Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әбіш Кекілбайұлы: Адамзаттың ақыны...

09.02.2017 4305

Әбіш Кекілбайұлы: Адамзаттың ақыны

Әбіш Кекілбайұлы: Адамзаттың ақыны - adebiportal.kz

Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі ұлттық құбылыс. Сыпыра жырау мен Асан қайғыдан бермен қарайғы жыраулық мектепті Махамбет пен Дулат аяқтаса, Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында салтанат құрып, көп ұзамай бәлду-бәлду бәдік дәуренге қайта тап болды.


6bfab180fe7ce8c92e444828854f44b6.jpg


Айтқанды қайталап, жаз дегенді жазатын кесірлі заманның қабырғасы соғыс тұсында сөгілгендей еді. Қан кешкен қасіретті ұрпақтың өксік аралас өкініші Қасым жырларынан көрініс тапты. Соларға деген бүкілхалықтық махаббат жыршы қауым тарапынан шын сыр мен шынайы жырға деген керемет құштарлықты оятты.

Сондай құдіретті тасқынның бой бермес ересен күші барша алапат болмысымен көрініп, айналасына ақық пен жақұт шашқандай мәз майрам еткен  жойқын өнегесін Мұқағали шығармашылығынан танимыз. Оның былайғылардан ала бөтен көзге ұрып тұратын ерекше бітімі түгелімен жырға айналып кеткендей. Дүниенің өзіне ұқсас дүлей ақын. Дүниенің өзіне ұқсас жомарт жүрек. Бүгіндегі қазақ рухы адың-күдің тіршіліктен жалығып кеткенде Мұқағали жырларына үңіледі. Оның орынсыз, құйтырқысыз, артық әшекей сәнсіз мейілінше етене, мейілінше табиғи шумақтарынан жанына дауа табады. Оның үнсіз жымиғанына да халық жадырап, «қағаржып үнсіз жылағанынан» да халық тебіренгендей, халық күңіренгендей болады. Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын.

Мұқағалиы бар халық өлмейді.  Мұқағалиы бар әдебиет күннен күнге жаңара, жасара береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында.

Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар