Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әбжан Әбілтай. Ұлы дала бәрібір тауларыңнан тектір...

18.11.2018 3854

Әбжан Әбілтай. Ұлы дала бәрібір тауларыңнан тектірек

Әбжан Әбілтай. Ұлы дала бәрібір тауларыңнан тектірек - adebiportal.kz

Таулар рас, тәңірім,

Тұрған шығар көк тіреп.

Ұлы дала бәрібір

Тауларыңнан тектірек.

Қит еткенге қуанып,

Құлақ түрдім күмбірге.

Жау келді деп жыланып,

Тығылғам жоқ үңгірге.

Ошағымның отын ап,

Үлестірдім, Жасаған.

Үңгірімде жатып ап,

Тас атқам жоқ тасадан.

Сен күш беріп, байтағым,

«Аллажар!» деп аруақ,

Жауларымды жайпадым,

Қайқы қылыш қолыма ап.

Түсіңе енер тіпті бұл,

Айып етпе, жамағат.

Аман алып шықты кіл

Астымдағы жарау ат.

Бабаларым берді ерік,

Ұрпағымын мен салдың.

Ат үстінде тербеліп,

Әуелетіп ән салдым.

Тәубеге кеп, уандым,

Бір тіріліп, бір өліп.

Жауды көрсем қуандым,

Жауар бұлттай түнеріп.

Ат үстінде шіреніп,

Жауды көрсем он сан, мың.

Ә, бәлем, деп түнеріп,

Қорамсаққа қол салдым.

***

Көзіңді сал картаға,

Сүйресе де өр талап,

Алатауды Арқаға

Апармайсың арқалап.

Айналайын, бол әділ.

Әлемнің кең картасы.

Арқа деген –

Даланың

омыртқасы, қаңқасы.

Арқа деген –

Даламның

Кеңірдегі, қолқасы.

Қолқамды мен, қарағым,

Бере алмаймын.

Ант осы.

***

Ер төсектен безінбей,

Енді, енді деп көз ілмей,

Өзіңді түбі таппайсың,

Өзіңді құдай сезінбей.

Естінің асыл сөзіндей,

Ескінің қымбат көзіндей,

Есіркеу, есіл сезімдей,

Еңкеу түспес төзімдей,

Өзгені тани алмайсың

Өзіңді құдай сезінбей.

***

Баурынан балалатқан сан ұрпақты,

Әмір де саған келіп дамылдапты.

Тәңір де сені көріп, таңырқапты.

Неше жыл көтермеген көн тулақтың

Шыңғыстар шығыстан кеп шаңын қақты.

Бетінен қақса керек өмір қатты,

Бабамыз талай бізді таңырқатты:

Құлынның қасқасының бәрін біліп,

Бақыттан басқасының бәрін тапты.

Сен мені осым үшін кешір, Баба,

Жадыңнан өшір, Дала, өшір, Баба.

Шынында жөні түзу не айтушы еді

Орысқа малай болған көшір бала.

Амангелдім,
сен дегенде жан бөлек,
Жүрек бөлек.
Тұлабойда қан бөлек.
Жан құлазып,
жабыққан бір кезімде
Қайта тұрам қолтығымнан сен демеп.
Айлап-жылдап салмасам да ат ізін
Айтпа маған келме деп.

Киелі өлкем,
бұл жалғанға келерде
«Ал келдім!» деп айқайладым мен елге.
Өлгенде де атыңды атап өлермін.
Туған жер деп күбірлермін өлерде.

Өз ұлыңмын.
Өгей ұлың емеспін.
Өркөкірек, өзімшілдеу боп өстім.
Бірақ сені бір сұлудың меңіне
Бере салар Хафиз қожа емеспін.

Артық емес арнасам да қанша жыр,
Сенде шыққан қымбат маған әр шағыр.
Самарқан мен Бұқараны көз қиып,
Қалай ғана бере салған сол шәйір?!

Ұлы ақынға осыныңыз айып деу
артық болар.
Білер оны байыпты ел.
Мен де ішемін.
Сонда да сол шәйірің
менен гөрі болған шығар кәйіптеу.

Туған өлкем, сен – әкесің,
мен – бала.
Қай кезде де бала – бала,
ел – баба.
Бүгінгінің бәрі қажы, періште,
Күнәһар боп туған жалғыз мен ғана.

Бір сен үшін
шашылса да мал қанша,
Сүйем сені
жан-жүрегім талғанша.
Әзірейіл періште кеп бір күні
Қу жанымды қалап, сұрап алғанша.

Сенсіз менің өмірімнің мәні не?!
Мен жершілмін
қарамай-ақ әліме.
Қалай берем көзім қиып мен сені
Бір сұлудың көз арбаған меңіне?!
Жоқ, бермеймін
Рүстем батыр тебініп,
Бес қаруын кезеп тұрса Әлі де.

Қыздар – өріс,
Болар елге ұл көрік,
Өрттей қаулап шықтық сенен бірге өріп.
Қонағым деп құрақ ұшпа сен маған,
Құлақкесті мен қалайын құл болып.

Амангелдім, қалқайғанды қал демеп,
Шалқанғайға шуағың шаш.
Бер көмек.
Бәрі сенің желдеп кеткен құлының.
Есірке сен.
Есін жисын елге кеп.
Бабасының бассын ыстық топырағын,
Айтпа оларға енді қайтып келме деп.
Он сан қиыр,
он сегіз мың ғаламда
Амангелдім,
жаралғансың сен бөлек!

***

Астанада болмағанмен әлі кеш,
Бәрі де «окей!», «нормально»,
Бәрі бес.
Бес тіл білсек теңелеміз басқамен
Дейді бізге түрі қазақ жарымес.

Жат жер маған – жат жер мүлдем.
Мені ұқтыр
жаһанданған жарымеске сеніп бір.
Мың жасасам, мен баспайтын сол жерді
Сол жарымес бес тиынға беріп тұр.

Қайтем кезіп қазағы жоқ ол жерді,
Жаһандансам, айтшы содан не өзгерді?!
Астанада қазақ деген қаны жоқ
Көрем кілең қамсыз қыли көздерді.

Жиырма жылда жеткен жерің осы ма,
Головкиндер, Поветкиндер, Джошуа.
Әбдісалан, Әбілсейтті ұмытып,
Қарау қазақ, не күн туды басыңа?

***

Мен соқырмын.
Маған енді бәрібір.
Отан да – нұр, қотан да – нұр.
Бәрі – нұр.
Құдай берген қалқаламай нұрымды,
Құдай үшін,

әрі тұршы, жарығыр!

Білу қайда қасиетті, обалды,
Ең тәуірім қолды болды, тоналды.
Сұрқай жүзім сол баяғы сүреңсіз.
«Нұрланбаған» не қалды?!

Ағайын-ау, ойласаңшы бір мезет.
Арамзалар мылтықтарын тұр кезеп,
Бұл неғылған жауабы жоқ нұр-жұмақ,
Нұр бірдеңе, нұр бәленше, «нұр кz»!

Қайсың барсың?
Айыптайын әй, кімді?!
Ел едің ғой, ерге мінген айбынды.
Қазақ деген қуатты сөз қамығып,
Нұр деген сөз қуатынан айрылды.

Тілім біті,
Қашанғы енді қор болам,
Бұл қорлықты көргенше сен өл, Далам.
Күнің құрсын сол жыраулар толғаған,
Сорлы ақының мен болайын сорлаған.
Орысшадан енді келіп безініп,
Ағылшынша...
Керек еді сол маған!
Бұл бір сұмдық ешбір елде болмаған,
Осы саған ақырзаман орнаған!

ТЕКЕМЕТ

Қарын тойып,

қаймақ қатса ерiнге,

тоқшылықтан аз ба күндер жерiнген?

Бiр текемет

көздiң жауын алатын

жатты бiраз бiздiң үйдiң төрiнде.

Тұрмыс өрлеп,

жүрдек уақыт озғанмен,

өткеніңсіз

ертеңге қол созған ба ең?

Сол текемет

солғын тартып, күйе жеп,

түгi түскен тулақтай боп тозды әбден.

Көненiң бiр көзiндей ғып,

мұра ғып,

ұстап жүрген мүлiк едi бұл анық.

Ендi бiрде енесiнiң жоғында

келiн тысқа тастады оны шығарып.

Қымбатынан айрылғандай әлдебiр,

Жабықты анам

күйге түсiп қамкөңiл:

– Ескi-ұсқыдан құтылуға асықсаң,

Сол текемет секiлдiмiн мен де бiр…

Сабыр, ана!

Ойлануға мұрсат бер,

Маңдайымнан сорғаласын бұршақ тер.

Ей, ғұмырым!

Бақ бер маған бармақтай,

Сол бағымды бағалайтын ынсап бер!

***

Мені өмір дауға салды, жауға салды,

Лапылдап жанып тұрған қауға салды.

Жауымның жауы ғана жауласа алды,

Дауымның дауы ғана дауласа алды.

Мені өмір сызға салды, құзға салды,

Есіркеп, елер кім бар біз нашарды.

Бәрібір айтпаймын деп қыз қасарды,

Бетімнен қайтпаймын деп ұл қасарды.

***

Қалқам-ай, қайтесің сен мені қажап,

Болсын де денім азат, демім азат.

Абай да, Ахмет те оятпаған

Мен қайтып оятамын сені, Қазақ?!

***

Әулеттің ырыздығы, құт, арымын,

Бір зәулім бәйтеректің бұтағымын.

Тозбайтын ту даламдай төзімдімін,

Қинасаң, қиын емес тұтануым.

***

Алдымен өз жаныңа көр үңіле,

Кейимін кейде тіпті кей ініме:

Құдай да береді деп қылығыңа,

Тәңір де береді деп пейіліңе.

***

Мен емес «осы жаман керек-аулап»,

Мен емес есіркейтін «бөлем-аулап».

Жаныңда жақсылықтың жұрнағы жоқ,

Жарқыным, жүргенің жөн менен аулақ.

Мен, рас, жарылқаған бақ-тәңірім,

Жарылар жалын тисе оқ-дәрімін.

Бықсықты көзді ашытып үрлей бермей,

Отыңды ошағыңда, сақта, күнім.

Қарағым, біз де келдік бірер жасқа,

Әлі де аз ғұмыр бар сүрер баста.

Аспаннан түскендей боп, аңқаусыма,

Біз көрген ол ел басқа, бұл ел басқа.

Қарағым, біз де келдік бірер жасқа,

Бұл күнде айқай басқа, сүрен басқа.

А десең болды, аспанға алып ұшар

Кермеде керулі тұр күреңқасқа.

***

Құдай-ау, ұлан байтақ ен далада

Жападан жалғыз қалған мен ғана ма?

«Сенікі қате» десе, құлағың сал,

«Сенікі дұрыс» десе, сенбе, бала.

Қайтеміз бет жыртысып,

Өлгеннен соң,

Төрт метр түбі барар көрге бола.

Төзімім тарамыстай – сол ғана еді,

Созылып,

шырағдандай сөнген о да.

Алдымен елге қара, жерге қара,

Босаға, табалдырық, төрге қара.

Алауыз ағайыннан ауыз күйді,

Сенікі дұрыс десе, сенбе, бала!

Қайтеміз бет жыртысып,

Көп қырқысып,

Аядай арыздасып жерге бола.

***

Ең алғаш туған жерде тамды қаным,

Жар сүйдім, жалын құштым, жанды бағым.

Басылар бірте-бірте тән құмары,

Бірақ та қанар ма екен жан құмарым?!

***

Жуаспен жолдас болдым, төрелермен,

«Ө» десем, көмейімнен өлең өрген...

Бұзық та болдым біраз болмағасын,

Әйтсе де бәрін менен көре берме.

Қалқам, сен бұл пақырды көп іздеме,

Табарсың түбі кітап-сөрелерден.

Жабықсаң, ішіңе үңіл, өзіңді ізде,

Көп қыртқа көпіршіген сене берме.

Мұратын жүзге балап, мыңға арнаған

Бір ақын мына мендей керек елге.

Қолыңнан келмегенге – қауқарың жоқ,

Айтарсың арыз ғылып мен өлерде.

Сол ғана жебеген де, демеген де,

Барымша адал болдым мен өлеңге.

Тұра тұр, бәрін айтып болғаным жоқ,

Сөзімді, айналайын, бөле берме.

Қалқам-ай, мен шықпаспын сенен өрге,

Қатамды қаузай берме, тере берме.

Өмірде мен болмасам, қайтер едің,

Адам боп жаралмасам мен егер де?!

***

Туған ел, туған жерім Қазақстан,

Құйылған құрыштай боп таза мыстан.

Жәннатым, жаным сүйіп, сені ойласам,

Құйылар айтатұғын сөз алыстан.

Үш жүз жыл отар болдың орыстарға,

Сен оған қипақтама, намыстанба.

Бір өзім төтеп берем алысқанға,

Қазақта өріс – малда, соғыс – қанда.

***

Тұра алмайсың тағыңда

Туғаныңды тепкілеп.

Бақытың сол, бағың да –

Қолдаса егер көп тілеп.

***

Жондарды жаратпайды жотасыз ғып,

Жандарды жаратпайды қатасыз ғып.

Түбіңе қандай сабаз жетер екен,

Орыны опыраймас опасыздық!

***

Айналайын, айтқам саған бұрын да,

Көңіл ауған көрінгенге ұрынба.

Не бар дейсің әркім сүйген әйелде,

Не жетеді сәл күнсіген бұрымға!

Досыммен дауласпадым бетке келіп,

Жігіттің сырттанымын сертке берік.

Елірген ерген жоқпын ешбір топқа,

Көрінген көрген жоқпын көттен еріп.

Тексізге тексізсің деп тіл қатқам жоқ

Әуелден ар-ұяты кеткен өліп.

... Жетпіске жеттім жарау желіспенен,

Болдыртып, енді түстім еңіске мен.

Жеңсік ас, жеміс те жоқ мен татпаған,

У да жоқ, уыз да жоқ мен ішпеген.

Кейпіммен көпті көрген көне түрік,

Орнымнан опырылсам өре тұрып.

Бәріне айтқанымның сене берме,

Бірақ та соның бәрі деме өтірік.

Жетеді жанын отқа жаныған жан,

Көреді көкірегінде нәрі бар жан.

Демеймін айтқанымның бәрі маржан.

Демеймін айтқанымның бәрі де арзан.

БАҚЫТҚА

Бақыт, сен не білесің?

Не білесің?

Кетті деп жыламаймын мен үлесім.

Жыласам, жылаймын мен

Бұл дүниенің

Жексұрын мінезінен жерігесін.

Өлеңнен басқа бақтан байымаған

Өз сырым өзгеге емес, өзіме аян.

Жұбаттым өзімді өзім, қайтем енді,

Көрдім де сені Құртқа, сені Баян.

Серт деген, сенім деген, солай, жаным.

Қалаймын мен солардың молайғанын.

Қызғана берме мені сол қатыннан,

Тіпті де басқа менің ой, арманым.

Сенбе оған.

Қарағанмен жұрт ынтығып,

Киноның аты кино.

Бір күндік, ұқ.

Мені ме?

Мені қойшы, қозғалмаймын,

Келгенше бір «данышпан» мұртын қырып.

***

Біреулер кетет дейді қытай қаулап,

Қайтпайды құтайса егер құтайған бақ.

Бәрі де жүрегіңнің ақтығында,

Пәк көңіл арам болсаң, лайланбақ.

Ойласаң, қытайы не, қазағы не,

Жалғанның азабы не, тозағы не?

Меніңше, епті болсаң, текті болсаң,

Аңсаған ғұмырыңды созады Ие.

ЕСЕНИНМЕН СЫРЛАСУ

Есенинжан!

Енді сәл-пәл мойында.

Мәңгі жасау менің де жүр ойымда.

Ендігінің керегі жоқ.

Ендігі

Елеусіздеу мен өлмеуім жайында.

Мен шынында елеусіздеу емес ем.

Күнім туса,

сенімен де теңесем.

Сөз онда емес,

Қайран Сергей, килігіп,

Көңілімнен бір кетпейсің,

Неге сен?!

Арақты айтпа.

Мен арақты аһ ұрып,

Саптаяқпен іше аламын сапырып.

Ішкенің не?

Ішпесем де, ішсем де,

Бір айдаһар ұйқтатпайды ақырып.

Сен екеуің[1] тауыса алмаған сол уды

Тауысам деп,

Әбжан талай сан ұрды.

Сол заһардан қайтпайтұғын қай орыс

Қыңсыласам, алып қалар жанымды?!

Кешір мені.

Мен өзіңе сенемін.

Өзің де аман.

Өзім де аман.

Өлеңім.

Ресейді ойран-топыр етер ем,

Қайран менің болып жатса дегенім.

Рязаньды жек көргеннен емес ол,

(Бір адамды жек көргеннен емес ол).

Борыштан да мұсылмандық қалмас ем,

Орыстарға кетпегенде көп есем.

Секе, кешір. Жігіт едің мәрт мендей,

Жүрейікші бір-бірімізді шет көрмей.

Жолға қарап бізді тосқан анамыз

Баяғыдай бетімізден өпкендей.

Келер ұрпақ.

Келер талай путиндер.

Бірін барыс, бірін түлкі, китім дер.

Мен кетермін.

Қалар қазақ даласы.

Қалар сосын

Сен жырлаған сүйкімді ел!

***

Мені қойшы.

Келтіре алмай «Р-ға» тіл,

Шаужайыма жармасады бір қатын.

Қой дейтұғын бай болмаса бір уақ,

Қатын түгіл ұмытады күң де атын.

Бермеген соң қызға қылық, ұлға түр,

Құрсын бәрі.

Бар білгенің «тұр да тұр».

Қатын біткен билік құрған заманда

Ер ерікті,

бола алмайды ұл батыр.

***

Мені қойшы мен өлмеймін,

Мен өнем.

Келеді әлі немерем мен шөберем.

Еңіретіп мен кеткенмен елімді,

Ең құрғанда аман болшы сен, Өлең!

Басым кессең, жалған айтар мен емен.

Аулақ болшы жала,

басқа бәледен.

Демім бітіп баратқанда демеген

Аман болшы, айналайын, сен, Өлең!

Екеуміз де тудық жақсы енеден,

Қай құдірет?

Кім бар бізді елеген?

«Тұр, Әбжан» деп

тағы да бір күш берші,

Түсіп қалмай тұрғанымда кемеден.

***

Бергенінен көргенім жоқ мен тарлық,

Құдаға – қош,

Жаратпады кемтар ғып.

От пен судан,

аярлықтан мен көрген

Алып шықты ізгілікке іңкәрлық.

Иә, шүкір, елім аман, мен аман,

Елден ерек ұл болуды қаламан.

Басқаны қой, маған бер деп тек қана

Жалбарынып отырғам жоқ мен Оған.

Берсе, берді.

Бермегенді сұрайтын

Мен емеспін сұм ақын не сұр ақын.

Көкірегі қарс айрылар мен емес,

Көрмеді деп билік қуған бір әкім.

Әкімің кім?

Менің өзім әкіммін.

Дүниеге долданып,

сан ақырдым.

Сандалғанға көрсете алмай сара жол,

Сансырадым,

сартап болдым,

аһ ұрдым.

Енді қайтем?

Енді нетем?

Не істеймін?

Тас төбемнен тұрып алды түспей күн.

Сен не істесең, айналайын, өзің біл,

Мен бәрібір өзімдікін істеймін.

Көрге тығыл,

көкке самға,

ұш, мейлің,

Мен қаламын.

Мен тағымнан түспеймін.

Сен не істесең, айналайын, өзің біл,

Мен бәрібір өзімдікін істеймін.

Жегенімен жегідей боп іштей мұң,

Мен бәрібір бұдан артық піспеймін.

Сен не істесең, айналайын, өзің біл,

Мен бәрібір өзімдікін істеймін.

ЖАРАТУШЫҒА НАЗ

Анда-санда ашуыңа беріп бой,

Қалтырасаң,

қашып кетер көрікті ой.

Әл тайғанда ақылың да қорғаныш,

Қартайғанда қатының да серік қой.

Маған салсаң,

шығатұғын қойша өріп,

Бастырмалап,

бой бермейтін ой серік.

Ақыл серік алдыртпайтын ешкімге,

Бұлтарсаң да бұлжытпайтын жөн серік.

Бір кезі жоқ басым ойдан босаған,

Жалғызыңды жарылқай көр, Жасаған!

Қалың ойдан сейілейін деймін де,

Сол баяғы, сол бәледен өш алам.

Бір кезі жоқ басым ойдан босаған,

Жалғызыңды жарылқай көр, Жасаған!

Қорға мені

тас атқаннан тасадан,

Қорға мені

пілден емес, масадан.

Кездер алыс мен білекті сыбанған,

Мен білмеймін

өттім бе (жоқ) сынаудан,

Кездерімде

бесіндіге күн ауған

Көп қинамай,

өлтіре сал тұмаудан.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар