ӘУМИН ДЕҢІЗ
Мынау өлең —
Бұйырып Хақ жазаға,
Қойыны толып азаға,
Шәһит болған шаһарларға — жаназа...
Мынау өлең —
Ада болып арманы,
Арам өліп ардағы,
Ақшелденген аларып
Жанарлардың маржаны.
Мынау өлең —
Алмас тіліп гүл-өңін,
Арқан қиып білегін,
Дұшпан елге күң болған
Арулардың айтсам дейді тілегін.
Мынау өлең —
Болмай сол тұс тоқтауы,
Жалмап кеткен от-жауы,
Мешіттердің,
Мешіттердің жоқтауы.
Мынау өлең —
Емдеп елдің жүрегін,
Серпіп тастап түнегін,
Шәһит болған шаһарларды түлетер
Ұл туса дер тілегім...
Көңіліңізге орнар болса жырым нық,
Санаңызға артар болса сырым жүк,
Осы өлеңді оқып болып, ағайын,
Әумин деңіз ырым қып.
САҒЫНЫШ
Осылай, жаным, ұдай,
Кетісіп... сағынармыз.
Адамның бәрі — Құдай,
Құдайдың бәрі — жалғыз...
Тағдыр сол желөкпе тек,
Нетеміз... көнеміз де.
Кетеміз бөлек-бөлек
Бейшара кемемізде.
Кетеміз жағамызға,
Алысқа үңіле кіл.
Қайталап санамызда:
«Жалғыздың жүгі жеңіл,
Жалғыздың жүгі жеңіл».
Соңғы сөз, соңғы нүкте,
Бірлікке тыйым салар.
Жалғыз жан торға іліксе,
Тірлік те қиын соғар...
Осыны ойламадық,
Жаным-ау, қате еді бұл.
Асқақтық бойлап алып,
Біздерді кетеді кіл.
Сезімге жарымаған,
Жылайды әлі кеуде.
Құдайдың бәрі де адам,
Адамның бәрі пенде.
АВТОБИОГРАФИЯ
Оның
Қанындағы жұлдыз нұры тым көгілдір болатын,
Мәңгілік деп атайтын-ды ол өзі түскен жол атын.
Үміттері шарпылды да пенделіктің сәулесіне қан қызыл,
Өліп қалды таң алдында ол ақын,
Өліп қалды ол ақын.
Жоқ,
Алдымен аз күн жүрді көлеңке боп көрініп,
Сосын кетті сан санаға шамшырақ боп бөлініп.
Қара түнде қалдым оның қуыс тәнін жамылып,
Қолдарымда сығымдалған өлі үміт,
Қолдарымда өлі үміт.
Сосын,
Оның жалғыз жырмен тіршіліктің өрнегін
Өзгертсем деп жанын түнге бергенін
Есіме алып, солғын-солғын жырлар жаздым бірер күн.
Тірілмесін ұқтым да, үміттерін жүрегіме жерледім,
Жүрегіме жерледім.
Солай...
Онан бері талай шапты тамырымды тұнық түн.
Сағым қудым... не деп ғұмыр кешерімді ұмыттым.
...Үнсіз күтем қайырылар деп сол ақын
Кеудемдегі моласына үміттің,
Моласына үміттің.
ЖОЛДАНБАЙТЫН ХАТ
Тағы да ұйқысыз түн,
Сағынышты,
Тәтті қайғы,
Жүректі тағы құшты,
Елесіңе
Тәу еттім, аймалаған,
Құлақ кесті құлыңмын бағынышты.
Тағы да мұңаямын,
Мына түннің
Салған әнін лебінен ұғатынмын.
Енді, міне, сүлде боп қалдым сенсіз,
Бәрін, бәрін жоғалтып мұратымның.
Тағы да жұлдыз ақты,
Алақаның...
Жұлдызды қондырғанын жаратамын.
Себебі: мына жұлдыз — менің жаным,
Сені іздеген қорғансыз балапаным.
Тағы да түн сөйлейді,
Менен көне...
Сыр тартып жол шегеді өлең-кеме.
Бір ұқса сол ұғады тағдырымның
Мені зар ғып қойғанын көлеңкеңе.
Тағы да жел ұлиды,
Қараңғылық,
Ойымда — ерке мінез, балаң қылық.
Қара қайғы кеудемді тырналайды,
Басыламын қасқыр боп алам да ұлып.
Тағы да қайғы оралды,
Қара қайғы,
Жүрегімді кескілеп жаралайды.
Құл болсам да өзіңе... тірі жанмын,
Тірі жанды азаптау жарамайды.
Тағы да бұлт көшеді,
Парақтағы
Жазылған жыр-жанардан қан аққалы,
Сен кеткелі бақытым өлді менің,
Мен үшін таң атпады, таң атпады,
Сен кеткелі мен үшін таң атпады.
Тағы да ұйқысыз түн,
Хаты мына,
Құлыңның әр түнінің аты — шүбә.
Өзіңе жетер болса бір қайырылып,
Құран оқып кетсеңші бақытыңа.
ЖЫРМЕН ЖУЫП ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ ЖАМАЛЫН
Раушан гүлге гауһар шық боп таматын,
Жыр жазам деп айырылған тағынан.
Тасжетіммін, мұң көрсем де, қаламым,
Енді кімге шағынам?
Жырмен жуып жұлдыздардың жамалын,
Жалғыздықты үйреткен ем Айға да.
Тек тірлікте таусылды да амалым,
Ақындығым аспай қойды пайдаға.
Жалғыз жанға жарасады жақсылық,
Жылай берсең тәңірде де бар құлақ.
Дегенменен дем тауысты тіршілік,
Менің жалғыз гауһарымды тартып ап.
Жапырағым жасыл от боп жанатын,
Сен де өмір ме ең бір кездері, сары бау?
Раушан гүлге гауһар шық боп таматын,
Мен де жыр ем, жыр едім ғой, Тәңір-ау!
СОҢҒЫ ӘН
Менің соңғы сағынышты әнім бұл,
Рухың жетсе тыңдап қал.
Менде жан жоқ,
Жеті жетім — тәнім құр,
Шеше алмаған қалды жымсыз жұмбақтар.
Мен солардың таппақ болып себебін,
Көріп талай көңілсіздеу түс түнде.
Түссіз мұңға аяқ бассам деп едім,
Із қалдырмай аппақ қардың үстінде.
Сол арманмен тірлік кешіп тулақтай,
Қара жерге қар боп жауып,
Еңселім.
Бұл күндері жанарымды сулатпай,
Көз алдыңда күзге айналсам мен сенің.
Сары белден ән созатын жаңғырып,
Күзді көр де, күз артынан мені көр.
Мен ессізбін,
Жұмбақтарым мәңгілік,
Шеше алмайтын ессіздіктің емі — көр.
Көрге қарай өсіп көңіл терегі,
Көзсіз түнде көкке қарай ұлыған.
Кім жұлдыздың жүрегін ап береді,
Шешуі жоқ жұмбақтардың құлына?
Мойындамай пенделіктің кесімін,
Көр түбінде жарық тұр деп бір елі.
Жан еді дер жұмбағының шешімін
Іздеп өткен өртенгенше жүрегі.
Дертті жандай зәру болған дәріге,
Ми құрғатып мәңгіліктің жолында.
Жанның кірін қанмен жуып сәріде,
Мен көшермін құрсағымнан қорымға.
Міне, солай, сағынышты ән мынау,
Мұны айтуға болар еді сөзсіз-ақ.
Ертеректе көргеніндей сан жырау
Көк жүзінде күймелерді көзсіз-ақ.
Бірақ маған мөп-мөлдір мұң сыйлар кім,
Арманыма алқа қылып тағуға?
Жансыз қолым жетпей неге қиналдым,
Тәңірімнің терезесін қағуға?!
Сурет felicidad.ru сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.