күні болады сын.

Қарындас, ораза ұста, намаз оқы

Жаныңның тазалығы – дінің үшін.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Ре»,

Жүреді желеп-жебеп ердің пірі.

Тірлікте «Алла» деген ақ пенденің

Жанында өлген күні қалмас кірі.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Зе»,

Мұсылман, көңлің тазарт, дінің түзе.

Сұраушы көр ішіне келген кезде,

Қақпайды күнәң үшін діріл тізе.

Әріпте жиырма тоғыз келеді «Тай»,

Сүйекте өлсең тұрмас ет пенен май.

Шіриді тәнің-қаның, ал жан қайда?

Күнәмді, артық айтсам, кешір, Құдай.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Зай»,

Көрінде иманды жан жатады жай.

Қылығы бұ дүниеде жаққан құлдың

Жаны да о дүниеде иманға бай.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Сат»,

Адамға өлсе дайын болады зат.

Жақсылық – жамандықтың арасында

Періште екі иініңде жазады хат.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Зат»,

Кебіні нәрестенің жалаңқабат,

Тақылдап тілін безеп жүргендерден

Сұрасаң бере алмайды жауап қымбат.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Айын»,

Сыйламас жаман қатын келген байын.

Абалап ел көзінше шаптығады,

Өлтіріп мың-сан рет өлген сайын.

Әріпте жыйырма тоғыз келер «Ғайын»,

Һүр қызы имандыға болар дайын.

Әйелге бұ дүниеде ерін күткен,

Төрінен сегіз ұжмақ қылар жайын.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Пи»,

Пенделер, ізетпенен иманды жый.

Жетімнің жұлып-тартып ауызынан,

Боқтықты «дүние» деп жыйғанды тый.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Кеп»,

Жүреді періштелер қамыңды жеп.

Жаратқан бар әлемді Құдіретке –

Табыншы қасиетке «Бір Алла» деп.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Қап»,

Тірінің о дүниеге бармағы хақ.

Жүрегі адал жанға ары алдында

Болады махшар күні Алласы жақ.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Нұн»,

Алланың әміріне мойныңды ұсын.

Күнәлі іс ақыретте жаман дейді,

Мәңгілік күтер алдан қараңғы түн.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Уау»,

Өлгенде жеті мүшең өзіңе жау.

Қылығың бұ дүниеде жақпаса егер,

Қыймылдап аузы-басың қылады дау.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «иәй»,

Күтеді сегіз ұжмақтан жаратқан жай,

Ақылға, шарапатқа бейіл болсаң

Иманды сол әріптер таратқандай.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Ләм»,

Ұжмақтың бәріне ійе иманды жан.

Бес парыз мұсылмандық бойда болса,

Алланың нұрын шашып атады таң.

Әріпте жыйырма тоғыз келед «Мүйім»,

Садақа – әруаққа берген сыйың.

Тіріде көзі қыймай жыйнағанмен,

Өлгенде имансызға болар қыйын.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Вав»,

Тұрмасы бұ дүниенің басыңда хақ.

Көрсет те шыдамдылық тауқыметке,

Пәниден кетпей тұрып қанағат тап.

Әріпте жыйырма тоғыз келеді «Иә»,

Адамның көзі тоймас дүнияға.

Құнықпа келген олжа-табысыңа,

Жүгінші ар-ұят пен қайырына.

Әріпте жиырма тоғыз «Ләм-әлиф»,

Жаратқан күллі әлемді Алла Халиф.

Түйіні әліппенің тоғыз торап,

Түсініп ұққандарға бұл бір ғажап.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар