2020 жылы 21 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасы, «Абай академиясы» ҒЗИ және Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының ұйытқы болуымен Адамзаттың алыбы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай мұрасын талдаудағы жаңа ұстанымдар» атты ғылыми семинар өтті. Семинарға астана қалалық жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, арнаулы кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқытушылары, ЖОО оқытушылары мен докторант, магистранттары қатысты.
Ғылыми семинардың басы әдеттегі жиындардан өзгеше, яғни «Абай жолы» атты сурет-туынды түрінде ұйымдастырылған көрмемен басталды. Келген қонақтарды көрмемен ЕҰУ «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі С.Ахметова таныстырды. Көрмеге белгілі суретші, «Абай жолы» роман-эпопеясына графика арнаған Е.М.Сидоркиннің еңбектері қойылған.
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры А.Кашаева жиыннның ашылуына арнап сөз сөйледі. Одан кейін сөз тізгінін қолына алған ғылыми семинардың модераторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Аймұхамбет жиынға келген қонақтарды таныстыра келе, жиынның негізгі мақсатына тоқталды. Кіріспе сөз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлына берілді. Д.Қамзабекұлы сөз барысында «Абай мұрасын заманауи ұрпақтың санасына қалай жеткізе аламыз?!» – деген сұраққа жауап беріп, Абай қозғаған толық адам концепциясына кеңінен тоқталып өтті.
Ғылыми жиынның келесі сөз кезегін университетіміздегі «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты директоры Е.Сайлаубай жалғастырып, барлық орта, арнаулы және ЖОО-да «Абайтану курсын» жаңашыл ұстанымдар тұрғысынан жүйелі түрде өткізу туралы ой-пікірлерін бөлісті. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін талдау тұрғысынан баяндама жасаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Р.Тұрысбек Абай қара сөздеріндегі өнер мен білім тақырыбын, дін мен діл мәселелерін кеңінен ашып тарқатты.
Сонымен қатар, ғылыми семинарда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Байтанасова «Абай өлеңдеріндегі ғылым, білім, өнер тақырыбын әдебиет сабағында талдау», филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Аймұхамбет «Абай өлеңдерін талдау тәсілдері», Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі, ақын А.Мұхамедқалиқызы «Абайтану» авторлық бағдарламасындағы жаңашылдық», осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Бәшіров «Абай шығармашылығын оқытудағы интербелсенді әдістер» тақырыбында ой-пікірлерін бөлісіп, тұщымды ойлар айтылды.
Пікір алысу барысында Астана қаласындағы колледж оқытушылары тарапынан Абайтану пәні колледж білім алушыларына оқытылса, сол үшін бағдарламалар әзірленсе, осы мәселе ескеріліп, қолдау тапса деген өтініш айтылды.
Сондай-ақ семинар қорытындысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б.Сыдықовтың Ұлттық комиссияда айтылған ұсынысы бойынша орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында жаппай «Абай шығармасын», «Абай диктантын» жаздыру туралы мәселе талқыланып, ұстаздар тарапынан қолдау тапты.
Исебаева Аяужан Төлегенқызы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қаза әдебиеті
кафедрасының магистранты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.