Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділет Ахметұлы. Кешір, ауыл, жәннат емес бұл қала...

26.08.2018 5968

Әділет Ахметұлы. Кешір, ауыл, жәннат емес бұл қала...

Әділет Ахметұлы. Кешір, ауыл, жәннат емес бұл қала... - adebiportal.kz

Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шинжяңдағы «Мұра» журналында редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.

Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің алғашқы «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі топтамасы 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көрді. Содан бастап «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел ішіндегі түрлі басылымдарға 80-ге жуық өлеңі, мақалалары және аудармалары жарияланған. Арғы бетте жүрген студент кезінде еліміздегі «Сыр дидәрі», «Қала мен дала» газеттерінде өлеңдері жарияланған. Сонымен бірге «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшәйрасынан екінші орын алды. “Қаз-айтыс” сайты ұйымдастырған “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” жобасының жеңімпазы болды, 2016 жылы қазанда «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мұшәйрасының бас жүлдесін еншілеген.

Әділет Ахметұлы қазір А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қызмет жасайды.

Қарғалдақ махаббат

Мекені болған тау, дала,

Қарғалдақ дейтін бір гүл бар.

Өспейді бақша-бауға да,

Көктейтін жері шың-құздар.

Адамның бәрі ұнатар,

Қайсарлық асқан жоқ бұдан.

Бүр жарып көркем гүл ашар,

Қат-қабат қардың астынан.

Пәктігі шіркін соншама,

Жуынған мөлдір жауынға.

Сабағы нәзік болса да,

Сынбаған долы дауылда.

Көңілде жүрген арман боп,

Қарғалдақ деген бір гүл бар.

Еңкейте оны алған жоқ,

Күндізгі аяз, түнгі ызғар.

Сындырмай сертті сақталық,

Өтсе де жаным, жыл неше.

Махаббатымыз нап-нәзік,

Қарғалдақ болып бүрлесе. . .!

Мезгіл

Төбеде отыр орта жасты бір кісі,

Өмірдегі әр іске бас қатырып.

Жастайынан бірге өскен құрбысы,

Кетті жаңа сүндет тойға шақырып.

Төбеде отыр еді кісі егделеу,

Өткен шақтың бәрін алып ойына.

Құрдасы кеп оның ойын бөлмелеп,

Шақырды оны келін түсер тойына.

Төбеде отыр тегі нені тұр біліп,

Сәл күрсінді бүкірейген қатпа шал.

Шауып келіп хабар айтты бір жігіт:

«Құрдасыңыз қайтыс болды ақсақал. . .»

2008 жыл 3 желтоқсан

Жиырма екі

Тояттап құзғын, қарғалар

Жұт келді, халық жасыды.

Ағыны асып арнадан,

Ашулы өзен тасыды.

Көк иірімдер құнығып,

Жұтына қарап буалдыр.

Өзенді бойлап жүгіріп,

Топты адам шулап, жылап жүр.

Тәңертең ерте бір ана,

Қолына алып қос шелек.

Өзенге келген су ала,

(мезгілге мынау өкпелеп. . .)

Айналып басы кенеттен,

Құлатты жардан ананы.

Суға толмаған шелекпен,

Ананың жетті ажалы. . .

Ананы жұтты иірім,

Жағада қалды бір кәтел.

Іздеді жұрты жиылып,

Амал не, бәрі құр бекер!

Көктемнің суы тым суық,

Сушылар тоңды селкілдеп.

Үлкендер тұрды күрсініп,

«Қалғаны қайыр берсін!» деп.

Туыстарда жоқ өң-сыйық,

Езіліп көңіл елжіреп.

Өзенге қарап мелшиіп,

Бала тұр жасы мөлдіреп.

Бала тұр қарап ағынға,

Сенбейді қайтсын, сенбейді?

«Құтқарып тезден алыңдар,

Анашым менің өлмейді. . . !»

«Өлмесін менің анашым! »

Дегендей жұртқа жас табы.

Ананың кенже баласы

Дәл жеті ғана жастағы.

Көршілерде жоқ өң-сыйық,

Езіліп көңіл елжіреп.

Ағынға қарап мелшиіп,

Бала тұр жасы мөлдіреп.

Ақсұйек болып сұқтана,

Сол жылы жұртқа жетті жұт.

Қайырылмас жолға түсті ана,

Қараша үйден кетті құт. . .

***

Қапырық мынау далада,

Қақтығып қалмас өлмес құл.

Жаннатта болғын жан ана,

Өтіп кетіпті- ау он бес жыл! ! !

2010 жыл 8 сәуір

Тыныштық

Бір көрген адам құмартқан,

Мекенім менің бұл ауыл.

Желкеме менің жүк артқан,

Жүк артқан еді тым ауыр.

Көтеру қайда бұл жүкті,

Сенделіп қалдым жүре алмай.

Көре алмай тұрып шындықты,

Не керек бекер құр айғай?

Шықпаса қалсын атағым,

Танымым менің тап-таяз.

Арқама келіп батады,

Батады бір сәт қатты аяз.

Кеш мені мөлдір бұлақтар,

Батпақты кешкем жағаңда.

Кеш мені балғын құрақтар,

Зияным тиген саған да.

Шағала-қазды үркіткем,

Оны да кешір тұнық көл.

Мен жұлып кеткен бүршіктер,

Саған да тиді уыт қол.

Құдайға шүкір дейміз-ау,

Әлі де көркем бұл ауыл.

Омақастырар ой мынау,

Желкемде жүгім тым ауыр.

Ағашы қалың ормандар,

Жағасы көлдің жап- жасыл.

Шалғынын енді ормаңдар,

Шамдана қарап бақша тұр.

Біздегі жасыл тоғайда,

Бұлбұл жоқ бірақ сайрайтын.

Көліміз көркем, алайда,

Шабақ жоқ шоршып ойнайтын. . .

Көңілінде бар күрсіну,

Табиғат бүгін тұр тыныш.

Бақша мен орман шын сұлу,

Тым сұлу, бірақ, тым-тырыс. . .

Бір көрген адам құмартқан,

Мекенім менің бұл ауыл.

Желкеме менің жүк артқан,

Жүк артқан еді тым ауыр. . .

Қара жолда қарт ана

Ақпанның күні бұлыңғыр.

Қымталған қармен қарт өзек.

Мұз сауыт киген үліңгір,

Арсадай болып тал, терек.

Ұрпағын көру ойында,

Жаяуға шалғай жер еді.

Қатқақты жолдың бойында

Бір әжей ілбіп келеді.

Боз боран үдеп тұрса да,

Бейне жоқ жүзде шаршаған.

Күпісін киіп қымтана,

Келеді баяу қарт адам.

Алла! деп жолға шықты ана

Елжіреп көңіл қорғасын.

Қолына мықтап ұстаған

Барқыттан тіккен дорбасын.

Немере ғана басатын

Мейрімнің мынау оттығын.

Жай күнде шұбап жататын,

Жүргінші көлік жоқ бүгін.

Айбынды таулар, көк пен шың

Бола алмай қартқа сүйену.

Түсінде көрді ол өткен түн,

Қызы мен сәби жиенін.

Кеңсірігі ашып оянды,

Көрген түс қайта өрнек боп.

Тәуекел деді ой алды,

Жиенін көріп келмек боп.

Сонымен пештің түбінен,

Қозғалды баяу қарт ана.

Жүйкесін басып мүжіген,

Сағыныш жатыр қаншама?!

Күйбеңдеп жүріп әжей жан,

Болып та қалды сыйыр түс.

Беталды тауға қарайған,

Шығыста еді қиыр тұс.

Ұзыннан-ұзақ жол алда,

Болмады көлік тәйір- ай!

Бұрқасын тұрған боранда,

Келеді ана мойымай.

Келеді көлік дүрілдек,

Сезгендей ана жақсы леп.

Зу етіп өтті ол күжілдеп,

Тоқтамай кетті-ау тас жүрек?!

Қысқарар солай жол ептеп,

Қабақ та шытпай жүре бер.

Айтпады ана нәлет те,

Заманның жайын біледі ол. . .

Сонымен, ақшам сөнгенде

Үйіне келді қызының.

Жиенін жәйлап көргенде

Нұрланғаны ана жүзінің,

Көзінен моншақ үзіліп. . .

Танауын төсеп бетіне

Күлімдеп жатқан сәбидің.

Басады бірде төсіне,

Қайтеді, мейір қариды.

***

Айтылып тірлік өлеңі,

Жайқала гүлдеп аймақ бұл.

Бір әжей ілбіп келеді,

Шілденің күні қайнап тұр.

Тарихта мүлде болмаған

Ұрпағын ана сүймеген.

Аязда ақпан тоңбаған,

Шіліңгір шақта күймеген.

Әжейлер кетіп барады.

Нән қаладан кең далаға

Сен көркем ең сетер ауыл, секемшіл.

Жүйкемдегі дертті саған емдеттім.

Ай- жылдан соң оралғанша есен тұр,

Қапырық күн қала жаққа мен кеттім.

Симфония шалып сұлу төңірек,

Желпіндірер желемікті тау іші.

Мөшке сыйыр мезет-мезет мөңіреп,

Үн қосатын ақ тобеттің дауысы.

Қырат үсті әсем нұрға боялып,

Қуатты күн ұясына бататын.

Мезгілдердің мерейнен ой алып,

Қойдан озып әкем келе жататын.

Нән ғылымның нәрін бастап үйретіп,

Әрбір үйде айтылатын ертектер.

Жон-жотада шаналарын сүйретіп,

Әжелерден қашатұғын тентектер.

Әр ошақтан от әлсіреп өшпейтін,

Тірлігінің ұшқынындай ертеңгі.

Суреттеуге тілім менің жетпей тұр,

Ауыл сондай кеніш еді, көркем-ды.

Сапар шегіп елден ерек екпінмен,

Қалды артымда әдібі мол әр шағым.

Алып қала ауласына жеттім мен,

Жеттімдағы жер аттамай шаршадым.

Тау жігіті мұнда неге қиналар?

Бір ауырлық басты менің еңсемді.

Биік-биік бой таласқан биналар,

Тыныс берер ауасы да өлшемді.

Тегін қолын беретұғын ісіңе,

Жан таппайсың ес кеткенде, жан шыға.

Адам толқын теңізінің ішіне,

Сіңіп кеттік айналдық та тамшыға.

Тәулік бойы дүрілдек пен шуылдақ,

Тынымсыз жұрт, қарап қалсаң әйнектен.

Қалтарыста нелер сұмдық туындап,

Адамдар жүр жалған күле сөйлескен. . .

Жұртты сөгу болмас менің мақтаным,

Өз мәнінде шырқалсын ел өлеңі.

Шұбыр қала босағасын аттадым,

Келмей жатып қайтып кеткім келеді.

Мен даланың бөрісі едім себебі.

Ау, айбатты Қазақстан

Ау, ардақты Қазақстан, айбатты ел.

Мен жығылсам сені ойлап жатамын.

Қыспақ жерде қымтырылдым, қайрат бер,

Сен аман бол рухани отаным!

Сүйе білген рухани отанын,

Көшпенді елдің мен бір еркек тоқтысы ем.

Тымағымды боз аспанға атамын,

Мен сен жайлы шүйінші сөз естісем.

Меншік қылған байлығы мол даланы,

Айбарыңнан айналайын сабырлы ел.

Арманым не жете алмадым мен әлі,

Аралығым қалса дағы адым жер. . .

Тұлпар мінген дүбірлі жұрт - сал мырза

Жәһән жердің тән бопты оған кең төсі.

Бұдан талай ғасырлардың алдында,

Атанды олар ен даланың еркесі.

Дауыл екпін, бөрі мінез, құс текті

Өр табиғат өктемдігін таныған.

Жер ауса да жетелі жұрт түспепті,

Тарихта Тәңір берген тағынан.

Бабам солай серуендеп жүргенде,

Құм боранда құндақ ізі көмілді.

Жап- жасыл шар жапырақ боп бірдемде,

Айқыш-ұйқыш сызықтармен бөлінді.

Тат баспайтын қасиеті бар жұртта,

Қазақстан, тек қуалап, ер тудың.

Бір сызықтан біз өте алмай қалдық та,

Аржағында ақ ордалы сен тұрдың.

Ау, ардақты қазақстан нар тұлға,

Саған қарап ән сап тұрмын мұнда мен.

Далаңдағы баға жетпес алтынға,

Аран ашып, көз тігіп тұр күллі әлем.

Я, қарт мекен күнге беріп арқаңды,

Көтере бер елден биік еңсеңді.

Жүрегіме сызып қойдым картаңды,

Табан тиер тиянағым ең соңғы !

Көп жол басып мен ауылға барғанда,

Қарсы алады қырмандар мен қыраттар.

Жас пен кәрі барлық жайсаң жандар да

Таңданыспен жаудырады сұрақтар:

«Білім қуып тым шалғайға кетті деп,

Сені айтамыз қараша ауыл мақтана.

Тек аңыз бен әңгімеден естіген,

Қандай екен ‹пері салған› Астана?

Малдан басқа не білеміз қойшылар,

Ертең бастық боларсың сен кең маңдай.

Астананың адамдары бай шығар,

Бейжіңдегі тұрмыс қандай, ел қандай?»

«Әу, ақ еділ, адал көңіл ағайын,

Бұған жауап айта алмаймын кескін бір.

Көрдік патша қорғандарын, сарайын,

Кейбіріне болған тіпті бес мың жыл.

Сәнді қала, өтті көп жыл, көп ғасыр.

Мұрағат мол мұражайда сақтаулы.

Гүлстандай жасыл желек бақша тұр,

Жеткізе алмай жатырмын-ау мақтауды. . . »

Мен осылай жауап бергем мақтана,

Тау мен адыр төсінде өскен жандарға.

Тыңдайды олар шынтақтарын жастана,

Тамсанып мен баян еткен таңдарға.

Бірақ, сол бір Астанада қазір мен

Жұртқа солай айтқаныма өкіндім.

Сахара деп сарқылғандай сабыр дем,

Дарқан елді сағынумен отырмын. . .

«Пері салған қала» .

Қандай мән жатыр?

Сенер оған қара ормандай қалың ел.

Қайдан білсін салынғанын он ғасыр,

Миллион құл, шаруалар қанымен. . . ?

Кешір ауыл, жаннат емес бұл қала.

Көп адам жүр азап артып, мұң сүйреп.

Қолын жайған қайыршы көп мұнда да,

Оған қайыр берер жандар тым сирек.

Кең жүретін көшелер жоқ сырттағы,

Құмырысқадай құжынаған жұрт қалың.

Мен ауылға қайтқым келіп тұрады,

Ақбастаудың тұнығынан ұрттағым. . .

Қызықтырмай қолмен еккен гүл беткей,

Қышқыл ауа бола алмады маған нәр.

Тірлік үшін танауына су жетпей,

Зыр жүгіріп қарбалас жүр адамдар.

Жалған сый мол, екі иықтан ентіккен,

Шындық жайлы тіл қататын бірі жоқ.

Кенет жолдан құлап кетіп мертіксең,

Өліп жатсаң елейтұғын түрі жоқ.

Теңге азайса тек көрерсің өлмес күн,

Онда саған кезек келді тентірер.

Есіктес боп отырса да он бес жыл,

Бірін- бірі танымайды көршілер.

Сортаң батпақ болса сенің мекенің,

Яки мәңгі боз боранды құм дала.

«Өз еліңнің алтын бесік» екенін,

Маған қайта сезіндірді бұл қала.

Қоңыр өлке қойнауында ырыс бар,

Әрбір ақын өлең сөзбен өрнектер.

Әлемдегі ең көркем жер, - туыстар, -

Мен аттанған, сіздер жүрген сол бөктер.

Бұл әлемде пері салған қала жоқ.

Ол әсерлі керемет бір аңыз-ды.

Менде «көпке құм шашатын» шама жоқ.

Ау, Астанам, артық көрме назымды!

Оқырман

Мен ақын жұрттың ұлымын,

Шалдықпас шабыт маған бер.

Мынау бір ұлы тұжырым

Айтты екен қайсы қаламгер:

«Тек қана сенің көзіңше,

Жандар көп мақтап, жағатын.

Шын бақытты ақын меніңіше ــ

Он оқырманы бар ақын. »

Тәңірім берген сауғасын,

Ізетті жұртым ــ ізгі анам.

Күн салып көздеп шың басын,

Мен де ақындарша жыр жазам.

Тауларым шомса арайға,

Асыға күтем сол шақты.

Бола қойған жоқ алайда,

Оқырмандарым оншақты.

Қолжазба күйде тұрса да,

Мен жазған ұйқас орамдар.

Шынайы зерлеп, үн сала

Оқиытын екі-ақ адам бар.

Екі оқырманның біреуі ــ

Әкешім еді ــ қормалым.

Екінші, мен деп жүрегі

Лүпіл қағатын жан жарым.

Егерде осы екі адам

Жақсы екен десе жазғаның.

Арылып жауыр жападан,

Жадырап кетер жаз жаным.

Жырыма айтар батыл мін

Жоқ менде әлі он оқырман.

Бірақ, мен бақытты ақынмын

Екі жанға шын оқылған.

2011 жыл 27 маусым

Қара шалға тағзым

Қара қыстау қарағанды, шилеуіт,

Қарашада шытқыл тартты дала сәл.

Төрт түліктің төл қажетін игеріп,

Күні-бойы күйбеңдеп жүр қарашал.

Жапырақсыз тал-теректер, жиделер.

Бұл қыстауда кешегідей жоқ бедер.

Адамдар да бұрынғыдан сиреген,

Қала жаққа қоныс ауып кеткен ел.

Байтақ дала тек пендемен сымбатты-

Аз түлікпен сән көрсетті сол алап.

Батыс-қырат, қызыл шапақ күн батты,

Қара шал жүр қой-ешкісін қоралап.

Көп із тастар көршілер аз ол маңда,

Көшкен олар _ келешектің бекімі.

Мал жұмысын біріңғайлап болғанда,

Қарсы алатын көнерген үй есігі.

Бұл қыстауда шалдан өзге жоқ пенде,

Қыстан емес жалғыздықтан тоңады.

Мана малын қайырғалы кеткенде

Пешке салған сексеуілдің томарын.

Бір тал жақты май шылаған шамынан,

Ол тірліктің шырағы еді әрине.

Қыза жанған сексеуілдің шоғынан

Бар жылулық жайылып тұр төр үйге.

Сосын жалғыз терлеп жайын шай ішті,

Көкірегін керді мәлім ұлы ағын.

Жастығынан еппен алып байыпты,

Ашып қойды радио құлағын.

Үналғыны баяу ашып қалғанда,

Өлең оқып жатыр екен бір ақын.

Құлағына сенбей бір сәт таңданды-ау:

«Мынау ақын өз ұлым ғой _ қуатым?! »

Оқыды ұлы туған елдің елесін,

Оқыды ұлы ерте қайтқан шешесін.

Оқыды ұлы еркелеткен әжесін,

Оқыды ұлы жалғыз қалған көкесін. . .

Қоңыр үнмен қоңыр жырын күмбірлі

Оқып болды үналғыдан ақын ұл.

Шаттығының шет-шегі жоқ бұл күнгі,

Мақтанышпен жантайды шал ақырын. . .

Өжет, өткір өз баласы есіне

Түскенде шал тағы оятты таңғы нұр.

Астанаға _ алып елдің шетіне

Білім қуып кеткен еді жалғыз ұл.

Сол ұлының өзі жазған өлеңін

Әуе ــ толқын таратуда әлемге.

«Жаттап өскен әжесінің дегенін,

Ержетіпті-ау, ботам менің нар емген. . . !»

****

Сол шал _ әкем, жігерімді ұштауда.

Жыбырлап ол жыл қонысын жылжытып.

Тек азғантай қазақ қалған қыстауда

Менің тезден келуімді жүр күтіп.

Е, достарым, Астанада сендерге

Төрт түлігі сай адамдай көрінем.

Тасым қанша домаласа өрлерге,

Мен әкемнің демеуімен келіп ем.

Мал қайырған бірен-саран кісіге,

Әке, мені мақтаныш қып айтарсыз!

Мен мәңгілік басымды ием күшіңе,

Сен мен үшін пәнидегі қайсар шың!

Ақ таяғын беліне ұстап жай ғана,

Қоңыр белге қапталдатты қойын шал. . .

Әке, мені жасиды-ау деп ойлама,

Қиындыққа болмаймын мен мойынсал! !

2011 жыл 15 қараша

Әпеке, шүйінші бер

Әпеке,

Армысыздар, есен бе ауыл,

Қоңыр дөңде жатыр ма шешемқазір?!

Қоңыр дөңге соқса да нөсер-дауыл,

Көбеймесін маңында бөтен қабыр.

Асықпай айтарының иі қанып,

Тер сіңген тақиясын киіп алып.

Бұл күнде жолаушылап әкем жұр ме,

Бақырбас жиеніне жиы барып?!

Әпеке, шүйінші бер, алдым жүлде,

Сайысқа саңлақтармен бардым бірге.

Топ баладан мен озсам қуанушы ең,

Балағымды тас жыртқан балғын күнде.

«Бәрекелді!»

Бұл сөзге сенім туып,

Оқудан сыйлық алғам мен ұмтылып.

Мадақтап маңдайымнан сипаушы едің,

Көзіңнің шарасына көл іркіліп.

Бұл мадаққа «мәртебем биіктейтін» ,

Тентек ағам бұл күні тиіспейтін.

Сондағы көз жасыңды кеш түсіндім:

«Анаң жоқ еркелетіп иіскейтін. . . »

Көңілге кесір күнді шоқтай басып,

Тағдыр да тұрып алды тастай қатып.

Жанұия деп қош айттың білімжәйға,

Бізді бақтың қанатың қатпай жатып.

Әкемнің асқар таудай бойшаңдығын,

Анамның көрдім сенен қайсарлығын.

Әпеке, келбетіңнен байқай алам,

Жүзге келген әжемнің жайсаңдығын.

Көңіліңе батпан мұң, тұрды мұздар,

Күн ашылды ақыры, сырғып ызғар.

Гүл болып жайнамадың, ойнамадың,

Секілді өзің теңдес құрбы қыздар.

Шүкір дедің, арай таң атты дедің,

Бір Алладан біздерге бақ тіледің.

Қыспағына қысаң жыл көп салса да,

Бүгін міне атандың жақсы келін.

Күрсінбедің түссе де күз есіңе,

Мойынсалмын әпекем, ізетіңе.

Ақ батасын арнаған асыл әжем,

Соңғы кірпік қаққанда жүз екіде.

Әпеке, дайындай бер шүйншіңді.

Бірақ та, сендей болу қиын сынды.

Қайсар қыз,

Құтты келін,

Асыл ана ــ

Төрт бөліп отырсың-ау, түн ұйқыңды! ! !

Ата жұрт

Әке, мен аттанайын, рұхсат бер,

Арғы бет ауасынан тыныстап көр.

Ардақты ауылдағы ақсақалдар,

Батаңды бер.

Ал, аға жүрісті ат бер.

Ол жақтың да тау, адыр, кезеңі бар,

Шөл дала өзек жалғар өзені бар.

Кең аспанға тамсанып ондағы жұрт,

Асқақ өмір кешуде _ өз елі бар.

Жатыр онда жалпақ жол сыршыл далам,

Орманы ойран, қыраты қырқылмаған.

Бұлақ құрып, өзендер бөгелмеген,

Жер-кілем жалбыр-жұлбыр жыртылмаған.

Ет-бауыр бұзылмаған үлгісіндей,

Мың қала көркеймеген біздікіндей.

Еркегі езілмеген біздікіндей,

Еңсесі еңкеймеген біздікіндей.

Қызы гүл, ал ұлдары отты келед,

Мекенсіз мұң жүзінде жоқ бір ерек.

«Менің елім, жерім!» деп ән шырқайды,

Томпаңдаған сәби де өткір, өжет.

Себебі, оларда жоқ құлдық сана,

Жетеді барлығына бұл құт дала.

Татқаны тәтті ғұмыр тірлік қана,

Мақтаны бал береке-бірлік қана.

Арылған рухани кедейліктен,

Алладан Нұр, адамнан мерей күткен.

Әке, сенің немерең сонда туса,

Аулақ болып өсер-ау, өгейліктен.

Тәуекел, жүрмін саған мен кеткелі,

Егемен егей бесік, тербет мені.

«Отансыз ұл _ ормансыз бұлбұл» екен,

Атажұрт _ ең асылсың жер-көктегі!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар