Айша бибі

Қазақ даласындағы ұлы махаббаттың нышаны болған Қарахан мен Айша бибі туралы ғасырлар бойы айтылып келеді. Әр жанрда жазылған туындылар да баршылық. Солардың бірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

97

Айша бибі - adebiportal.kz

Қатысушылар:

Айқожа – 49 жаста, діни ғұлама.

Айша Бибі – 17 жаста, басты кейіпкер. Діни ілімнен хабары бар, кеңпейіл, парасатты әрі сұлу бойжеткен.

Қарахан (Шах Махмуд) – 30 жаста, басты кейіпкер. Тараз шаһарының әміршісі, әлемді жаулаған батыр қолбасшы.

Бабаджа Хатун – 50 жаста, Айшаның адал күтушісі әрі серігі.

Әли-Асқар – 1 жаста, Айшаның інісі.

Гүлнафис – Айшаның жақын құрбысы.

Қырық қыз – 16 жаста, Айшаның бала күнінен бірге өскен құрбылары.

Молда – 50 жаста.

Емші – 66 жаста.

Уәзір (Ысмайыл) мен Әскерлер.

 

І ПЕРДЕ

1-көрініс

Сахна сыртында қыздардың сыңғырлап күлген шат дауыстары естіледі. Сахнаға әртүрлі түсті көйлек киген бойжеткендер шығып, мәз-мейрам болып би билеп жүр. Кенет әуен бәсеңсіп, тоқтайды.

Күлгін көйлектегі қыз: Естідіңдер ме, жақында Түркістан шахарында үлкен жәрмеңке мен керуен-сарай өтеді екен!

Ақшыл көйлек киген қыз (Гүлнафис): Ой, шіркін, жақсы болған екен!

Қызыл көйлек киген қыз: Жәрмеңкеге барып, тамашалап қайтсақ қалай болады? Ол жерде көздің жауын алатын алуан түрлі дүниелер болатын шығар.

Көк көйлек киген қыз: Әрине! Шет елдерден келген көпестер таңғажайып қолөнер бұйымдарын әкеледі дейді.

Жасыл көйлек киген қыз: Ендеше, дүйсенбі күні дәл осы жерде жолығайық!

Қыздар қуана шуылдасып, сахнадан екі топқа бөлініп шығып кетеді.

2-көрініс

Сахна сәл қараңғыланып, қайта жарық түседі. Орталықта ақ киім киген көпес-уәзір тұр. Түрлі шығыстық құмыралар мен бұйымдар қойылған.

Уәзір: Уа, жұртшылық, назар салыңдар! Түркістан қаласының әділ билеушісі, айбынды Шах Махмуд хан келе жатыр!

Көңілді, салтанатты музыка ойнап, сахнаға әскерлерімен бірге түйе үстінде келе жатқан Шах Махмуд шығады. Осы кезде қарсы беттен Айша мен қырық қыз көрінеді.

Күлгін көйлек киген қыз (қасындағы құрбысының құлағына сыбырлап): Анау кісіні көрдің бе? Ол – Шах Махмуд хан көрінеді.

Көк көйлек киген қыз: Иә, өзі осындай айбатты, сымбатты екен!

Сары көйлек киген қыз: Қандай ірі денелі, қайсар тұлға. Жорықтарда шыныққан нағыз қолбасшы десеңші.

Айша (алаңдаулы): Қыздар, тезірек шахарға қайтайық. Бабажа апам іздеп алаңдап қалған болар.

II ПЕРДЕ

3-көрініс

Сахна. Шах Махмуд тақта отыр. Қасына уәзірі Ысмайыл келіп иіледі.

Уәзір: Хан ием, ел іші тыныш. Тараз қаласынан барған әскерлер қамалды сәтті алып, жеңіс туын желбіретті. Қарахан мемлекеті сіздің арқаңызда күн санап өсіп келеді.

Шах Махмуд: Тәңір оңғарып, жорықтарымыз ойдағыдай өтуде, Ысмайыл. Әміршінің басты міндеті – қарапайым халықтың игілігі үшін қызмет ету.

Уәзір: Атаңыз Сатұқ Боғра хан да ерекше қатал әрі әділ жауынгер еді. Сіз де соның жолын қудыңыз. Бірақ... жүзіңізге қарасам, бүгін әлдеқайда тұнжыраңқы секілдісіз?

Шах Махмуд: Ысмайыл, білесің бе... Мен бүгін керуен-сарайда бір аруды көріп, жүрегімді қолға ұстаттым. Күндіз-түні сол арудың елік реңді, құралай көз бейнесі көз алдымнан кетер емес. Маған сол қыздың кім екенін тауып берші.

Уәзір: Ол қыздың түрін сипаттап берсеңіз, іздестіріп көрейін.

Шах Махмуд: Ол – құралай көз, елік пішіндес, ақ көйлек киген өте көрікті ару еді. Қырық қыздың ортасында жүрді. Бойжеткен шағынан аса қоймаған жас өрім.

4-көрініс

Айша өз бөлмесінде терең ойға батып, кітап оқып отыр. Қасына Гүлнафис келеді.

Гүлнафис: Айша, не істеп отырсың? Тағы да кітап па?

Айша: Иә, кітап – сарқылмас білім қайнары ғой.

Гүлнафис: Бала күніңнен кітаптан бас көтермейсің. Болашақ жардың да өзің секілді білімді, парасатты, жомарт жан болатын шығар, ә?

Айша: Ол жағы бір Аллаға аян, Гүлнафис...

III ПЕРДЕ (Дамуы)

5-көрініс

Ат мінген Шах Махмуд қала көшесінде келе жатып, Айшаның інісі Әли-Асқармен ойнап жүрген жеріне тап болады.

Айша (інісіне): Әли-Асқар, бері кел, қайт кейін!

Шах Махмуд (аттан түсіп): Бұл батыр жігіт айтқанды тыңдамай жатыр ма екен?

Айша (таңырқай қарап): Сіз... мұнда кімді іздеп келдіңіз?

Шах Махмуд: Мен мұнда бір аруды іздеп келгем.

Айша: Іздеп келгеніңізге қарағанда, ол арумен маңызды шаруаңыз бар шығар?

Шах Махмуд: Дәл солай.

Айша: Ендеше, сипаттап айтсаңыз, табуға көмектесемін. Бәлкім, танитын шығармын.

Шах Махмуд: Көз десе көзі бар, ай десе аузы бар құралай көз сұлу...

Айша (қызарып): Ол арудың кім екенін дөп басып айта алмаймын. Өйткені бұл шаһарда сіз айтқандай арулар көп...

Шах Махмуд: Ендеше, әзірге жұмбақ күйінде қалсын. Мен сарайыма қайтайын.

6-көрініс

Сахна. Шах Махмуд пен уәзір.

Шах Махмуд: Мен бүгін сол аруды қайта көрдім, Ысмайыл!

Уәзір: Хан ием, оның тегі сопы әулетінен екен. Егер жүрегіңізді қаласа, сезіміңізді ашық білдірсеңіз қателеспессіз.

Шах Махмуд: Жоқ, олай болмас. Ол өте парасатты, терең білімді қыз. Оған сезімімді басқаша – сый арқылы жеткізгенім жөн.

7-көрініс

Жасыл шөп басы, судың сылдыры естіледі. Айша отыр. Шах Махмуд арқа тұсынан келеді.

Айша: Ой, сізді байқамай қалыппын... Бұл жерге не үшін қайта келдіңіз?

Шах Махмуд: Өз жүрегім байланған аруды көру үшін.

Айша: Ол аруды таба алдыңыз ба сонымен?

Шах Махмуд: Таптым. Бірақ әзірге тілдесуге батылым жетпей тұр. Ол өте сұлу әрі білімді, мен сияқты жауынгерге қарай ма екен?

Айша: Өмірде бәрі мүмкін...

Шах Махмуд: Айша... Ал егер ол аруға ғашық болған адам осы Тараз шаһарының әміршісі болса ше?

Айша (сасып): Не? Демек, сіз...

Шах Махмуд: Ал әзірге, өткендегі ізетіңіз үшін мына сыйды қабыл алыңыз.

Шах Махмуд қалтасынан көк тасы бар әдемі жүзікті шығарып ұсынады.

Шах Махмуд: Бұл – марқұм анамның жүзігі. Сіздің инабаттылығыңыз бен парасатыңызға лайық деп таптым.

Айша (жүзікті қолына алып): Бұл... өте әдемі екен...

8-көрініс

Айша бөлмесінде. Бабаджа кіреді.

Айша: Бабаджа, қарашы, маған мынадай сыйлық тарту етті.

Бабаджа (жүзікті көріп таңданып): Мұны қайдан алдың, Айша? Бұл – Тараз шаһарының әміршісі Шах Махмудтың жүзігі емес пе?!

Айша: Иә, дәл өзі...

Бабаджа: Түркі дүниетанымында көк түс – мәңгілік махаббат пен шексіздіктің белгісі. Оның бұл қадамға барғаны текке емес...

IV ПЕРДЕ 

9-көрініс

(Шиеленісуі)

Шах Махмуд пен Айша кездесуі.

Шах Махмуд: Айша, менің берген жүзігім көңіліңізден шықты ма?

Айша: Әрине, теңдесі жоқ сыйлық...

Шах Махмуд: Сейсенбі күні дәл осы жерде қайта кездесейік, жаным.

Кенеттен шалғайдан шұғыл хабар келеді.

Шах Махмуд: Айша, шұғыл жорық шықты, Таразға дереу аттануым керек. Үш күн ішінде ораламын, күте гөр!

Айша: Мен сізді зарыға күтетін боламын...

10-көрініс

Айшаның бөлмесі. Төртінші күн өтті. Бабаджа мен Гүлнафис келеді.

Бабаджа: Айша, төрт күн болды аузыңа ас алмадың.

Гүлнафис: Айша, сағыныштан сарғайғаныңды түсінемін, бірақ бұлай өзіңді өзің мүжігенің дұрыс емес. Бәлкім, ол сені ұмытқан шығар? Жүр, қырға шығып сергіп қайтайық.

Айша (бекініп): Жоқ, Гүлнафис! Менің жүрегім бір жамандықты сезеді немесе оған бір қатер төнді. Төрт күн хабарсыз кеткені тектен тек емес. Ертең Тараз шаһарына, Шах Махмудтың артынан жолға шығамын!

Қырық қыз (бір кісідей шуылдасып): Біз дәл солай сенімен бірге барамыз, Айша! Алыс жолға жалғыз жібермейміз!

V ПЕРДЕ 

11-көрініс

(Финал)

Жол үсті. Аса өзенінің жағалауы. Қыздар шаршап-шалдығып келе жатыр.

Жасыл көйлек киген қыз: Айша, осымен алты өзеннен өттік. Міне, Аса өзені де келіп жетті.

Айша: Шаршағанымды да ұмытыппын...

Сары көйлек киген қыз: Күн шаңқай түс, аптап ыстық. Осы өзенге түсіп, сәл тынығып алсақ қайтеді?

Қыздар суға шомылып, шөп үстіне жантайып ұйықтап қалады. Сахна қараңғыланады. Түс көрінісі:

Шах Махмуд: Айша, бұл сенбісің?

Айша: Өзіңді сағынып, іздеп келдім, Шах Махмуд!

Шах Махмуд: Енді біз мәңгі біргеміз, жаным!

Айша ұйқыдан шошып оянады. Орнынан тұра бергенде:

Айша: Аһ!.. (Жерге құлап түседі).

Көк көйлек киген қыз: Айша! Не болды саған?!

Қыздар жүгіріп келіп қарайды. Көк көйлек киген қыз Айшаның аяғын ашып қараса:

Көк көйлек киген қыз: Мынау... сұр жыланның тістеген ізі ғой!

Жасыл көйлек киген қыз: Аса өзенінің жағасы жыланға толы еді-ау! Дереу Шах Махмудқа хабаршы жіберіңіздер!

12-көрініс

Тараз сарайы. Шах Махмуд тақта отыр. Екі қыз жүгіріп кіреді.

1-ші қыз: Хан ием! Жолай Аса өзеніне тоқтағанымыз сол еді, ұйықтап жатқан Айшаны сұр жылан шағып алды!

2-ші қыз: Ол сізді көруге асығып еді... Жағдайы өте нашар!

Шах Махмуд: Жарасту, сарай емшісін дереу ертіп жүріңіздер!

13-көрініс

Өзен жағасы. Айшаның басын Бабаджа ұстап отыр. Емші мен Шах Махмуд жетіп келеді.

Шах Махмуд (тізерлеп отырып): Айша... Айшаным!

Айша: Шах Махмуд... Сізді көрдім, арманым жоқ...

Емші (тамырын ұстап, басын шайқап): У денеге толық тарап үлгерген екен... Амалым қалмады, хан ием.

Шах Махмуд: Жоқ! Бұл мүмкін емес! Сен маған өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ деуші едің ғой, Айша!

Айша: Ажалға... ешкімнің шамасы жетпейді... Қош бол, сүйіктім... (Көзін жұмады).

Шах Махмуд еңсесі түсіп, жоқтап жылайды.

Шах Махмуд: Дереу молда шақырыңдар!

Молда (келіп): Хан ием, бұл не еткеніңіз?

Шах Махмуд: Біздің некемізді қиыңыз! Мен Айшаны бәрібір әйелім етіп өтемін бұл дүниеден!

Молда: Өлген адаммен неке қию – ауыр күнә...

Шах Махмуд: Мен Айшасыз өмір сүрмеймін! Бар күнәсін өзім көтеремін!

Молда дұға оқиды. Шах Махмуд жылап тұрып үш рет айқайлайды:

Шах Махмуд: Айша, сен енді менің адал бибімсің! Айша Бибі! Айша Бибі!

14-көрініс 

(Эпилог)

Сахна жарығы өзгеріп, заманауи көрініске ауысады. Ортада Айша Бибі кесенесінің макеті тұр. Ақ орамал таққан әжей мен немересі келеді.

Немересі: Әже, бұл қандай әдемі орын?

Әжесі: Бұл – Айша Бибі кесенесі, балам.

Немересі: Айша Бибі деген кім ол?

Әжесі: Айша Бибі – өз заманында ақылы мен сұлулығы тең келген, махаббаты мен адалдығы үшін басын бәйгеге тіккен ару. Оның сол мөлдір махаббаты мен пәктігі ғасырлар бойы сақталып, міне, осындай киелі кесенеге айналды.

Әжей дұға етіп қол жаяды. Сахнадан ақ киім киген аяулы Айша Бибі мен Қарахан қол ұстасып мәңгілікке бірге жүріп өтеді.

ШЫМЫЛДЫҚ

Ниязымбет Гауһар 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2261

Taza Qazaqstan